ЖЕР АСТЫНАН ЖІК ШЫҚТЫ... ШАҢЫРАҚТЫҚТАР БАСПАНАСЫЗ ҚАЛСА, ОҒАН КІМ КІНӘЛІ?

ЖЕР АСТЫНАН ЖІК ШЫҚТЫ... ШАҢЫРАҚТЫҚТАР БАСПАНАСЫЗ ҚАЛСА, ОҒАН КІМ КІНӘЛІ?

ЖЕР АСТЫНАН ЖІК ШЫҚТЫ... ШАҢЫРАҚТЫҚТАР БАСПАНАСЫЗ ҚАЛСА, ОҒАН КІМ КІНӘЛІ?
ашық дереккөзі
223

Кейінгі кездері баспана мәселесіне байланысты дүрлігулер жиі туатын болды. Қала әкімі И.Тасмағамбетовтың: «Қаладағы заңсыз салынған үйлерді тәртіпке келтіру керек» деген нұсқауынан кейін бұл жағдай одан ары ушығып, жайсыз жерге үй салған халықтың мұңы мен жанайқайы үлкен дау-дамайға айналды. Алматы іргесіндегі «Шаңырақ» ықшам ауданы тұрғындарының баспана уайымымен жүргеніне біраз уақыт болған. Ал енді Әуезов ауданының әкімшілігі шаңырақтықтардың қолындағы құжатты жалған деп тауып, салынған үйлерді бұзуға бел буыпты. Кешегі от басы, ошақ қасында отырған, енді бүгінде далада қалған бейбақтардың қатты ашынғаны білінеді. Тіпті, қайсыбір ашу-ызадан кектенген жандар үстеріне бензин құйып, өздерін өртейміз дегенге дейін барған. Ал, тәртіп сақшылары болса, «бізді балағаттады» деген айыппен 9 азаматты қамауға алып кетіпті. Олардың ішінде өрімдей қыз балалар да бар. Қамауға алынғандардың ісі әкімшілік сотта қаралып, кейбіреуіне аз мөлшерде, енді біреуіне 50-60 мың теңгеден айыппұл салған. Мұны төлеген алты азамат бір тәуліктен кейін шығып, ал «жағдайым жоқ, төлей алмаймын» деген үшеуін 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін ұстайтындығын ашып айтыпты.

Басқа аймақтағы жер дауы қатты өршімей басылып жатса, Алматыда туындаған жер мәселесі ушығып бара жатқан сияқты. Шын мәнінде, үйсіз қалған баспанасыздар саяси дағдарыстың тумағанын қалайды. Оларға құрқылтайдың ұясындай болса да өз үйі, өз шаңырағы болса болғаны. Осы елдімекендегі тұрғындардың айтуынша, бұдан 3-4 жыл бұрын Әуезов ауданының әкімшілігі бас-аяғы жүзден аса отбасыға «Шаңырақ» ықшам ауданынан жер телімдірін бөліп берген. Осыған «Құдайымыз берді!» деп қуанған жергілікті тұрғындар шама-шарқылары келгенше электр тоғын жүргізіп, аулаларын көгалдандыру мен жол жасауға ақша да жинап қойыпты. Алайда, бұған қарамастан сот сараптамасы тұрғындардың қолындағы құжаттарын жалған деп тауып, 116 үйді бұзу жөнінде шешім шығарған. 4-сәуірде шамамен 700-дей әкімшілік қызметкерлері жиналып, көпшіліктің көз алдында Қорлан Дәубаеваның үйін құлатып, шаңырағын шайқалтып, жермен жексен еткен. Келесі күні мәселенің анық-қанығына жету үшін сол мекен-жайға барған едік. Біз келіп жеткенде, кешегі қирап қалған үйді халық күннің жауын-шашынына қарамай асарлатып қайта тұрғызып жатыр екен. «Біріміз үшін – бәріміз жанымызды береміз!» деген ауыл азаматтары жұмысқа белсене кірісіп кетіпті. Үйдің отанасы Қорлан Даубаева мен оның кәмелетке толмаған балалары да асаршыларға қолұшын беріп жүгіріп жүр.

– Осы жерді 1 жарым мың долларға сатып алған едік. Әйтеуір қарызданып, қауғаланып мына үйді тұрғыздық. Одан кейін әкімшілік адамдары бізге арыз жазып алдырды да, 5 мың теңгеден айыппұл төлетіп, «Қорықпаңыздар, үй, жер өздеріңізде қалады» деген болатын. Енді, міне, басқалай айтып отыр. Ал отағасы мүгедек жан болғандықтан, барлық теперішті өзім көріп жатырмын. 6 баламыз бар, оларды асырап, оқытуым керек қой. Жерді сатқан адамның алаяқ екенін қайдан білейік, барлық құжатымызды дұрыстап, шешімін де шығарып берем деп, оның өзіне тағы ақша алған еді. Тіпті, қолымызға Әуезов ауданының бланкісіне мөр басылған, қол қойылған жер алғанымызды растайтын құжат та берді. Тек біз емес, осы сайдан жер алған жұрттың бәрі сол алаяққа сеніп қалды, – дейді ол.

Қайрат (тұрғын): – Оның заңды, заңсыз шешілгенінде шаруамыз жоқ. Осының барлығы 4-5 жыл бұрын салына бастаған үйлер. Ал сол кезден бері бұзса, қайда қалды?! Жарасы да жеңіл болар ма еді, кім білсін. Негізі бұл сайдан біз жер алғанда су болмаған еді. Мына жоғары жақта бір көл бар. Қастандық жасаушылар әдейі соның бізге қараған жағын ашып жіберген. Егер табиғаттың апатынан келіп жатса, ешкімді кінәламай, жөнімізбен кетер едік. Жанталасып, үй салып, электр тоғын өткізіп алдық. Жақында жол саламыз деп ақша да жинап қойдық. Мұның бәрі қаншама еңбек қой!

Бибігүл (тұрғын): – Балам биыл 11-сыныпты бітіреді. Олар да намыстанады ғой. Міне, кешегі күнге дейін үйсіз, күйсіз біреудің босағасында күнелтіп келдік. Әйтеуір өз үйің болғанға не жетсін деп осы жерден үй салдық. Енді міне, бұны да заңсыз деп, бұзғалы жатыр. Сайлаудың алдында ғана: «Алған жерлеріңізге үй салып, тып-тыныш өмір сүре беріңдер» деген еді, жағдай былай болып отыр. Сол кезде осы ауылдың бас жағынан бастап, электр тоғын, телефон сымдарын тартқан. Қазір кенеттен бәрі тоқтап қалды.

Бізге әкімшілік ешқандай жақсылық жасамай-ақ қойсын, тек осы жерді өзімізге қалдырсын. Қалғанының бәрін ел-жұрт болып көрер едік.

Үш баланың анасы (оралман): Бірде үйге Алматы жер қатынастары ресурстарын басқару басқармасының Әуезов ауданына қарасты аға инспекторы Серік Сатаров келді де: «5 мың теңге төлесең, заңды түрде жер беріп, заңдастырып беремін» деді. «Жоқ, ел не көреді, соны көреміз» деп едім, «Өзім қатырамын» деген соң, не керек сол ақшаны алды. Сосын жолдасымды шақырып, бір жапырақ ақ қағазға қол қойдырып алыпты. Бірақ не үшін қол қойғанын жолдасым білмеген. Сөйтсек, ол қағазда 7 күннің ішінде үйді босатамын деген мәтін жолдары бар екен…

Біз бұл мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін жергілікті жердің әкімі Қонысбай Дүйсеновке жолыққымыз келген. Бірақ, «Ол кісі бүгін болмайды» деп, ешкімді жолатпады. Бұдан кейін Әуезов ауданы әкімшілігіне барып, мән-жайды сұрастырып көрдік. Коммуналды шаруашылық бөлімінің бастығы Исахан Халықов мырзадан бір-екі сұраққа жауап алып үлгердік.

– Сіздіңше, «Шаңырақтағы» үйлер шынымен заңсыз салынған ба?

– Әрине. Бұл жерге мүлдем үй салуға болмайды. Бұрыннан суы шығып жататын шалшық жер. Оған қарамастан халық өз дегенін істеп, үй де салып алды. Әу бастан бұл сайға үй салуға рұқсат болған жоқ.

– Ал жұрт: «Жерді әкімшілік адамдарының өздері сатқан» дейді…

– Оған Әуезов ауданы әкімшілігі өкілдерінің қатысы жоқ. Жерді сатқан да біз емес. Оны кезінде алаяқтық топтар өтірік құжат дайындап, сатыпты. Мәселен, халықтың өздері де ойлау керек қой. Кім мына заманда жерді 1,5 мың долларға сатады?! Мұндай баға жоқ қазір…

– Үйді бұзуға өзіңіз бастап барған екенсіз?

– Бізге сот шешімінен осындай нұсқау келген соң ғана бардық. Дегенмен, мен тек үйді бұзуға адамдар мен бульдозер бердім.

– Ал, сіз 6 балалы отбасы шаңырағының астаң-кестеңін шығарғандарыңызды білдіңіздер ме?

– Енді не істейміз? Ертең бәрібір сол сайдағы үйлердің бәрі бұзылады. Бұл басқасына сабақ болады деген ойдан туған шығар…

Ал осы оқиғаға байланысты журналистерге жауап берген Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Ыбрайым Айтқасымов жерге қатысты даудың аяғы өз пайдаларына шешілетінін айтты. Олар қаланың бас жоспарына сай заңсыз басып алынған жерлердің бәрібір кері қайтарылатынына күмәнданбайды.

– Әр азамат ең алдымен заңды бірінші орынға қою қажет. Заң бұзылушылық болғанға қарамастан, кейбір адамдар басқа қаладан, ауылдан келіп жерді басып алып, үй салып жатыр.

Әкімшілік өкілдері: «Бұл сауалдарға жауапты бізден емес, Алматы қалалық, Алматы жер қатынастары ресурстарын басқару басқармасынан аласыз» деген соң, бұл мекемеге де барғанбыз. Алайда, бұл мәселеге жауап беретін Әуезов ауданының аға инспекторы Серік Сатаров өз орнында болмай шықты. Сұрастырып, ол кісінің еңбек демалысына кеткенін білген соң, көмекшісімен тілдесуге тура келді.

– Біз бірнеше рет барып «Шаңырақтағы» тұрғындарға «Бұл жерге үй салуға болмайды, тоқтатыңдар!» деп айттық. Ешкім құлақ асып, тыңдамады. Бізге жақында, «бұзылу керек!» деген сот шешімі келген соң, орындадық. Ойлаңызшы, бұл жер өзі сай, сазды шалшық жер. Оның үстіне бұл маңайдың бәрі газ құбырлары өтетін аймақ. Ертең адамдарға да, оның балаларына да өте қауіпті ғой. Міне, сондықтан барлық үйлер бұзылуға тиіс. Ал, оларға алаяқтар шешімі дайын құжаттарды іс қатынасынан шыққан бланкілер арқылы дайындап берген. Көрдіңіз бе, сол істен шыққан керексіз қағаз арқылы алаяқтар жерді сатып, талай қазақты сан соқтырды. Алайда, оның бірнешеуі ұсталып, қамауға да алынды.

Алматы қаласындағы жер дауы бұрынғы әкім В.Храпуновтың кезінде басталған-ды. Содан бері «Әйгерім», «Ұлжан» ықшам аудандарындағы үйлердің қиратылуы да талай дау туғызған мәселеге айналған еді. Қалаға жаңа әкім келгелі бері қаланың үй салу жоспары да, бағыты да өзгеріске ұшырағаны баршамызға белгілі. И.Тасмағамбетов бір сөзінде: «Алматының байлығы – жер. Жерді кім көрінген ала алмайды. Енді бұдан былай жер тек аукцион арқылы сатылатын болады. Тек арыз жазып, жер алатын ескі дәстүр қазір қалды» деген болатын.

Барар жер, басар тауы қалмаған, баспанасын қорғаған, оны сақтап қалуға бел байлаған тұрғындар бұл жерден ешқайда кетпейміз деген шешімге келіп отыр. «Біз қайда барамыз, бұзған үйді бәрібір қайта тұрғызып, өмір сүре береміз» дегенді айтады. Ал қамаудан шыққан азаматтарға соттағылар «Алматыда тек жағдайы барлар, шамасы жететіндер ғана тұрады. Егер бұған шыдамаймыз десеңдер, ауылға қайта оралыңдар, қазір нарық заманы, кімде ақша бар сол өмір сүре алады» депті-міс…

Аталмыш мәселеге байланысты жанайқайын білдіріп жүрген ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер де өз кезегінде қарап қалмай, пікірін ортаға салған еді.

Арон Атабек, «Қазақ мемлекеті» Қазақстан халық майданы саяси кеңесінің төрағасы:

– 2006 жылдың 13 наурызында «Әйгерім», «Шаңырақ» ықшам ауданында Әуезов ауданы әкімі Владимир Устюговтің бұйрығы бойынша 20 үй бұзылды. Осыған орай «Қазақ мемлекеті» Қазақстан халық майданы және «Жер-Ана» бірлестігінің белсенділері осы мәселеге наразылық білдірді. Бұл кезде де адамдарды ұрып-соғып топалаң жасады. 80 жастағы әже үйінен айрылып, адамдардың аяғының астында қалып, сол мезетте реанимацияға түсті. Осыған байланысты біз «Жер, қазақ тарихы және бүгінгі күн» деген үндеу жасадық. Осы үндеудің арқасында Жер кеңесі қоғамдық ұйымы құрылды. Одан кейін 20 наурызда тағы осындай жағдай орын алып, 17 адам қамауға алынды.

Ал 5-сәуір күні де осы жағдай тағы қайталанды.

Ата Заңда «Әр азаматтың баспаналы болуға құқы бар» делінсе, Жер кодексінде «Әр азамат 10 сотық жер алуға құқылы» деген. Сондықтан әрбір қазақтың Қазақстаннан бір 10 сотық жерге үй салуға шамасы бар деп ойлаймын.

Ғалия Абулхатина, «Жер–Ана» қоғамдық бірлестігінің мүшесі:

– 2003 жылы Жер кодексі қабылданды. Онда әр азаматқа 10 сотық жер тиесілі делінген. Ал неге біз заңға сүйенбейміз?! Алматыға ағылып келіп жатқан қазаққа жер беріп, күнін көруге жағдай жасау керек емес пе?! Ауылда жұмыс жоқ болғандықтан, нанын тауып, бала-шағасын асырау үшін келді ғой. Неге оларды қайта қуамыз? Халқымыздың санын көбейтеміз десек, неге жерін тартып алып, үйін бұзамыз. Осы «Шаңырақтағы» халықтың бәрі – қазақ. Қазағымды қаңғытпай кооперативті, коммуналды үйлерді салып беруге болады ғой. Айталық, орталықта бір бөлмені 40 мың теңгеге жалдап, қарапайым адам тұра алмайды. Сосын хан сарайындай болмаса да, мынандай үй салып алғысы келеді. Егер де осындай ауылдан келген қазақтар орнығып алса, қаламыздағы күн тәртібіндегі өзекті мәселе – тіл мәселесі оңтайланар ма еді, кім білсін.

Алайда, жерімді, шаңырағымды қорғап қаламын деген тұрғындар қандай жағдай болса да дайын екендіктерін жеткізді. Мәселенің әрі қарай қалай өрбитініне алаңдап отырған халық даулы мәселенің аяғына нүкте қойылғанын қалайды. «Бұл әлеуметтік мәселенің кездейсоқ саяси сипат алып кетуі бізге қажет емес» дейді олар.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары