ТАРАЗДЫҚ ЖІГІТТІҢ ТАМАША ЖЕҢІСІ

ТАРАЗДЫҚ ЖІГІТТІҢ ТАМАША ЖЕҢІСІ

ТАРАЗДЫҚ ЖІГІТТІҢ ТАМАША ЖЕҢІСІ
ашық дереккөзі
451

Қазір әлемнің барша түкпірінде ауық-ауық өтіп жатқан түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарда жан сала өнер көрсетіп жүрген саңлақтардың түпкі мақсаты алдағы Пекин – 2008 Олимпиадасына тас түйін дайындықпен барып, айтулы додада айды аспанға шығара жеңіске жету. Әрбір жарыстағы сырт көзге аңғарыла бермес құпия тартыс осыдан туындауы заңды да. Осыдан біраз уақыт бұрын, елімізде Спорт және туризм министрлігі жеке отау тікпей тұрғанда бұл саланы да қосымша қадағалайтын қызбалау министр «Қазақстан спортшылары Пекин Олимпиадасында 10 алтын медальға қол жеткізуге тиіс!» деп қиял ғажайып міндетті қойып қалғаны. Бәлкім, «Шабан үйрек ерте ұшар» дегеннің кері болар, мүмкін спортшыларымызды ерте бастан баптайын дегені шығар. Орындалуы қиын осы идея қамшы болды ма, соңғы уақытта қазақ спортшылары жоғары деңгейдегі түрлі халықаралық жарыстарда үздік өнер көрсетіп, бас жүлделерді қанжығаға жиі байлап жүр. Осындай жүрек жарды қуанышты хабарлардың бірі өткен аптаның соңғы күндерінде Ұлы Қытай қорғанының арғы жағынан келіп жеткен-ді. Бұл жолғы жеңістің жөні бөлек, алтын медальдің салмағы зілмауыр. Қазақстанда суда жүзу спорты талай жылдарға кенжелеп қалғаны құпия емес. Осыған дейін жалғыз үмітіміз АҚШ-та білім алып жүрген тараздық студент Владислав Поляков ғана болып келген еді. Отанымыздан жырақта жүрсе де кейінгі жылдары айтулы жарыстарда Қазақстанның намысын абыроймен қорғап жүрген жас саңлақ Шанхайда өткен Әлем чемпионатында еліміздің әнұранын асқақтатып, көк байрағымызды Аспан асты елінде желбіретті.

Жүзуден әлемнің ең үздік саңлақтары жиналатын Әлем чемпионатының орны бөлек. Австралия, Германия, АҚШ, Ресей, Қытайдың, тағы басқа елдердің азуын айға білеген спортшылары бас қосар бұндай жиында топ жару қиынның-қиыны.

200 метрлік қашықтықта алдына жан салмаған В.Поляков 2:06,95 минут көрсеткішімен алтын медальға ие болды. Ең қуаныштысы сол, осы атойлы жарыста екінші жүзу шеберіміз – Евгений Рыжов қола жүлдені еншіледі.

Бұл кездейсоқ жеңіс пе, әлде еліміздегі жүзу спорты саласында қатқан сеңнің көбесі шынымен сөгілгені ме, мұны алдағы қиын тартыстар көрсетеді.

Өкінішке қарай, Шанхайға үкілеп апарған үздік спортшыларымыздың біразы – В.Хан, С.Осинский, В.Титоренко, А.Скляр сынды спортшыларымыз өз жаттығуларында ақтық сында жарысқа түсу мәртебесіне ие бола алмай, сан соқты. Бірақ, Владислав Поляковтың Әлем чемпионатында алған алтыны қазақ жанкүйерлеріне мейлінше қымбат.

Ж.Баққондыұлы

Серіктес жаңалықтары