АЗИЯДА АЛДАМЫЗ НЕМЕСЕ АЛМАТЫ КІЛЕМІНДЕГІ АЙТУЛЫ ЖЕҢІСТЕР

АЗИЯДА АЛДАМЫЗ НЕМЕСЕ АЛМАТЫ КІЛЕМІНДЕГІ АЙТУЛЫ ЖЕҢІСТЕР

АЗИЯДА АЛДАМЫЗ НЕМЕСЕ АЛМАТЫ КІЛЕМІНДЕГІ АЙТУЛЫ ЖЕҢІСТЕР
ашық дереккөзі
240

Әр халықтың маңдайына жарық жұлдыздай жарқырай біткен жайсаң ерлері бар. Ондай ерлерін халқы әрқашан да мақтан тұтады. Жастары сыйынады. Күресті мансұқ тұтып, әр белдесуге шығарда кілем шетінде толқып тұрып, “Е, жарықтық, палуан аталарым – Қажымұқан мен Балуан Шолақтың әруақтары қолдай гөр!” демейтін қазақ баласы, қазақ палуаны табылмас. Палуандар ғана емес, күрес спорты дегенде ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайының табалдырығын аттағанда алабұртады.

Балуан Шолақ атындағы Спорт және мәдениет сарайы осымен үшінші рет әлемдік, Азиялық деңгейдегі палуандар сайысының куәсі болып жатыр. ХlХ рет өткен Азия чемпионатына күрес сүйетін қауым да, мамандар да үлкен үміт артқаны даусыз.

Сонымен Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында еркін күрестен грек-рим және әйелдер күресінен төрт күн бойы Азия чемпионаты өтті. Төрт күн бойы Азияның 16 елінен келген палуандар боз кілемде жан алысып, жан беріскен белдесулер өткізіп, чемпиондық атақ үшін, командалық мерейді аспандату жолында белдесулер өткізді. Абырой болғанда, жарыс шымылдығын алғашқы ашқан еркін күрес додасында Қазақстан палуандары жұрт ойлағандай қауқарсыз емес екенін бірінші белдесулерде-ақ байқата білді.

55 келі салмақта палуан Еркебала Тұрғамбаев алғашқы белдесулерде тәп-тәуір өнер көрсетіп, шымырлық танытқандай болған-ды. Үш белдесуді жеңіспен аяқтап, жартылай финалда Солтүстік Кореялық қарсыласынан ұтылып, қола медальді сарапқа салу құқығына ие болды. Ізінше Оңтүстік Кореялық палуанға айтарлықтай қарсылық көрсете алмады.

60 келі салмақта күрестің талай ащы-тұщысын татқан тәжірибелі Бауыржан Оразғалиевке деген жанкүйерлердің ықыласы ерекше екенін айтпаса да болады. Жанкүйерлер оған үлкен сенім артқан еді. Алайда Бауыржан жартылай финалда Солтүстік Корея балуаны Чой Юнг Римен белдесуде бауыр жазып күресіп, мандыта алмай қарсыласын финалға жіберуге мәжбүр болды. Үшінші орын үшін болған белдесуде Оразғалиев жапон палуанын тізе бүктірді.

66 келі салмақта Леонид Спиридонов барлық қарсыластарын бет қаратпай, боз кілемде алғашқы алтын медальді өз жанкүйерлеріне тарту етті. 74 келі салмақта Семен Семенов белдесуге түскен еді. Осы салмақта Қазақстаннан шығатын палуан болмаған ба дегізбеу үшін ғана кілемге шыққан сияқты әсер қалдырды. Семен әп дегеннен-ақ жарыстан шығып қалды. Бұрын бұл салмақта Афина Олимпиадасының күміс жүлдегері, шымкенттік Геннадий Лалиев ел намысын қорғап келгені белгілі.

84 келі салмақта күрескен Геннадий Лалиев те өте баяу қимылдады, сылбыр жүрді. Біз білетін Геннадийдің орнында оның көлеңкесі жүргендей әсер қалдырды. Әйтеуір қола медальға қол жеткізгені де көңілге медет.

96 келі салмақта кілемге шыққан Нұржан Қатаев Қажымұқан атасының нағыз лайықты ізбасары екенін қапысыз дәлелдеді. Нұржан біраз жылдан бері құрама команда сапында еліміздің намысын абыроймен қорғап келеді. Қытайдағы өткен жылғы Азия чемпионатында финалда төрешілердің бұра тартуынан кәріс палуанынан ұтылып, күміс медальді ғана қанағат тұтқаны бәріміздің есімізде. Сол әділетсіздіктің есесін қайтарып, басымдығына төрешілердің көзін қапысыз жеткізе күресе білуі көпшілікті тәнті етті. Жартылай финалда Қытай палуанының әбден сілікпесін шығарғаны соншалық, қытайлық палуан күресті жалғастыруға шамасы келмей қалды.

Ақтық белдесуді қырғызстандық палуан Алексей Крупниановпен өткізіп, қиналмай жеңіске жетті. Бұл Қазақстан қоржынына екінші алтын медаль түскен қуанышты сәт еді.

Ал 120 келі салмақта тәжірибелі Марид Муталимов барлық қарсыластарынан мықты екенін дәлелдеп, Қазақстанға үшінші алтын медалді алып берді.

Сөйтіп, еркін күрес палуандары ерледі деп толық сеніммен айта аламыз. Жалпы командалық есепте екінші орынға көтерілу үлкен қуаныш. Командалық есепте ирандықтардың алдына түсуге бір ұпай ғана жетпей қалды. Бірақ, оның есесіне алтын медаль үлесінде ирандықтардан алдамыз. Олар екі ғана алтын медалді қанағат тұтуға мәжбүр болды.

Еркін күрес палуандарымыз бастаған жеңісті жолды грек-рим күресінің өкілдері еселей түседі деген мамандар есебі тура шыққан. Грек-рим күресінің құрамасы жалпы командалық бірінші орында болуды алдарына мақсат етіп қойған болатын. Ол үшін әр салмақтағы палуандар жұмған жұдырықтай болып, ел абыройын асқақтату керек деген зор жауапкершілікпен өзін-өзі қамшылай білуі қажет еді. 55 келі салмақта ел намысын қорғаған Ермек Көкетовке күрес мамандары үлкен сенім артқан болатын.

Жартылай финалдағы сәтсіздігіне кешіріммен қараған бапкерлер мен күрес жанкүйерлері қола медальға қол жеткізер деген үміттері ақталмады.

60 келі салмақтағы палуанымыз Нұрбақыт Теңізбаев алтын медаль жолындағы қапысыз шеберлігі, қайсарлығымен жұртты тәнті етті. Алғашқы белдесуде оның қарсыласы қырғызстандық шебер Ринат Жүсіпжанов еді. Мамандардың да, көрермендердің де көңілі қобалжулы. Оның өзіндік себебі де бар. Өткен жылғы Азия чемпионатында жартылай финалда қырғыздық қарсыласынан ұтылып қалған-ды. Бұл жолы Нұрбақыт сондағы сәтсіздіктің есесін қайтара білді. Бұдан кейінгі белдесуде де мерейі үстем болып, финалда аспан асты елінің өкілі Ченг Юнгпен алтын медальді сарапқа салды. Көп ұзамай Нұрбақыт қарсыласының жауырынын кілемге жапсырып, таза жеңіске жетті.

66 келі салмақта қола жүлдегер Бейбіт Нұғманов пен 74 келі салмақта еліміздің намысын қорғаған Роман Мелешин үшінші орын үшін өткен сында қарсыласынан айласын асырып, қола медальдерді иеленді.

84 келі салмақта кілемге шығып, финалда өнер көрсеткен Виталий Захарченко үлесіне күміс медаль тиді.

96 келі салмақта Марғұлан Әсембеков Азияның өткен жылғы чемпионы атағын сақтап қана қоймай, жеңіс үшін қалай күресе білу керек екенін көрсетіп, тамаша жеңіске жетті. Ол да өзінің, Қажымұқан атасының нағыз ізбасары деген атаққа лайықты екенін танытты. 120 келі салмақта Қазақстан намысын Афина Олимпиадасының күміс жүлдегері Георгий Цурцумия қорғады. Бұл жолы жеңіске жету оған оңайға соқпады. Дегенмен, финалда ирандық қарсыласын ұтып, чемпиондық тұғырға көтерілді. Сөйтіп, ол Қазақстан құрамасына үшінші алтын медальді алып берді. Қазақстандық грек-рим палуандары үш алтын, бір күміс, екі қола медальмен жалпы командалық бірінші орынды иеленді.

Ал, әйелдер арасындағы күресте алтын медальдарды жапондық, корея, қытайлық қыздар өзара бөлісті. Қазақстандық қыздар бір күміс, бір қола медальдарды қанағат тұтқан. Күміс жүлдегер Елена Шалыгина, ал Ольга Жәнібекова қола медальді місе тұтты.

Сонымен алты палуанымыз Азия чемпионы атанды, алты алтын медальді жеңіп алдық. Алтын медальдар салмағы тағы бір қуанышты жағдайға арта түсті. Чемпионаттың ашылу салтанаты үстінде әлемдік күрес спортының дамуына қосқан үлестері, ірі халықаралық жарыстарды ойдағыдай ұйымдастыра білгені үшін бірнеше қазақстандық күрес қайратткерлері халықаралық күрес түрлері қауымдастығының (FІLA) алтын ордендерімен марапатталды. Олардың қатарында даңқты балуан спорт қайраткері Дәулет Тұрлыханов, ҚР Күрес Федерациясының президенті Абай Сыдықов және ҚР белбеулі күрес түрлері қауымдастығының төрағасы Бекзат Сарманов мырзалар бар.

Алматыда аяқталған Азия чемпионаты халықаралық күрес қауымдастықтарының өкілдерінен, жарысқа қатысқан Азия құрылығы 16 елінің спортшылары тарапынан өте жоғары деңгейде өтті деген бағаға ие болды. Жарыстың ұйымдастырылуы мен одан алған әсерлері жайында мәртебелі қонақтардың, белгілі мамандардың ой-пікірлерін тыңдап көрелік.

Абай Сыдықов:

– Шынын айтсақ, FІLА-ның алтын медаліне ие болғандар қатары әлемде саусақпен санарлықтай ғана. Қазақстанда мұндай абыройға ие болғандар бұған дейін бір-екеу ғана болып келген болса, бұл жолы біздің қатарымыз бірден үш адамға толықты.

Федерацияның басшысы ретінде Азия чемпионатын сапалы әрі жоғары дәрежеде өткізуге бар күш жігерімізді аямай жұмсадық. Әрбір іске аса жауапкершілікпен қарау өз жемісін берері даусыз. Азия чемпионатын әлем талаптарына сай ұйымдастыра білгенімізді әлемдік күрес қауымдастығы басшылары бірауыздан мойындап, ризашылықтарын білдірді.

Дәулет Тұрлыханов, Қазақстан Республикасының күрес федерациясының құрметті президенті:

–Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары еліміздің еркін күрес өкілдері жауапты жарыстарда, өз тілеулестерін онша қуантып жүрмегені белгілі. Алматыдағы Азия чемпионатының медальдарын сарапқа салуды сол еркін күрес өкілдері бастап берді. Бұл жолы олар жәй ғана бастаған жоқ, әп дегеннен-ақ алтын медальдарға қол жеткізіп, өздерінің бұл спорттық додаға жақсы дайындықпен келгендерін байқатты. Ал, грек-рим балуандарының үлкен табыстарына бәріміздің бойымыз үйреніп алған, олар да үш алтын медальмен күрес сүйер қауымды желпінтті дей аламыз. Әрине, біз үлкен үміт артқан кейбір белгілі палуандарымыздың діттеген мақсат биігінен көріне алмағандары өкінішті. Жалпы, бұл жарыстың барысында табыстар мен кейбір олқылықтар таразыға салынып, талқыланады. Бұл табыспен тоқмейілсіп, тоқтап қалмауымыз керек. Алда Қытайда өтетін әлем біріншілігі тұр. Кімнің мықты екенін сол жарыстың дәлелдейтінін бір сәт те естен шығармауымыз керек.

Алматыдағы жарысты ойдағыдай өткізе білуіміз Қазақстанға, оның күресіне үлкен абырой.

Жақсылық Үшкемпіров, Мәскеу олимпиадасының чемпионы, даңқты балуан:

– Әрине, палуандарымыздың табыстарына өте қуаныштымын. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жиналған күрес жанкүйерлерінің өз палуандарын қолдап дем беруі кімді де болса жеңіске жігерлендіргені. Грек-рим, еркін күрес палуандары үш-үштен алтын медальдарды олжалады. Қарап отырсақ, бәрі бұрынғы атақты құрамада көп жылдардан бері жүрген палуандар. “Жаңа есімдер неге жоқ?” деген заңды сұрақ туады. Бірлі -жарым болып еді, олар өздерін толық көрсете алмады.

Шынын айтсақ, қол жеткен табысымызды бізден ешкім тартып ала алмайды, ал табысқа апаратын тұрақтылыққа ие, жеңіске үнемі жете алатын грек-рим палуандары қатары саусақпен санарлықтай. Ең мықты деген палуанымыз Георгий Цурцумияның финалдық айқасына менің көңілім толмады. Ол осы финалдағыдай күрессе, алысқа бара алмайды. Шыңдалған ширақтылық жетіспей жатыр. Қашанғы әупіріммен ұта береді. Жеңіс үшін жанын бермеген палуан, палуан емес. Біздің кезімізде құраманың қатарындағы атақтылардың бәрі дерлік ауылдан шыққандар болатын. Сондықтан таланттарды ауылдан іздеу қажет. Ол үшін спортты аудандарда, ауылдарда жалпы спортты, оның ішінде күресті дұрыс жолға қоюымыз керек. Соңғы жылдары өзбек ағайындар әлемдік додаларда біздің алдымызды орап кетіп жүр. Әсіресе, еркін күрестен. Олардың Афина Олимпиадасында күрестің екі түрінен бір-бір алтын медаль алулары соның айғағы.

Чаба Хегедюш, Халықаралық біріккен белбеулі күрес федерациясының бюро мүшесі, Венгрия күрес федерациясының президенті:

– Мен Қазақстанға осыдан он жыл бұрын Дәулет Тұрлыхановтың арнайы шақыруымен келген болатынмын. Қазақстанның күрес өнері маған таныс, әрі жүрегіме жақын. FІLA-ның техникалық делегациясы құрамында Азия чемпионатына келіп, Қазақстан күресі өкілдеріне өз қолыммен FІLA-ның алтын медальдарын тапсыру мен үшін үлкен мақтаныш. Жарыс тамаша ұйымдастырылған, әлемдік күрес федерациясының қоятын талап-тілектері бұлжытпай, толық орындалып, жоғары дәрежеде өткенін атап өткім келеді. Қазақстан палуандарының әлемдік додалардың жеңіс биігінен көріне берулеріне шын жүректен тілектеспін. Қазақстан күрестен әлем кубогына екі рет жарыс және Азия чемпионатын өткізіп үнемі абыройға ие болуда. FІLA-қауымдастығы Қазақстанды әлем біріншілігін өткізе алатын елдер санатына енгізіп отыр. Бұл үлкен сенім!

Рабат ЖӘНІБЕКОВ

Серіктес жаңалықтары