ПРЕМЬЕРДIҢ ӨЗI ДЕ ҚАЙРАН БОЛДЫ

ПРЕМЬЕРДIҢ ӨЗI ДЕ ҚАЙРАН БОЛДЫ

ПРЕМЬЕРДIҢ ӨЗI ДЕ ҚАЙРАН БОЛДЫ
ашық дереккөзі
201

Премьер-министр Даниал Ахметовтың басшылығымен өткен Үкiмет жиылысында елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуы, мемлекеттiк бюджеттiң 2005 жылғы қорытындысы мен 2006 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы орындалу жайы қаралды. Әдетте, Үкiмет жиындары негiзiнен экономикалық мәселелердi қамтитын болғандықтан, бұрын бүкiл министрлердiң назары Келiмбетовте болатын. Ал Қайрат Нематұлының Ұлттық қордың басшылығына ауысып кетуi себептi, Үкiмет мүшелерiн экономиканың жай-күйiмен жаңа министр Кәрiм Мәсiмов таныстырар деп күткенбiз. Бiрақ, ел экономикасындағы қазiргi тенденциялармен танысуға Мәсiмовтiң мұршасы келмей жатыр ма, әйтеуiр жағдайдан хабардар ету экономика және бюджеттi жоспарлау вице-министрi Мұрат Құсайыновқа жүктелiптi. Соңынан бiреу қуып келе жатқандай, асығыс-үсiгiс есеп берген Мұрат Құсайыновтiң сөзiне назар аударалық:

– Iшкi Жалпы Өнiмнiң өсiмi былтырғы жылдың дәл осы мезгiлiмен салыстырғанда төмен. Бұған әсер еткен өңдеушi өнеркәсiп iсiнiң баяулығы. Инфляцияның орташа жылдық көрсеткiшi 8, 4 пайызды құраған. Бұл да болжанғандағыдан артық. Жыл басынан бергi инфляция деңгейi қазiргi күнi 3, 2 пайызды құрады. Азық-түлiк өнiмдерi 4, 2 есеге өскен. Тұрғындарға көрсетiлетiн ақылы қызмет түрлерi де екi есеге қымбаттаған. Есесiне, Ұлттық қордағы қаржы көбейген. Қазiр онда 8,3 млрд. доллар сақтаулы. (Бiрақ, ол ақшаға иек артпаса да болады. Себебi, «болашаққа арналған ақша ғой» – Г.М).

Жұмыссыздар саны азайып, еңбекақы мөлшерi артқан. Былтыр 8,5 пайызды құраған жұмыссыздар саны биыл 8, 2 пайызға теңесiптi. Орташа еңбекақы 35, 2 мың теңге екен.

Өз дауысынан өзi шоши сөйлеген вице-министр Құсайынов премьер Даниал Ахметовтiң алдында өзiн емтихан алдындағы шәкiрттей сезiнгендей. Ахметовтiң «инфляцияның қазiргi деңгейi 3,2 пайызды құрайды дейсiз, ал соның iшiндегi қант пен көкөнiстiң үлес салмағы қанша?» деген сауалына, сасқанынан «4,6 пайыз» деп жауап берiп, iле қағазына шұқшиып, сөзiн қанттың 28, 1 пайызға, ал көкөнiстiң 21 пайызға қымбаттағандығымен жалғастырып кеттi.

Жиылыста Келiмбетовтiң орны үңiрейiп тұрды.

«ЕКI ЖҰЛДЫЗ… ТӨБЕМIЗДЕ ТҰРЫП АЛДЫ КЕТПЕДI»

Қаржы министрi Наталья Коржова мен Индустрия және сауда министрi Владимир Школьник, Үкiметтiң екi сағатқа созылған жиылысының «жұлдыздары» болды. Қаржы министрлiгiне жаңа екпiнмен келген Коржова бюджеттiң игерiлмей қалған қаржысының қай министрлiктерге тиесiлi екенiн шұқшитып отырып айтып бердi. Оның сөзiне қарағанда, 2005 жылы бюджеттен бөлген қаржыны жүз пайыздық деңгейде игерумен ешбiр министрлiк ерекшеленбеген. Конституциялық Кеңес пен Орталық сайлау комиссиясының үлес салмағы ала бөтен. Жалпы, 12,10 млрд.теңге игерiлмеген. Индустрия және сауда министрлiгi мен Ауылшаруашылығы министрлiгi де әрқайсысы 2, 4 млрд. және 1, 4 млрд теңге көлемiнде бөлiнген қаржыны игере алмаған.

Дебиторлық қарыз жөнiнен Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң үлесi – 2,6 млрд. теңге, Индустрия және сауда министрлiгiнiң үлесi – 2,2 млрд.теңге, Сыртқы iстер министрлiгiнiң қарызы – 1,7 млрд. теңгенi құраған.

Үкiметке тiкелей қатысы бар акционерлiк қоғамдар арасында Қазақстан ипотекалық компаниясы қаржылық кемшiлiктермен көзге түскен. Миллиардтаған теңге компанияның Директорлар кеңесiнiң рұқсатынсыз екiншi дәрежелi банктердiң шотына өтiп кетiптi.

«Қаржы министрi арбитр рөлiнде көрiнгiсi келмейдi» деп есебiн жұмсартып қояды Коржова. Ал жиылыстың екiншi «жұлдызы» Школьник өз министрлiгiнiң қаржыны дұрыс игере алмағандығына бас ауыртпады. Ол, керiсiнше, облыс әкiмдерiн сынға алып отыр. Әрине, 2005 жылы Индустрия және сауда министрлiгiнде оның көлеңкесi де көрiнбеген едi ғой. Сонымен, Школьник: «Жергiлiктi әкiмшiлiктердiң министрлiктердiң ырқына көнгiсi келмейтiндiгiн» айтып, Ахметовке шағынды. Премьер: «Мамыр айында әкiмдермен кездесемiн. Мәселенi сол кезде талқылаймыз» дедi. Тендерлердiң басым бөлiгi Школьниктiң қолынан өтетiн болғандықтан, оған көптеген мiндеттер жүктелдi.

Ал Ахметов жиылыс бойында, қол астындағы министрлердiң атын шатастырумен болды. Ертiсбаевты «Ертiсбай Мұхамеджанович» деп атап, Ертiсбаев назын басқадай жолмен болса да байқатты. «Министрлiктiң атын неге дұрыстап жазбағансыздар? Менiң министрлiгiмнiң аты өзгердi ғой» дейдi ол.

Ал жиылыс соңында қорытынды жасаған Даниал Ахметов ел экономикасындағы қарама-қайшылықтарға көз жiберiп, өзi де қайран болды. Мәселен, 36, 6 пайызды құраған мемлекеттiк шығындар Iшкi Жалпы Өнiмнен 1, 5 пайыздан артық болып, оны көлегейлеп тастаған. Ал еңбекақының мөлшерi еңбек өнiмдiлiгiнен 2, 6 пайызға артып кеткен.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары