АЛМАТЫЛЫҚТАР «ЖАС ҚАНАТТЫҢ» СЫНЫНАН ӨТЕ АЛМАПТЫ

АЛМАТЫЛЫҚТАР «ЖАС ҚАНАТТЫҢ» СЫНЫНАН ӨТЕ АЛМАПТЫ

АЛМАТЫЛЫҚТАР  «ЖАС ҚАНАТТЫҢ» СЫНЫНАН ӨТЕ АЛМАПТЫ
ашық дереккөзі
353

Жас орындаушылардың республикалық «Жас қанат» байқауы биыл он бесiншi рет өткелi отыр. Ал байқаудың Астанаға көшкенiне алты жыл. Жоба авторы Мұрат Ерғалиевтiң «Жас қанаттың» мерейтойлық байқауын ерекшелегiсi келетiнi көрiнiп-ақ тұр.

Сонымен, бұл жолғы конкурсанттар арасында батыс және оңтүстiк өңiрiнен келгендер бiршама. Дәурен Еспергенов, Жаңылсын Хасанова, Мiнәш Жанболатова ән додасына Атырау, Орал, Ақсай қаларының атынан түссе, Айгүл Әдiханова – Шымкенттен, Мөлдiр Оңдасынова – Түркiстаннан, Қайыржан Оспанов пен Мәрзия Нұрлан – Қызылордадан.

Солтүстiктегi облыстар жалғыз үмiткер – Елдана Габерманды жiберiптi. «Жас қанатта» Қарағандының намысын екi үмiткер Думан Баймағамбетов пен Нұрсаят Серiкбаев жыртатын болады. Талдықорған да Астанаға екi үмiткерiн Жасұлан Әйтенов пен Милатбек Ақанбаевты жiберiптi. Астанадан Лилия Сайдиллова қатысса, байқауға Алматыдан қатысатын жан жоқ. Байқаудың ұйымдастырушысы Мұрат Ерғалиевтiң айтуынша, Алматыдан байқауға қатысуға ниет бiлдiргендер көп болыпты, бiрақ сыннан өте алмай қалған.

Байқауда бақ сынағалы отырған 13 үмiткер де 17-22 жас аралығындағы орындаушылар. Ең жасы Дәурен Әйтенов 17 -де. Барлығы дерлiк музыкалық оқу орындарында бiлiм алуда. Түркiстандық Мөлдiр Оңдасынова музыкалық бiлiм және мәдениет факультетiнде оқиды. Дәурен Әйтенов Қ. Байсейiтов атындағы музыкалық колледждiң студентi.

Оралдық Жаңылсын Хасенова «Шабыт» фестивалiнiң лауреаты. Ақсайлық Мiнәш Жанболатова «Superstar KZ» жобасында бақ сынапты. Қазiр Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында оқиды. «Университет көлемiндегi «Мысықтар» мюзиклiнде басты рөлде ойнаймын» дейдi.

Ал қызылордалық Мәрзия Нұрлан: «Бұған дейiн ешбiр байқауға қатыспағам. Үш жыл қатарынан Қызылорданың мейрамханаларында ән айттым. Мейрамханадағы жұмысымды үлкен мектеп деп санаймын» дейдi.

«Жас қанаттың» басты ұйымдастырушысы Мұрат Ерғалиев: «Қазақстанның таланттары, ең мықты әншiлерiнiң барлығы да ауылдан келгендер. «Жас қанаттың» мақсаты продюсер ретiнде сол әншiлердi iздеп табу, барынша қолдау көрсету» дейдi. Ол облыс әкiмдерiне деген назын да бiлдiрiп қалды. «Облыс басшылықтары өз өңiрлерiндегi таланттарды дұрыстап қолдамайды. Тәжiрибеге сүйенсек, басшылық тарапынан жақсы жағдай жасалынған адам ғана жеңiске жетедi. Ал басшылар «Жас қанат» басталған кезде ғана орындаушыларын есiне түсiредi» дейдi. Сондықтан, облыс әкiмдерiнiң құлағына алтын сырға.

Орындаушылар екi әннен шырқайды. Олардың қай нөмiрмен шығатынын айқындайтын жеребе тастау рәсiмi «Думан» орталығы мен мемлекеттiк циркте өттi. «Думан» мен цирк басшылығы конкурсанттардың көңiлiн көтеру үшiн тырысып-ақ бағыпты. Конкурсанттардың дәстүрлi ағаш отырғызу рәсiмi Цирк алдындағы алаңқайда орын алды.

13 конкурстанттың iшiнде екi әнiн де қазақ тiлiнде орындайтындардың саны саусақпен санарлықтай. Олар: түркiстандық Мөлдiр Оңдасынова, талдықорғандық Жасұлан Әйтенов және ақсайлық Мiнәш Жанболатова.

Ал конкурсанттарға Астана қаласы әкiмшiлiгiнiң атынан Ақ жол тiлеген мәдениет департаментiнiң басшысы Асқар Сүлейменов мемлекеттiк тiлде тiл қатуға жарамады.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары