«ЛУКОЙЛДЫҢ» ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «ШАҢЫРАҒЫ» БОЙ КӨТЕРМЕК

«ЛУКОЙЛДЫҢ» ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «ШАҢЫРАҒЫ» БОЙ КӨТЕРМЕК

«ЛУКОЙЛДЫҢ»  ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ  «ШАҢЫРАҒЫ» БОЙ КӨТЕРМЕК
ашық дереккөзі
249

Ресейдiң мұнай-газ компаниясы «Лукойл» Астанада өзiнiң жаңа ғимаратының ашылу салтанатын атап өттi. Бұған дейiн «ҚазМұнайГаз» ғимаратынан қоныс тепкен «Лукойл» өкiлдiгiнiң Астанадағы өз шаңырағын көтеру салтанатына қатысу үшiн компания басшысы Вагит Алекперов Астанаға арнайы келiптi. Бұл шара компанияның 15 жылдық мерейтойына сәйкес өттi. «ҚазМұнайГаз» компаниясының президентi Ұзақбай Қарабалин «Лукойлдың» Қазақстан үшiн маңызды серiктес екендiгiне кеңiрек тоқталды. Ол «Бiз «Лукойлмен» бiрiншi жыл жұмыс iстесiп отырғанымыз жоқ. Бұл компанияның бiздiң елде араласатын жобалары көп. Мәселен, Қарашығанақ, КТК мұнай құбыры, Түпқараған, Аташ кенiштерiндегi рөлi жоғары. Сондықтан, «Лукойлдың» Астанадан өз ғимаратын салуы бiздi қуантады. Бiз ендi серiктес қана емес, көршi де болдық» дейдi ол. («Лукойлдың» жаңа ғимаратының «ҚазМұнайГаз» кешенiнiң қарсы алдында орналасатынын айтқаны. Г.М). Ол сонымен, қатар компанияның он бес жылдық мерейтойын Астанадан ғимарат салу жобасымен атап өткенiне қуанышты екенiн бiлдiрдi.

«Лукойл» – қазiргi күнi халықаралық аренадағы мұнай өндiру, геологиялық зерттеу жөнiнен көзге түсiп жүрген Ресейдiң жалғыз компаниясы. Оны транснационалды компания деп те атайды. Ал бiздiң елде «Лукойлдың» жұмыс iстеп жатқанына он бiр жыл болды. Қазақстандағы iсiн ең алдымен, Құмкөл кенiшiнен бастаған «Лукойл» қазiр Қарашығанақ кенiшiндегi негiзгi оператор. Компания үшiн маңызы жөнiнен Қазақстан Ресейден кейiнгi екiншi орында тұр. Мұны компаниядағылар Қазақстанның инвестициялық жағымды жағдайымен түсiндiредi. «Лукойлдың» Қазақстандағы мүддесiнiң аса үлкен екенiн, тiптi, оның директорлар Кеңесiнiң Астанада жиылыс өткiзгенiмен байланыстыруға болар. Компания топ-менеджментiнiң жиыны 25-сәуiрде Астанадағы «Интерконтиненталь» қонақ үйiнде өттi.

Компанияның Қазақстан экономикасына құйған ивестициясының көлемi 5 млрд. АҚШ долларын құрапты. Ал компания президентi Вагит Алекперов Қазақстан Президентi жанындағы Шетел Инвесторлары Кеңесiнiң мүшесi. Ол Кеңестiң бүкiл отырыстарына қатысып жүредi.

Компанияның қазiр құрғақтағы игерiп жатқан кенiштерi Құмкөл мен Қарашығанақтан өзге: Әлiбекмола, Қожасай, Солтүстiк Бұзашы, Қарақұдық, Арман, Теңiз кенiштерi болса, Каспий теңiзiнiң шельфiнде екi жобаға ие. Олар Түпқараған мен Аташ кенiштерi. Ал 2005 жылдың соңында компания «Нельсон Ресоурсез» компаниясын 2 млрд. АҚШ долларына сатып алды. «Лукойлдың» қазақстандық жобаларын жүзеге асыруға қазiргi күнi 9 мың адам тартылса, оның 90 пайызы жергiлiктi мамандардан құралған. «Лукойлдың» Қазақстандағы негiзгi серiктестерi «ҚазМұнайГаз», «Бритиш Газ», «Қытай Ұлттық Мұнай-Газ корпорациясы», «Шеврон», «Шелл», «Эксон-Мобил» компаниялары.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары