ТАҒЫ ДА РЫСҚҰЛОВ ХАҚЫНДА

ТАҒЫ ДА РЫСҚҰЛОВ ХАҚЫНДА

ТАҒЫ ДА РЫСҚҰЛОВ ХАҚЫНДА
ашық дереккөзі
818

Түркiлерде Алашты алты ұлт құрайды. Қазақ, өзбек, қырғыз, түркiмен, қарақалпақ, башқұрт. Өткен ғасырда ұлт тағдыры үшiн жан аянбай күрескен ардақтыларды “Алты Алаштың арыстары”, “Алаш тұлғалары”, “Алаш көсемдерi” деп жiктеп жүрмiз. Бiзден басқа Алашқа қатысты әр ұлт өз тұлғаларын осылай бағалаған да шығар. Бiрақ сол тұлғалардың бәрi бiз айтқандай алты Алашқа әйгiлi ме? Бар гәп осында.

Мiржақып Дулатов 1921 жылы “Ақ жол” газетiне жазған мақаласында тұлғаларымыздың қадiр-қасиеттерiн сипаттай келiп, оны “Қазақ зиялылары” деп атапты. Неге “Алаш зиялылары” емес? Ойшыл жан қазақта Алаш арыстарына дейiн де зиялылардың болғанын, одан кейiн де болатынын ескерiп, өзгелерден бөле-жара атағанды жөн көрмеген-ау. “Ахмет Байтурсынович Байтурсынов” атты еңбегiнде де оны Алаштың тұлғасы деп дәрiптемегенi ой салады. Қазақта алты Алашқа белгiлi тұлғалар бар ма? Бар. Олар-Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзiр Төреқұлов. Соңғы екеуi Түркiстан республикасында бес Алашты басқарды. Ал Тұрар Рысқұлов РСФСР Совнаркомында жүрiп алты Алашты басқарды. Ол тулары көп жазылды. Ғылыми зерттеулерден бөлек көркем шығармалар да бар. Сексен, тоқсан, жүз, жүз он жылдықтары да аталынып өттi. Ауыз толтырып айтарлықтай баяндамалар да жасалынды. Дегенмен оның мемлекет қайраткерлiгi iстерiнде әлi де түйiндей түсетiн, анықтап ашығын айтатын жайлар жетерлiк. Иә, Рысқұлов – алты Алашқа танылған тұлға. Мұны бiз аспаннан алып, айтып отырғанымыз жоқ. Оған ғалымдардың ғылыми монографиялық жазбалары дәлел. Осыған орай көз көрiп, құлақ естiген мына бiр жайды да айта кетсек асылық болмас. 1992 жылы жазда Татарстанның астанасы Қазанда Мiрсайт Хайдарғалиұлы Сұлтанғалиевтың 100 жылдығына байланысты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өттi. Бұл жиынға алыс-жақын шет елдерден көптеген ғалымдар қатысты. Сонда атақты Беликсонға сөз берiлген. Ол: “Шығыс халықтарында, яғни “үшiншi дүниеде”, қала бердi түркi жұртында дүние жүзiне есiмдерi танылған екi мемлекет қайраткерi бар. Олар Мiрсайт Сұлтанғалиев пен Тұрар Рысқұлов”, – дедi. Зал iшiн қол шапалағы кернедi. Беликсонның сол баяндамасы қазiр Қазандағы Тарих зерттеу институтында сақтаулы. Татардың айтулы тарихшысы Рауф Шарафуддинов: “Сiздер Тұрар Рысқұловтың 100 жылдығына шақырсаңыздар, өз қаражатымызбен барып, осы конференцияның жинақталған құнды материалдарын Қазақстан Ғылым академиясына тарту етер едiк. Екеуiнiң қарым-қатынасы, достығы ерекше едi ғой”, –деген. Өкiнiшке қарай Рысқұловтың сол мерейтойына татар бауырлар келмей қалды. Мұндағы билiк басындағылар: “Оларды шақырып қайтесiңдер” деп немқұрайдылық танытты. Сондағы Беликсонның оларға берген жоғары бағасы исi түркiнiң ғана емес, әлемдiк деңгейдегi қайраткерлiк тұлғаларын көрсетедi. Рысқұлов пен Сұлтанғалиевтiң қоғамдық пiкiрлерi, ұлттық мүдделерi бiр. Сондықтан да бiр-бiрiне ұқсастықтары бар. Сұлтанғалиев кезiнде Наркомнацтың жанынан Мұсылман комиссариятын құрып, оның ролiн көтеруге тырысты. Ал Рысқұлов 1919 жылы 31 наурызда Түркiстан Компартиясы Орталық Комитетi жанынан Мұсылман бюросын құрып, аз уақыттың iшiнде-ақ оның беделiн көтерiп, ел билiгiне елеулi ықпал еттi. Тiптен республикадағы негiзгi мәселелер сол Мұсбюроның қарауына қойылып, шешiмiн тауып жатты. Рысқұлов Мұсбюрода экономика, мәдениет, қаржы, әскер, тiл, шекара, сот жүйесiнен бастап, басқа да өзектi мәселелердi қарап, шешудi қамти бастады. Басшылыққа жергiлiктi ұлт өкiлдерiн тартты. Түркiстан Компартиясы Орталық Комитетiн, Түркiстан Атқару комитетiн Мұсбюромен санасатын жағдайға келтiрдi. Рысқұлов бар мәселенi мұсылмандар мүддесi тұрғысынан қарады. Сол кезде-ақ оған “ұлтшыл”, “панисламшыл” деген айыптаулар таңылып жатты. Бұл айыптаулар негiзiн белгiлi ғалым Мәмбет Қойгелдиев 2004 жылы “Жалын” баспасынан жарық көрген “Ұлттық саяси элита” кiтабында: “Империя жағдайында тек қазақ және татар елдерi арасында ғана емес, жалпыресейлiк мұсылман, түркi халқтары көлемiнде көрiнген бұл табиғи өзiн-өзi сақтау ниетiнен туындаған ынтымақтастыққа ұлыдержавалық ұстанымның идеологтары панисламизм, пантюркизм айдарын тағып, реакциялық мағына беруге тырысты. …Басқаша айтқанда, “панисламизм” мен “пантюркизм” идеясы саналы түрде ұлт-азаттық қозғалысқа қарсы қойылған құйтырқы күрес әдiсi болатын 194-бет». Ал қазақ ұлтшылдары кiмдер? Олар қалай пайда болды? М.Дулатов “Қазақ зиялыларына” атты еңбегiнде: “Шынын айтқанда, күнi кеше бәрiмiз де ұлтшыл емес пе едiк? Қазақ оқығандарының ең әуелгi тобы ұлтшылдар емес пе едi? … Бiрақ бiздiң қазақтың ұлтшылдары өзге жуан елдердiң ұлтшылдарындай емес екенi бәрiмiзге белгiлi. Бiздi ұлтшыл қылған нәрсе–бiздiң кемдiкте, қорлықта жүргенiмiз, көрiнгеннен соққы жегенiмiз едi” – деп жазды. Рысқұловтың ұлтшылдығы өзгелерге зорлық көрсету емес, езiлген түркi халықтарына шын жанашырлығында, өз жерлерiнде өздерiн-өздерi билеп, басқаларға есесiн жiбертпеуге мұрындық болуында. Егер Рысқұловтың тегеурiндi басшылығы болмаса, Мұсбюро сондай халықтық билiк дәрежесiне жетер ме едi. Осыдан бiраз жыл бұрын Алматыға американдық профессор Карл Доналт келдi. Ғылым академиясының Тарих институтында болып, Тұрар Рысқұлов жөнiнде өз ойларын ортаға салды. Институт директоры Манаш Қазыбаевтың орынбасары Юрий Романов оған Т.Рысқұловтың жаңа шыққан үш томдығын сыйға ұсынғанда: “Рысқұловтың ағылшын тiлiне аударылған бiраз еңбектерi бiздiң белдi университеттерiмiзде бар. Мына үш кiтапқа жинақталған еңбектерiнiң өте құнды екенiнде еш күмәнiм жоқ. Ендi бұларды да аудартып, ғылыми айналысқа түсiремiз”, – деген едi. Иә, Тұрар Рысқұлов туралы аз жазылған жоқ. Алайда оның бар болмысы, қоғамдық-мемлекеттiк қайраткерлiгi тұтас ашылды ма? Бiр жақты айту қиын. Ол қыры мен сыры көп, мұрасы мол, күрделi тұлға. Рысқұловтың тағдыр-талайына үңiлген сайын, әлi де иiнi қанбаған, ғылыми бағасы берiлмеген iстерiнiң көмескi тұстары аз кездеспейдi. Тұрар Рысқұлов Мұсылман бюросы жанынан шетел коммунистерiнiң секциясын құрды. Оның құрамында чех Людвиг Свобода, түрiк Мұстафа Супки, ағылшын Купер де болды. Олар Мұсбюроның саяси бағытына, атқарған iстерiне, Рысқұловтың басшылығына сын көзбен қараған. Өйткенi Түркiстан Компартиясы Орталық Комитетi мен Түрккомиссия мүшелерi мұсылмандардың Кеңес өкiметiн құруларына күмәнмен қарап, оны еуропалықтарсыз жүзеге асыра алмайды деп келген. Ал iс жүзiнде бәрi де басқаша болып шықты. Мұсбюроның ел басқарудағы ықпалы уақыт өткен сайын күшейе түстi. Жас та болса бас бола бiлген Тұрар Рысқұловты, шетелдiк саясаткерлер сол кезден-ақ тани бастағаны кәмiл. 1920 жылы 21 қаңтарда Тұрар Рысқұлов Түркiстан Атқару комитетiнiң төрағасы қызметiне көтерiлдi. Ол мұнда да iске батыл кiрiстi. Мәжiлiстерде бiрқатар комиссариаттарды қатты сынға алды. Сырттан келген тоғышар басшыларды босатып, орындарына жергiлiктi ұлт өкiлдерiн тағайындады. Түркiстан Коммунистiк партиясын “Түркi халықтарының Коммунистiк партиясы” деп қайта атауды ұсынып, оны өткiзе де бiлдi. Рысқұловтың көздеген мақсаты, түпкi идеясы – Түркi дүниесiн бiрiктiру. Әуелi автономия құрып, одан кейiн конфедерация жасау. Қысқасы бiртұтас түркi мемлекетiн құру. Ол сонда ғана Түркiстан ұлы державаға айналатынын бiлдi. Бұған Рысқұловтың 1920 жылы Тәшкенде өткен Мұсбюроның lll төтенше конфедерациясында талқылауға ұсынған “Түркiстанның автономиялығы туралы тезистерi” дәлел. Тезистiң 6-бабы былай тұжырымдалған. “ Еңбекшiлер мен қаналған халықтарды интернационалды жолмен бiрiктiру мақсаты үшiн, түркi халықтарының: татар, қырғыз (қырғыз және қазақ), башқұрт және т.б. болып бөлiнiп, жеке ұсақ республикалар құруға ұмтылу идеясын коммунистiк үгiт жолымен жою және бiртұтастық мақсаты үшiн РСФСР құрамына кiретiн басқа түркi халықтарын Түркi Кеңес Республикасының төңiрегiне топтастыру қажет. Ал бұған жету мүмкiн болмаған жағдайда жеке түркi халықтарын белгiлерiне қарай өзара бiрiктiруге ұмтылу керек”. М. Қойгелдиев “Ұлттық саяси элита” 212бет. Орталық аппарат Түрккомиссия арқылы оның бұл ойын сезiп, қалайда жүзеге асыртпаудың амалына көштi. Ахмет Байтұрсынов: “Бiз Орынбордан айырылмауымыз керек”, – деп неге айтты? Бұл сөздiң астарында не жатыр? Орынбордың арғы жағы башқұрттар, оған iргелесiп татарлар орын тепкен. Бергi жағы өзбек, қырғыз, түркiмен. Бiр-бiрiмен ұласып, жалғасып жатқан түркi дүниесi. Өкiнiшке қарай 1925 жылы сол Орынбордан айырылып қалдық. Содан түркi елдерiнiң шекаралық тұтастығы бұзылды. Сол 1920 жылдың 25 мамырында Рысқұлов Лениннiң қабылдауында болды. Ол Ленинге бiрнеше тың ұсыныстармен шықты. Солардың бiрi Түркiстан республикасындағы билiктi Түркi комиссиясына емес, Түркiстан Атқару комитетi мен Түркiстан Халық Комиссарлар Кеңесiне берудi ұсынды. Түрккомиссия мүшелерi комитеттiң, яғни коммунистiк партия өкiлдерi едi. Ленин оның бұл ұсыныстарымен мұқият танысып, арнайы қарауды кейiнге шегердi. Көптеген басылымдарда күнi кешеге дейiн Ленин Рысқұловтың сол ұсыныстарын қабылдамай тастады деп жазылып жүрдi. Бұл дұрыс емес. Қайта Ленин оның сол ұсыныстарының кейбiр тармақтарына аздаған өзгерiстер ендiрiп, өзiнше пайдаланды. 1922 жылы РКП (б) Оталық Комитетiнiң Бас секретарын И.Сталинге берiп, өзi СССР Халық Комиссаралар Советiнiң төрағасы болды. Демек Рысқұловтың ұсынысы iске асты. Бұдан оның өкiмет құрылымын өзгертудегi жаңашылдығын, яғни реформаторлығын, озық ойлылығын көремiз. Кеңестер Одағы кезiнде мұны осылай ашып айту мүмкiн емес едi. Ұсыныстары кейiнге шегерiлген соң Рысқұлов Түркiстан республикасы Атқару комитетi төрағасы қызметiнен өз еркiмен кету жөнiнде Орталық аппаратқа арыз берген. Осы орайда да рысқұловтанушылардың бiразы жаңсақ пiкiр айтып жүр. Олар Ленин Рысқұловты қызметiнен босатты дейдi. Жоқ. Бұл шындыққа жанаспайды. Ол өз еркiмен босанды. Оған 1920 жылы жазда Тәшкенттен шығатын “Туркистанская правда” газетiне берген сұхбаты дәлел. Ол туралы сол кезде “Известия” газетiнде де жазылды. 1920 жылы 1-8 қыркүйек күндерi Әзiрбайжан астанасы Бакуде Шығыс халықтарының бiрiншi съезi өттi. Съезд Коминтерннiң Атқару комитетi мен Мәскеуде маусым айында болған Коминтерннiң бүкiләлемдiк 11-шi конгресiне қатысушы делегаттардың ұсынысымен ұйымдастырылды. Оны РКП (б) Орталық Комитетi қолдады. Съезге көптеген шетел коммунистерi де шақырылды. Бұл тарихи жиынның ойдағыдай өтуiне Мәскеуде Сыртқы iстер комиссариатының Күншығыс бөлiмiн басқаратын, әзiрбайжан халқының ардақты ұлы Нариман Наджапұлы Нариманов көп еңбек сiңiрдi. Сол съезге Тұрар Рысқұловтың қатысатынын Түркiстан Компартиясының секретарлары Абдолла Рахымбаев пен Нәзiр Төреқұлов қаламаған. Олар РКП (б) Орталық Комитетiне хат жазып, Рысқұловтың ұлттық мәселелердi қоздырушы екенiн айта келiп, оны Тәшкенттен басқа жаққа қоныс аудартуды ұсынады. Алайда Зиновьев, Орджонокидзе, Киров, Нариманов, Махарадзе, Гусейнзаданың қолдауымен Рысқұлов Түркiстан, Бұхара, Хорезм республикаларының делегаттарын бастап барады. Съезге 37 ұлттың 1275 делегаты келген. Қатысушылардың жалпы саны 1891, солардың iшiнен коммунистер 1273, әйелдер 55 болды. Нариманов съездi ашып, Тұрар Рысқұлов бастаған 17 коммунистiң, Нарботабеков жетекшiлiк еткен 14 партияда жоқтардың фракциялары құрылғанын хабарлады. Съезд секретарларына коммунистер фракциясынан Островский, партияда жоқтардан Абдул-Хамид Юмусов, Меликов, Махмудхан, Ахмедхан сайланды. Съезд төрағасына барлық фракциялар атынан Зиновьевтiң кандидатурасы ұсынылып, бiр ауыздан қабылданды. Ал съездiң құрметтi төрағалығына Ленин, Зиновьев және Троцкий сайланды. Съезд президиумының құрметтi мүшелерiне шетелдiк қонақтар Квелча (Англия), Россмер (Франция), Шаблин (Болгария), Янца (Голландия), Джон Рид (Америка), Бела-Куна (Венгрия), Ходо-Но-Шихро (Жапония), Штейнгардт (Австрия) сайланды. Сталин съезге қатыспаса да сол құрамға ендiрiлдi. Оркестер “Интернационалды” орындады. Рысқұлов үш республикадан барған делегаттар қатарына Әулие Атадан Бибiнұр атты әйелдi қосқан. Рысқұлов мiнберге көтерiлгенде дабырласқан зал iшi сiлтiдей тына қалды. Ол: “Осы съезде талқыланып жатқан отарлық және ұлттық мәселелердiң бiз үшiн орасан зор мәнi бар. Бұл мәселелердiң капиталистiк құрылыс үшiн де мәнi аса маңызды”,–деп бастап, әрi қарай сындарлы ойларын сабақтаған. Оның сол сөздерiн толық жариялауға да болар едi. Бiрақ газет көлемi көтермегендiктен үзiндiлер келтiрудi жөн көрдiк. “… Соңғы елу жылда капиталистiк құрылыстың өмiр сүруi, ең бастысы осы отарлық саясат арқылы болды. Егер бiз өткен елу жылдағы iрi капиталистiк елдердiң даму әрекеттерiн сараптайтын болсақ, онда бiз капиталистiк құрылыстың соңғы даму сатысындағы осы бiр жаңа даму үлгiсiн көргендей боламыз. … Бiз бұл саясаттың және бұл бәсекенiң нәтижесiнен отарлау мен жекелеген сауда орындарын қамтып, қарпып жатқанын және бұл отарланған елдер халқын күшпен құлға айналдырып, адамзатқа қатыгездiк тәжiрибе жүргiзiп отырғанын байқаймыз. … Бiр кездерде, ll Интернационал дәуiрiнде отарлау саясаты жөнiнде көп айтылды. Бiрақ бұл тек сөз жүзiнде, қағаз жүзiнде ғана болды. Ал нақты жағдайда iрi мемлекеттердiң қарпып, қамтып қалуға ұмтылыстарын мақұлдады. Қазiр Шығыс мәселесi мүлдем басқаша қойылуда. … Ендi ll Интернационал көсемдерiнiң Шығыс халықтары Еуропа мәдениетiн жойып жiбередi деген қорқынышы жоқ. ll Интернационал көсемдерi содан қорыққан. Олар буржуазиялық билiктi ұстап тұрғандардың қадiр-қасиетiне тiл тигiзiп аламыз ба деп қорықты. Алайда lll Интернационалда, коммунистiк партияда мұндай қорқыныш мүлдем жоқ. … Коммунистiк интернационалдың негiзгi мiндетi мыналардан тұрады. Батыстың әлi де бiраз бөлiктерi оппортунистердiң ықпалында жүрген, ымырашылдардың ықпалында жүрген Батыстағы жұмысшы табын олардың ықпалынан ақи-тақи шығарып, коммунизмнiң саналы жақтастары етiп қайта тәрбиелеу және сонымен қатар ең басты, маңызды мiндет-бұл еңбекшiлердi бiрiктiру, Шығыстағы әрқалай дараланған революциялық қозғалыстарды Батыстың қозғалыстарымен бiрiктiру. lll Интернационалдың алдына қойған ең өзектi мәселе осы”. Өткен ғасырдың бел ортасында Қарадабан, Алексеев және Гумилев авторы болып табылатын Еуразиялық идеяның түпкi негiзi осында, Рысқұловтың осы бiр прогрессивтi ой-пiкiрiнде жатқан жоқ па?.. Шығыс халықтарының бiрiншi съезiнiң бар құндылығы да, аса маңыздылығы да осында. “… Шығыс еңбекшiлерiнiң алдында бiр-ақ таңдау бары түсiнiктi, – дейдi Рысқұлов . – Атап айтқанда Коммунистiк интернационал ұранының астында, жалауының астында жедел ұйымдасып бiрiгу және аграрлық революцияны шұғыл жасау, жердi және өкiметтi алу. Бұл әлемдiк капитал езгiсiнен құтылудың, халықтардың өз таңдауын жасаудың жалғыз ғана жолы, жалғыз ғана шешiмi ”. Жер мәселесi бүгiн де аса маңызға ие. Халықты басқалардың езгiсiнен құтқаратын да осы жер. Рысқұлов оны сол кезде-ақ делегаттар қаперiне салып, жөн сiлтеген. Бiрiншi съездi өз көзiмен көрген Купелт бертiнге дейiн Түлкiбаста өмiр сүрдi. Соның айтуына қарағанда Рысқұловтың сөйлеген сөзiн Дағыстанның көрнектi қайраткерi, Сорвонис университетiнiң түлегi Жалеледдин Қорқмасов француз тiлiне аударғанда залда отырған Россмер, Джон Рид, Бела Кун, Янца және басқа да шетелдiктер орындарынан тұрып, ұзақ қол шапалағымен Рысқұловқа құрмет көрсеткен. Сол съезде Бибiнұр да сөйледi. Ол Шығыс әйелдерiн бiрлiкке шақырды. Бибiнұр да тарихи тұлға. Түркiстан республикасынан съезге қатысқан жалғыз әйел. Оның кейiнгi тағдыры қалай болғаны жөнiнде мәлiметтер жоқ. Тарихшылар зерттеуiнен тысқары қалып қойған. Бұл да өкiнiш. Мемлекет қайраткерi, Социалистiк Еңбек Ерi Анастас Иванович Микоян да Шығыс халықтарының сол съезiне делегат болып қатысқан. Оның 1971 жылы Мәскеуден “Дорогой барьбы” атты кiтабы жарық көрдi. Кiтапта съездiң қалай өткенiн сипаттай келiп, сөйлеген Шығыс халықтарының делегаттары мен шетелдiк қонақтардың сөздерiнен үзiндiлер келтiрiп, Рысқұловтың сөзiне ерекше тоқталған. “… Қазақ делегаты Рысқұловтың сөзi аса зор ынты-ықыласпен тыңдалды. Ол: “Ең маңызды мiндет–бұл еңбекшiлердiң бiрiгуi. Шығыстағы дараланған революциялық қозғалыстардың Батыстағы қозғалыстармен бiрiгуi. Осы мәселе үшiн бiз осында жиналдық және бұл мәселе осында шешiледi де” дедi”. Микоянның 1972 жылы жарық көрген екiншi “За все дело” атты кiтабында да Тұрар Рысқұловтың мемлекет қайраткерi ретiндегi еңбегiн жоғары бағалаған. Өкiнiшке қарай сол кезде де республикада Рысқұловтың атына жалған жалалар жабылып жатты. 1973 жылы Рысқұловтың 80 жылдығы қарсаңында тележурналист Сейiлхан Асқаров пен кинооператор Юрий Пискунов Мәскеуге арнайы барып, А.И. Микояннан Рысқұлов жөнiнде сұхбат алды. Оның Рысқұлов хақындағы құнды ой-пiкiрлерiн Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң хатшысы Саттар Имашев сұхбатты экраннан алдын-ала көру кезiнде: “Микоян Ленин емес”, – деп қысқартып тастаған. Одан кейiн де Қазақстан Ғылым академиясы Партия тарихы институтының директоры Серiкбай Бейсембаевтың баяндамасына Рысқұловқа панисламшыл”, “пантүрiкшiл” және “ұлтшыл ауытқушы” деген айыптауларды қостырған. Тоталитарлық жүйе тәртiбi солай болды. Амал қанша. 1921 жылы жазда Әзербайжан Компартиясының lll съезi болды. Бұл съезге Рысқұлов Ұлттар комиссариатының өкiлi ретiнде қатысты. Сол уақытта Түркияда ұлт- азаттық көтерiлiсi жеңiп, өкiмет басына Кемал Паша Ататүрк келген едi. Ленин оларға қаржылай жәрдем берген. Съезде Тұрар Рысқұлов халықаралық жағдайларға шолу жасай отырып, Түркиядағы ұлт-азаттық көтерiлiстi жақтап, Антантаның жаулап алу саясатын әшкереледi. Сол сөзiнен кейiн оған бұрынғы таңылған айыптарының үстiне “кемалшыл” деген тағы қосылды. Мұны алғаш рет таңған Тәжiкстан тарихшысы Имомжан Келдиев. Рысқұлов сол съезде мәдени-әлеуметтiк, экономикалық жағдайларға да кеңiнен тоқталып, тың ойларын ортаға салды. Соған дейiн республикаларда “Жұмысшы табының жетекшiлiгiмен социализм жеңiстерiне жетемiз!” деген ұран жиi-жиi айтылатын. Жұмысшы табы осылай дәрiптелетiн де шаруаларға аса мән берiле бермейтiн. Рысқұлов съезде шаруалар рөлiн көтердi. Орталықтан алыстағы республикаларда және Қытай,Үндiстан секiлдi елдерде шаруалар үлесiнiң көптiгiн, олардың үлкен саяси күш екенiне делегаттардың көздерiн жеткiздi. Тек жұмысшы мен шаруа күштерi бiрiккенде ғана барлық қиындықтарды жеңiп, социализмдi толық орнатуға болатынын дәлелдедi. Кеңестер республикалары жұмысшы-шаруа мемлекеттерi деп аталғанын жөн көретiнiн айтты. Ол солай мемлекет сипатын нақтылап, саяси атауына да түзету енгiздi. Сондай пiкiр Бухарин мен Устиновта да болған екен. Бiрақ олар Рысқұлов секiлдi үлкен саяси жиындарда жария етпеген. Съезде Рысқұлов Орталық пен субъективтiк федерациялар экономикалық байланыстарының ара жiгiн ашып бердi. Автономиялық республикалар табиғи байлықтарын Орталыққа тұтас жiбере салмай, белгiлi бiр бөлiгiн өздерiнде қалдырулары керектiгiн ескерттi. Сонда ғана республикаларда экономика көтерiлiп, саяси билiктерi артып, дамудың тепе-теңдiгi сақталатынын ашып айтты. Рысқұлов солай болмайынша артта қалған шалғай республикалардың әлеуетiн жақсарту мүмкiн емес екенiн жасырған жоқ. Съезде оның назарынан жер мәселесi де тысқары қалмады. Оның дұрыс бөлiнбеуi, әлеуметтiк наразылықтар тудыратынын да ашып айтты. Сондай-ақ Рысқұлов тiл мәселесiн де қозғаған . Әр ұлттың өз ана тiлiн дамыту керектiгiн, мектептерде сабақ сол ұлт тiлдерiнде оқытылуға тиiстiгiн, оған қазынадан арнайы қаражат бөлiп, материалдық негiз жасалмаса, оны жүзеге асырудың қиындығын түсiндiрген. Демек ол бүгiнгi тiлiмiздiң жырын, сол кезде, яғни, 1921 жылы-ақ көтерген. Жат тiлдердiң ықпалынан қорғаған. Тiлiмiздiң ұлтымызды асырау үшiн келешекте техникалық, иновациялық-индустриялдық тiлге айналуын көздеген. Бакуде Рысқұлов тiл саясатының негiзiн де қалады. Рысқұлов Орта Азиядағы мақта мәселесiне де тоқталды. Оны игерiп қана қоймай, шикiзатты өңдеу жолдарын да көрсеттi. Мақтадан тауарлы өнiм шығару үшiн республикаларда өндiрiстiк орындарын ашу керектiгiн тiлге тиек еттi. Қысқасы, Рысқұловтың Бакудегi сөзiнiң саяси мәнi зор. Ол сонда шаруа қозғалыстарының (крестьянское движение) революциялық қабiлетiн ашып бердi. Рысқұловтың бұл теориясы дүниежүзiне тән десек асылық болмас. 1919 жылдан 1930 жылға дейiн Рысқұлов небiр қоғамға пайдалы тың пiкiрлерiмен баршаның назарын өзiне аударды. Тiптен өкiметтiң құрылымы туралы реформалық ұсыныстары қаншама. Парламенттiк билiктi де алғаш айтқан Рысқұлов болатын. Ол қай жиында сөйлесе де өзгелердей сөз соңында: “Коммунистiк партия жасасын!” деп ұрандатқан емес. Тек: “Партия жұмысшы-шаруа табының авангардтық рулi”, – деумен шектелген. Партияға сол “авангардтан” басқа термин қолданбаған. Оның партиялық тәртiбi жағынан бiрнеше рет сөгiс алғанын былайғы жұрт бiле бермес. Рудзутак пен Орджонокидзенiң Орталық аппаратқа ұсынысымен Рысқұлов Түркiстан республикасы Совнаркомының төрағасы қызметiне тағайындалған. Билiктi алысымен “кәператив” мәселесiн шаруашылыққа батыл ендiрдi. Жердi шектеулi уақытқа жалға берудi жолға қойды. 1923 жылдың өзiнде-ақ Мырзашөлдегi игерiлмей жатқан бос жердiң бiрнеше жүздеген гектарын Грузияға жалға берiп, республика бюджетiне айтарлықтай пайда түсiрген. Бүгiнгi Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктi де ол сол кезде-ақ құрып, акционерлiк қоғамды да жүзеге асырды. Ленин өмiрден өткен соң СССР және РСФСР Совнаркомдарының төрағасы Рыков болды. Рыков пен Рысқұловтың экономикалық көзқарастары көбнесе бiр жерден шығып отырған. Рысқұлов Орталық аппарат талқылауына “Түрксиб” темiржолының құрылысын шаруашылық есеппен (хозрасчет) жүргiзудi ұсынғанда, Рыков оны бiрден қолдады. Сол экономикалық саясаттың арқасында “Түрксиб” құрылысы мерзiмiнен бұрын пайдалануға берiлдi. Ол шаруашылық есеп тәсiлiн коммунальдық жүйеге де тиiмдi қолдана бiлген. Кейiн бұл тәсiлдi 1946 жылдан 1950 жылға дейiн экономистер Кузнецов пен Вознесенский жалғастырды. Алайда бұл Сталинге ұнамай “Ленинградское дело” деп аталған қылмыстық iспен екеуiн де аттырып жiбердi. Арада көп уақыт өткен соң СССР Министрлер Советiнiң төрағасы Алексей Иванович Косыгин шаруашылық есептi өндiрiске қайта ендiруге әрекеттенiп бақты. lстiң қолайын таппады ма, әйтеуiр бастамасы аяқсыз, нәтижесiз қалды. Қытай үкiметiн басқарған Чжо-Эн-Лай сол шаруашылық есеп тәсiлiн өз ұлттық болмыс-жағдайларына қарай ыңғайлап, Мао-Цзе-Дунға бiлдiрмей, астыртын өндiрiсте қолданды. Оны Дэн-Сио-Пин қолдаған. Кейiннен бұл жасырын iс Мао-Цзе-Дунға жетiп, Дэн-Сио–Пин түрмеге жабылған. Араға жылдар салып, Дэн-Сио-Пин үкiмет басына қайтып келген соң, шаруашылық есептi қайта қолға алып, толық жүзеге асырды. Содан Қытайдың экономикасы аз жылдардың бедерiнде таңқаларлықтай даму сатысына көтерiлдi. Әр тәсiлдiң бастамасы бар. Ғайыптан ештеңе де пайда болмайды. Бұл акциома. Сол шаруашылық есептiң түп төркiнi Рыков пен Рысқұловтың экономикалық саясатында жатқанын бiреу бiлсе, бiреу бiлмес. Тiптен бұған мүлдем сенбейтiндер де табылады. Дегенмен ақиқаты осы. Бұл фактi Рысқұловтың тек саясаткер ғана емес, әлемдiк деңгейдегi кең ауқымды экономист екенiн де көрсетсе керек. Экономикалық даму тәсiлi жанды құбылыс. Бiр елден бiр елге ауысып отырады. Гәп соны өз ұлттық ерекшелiктерiне қарай ыңғайлап, қолдана бiлуде. Шаруашылық есеп әуелгiде солай Кеңестер Одағында туды, оны Қытай толық жүзеге асырды. Осы бiр жайды бiздiң тарихшылар мен экономика зерттеушiлерi әлi күнге қозғамай жүр. Өткен ғасырда қазақ халқы үш аштықты басынан кештi. 1933 жылғы Голощекиннiң қолдан жасаған аштығы жиi айтылады. 1919 және 1921 жылғы құрғақшылықтан болғандары сиректеу ауызға алынады. Үшеуiнде де миллиондар аштықтың құрбаны болды. Алдыңғыларында Рысқұлов Аштық комиссиясын басқармағанда, соңғысында Сталинге хат жазып, республикадағы аштық ауқымын нақты жеткiзiп, шұғыл шаралар қолдануды талап етпегенде, жер бетiндегi ұлтымыздың саны күрт төмендеп кетерi анық едi. Рысқұлов – ұлтымыздың генефонын сақтап қалған тұлға екенiн мойындау керек. Рысқұлов Бакудегi әлеуметтiк-экономикалық ұсыныстарының бiрқатарын 1926 жылы 12-14 қарашада Мәскеуде болған өзiнiң Жеке кеңесiнде Одақтас республикалар өкiлдерiнiң назарына қайта ұсынды. Республикаларды индустрияландырмайынша мешеулiктен құтылу мүмкiн еместiгiн, ол үшiн шикiзаттарды өздерiнде өңдейтiн кәсiпорындар ашуды алға тартты. Өндiрiс орындарының сандары көбейген сайын жұмыс орындары да молайып, экономикалық даму үдеп, республикалардың дербестiгi, қуаттылығы күшейе түсетiнiн жеткiздi. Ол ұлы орыс шовинистiк саясатымен ашық күрестi. Оларға жол бермеу үшiн Орталық басқарушы аппараттарда әр ұлт өкiлдерiнiң отыруын талап еттi. Өзi РСФСР Совноркомының қызметiнде жүргенде ұлт кадрларын жауапты орындарға тартты. Ұлттардың мұқтаждықтарына ден қойды. Рысқұловтың ауылшаруашылығын реформалауға қосқан үлесi де мол. Ол 1930 жылы Орталық үкiметке Австралияның, Жаңа Зеландияның, Солтүстiк Американың ауылшаруашылығын дамытудағы тәжiрибелерiн пайдалануды ұсынды. Үкiмет оны дәл сол кезде қолдай қоймағанымен, көп кейiн 1960 жылдардың бедерiнде сол елдерге арнайы мамандар жiберiп, тәжiрибе алмасуға мәжбүр болды. Рысқұловтың ой-тұжырымы аграрлық-экономикалық саясатта да анау айтты өзгелерден артық болмаса, бiр мысқал да кем емес екенiн сыбайластары жақсы бiлген. Ұлт мамандарына, зиялыларына, ғылымға Рысқұловтың жанашырлығы өз алдына бiр әңгiме. Түркiстан республикасы Совнаркомының төрағасы Тұрар Рысқұлов 1920 жылы үш жаққа бөлiнiп кеткен Алашорда өкiлдерiн Тәшкентке жинап, “Талап” қоғамын құрды. Оған Кәрiм Жәленов, Халел, Жанша Досмұхамедовтер, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Мiржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Мырзағазы Есболов және т.б. мүше болды. Бұл қоғам алғашқы ғылыми орталыққа айналды. Қазақстан Ғылым академиясының негiзi сонда жатыр. Рысқұлов бюджеттен дер кезiнде қаражат бөлгiзiп тұрмағанда, оның жабылып қалуы мүмкiн едi. Ақын Мағжан Жұмабаевтың “Түркiстан” атты тамаша өлеңi Орынборда емес, Ташкентте дүниеге келдi. Түркiстан идеясын, түркi жұртының бiрлiгiн жырлады. Өлеңнiң жазылуына Рысқұлов, Қожанов, Төреқұловтың әсер еткенi анық. Қоқан үкiметiн большевиктер құлатқан соң Мұстафа Шоқай шет елге кетедi де, Мұхамеджан Тынышбаев жұмыссыз қалады. Рысқұлов оны Тәшкентке шақырып, Совнаркомның транспорт бөлiмiне бастық етiп тағайындайды. Түрккомиссиядағыларға оның бұл iсi ұнамаған. Осы орайда айта кететiн бiр жай үстiмiздегi жылдың 17 наурызында “Апта.KZ” газетiне Сейтқасым Әуелбеков дегеннiң “Шындық толық айтылуы керек” атты мақаласы жарық көрдi. Редакция қызметкерлерi мақала аннотациясына оның Францияда тұратынын, бiрақ қай елдiң азаматы екенiн бiлмейтiндерiн жазыпты. Ал бiз Әуелбековтiң осы елдiң азаматы екенiне қылаудай да күмәнданбаймыз. Өйткенi ТМД елдерiндегi қандастарымыздан басқа, шет елдерде тұратындардың фамилияларында “ов” жалғауының болмайтыны бесенеден белгiлi. Оның үстiне аударма тiлi де жатық. Мақалада Рысқұловтың 1924 жылы 30 сәуiрде Ресей Коммунистiк партиясы Орталық Комитетiне, Сталин жолдасқа жазған хаты жарияланған. Автор түсiнiктемесiнде хатты Мәскеудiң мұрағатынан алғанын ескертiптi. Хат мазмұнынан Рысқұловтың Қожановқа, Алашорданың кейбiр тұлғаларына, Мұстафа Шоқайға алабөтен көзқарасын байқайсыз. Былайша айтқанда бұл хат қалың оқырманға күтпеген тосын жағдай туғызуы әбден мүмкiн. Өзi де сондай мақсатпен жарияланғанға ұқсайды. Дегенмен бұл хат сол дәуiрдi зерттеген тарихшылар үшiн жаңалық емес. Олар мұны өткен ғасырдың 60-70 жылдарынан берi бiледi. Рысқұлов бұл хатты неге жазған? Салдардың да себебi бар емес пе? Қазақтың қай тұлғасын да мысалға алып, мұрағаттардан түбiн қазсаңыз, осындай пендешiлiктерi табылады. Иә, кейде олардың бiрiн-бiрi түсiнiспеушiлiктерi болған екен. Бiрақ олар бiрiн-бiрi дауға қиса да, жауға қимаған. Ендi бiздiң тұлғаларымызды түртiнектеп, тырнақ астынан кiр iздегенiмiз қалай болар екен. Данышпан Абай: “Қазақтың өлiсiнiң жаманы жоқ, тiрiсiнiң жаманшылықтан аманы жоқ”, – деп неге айтқан? Бәлкiм бiлiктi тарихшылардың, тұлғаларымыздың осындай оғаш хаттарын жылы жауып қойғаны, Абайдың ұлағатты сөзiне тоқтағаны шығар. Ендi ғана Тәуелсiз ел атанып, үш жүзiмiздiң бастары құралып, ұлт болып ұий бастаған шақта, санамызды ояту үшiн, рух жiгерiмiздi көтеру үшiн, тұлғаларымыздың халық үшiн еткен жанкештi еңбектерiн жазып, үлгi тұтсақ қанеки. Иә, шындық толық айтылуы керек. Бiрақ дәл қазiр емес. Тарихты жасайтын халықтық тұлғалар. Рысқұловтың Түркiстан республикасындағы ролi мен ықпалы ерекше. Идеясы да биiк болатын. Орталықтан ел басқаруға келген Түрккомиссия мүшелерi оның алғырлығынан, саясаткерлiгiнен, өр мiнезiнен именетiн. Дұрысы сескенетiн. Ол басшылықтың тiзгiнiн ұстап тұрғанда Түркiстан тұтас державаға айналар ма едi кiм бiлсiн. Содан қауiптенген Орталық аппарат оны 1924 жылы Мәскеуге шақырып, Наркомнацқа қызметке қойды. Рысқұловтың Мәскеуге ауысуымен мұндағы түркiлiк идея әлсiредi. Орталыққа тұтас Түркiстан бiрлiгiн ыдыратуға ыңғай туғызды. Түркiлiк алты Алашты жеке-жеке республикаларға бөлiп, Орталық империялық саясатының өңiн айналдырып жалғастырды. Рысқұловтың 1924 жылы Комунистiк интернационал Атқару комитетi өкiлi ретiнде Монғолияның мемлекеттiк iстерiн ретке келтiруi мен дипломатиялық жұмыстары өз алдына бiр төбе. Оның мұрасы әлi толық зерттелмей келедi. Жарық көрмей жатқан еңбектерi қаншама. Өкiнiштiсi сол, “Мәдени мұра” бағдарламасына енбей қалды. Қазақстан Үкiметiнiң 1993 жылғы 198-шi қаулысы бойынша, Алматыда Рысқұловтың еңселi ескерткiшi орантылуы керек едi. Ол да аяқсыз қалды. Уәдешiл Үкiметке ендi не деуге болады?
Молдияр СЕРIКБАЕВ, Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары