АЛДАНАТЫН ДА, АРБАЛАТЫН ДА — ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ

АЛДАНАТЫН ДА, АРБАЛАТЫН ДА — ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ

АЛДАНАТЫН ДА, АРБАЛАТЫН ДА — ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ
ашық дереккөзі
138

Елбасы өзінің жолдауында бірнеше басымдыққа көңіл бөлді. Соның ішінде осы заманғы білімді дамыту, мамандардың біліктілігі мен оларды қайта даярлауды ұдайы арттыра беру— басты талаптың бірі ретінде айтылды. Қазақстанды экономикалық және қоғамдық тұрғыда ілгері басуы үшін озық үлгідегі білім керек. Сондықтан 12-жылдық білім аясында он жылдық оқуды да қалдырып, одан кейін балалардың техникалық немесе кәсіптік білім алуларына мүмкіндік жасау мәселесіне назар аударды. Ал, жоғары оқу орындарына келсек, олар болашақта техникалық білімге басымдық беру арқылы ықшамдалады. Сол себептен қызығушылық пен ынтаны техникалық жоғары оқу орындарының дамуына бөлу керек дегенді атап өтті.

Елбасы Н.Назарбаевтың пікірінше, елімізде жоғары оқу орындарының санын азайтып, білім сапасын арттыруға баса назар аудару қажет. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігіне бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді. Оның айтуынша, “Білім министрлігі ғылым мен инновацияларды тиімді басқару әдісін әлі де таба алмай отыр. Күрделі қаржы жұмсауды талап ететін ғарыш және биотехнологиялар сынды көкейкесті мәселелер жан-жақты зерттелуі қажет және нәтижесі алдын-ала болжанатындай болуға тиіс. Елімізде ғалымдарымыз бен базасы бар салаларға қаржы жұмсап, басқа технологияларды сатып алу керек”, – деп міндеттерді жіктей отыра, талап пен сын да тағылды. Сондай-ақ, ғылым мен озық технологиялар жеке бір агенттіктің құзырында болуға тиіс немесе министрліктердегі тиісті комитеттерді күшейту керектігін де тәптіштеп берді. Сол сияқты Елбасы жалпы орта білім беру саласындағы басты мәселелерге де тоқталып өтті. “Біз жаңа мектептер салуға қыруар қаржы жұмсап жатырмыз. Ал күрделі жөндеу жасайтын мүмкіндік бар жерде, қаржы білім сапасын арттыруға жұмсалуы тиіс”.

Енді бұдан былай қаптап кеткен сапасыз жоғары оқу орындарының тамырына балта шабылып, күні өтетін шаққа тірелді. Шынымен де бұрын арманға айналып, қол жетпейтіндей болатын жоғары оқу орындары қазір әрбір қалада, тіпті, жергілікті аудан орталығында да бар. Әлеуметтік жағдайы төмен ортадан шыққан кейбір талапты әрі ынталы жастар осындай оқу орындарына лажсыздан түсіп, кейбіреулері талай тауқыметін тартты. Өйткені, бәзбір “жоғары оқу орнымыз” дейтін мекемелер “біздің арнайы тіркеуде лицензиямыз бар” деп, талапкерлерді өзіне тартып, ақшасын жеп қойып, ақыр соңында бітіргенде, беретін сертификаты мен дипломы жарамсыз болып шығады. Осындай алдау мен арбаудың құрбаны болған талай қазақ жастарын өз көзімізбен көрдік те. Біріншіден, оның үш-төрт жыл уақыты босқа заяға кетті. Екіншіден, бұдан кейін ерекше білімге деген құлшынысы су сепкендей басылып, ертеңгі күні оған намыстануы да мүмкін. Алайда, осындай бассыздыққа жол берген бірнеше жоғары немесе орта білім беру мекемелері жауапқа да тартылған. Дегенмен, кейінгі жылдары мұндай аты бар, заты жоқ оқу орындары біршама азайса да, қазір оның орнына басқалары қанат жайып жатыр. Егер асып-тасып тұрған, мол қаражаттың көзі болса, неге қазақ мектептерін салып, ашпасқа?! Бүгінде елімізде жоғары оқу орындарынан гөрі, мектептер мен балабақшаға ата-ана тарапынан сұраныс көбейіп, тапшылық тудыруда. Оның ішінде қазақ тілді мектеп пен балабақшаға сусап отырған кейбір қалаларда ата-ана амалсыздан баласын орыс мектептеріне беріп отыр. Сондықтан Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылу үшін жаңағыдай саны бар, сапасы жоқ білім ордаларын қысқартып, ең бастысы — білім сапасын арттыруды көздеу қажет.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары