ЕҚЫҰ-НЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫ ӨРКЕНДЕТЕ МЕ?

ЕҚЫҰ-НЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫ ӨРКЕНДЕТЕ МЕ?

ЕҚЫҰ-НЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫ ӨРКЕНДЕТЕ МЕ?
ашық дереккөзі
346

Соңғы бiрнеше жыл бойына елiмiзде 2009 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-на (ОБСЕ) төрағалық мiндетiн атқару мүмкiндiгi туралы пiкiрталастың тоқтаусыз өршiп, үздiксiз жүргенi соншалық, мемлекетiмiзде осыдан басқа түйткiлдердiң бәрi түбегейлi шешiлген сияқты әсер қалыптасып бара жатыр. Әрине, алғашқы әсер алдамшы. Дегенмен, күн санап ұлттық, мемлекеттiк идеяға бiржола айнала бастаған осынау мiндеттiң тасасында не жатыр, егер елiмiз алыс 2009 жылы аталмыш мәртебеге ие бола қалған күнде бұл мәртебе қазақ жұртына қандай жақсылық әкелмекшi? Тiптi, осы төрағалыққа ұмтылуымыздың өзi бiзге тиiмдi ме, жоқ па? Қысқасы, мұндай сұрақтарды үстiн-үстiне туындата беруге болады. Бiрақ, әлi күнге жоғарыдағы пiкiрталас биiк мiнберлерде, салтанатты жиындарда, БАҚ-тарда үздiксiз жүргiзiлгенiне қарамастан, бiржақты жауап берiлмей келгендiгi таңданарлық. Ал әзiрге… тойда асаба болуға, жиында төраға болуға құштар мiнез-құлқына сай қазақтар “Қашпаған сиырдың уызынан дәметiп”, ЕҚЫҰ-ның төрағалығын атқарар салтанатты сәттi тосумен күн өткiзуде. Тiптi, осы мақсат үддесiнде бiрқатар стратегиялық ұлттық мүдделерiмiз құрбандыққа шалына ма деген қауiп те жоқ емес. Бiр ғажабы, қашқанның да, қуғанның да алдында жүгiретiн жеңiлтектеу мiнезiмiзден аздап хабардар ма, Еуропа елдерiнiң ресми өкiлдерi әлден-ақ осы төрағалық мiндеттi бiзбен арадағы сауда нысанына айналдыра бастағаны аңғарылады. Осы орайда атақты Уинстон Черчилльдiң өз елi үшiн достар да, жақтастар да жоқ, тек Ұлыбританияның мүдделерi ғана бар екенiн мәлiмдеген атақты сөзi ойға оралады. Тiптi, 1762 жылы Сiбiр шебiндегi әскер бастығы генерал-майор Веймаридiң қырғыздардың “пайдасыз әуестенушiлiгi мен әдет-ғұрыптарын” жою және оларды үнемi Ресейге адал берiлгендiк рухында ұстау үшiн оларды “нәуетектендiрiп”, жақсы және тыныш өмiр сүруге үйрету, оларға бiлдiрмей малдары мен жылқыларының азайтуға тырысу керек, өйткенi, қырғыздардың ең басты қанағатшылдығы мен байлығы –малының саны неғұрлым аз болса, олардың қауiптiлiгi мен мазасыздығы да соғұрлым азая түспек деген ұсынысы да еске түседi. Қысқасы, қазiр Батыс Еуропаның бiрқатар саяси қайраткерлерi мен Еуропа Кеңесiнiң сыртқы саясаты мен ұстанымдарын түзетiн тұлғалар 2009 жылғы төрағалық уақытша (бiр жылға созылатын) қызметтi неғұрлым қымбатқа саудалап қалмақшы. Әрине, осыдан төрт-бес жыл бұрын аталмыш қызметтi атқару Қазақстан имиджiн қалыптастыру, халықаралық оң беделiн одан әрi жақсарту мақсатында айтарлықтай әсерiн тигiзген болар едi, ал дәл қазiргi уақта – батыс пен шығыстың арасындағы шиеленiстер күн асқан сайын асқына түскен, Хантингтон айтатын “өркениеттер соғысы” ушыға түскен жағдайда осынау биiк мәртебенiң абырой әпере қоюы да неғайбыл. Соған қарамастан, бiздiң елiмiздегi бiрқатар саяси қайраткерлер мен биiк мәртебелi шенеунiктердiң айтарлықтай тобы бұл идеяның жетегiнен шыға алар емес. Қоғам үшiн ең ақырында кейiпкерлер бай-бақуатты күн кешiп ұзақ өмiр сүретiн әдемi ертегi ойлап тапқандай, осы 2009 жыл туралы аңыздың шырмауынан құтылатын түрi жоқ. Тiптi, осы айтулы 2009 жылдан соң өмiр болмайтындай, даму бiржола тоқтап қалатындай даурығысады кеп.

Дұрыс, Еуропа Кеңесiнiң кәнiгi саясаткерлерi арзанды пұлдап қымбатқа өткiзуге ұмтылады. Сол арқылы еуропацентристiк ұстанымдар мен “жер кендiгi – Еуропа” деген саясатты одан әрмен нығайта беру, тәуелсiз елдерге өз айтқандарын iстетуге ұмтылу басты мiндеттерi, турасын айтқанда, саяси борыштары.

Бiрақ, түпкi мақсаты тұманды, күмәндiлеу бұл идеяны өзiмiздiң алдымызға өмiрлiк мақсат етiп қоярлықтай Қазақстанға осы шынымен-ақ қажет пе? Мәселенiң осы жағына назар аударылмай келгенi нелiктен?

Турасын айтқанда, Қазақстан бұл абыройлы мiндеттi атқаруға әлi дайын емес. Оған айтарлықтай объективтi әрi субъективтi себептер жетiп артылады. Қоғамдық дамуымыз, мемлекетiмiздегi осы күнге дейiн жүргiзiлiп келген, әлi күнге жүргiзiлiп жатқан саяси, әлеуметтiк, экономикалық реформалардың нәтижелерi мен жүзеге асырылу жолдары, деңгейi бұған сәйкес емес. Өткен сәуiр айының жиырмасына таман елiмiздегi Дүниежүзiлiк банкiнiң (ВБ) өкiлдерi “2006 жылғы бизнес: жұмыс орындарын құру” атты есеп жариялады. Мұнда жалғыз Қазақстан ғана емес, әлемнiң 155 елiндегi қалыптасқан жағдайлар жөнiндегi соңғы зерттеулер кеңiнен көрiнiс тапқан. Осы мәртебелi халықаралық қаржы ұйымының менеджерi Симеон Джанков мырзаның мәлiмдеуiне қарағанда, Қазақстан елдегi iскерлiк ахуалды жақсартуға көп күш жұмсауына қарамастан, аталмыш 155 мемлекеттiң арасынан бизнестiң жариялылығы мен оңайлылығынан 86-шы орынды иеленетiн көрiнедi. Ал бiздiң жақын көршiлерiмiз Ресей 79-орынды, Қырғызстан 84-орынды, ал Армения 46-орынды иеленiп, ТМД елдерiнiң маңдай алдына табан тiреген. Әрине, посткеңестiк елдердiң бiрқатарымен салыстырғанда жағдайымыз Құдайға шүкiр. Мәселен, бұл тiзiмде Әзербайжан 98-орын, Грузия — 100, Белоруссия – 106, Украина — 124, Өзбекстан — 138-шi орынды иеленiп отыр. Бiрақ, өзгенiң кемшiлiктерi бiзге қуаныш болып сүйсiнте қоймас. Осыдан соң сарапшылар әрбiр елде қарапайым кәсiпкерлiктi нақты жағдайда жүзеге асыру керектiгiне назар аударған. “Бақсам бақа екен” демекшi, қарапайым қойманы тiркеу үшiн Жаңа Зеландияда жетi, Арменияда жиырма, ал Қазақстанда отыз екi мекемеден рұқсат алу керек болып шықты. Және әрбiр рұқсат алу коррупциямен тiкелей байланысты.

Дүниежүзiлiк банкiнiң (ВБ) Қазақстандағы тұрақты өкiлi Лу Брэфордың айтуына қарағанда, зерттеулердiң нәтижесiнде Қазақстандағы коррупция мен бюрократияға қарсы күрес еш нәтиже бермегенi бiржола анықталған.

Несi бар, бiздiң коррупция мен бюрократия әлемдегi ең үздiк, жойылмайтын коррупция! Мұның өзi де аз нәтиже емес. Оның үстiне елiмiздегi жұмыссыздық пен күн өткен сайын үдей түскен инфляция ЕҚЫҰ-2009-ға төрағалық етемiз деген ұранның орындалуына айтарлықтай кедергi келтiрерi хақ. Еуропалықтар әлгi идеяны саудалауға үйренiп алғаны соншалық, соңғы кездерi елiмiздiң шекарасынан аттаған эмиссарлары өз әңгiмелерiнiң негiзгi түйiндерiн осылай қарай бұруды дәстүрге айналдырған iспеттi. Осы арқылы өздерiне айтарлықтай ұпай жинамақшы.

Жақында Еуропалық Комиссияның энергетика жөнiндегi комиссары Андрис Пибалгсты Қазақстан Президентi Н.Назарбаев ресми қабылдағаны мәлiм. Ағылшын, француз, немiс, орыс, эстон тiлдерiнде еркiн сөйлей бiлетiн Андрис Пибалгс мырза осы кездесуден кейiнгi брифингте өз мәлiмдемелерiн орыс тiлiнде жасауға мәжбүр болғандығы үшiн кешiрiм сұраудан бастады. Тәрбиелi, өзге мемлекеттердiң мүдделерiне құрмет танытуды өзiнiң басты парызы санайтын мәдениеттi Андрис Пибалгс мырза өзiнiң қазақ тiлiн бiлмейтiндiгi үшiн ыңғайсыз күй кештi. Бұл құптарлық жағдай! Еуроодақ мұнай мен газ өндiру саласына инвестиция салуға қолайлы ел ретiнде Қазақстанды жоғары бағалайды. Яғни, мұндағы өз мүдделерiн жоғары қоятындығын да жоққа шығармайды сондай-ақ, бiзге деген құрметi, әсiресе, қазақ тiлiне деген iлтипатын танытуды да естен шығармайды. Ең өкiнiштiсi сол, өз елiмiздiң мәртебелi шенеунiктерi мен ресми кiсiлерi ресми жиындарда мемлекеттiк тiлде сөйлемегенi үшiн ешқашан кешiрiм сұрап көрген емес. Бәлкiм, мәдениетi, тәрбиесi жетпей жатқандықтан шығар.

Андрис Пибалгс мырзамен тұспа-тұс елiмiзге ресми сапармен келген Нидерланды Корольдiгiнiң Сыртқы iстер министрi Бернард Рудольф Бот мырза да Қазақстан экономикасының қуаттануына өз елi 10.16 млрд. доллар қаражат құйып отырғанын атап айта келiп, бiздiң елiмiздiң ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегi мүмкiншiлiгi жоғары екендiгiн, оның үстiне, демократиялық дәстүрлер ендi-ендi қалыптаса бастаған Орталық Азиядағы жетекшi ел Қазақстанның мұндай мүмкiндiгiн өз елi қолдан келгенше қолдайтындығын мәлiмдедi. Бұл үшiн олардың басты талаптары болып елiмiздегi реформалардың тереңдей жүзеге асырылуы, мемлекетiмiзде ашық қоғам қалыптастырып, адам құқығына қатысты ахуалды жақсарта түсу. Мұның бәрiн қолдауға да болады, дегенмен, осыдан бiрнеше ай бұрын Қазақстанға еуропалық мәртебелi қонақтардың бiрi Қазақстанда орыс тiлiн ысыра бермеңiздер дегендей мәнзелде кеңес беруi бiрқатар ашу-ызаның тууына себеп те болды. Мұның өзi тәуелсiз мемлекеттiң iшкi iстерiне дөрекi түрде қол сұғу ғана емес, посткеңестiк елдерге түрлi стандартпен қарайтындығының анық көрiнiсi. Еуропалық қонақтар Балтық жағалауы мемлекеттерiне мұндай ақыл-кеңес беруге батылдары жетпес едi.

Сiрә, 2009 жылмен емексiткен елге қандай ақыл айтсаң да жарасады деген пiкiр бiржола қалыптасқан сыңайлы. Бұйдалы бота ретiнде бағалайды да.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары