«КАВКАЗДЫҚТАРҒА КIРУГЕ БОЛМАЙДЫ!» РЕСЕЙДЕ НӘСIЛГЕ БӨЛЕТIН ТҮНГI КЛУБТАР ПАЙДА БОЛДЫ

«КАВКАЗДЫҚТАРҒА КIРУГЕ БОЛМАЙДЫ!» РЕСЕЙДЕ НӘСIЛГЕ БӨЛЕТIН ТҮНГI КЛУБТАР ПАЙДА БОЛДЫ

«КАВКАЗДЫҚТАРҒА КIРУГЕ БОЛМАЙДЫ!» РЕСЕЙДЕ НӘСIЛГЕ БӨЛЕТIН ТҮНГI КЛУБТАР ПАЙДА БОЛДЫ
ашық дереккөзі
252

Ресейде ұлтаралық жағдай күн өткен сайын ушығып барады. Осының салдарынан ұлтшылдық пен шовинизмнiң жаңа қырлары айқындалып, орысшылдық саясаты жаңа «белестерге» көтерiлiп жатқандай. Ақ нәсiлдiлерден басқаның бәрiн ұрып-соғып, өлтiрiп жүрген скинхедтердiң қылмыстары аз едi, ендi Мәскеуде нәсiлiне қарап, ақтарға ғана қызмет көрсететiн түнгi клубтар пайда болыпты. Қазiрше ол клубтарға кавказдықтар аяқ аттап баса алмайды. Бiрақ орыс ұлтшылдығының шектен шығып бара жатқанына қарағанда, таяу арада азиаттар мен қара нәсiлдiлердi де есiкке кiргiзбей жатып, теуiп шығаратын клубтар да пайда болуы ықтимал.

«Московский комсомолец» газетiнiң хабарлауынша, «Стой!ка» атты танымал ойын-сауық отауы «маскүнемдер мен кавказдықтарды» маңына да жолатпайды екен. Негiзi бүгiнде Ресейдiң күллi көңiл сергiтерлiк орындарында «face control» қағидасы жұмыс iстейдi. Бұл дегенiңiз, есiктiң алдында тұрған күзетшiлер адамның киiмiне не түрiне қарап, оны клубқа кiргiзу керек пе, жоқ па, соны шеше алады. Бұл – «ақтардан басқа нәсiлдерге және кедейлерге жол жоқ» деген сөздiң сыпайы түрi. Егер де Мәскеудегi түнгi клубтардың бiрiне жолыңыз түсе қалып, сiздi күзетшiлер есiктен кiргiзбей: «Кешiрiңiз, бүгiн клубқа костюм-шалбармен келу керек едi» — десе, бұл сiздiң, ең алдымен, ақ емес, сары не қара нәсiлдi боп туғаныңызды аңғартса керек. Бiрақ мұндай саясат көбiне астыртын жүргiзiледi. Бұл орайда «Стой!ка» клубының ашық түрде: «Маскүнемдер мен кавказдықтарға қызмет көрсетпеймiз!» — деп жар салуы клуб басшыларының заңнан да, өзге ұлт өкiлдерiнен де қорықпайтынын көрсеткендей. Бiрақ Ресейдiң бүгiнгi саясаты ұлтшылдық пен шовинизмге негiзделген соң, мұндай түнгi клубтардың өмiршең болар түрi бар. Бiр айта кетерлiгi, «Стой!ка» – Ресейдiң түкпiр-түкпiрiнде филиалдары бар түнгi клубтар желiсi. Олардың ешқайсысы да кавказдықтарға қызмет көрсетпейдi екен. «Стой!каға» еш қатысы жоқ, «Zona» клубы да өз сайттарында: «Милиция iздестiрiп жүрген суреттердегi қылмыскерлерге ұқсас кавказдықтар клубқа кiргiзiлмейдi» деп бадырайтып жазыпты. Ал, «Университет» метро стансасының жанындағы әйгiлi клубтардың бiрi 2001 жылдан берi кавказдықтардың клубқа кiруiне тыйым салған. Бұл тыйым клубтың кiрер аузында тайға таңба басқандай жазылып қойыпты.

Негiзiнен Ресейдiң заңдары нәсiлi, жынысы, тiлi мен дiнi бойынша адамды кемсiтiп, келеке еткенi үшiн қатаң айыптайды. Мәселен, айыпталушы «ұлтаралық төзiмсiздiк» тудырғаны үшiн 100-300 мың рубль айыппұл төлеуi мүмкiн немесе 3 жылға дейiн белгiлi бiр лауазымды орынға отыра алмайды. Тағы бiр жаза түрi – айыпталушы 2 жылға дейiн бас бостандығынан айырылуы мүмкiн немесе бiр жылға дейiн түзеу жұмыстарына жұмылдырылуы мүмкiн. Бiрақ бұл заңдар Ресейде толыққанды жұмыс iстемейдi. Өзге ұлт өкiлдерiн өлтiру – «бұзақылық» боп танылып жүргенде, кавказдықтарды нәсiлiне қарап, клубқа кiргiзбеу қылмыстық бапқа қалайша жатады?! Ресейде ұлтшылдық, шовинизм, ары кетсе апартеид те бар. Бiрақ мұны билiк органдары мойындағысы келмейдi. Ал, бұл аралықта ел iшiнде фашистiк ұстаным кең өрiс алып, өршiп барады. Өткен аптаның iшiнде 20-22 жас аралығындағы орыс жастары сығандар отбасына шабуыл жасап, оқиға салдарынан екi сыған қаза тауып, екеуi ауыр халде ауруханаға жеткiзiлген. Бұл өткен аптаның ғана «жаңалығы». Ал, мұндай қылмыстар Ресейдiң түкпiр-түкпiрiнде жасалып, әсiресе өзге ұлт өкiлдерiн дүрлiктiрiп отыр. Бiрақ билiкте үн жоқ. Бүгiнде скинхедтер тобыры – орыс қоғамының «санитарларына» айналғандай: әйтеуiр, еуропеидтiк бет-әлпеттi орыс қоғамын сарылар мен қаралардан «тазартып» жүргендей.

Адамның нәсiлiне қарап қызмет көрсететiн түнгi клубтардың пайда болуы Ресейдi бiрнеше ғасырға артқа шегiндiргендей әсер қалдырады. Кезiнде Америкада: «Негрлер мен иттерге кiруге рұқсат жоқ» деген ұран, Жапонияда: «Қытайлықтар мен иттерге кiруге болмайды» деген таңба, тiптi отаршыл Ресейдiң өзiнде де: «Қырғыздар (қазақтар) мен иттерге кiруге болмайды» — деген жазуды қоғамдық орындарға iлiп қойып, өзге ұлттарды кемсiткенi тарихтан белгiлi. Қазiргi Ресейдiң саясатына қарап: «Сол заман қайта оралды ма?» – деп тiтiркенесiң. Бүгiнде көптеген еуропалық мемлекеттер отаршылдық саясаттан жерiнiп, «тең әрiптес» қағидасына көштi. Ал, Ресейде болып жатқан оқиғалар құл иеленушiлiк заманындағы отаршылдардың жабайылығын ерiксiз еске түсiредi.

Ресей билiгi ұлтшылдық пен фашистiк саясаттың өршiп бара жатқанын мойындағысы жоқ. Ал, елдегi жағдай асқынып барады. Өзге халықтарға деген агрессия қарсы реакция тудыруы әбден мүмкiн. Оның үстiне скинхедтерден жапа шегiп жүрген ұлт өкiлдерiнiң iшiнде өз туған жерлерiнде тұрған дағыстандықтар, кабардиндықтар, т.б. бар. Ал, олардың тарихи Отанынан басқа барар жерi, басар тауы жоқ. Түптiң түбiнде елдегi фашистiк ұйымдар Ресей Федерациясының ыдырауына түрткi болатын күшке де айналуы мүмкiн. Көпдiндi әрi көпұлтты Ресей сабырлы, салмақты, төзiмдi саясатсыз көп ұзамай қол астындағы елдерден көз жазып қалуы да бек мүмкiн.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары