ШЫМКЕНТТЕ САЯБАҚТАРДЫ КЕСУ СӘНГЕ АЙНАЛУДА

ШЫМКЕНТТЕ САЯБАҚТАРДЫ КЕСУ СӘНГЕ АЙНАЛУДА

ШЫМКЕНТТЕ САЯБАҚТАРДЫ КЕСУ СӘНГЕ АЙНАЛУДА
ашық дереккөзі
341
Бүгінгі күні Шымкент қаласының жергілікті тұрғындары мен қонақтары күнделікті қым-қуыт тіршіліктен шаршаған шақтарында бір мезгіл саябақтарға барып серуендеп, сергіп қайтқысы келетіні анық. Өкінішке қарай, 600000-нан астам тұрғын тұратын облыс орталығында серуендеп, сергіп қайтатын бірде-бір саябақтың қалмағаны көңілге кірбің ұялатады. Ілгеріде балалардың күміс күлкісімен қашан да шуақ шашып тұратын саябақ «Кеңбаба» этнопаркі дейтін атау алғалы бері бұл бақыттан біржолата айрылып қалдық. «Кеңбаба» атына заты сай тірлік жасаса, елдің этномәдениетін, тарихи жәдігер-жауһарларымызды танытса, тарих тереңінен сыр шертсе ерекше күй кешер едік-ау. Тарихын танығысы келген елдің бәрі осында келетін еді. Сыншы саналатын сырт көзді, оңтүстікке ат басын бұрған қадірменді қонақтарды осы саябаққа қарай сүйрей жөнеліп, «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп мақтанған болар едік. Қазір ше? «Кеңбаба» – демалатын емес, даурығатын демалыс орнына айналған. Әр қадам аттаған сайын қаптаған сауда нүктелері, кафелер алдыңыздан шығады. Тіпті, жын ойнақтың ортасы саналатын саунаға дейін бар. Кейде тентек суға тойып алып, желіккен жандарды көріп, балаларыңызды ертіп, ол жаққа баруға да қорқасыз. «Жеңіс» саябағы да осыдан артық арсыз күй кешпесе, кем түсіп тұрған жоқ. «Жеңістің» басты жеңісі де саябақта сауда нүктелерінің қаптап салынып кеткені екенін елдің бәрі біледі. Сұрапыл соғыс жылдарында бораған от пен оққа кеудесін тосып, жаудан қорықпай елімізге жеңіс сыйлаған айналайын ардагерлер енді бейбіт заманда «Жеңіс« саябағына барып, серуендеуден сескенетіні ащы ақиқат. Сескенбегенде ше, сол саябақта талай тұла бойыңды түршіктіретін қылмыстар жасалып жатады. Абай атындағы саябақта да естіген ел жағасын ұстайтын қылмыстың түр-түрі орын алып жүр. Мұнда да сауда нүктелері аздай, казино, банк, тойханаға дейін қызмет көрсетеді. Сыра зауытының саябақтан салынғанына күлесіз бе, әлде жылайсыз ба? Бейресми деректерден естігеніміз, сыра зауытының қожайыны шынында да мемлекеттік қызметтің жоғарғы тетігін ұстап отырған болса, не деуге болады? Зауыттың дәл іргесінде ұлы Абайдың ескерткіші орнатылған. Үстіміздегі жылы бүкіл Ресей жұрты ұлы Абай жылын атап өтуде. Мәскеудің нақ төрінде оның зәулім ескерткіші бой көтерді. Ал біздегі ұлы ақын атындағы саябақ жойылудың алдында. Сонда Абай атамыздың әруағынан да атқамінерлердің қорықпағаны ма? Президенттің «Мемлекеттік қызметтегі адамдар мен бизнес бөлек болуы керек…» деген тапсырмасын басқалардан бұрын мемлекеттік қызметкерлердің өзі бұзып отырса, өзгелерді қалай тәртіпке шақырасың? Әрине, мұның ақ-қарасын айыру құзырлы органдардың еншісінде. Дей тұрсақ та, қазір атқамінерлер ауылдағысынан бастап, облыс, Астанадағы арқа тұтарларына дейін бизнесін басқа біреудің атына жазып қойып, көзбояушылыққа баратынын жұрт жақсы біліп алған. Бүгінде бұл саябақта зәулім-зәулім құрылыстардың жылдам бой көтеруі қызу жалғасын табуда. Саябақты «үлкен астаудан» «ас ішіп» жүрген үшеу өзара бөлісіп алған дегенді елден жиі естиміз. Жел тұрмаса, жөптің басы «қимылдасын» ба? «Жығылған үстіне жұдырық» демекші, саябақтардың талан-таражға түскені аздай, енді орталық саябақ бұзылатынын, жермен-жексен болатынын, осы арқылы жолды ұзарту, кеңейту жүзеге асырылып, көліктердің «пробкасы» проблемасы шешілгелі жатқанын күні кеше ғана бұқаралық ақпарат құралдарынан білдік. Орталық саябақта халықтың игілігіне айналған аквопарк, әр алуан аттракциондар сияқты құнды дүние-мүліктер қаншама? Бұлардың біреуін ғана жасауға бюджеттен қыруар қаржы жұмсалды. Орталық саябақ құрыса, осынау қыруар қаржы желге ұшпай ма? Одан қайта жолды ұзартқамыз, кеңейткіміз келсе, заңды көпе-көрнеу бұрмалап, аяқжолға дейін құрылыс салып жіберген жекелеген азаматтарды, ақшалы алпауыттарды тәртіпке шақырмаймыз ба? Сонда орталық саябақтағы халықтың маңдай тері, табан ақысынан жиналған салықтан құралған халықтың қаржысын, яғни бюджеттің қыруар қаржысын желге ұшырып, есесіне ат төбеліндей ақшалы алпауыттардың заңсыз салынған сауда нүктелерінен жеке қалтаға түсетін табысты ұлғайту дұрыс қадам ба? Саябақтарды түгелдей жойып жіберсек, халық қайда барып серуен құрады? Мұны айтасыз, сататын, талан-таражға түсетін саябақтар таусылған соң енді ебін тапқандар скверлердің де көзін жоюға кірісіп те кетіпті. Дәлірегіне жүгінсек, облыстық Жұмат Шанин атындағы қазақ сазды драма театрының қасындағы сквердің орнына көп қабатты үй салынғалы жатқаны тұрғындардың ашу-ызасын туғызуда. Неге бұл құрылыс «Нұрсәт» мөлтекауданы жақтан бой көтермейді? Қаланың бас жоспарында да көп қабатты үйдің көрсетілмеуі заңды мүлдем көзге ілмеу ғой. Скверде жайқалған тал-теректерін қырқудан қалталылар қымсынар емес. Ағаштарды қырыққаны үшін 1,5 млн.теңге шығын төлетудің орнына бар-жоғы 150 мың теңгеге бағаланғанына еріксіз басыңды шайқайсыз. Даулы мәселе Шымкент қалалық мәслихатының арнайы комиссиясында да қаралып, істің мән-жайын тексеру мақсатында құжаттар құзырлы органдарға жіберіліпті. Олар қандай қорытынды шығаратынын алдағы уақытта айтатын боламыз. Ал қаланың қақ ортасындағы осы құрылыстың артында тұрған «Спецавтотранспорт» ЖШС директоры Қапалбай Тұрдыбеков болса, орыстілді республикалық басылым тілшісі Алексей Ганчеровқа мысқылдай жауап қайтарғанын оқыды. Ол ағаштарды кескенін түк болмағандай түсіндіріп беріп, тек прокуратураның алдында ғана жауап беретінін, басқалар үшін бас ауыртпайтынын ашық айтқаны таңдандырады. Театрға рухани азық алу үшін келетін адамдар қыдыратын скверді құрбандыққа қиып, сол жерден құрылыс салуға рұқсат берген биліктегілерге облыстық мәслихаттың депутаты қатты сенетін сияқты. Демек, облыстық мәслихаттың депутаты Қапалбай Тұрдыбеков мандатын сайлаушыларының үмітін ақтауға емес, қарақан басының қамын ойлауға пайдаланғаны ма? Ол биліктің бишігін ұстаған әкім қаралармен «жең ұшынан жалғасқан» сыбайластыққа барып отырғаны шындық болып шықса, «көз қысты, бармақ басты» әрекетке барған әкім қараларға «майлы жіліктен» сыбаға тиген болар, сірә. Қайрат ЗАЙНИШЕВ

Серіктес жаңалықтары