БЕТПАҚДАЛАДАҒЫ МЕКЕН

БЕТПАҚДАЛАДАҒЫ МЕКЕН

БЕТПАҚДАЛАДАҒЫ МЕКЕН
ашық дереккөзі
598

Талғат Орманов – журналистиканың фотожурналистика, тележурналистика, публицистика сықылды жанрларын тел емген маман. Қай саласына бармасын, өзіндік қолтаңбасы білініп тұрады. Газетіміздің тұрақты авторы болып жүрген ол соңғы кезде ауыл тынысына жиі барады. Олқылығы болса, сын садағы да дайын тұрады. Алайда, «Бетпақдаладағы мекен» триптихіне кейде көзге іліге бермейтін дүниелері арқау болыпты. Соны назарларыңызға ұсынып отырмыз.

І. ЖАЛҒЫЗ ОҚ СЫНДЫ АЗАМАТ

Қаратаудың теріскейі ежелден төрт түлігімен әйгілі аймақ. Құдайға шүкір, қазір де еңсесі езіліп жатқан жоқ. Алайда, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өтпелі тұста “Тістегеннің аузында, ұстағанның қолында” кеткен ел ырысы кімнің кім екенін шынайы танытқан таразы болды.

Сындарлы шақтың сынына сыр бермеген атпал азаматтар табылды. Солардың бірі “Қарақұр” өндірістік коперативінің (ӨК) бастығы Жауғашты Садырханов болатын. Халық қалаулысы қолдағы бар малды шашау шығармай, түгел сақтап қана қойған жоқ, “Таушаға”, “Раң ата” елдімекендері мен “Алтынтау” шаруа қожалығына үлесті малдарын бөліп берді. Нәтижесінде “Қарақұрда” 10 мыңдай ғана бас мал қалған-ды. Үкіметтен алғашқы кезекте 3 млн. теңге көлемінде көмек алған да осы ұжым. Өндірістік кооператив уақыт өте, яғни 2003-2005 Ауылды қолдау жылдары аясында асыл тұқымды қаракөл мал зауытына айналды. Өткен жылы да мемлекеттен 7 млн. теңге көмек алған ұжымның әлеуметтік ахуалы көтеріліп, мал шаруашылығы да өркендей түсті. Қазіргі таңда уақ малды 35 отарға жеткізген ұжымның түлік төресі түйені де 4 қыстауға топтастыруы берекелі істің баянды екендігін танытқандай.

– Өз парасат-пайымым, үміт-арманым, алға қойған нақты мақсатым бар. Кейбіреулер секілді жалпақ шешей болып, малды таратып жіберу менің де қолымнан келер шаруа-тын. Алайда, туған жердің ертеңін, ұрпақ келешегін кім ойлайды? Мал басын өсіргенімізді қайтейік, соңғы жылдары өндірген өніміміз өз құнын өтемей жатыр. 2004 жылы әр төлді 5000 теңгеден сатып, ұжымның еңсесі әжептеуір көтерілсе, былтыр әр бас қозыны 2500 теңгеден әрең өткіздік. Ал, енді ол малдың жейтін шөбін, тағысын тағы кеткен шығындарын есептегенде шаш ағарады. Бұл мәселені “Азық-түлік корпорациясы” арқылы Үкімет басшылығы оңтайлы шешетін мезгіл жетті, – деп күйзеледі Жауғашты Садырхан.

– Ұжымдағы малшы-дихандарға қанша жалақы төлейсіз?

– Тек қана мал шаруашылығы саласында 105 шопан, 12 түйеші 12 мың теңгеден бастап 20 мың теңгеге дейін уақтылы жалақысын алуда.

– Шаруашылығы шайқалмаған зауыттың өзіндік проблемасы бар ма?

– Төрт түлігін жаз — жайлауға, тауға, құмға, Бетпақдалаға, күзде — қыстауға айдайтын болғандықтан өзекті мәселелеріміз де жетеді. Мәселен, Шу өзені бойына соғылған бір бөлімшеміздің 8 қорасын көктемгі су тасқыны алып кетті. Шұғыл әрекеттеріміздің арқасында апатты жағдайдан малшы-шопандармен мал басын әрең сақтап қалдық. Көп жылдан келе жатқан қора-қопсы, қыстаулар су астына, құрдымға кетті. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары арнайы келіп, апатты жағдайды көзбен көріп, қаттап, картаға түсіріп қайтты. Алайда, осы күнге дейін қаржылай қайтарымға келгенде үнсіз.

Былтыр құм ішіндегі суы атқылап тұрған бірнеше артезиан құдықтарымызды экологтар тексеріп, “Су құрамындағы радон белгіленген мөлшерден бірнеше есе көп”, деп бітеп тастады. Артезианнан су ішіп отырған төрт-бес отар малымызды басқа жайылымға ауыстыруымызға тура келді. Уран өндіретін “ҚазАтомөнеркәсіп” Ұлттық компаниясына қарасты шетелдік біріккен “Катько”, “Инкай”, тағысын-тағы кәсіпорындарды жергілікті халықтың жағдайы ойлантпайды. Олар елдің жайын бірінші кезекке қоюы керек. Олар бізбен кеңесіп, малшыларға қажетті жерден жаңа артезиан құдық қазып, жағдай жасауға міндетті. Мұны ескеріп жатқан аудан әкімшілігі жоқ. Экологиялық апатты аймақтағы Созақ ауданы 2005 жылдың қортындысында облыстық көрсеткіште бірінші орында тұр. Әлбетте, уранның кесірі. Үшіншіден, біздің ұжым жекеменшік. Мемлекеттік мекемелер экологиялық зардапты аймаққа жататын Созақ ауданының қызметкерлеріне 20 пайыздық өтемақы төлейді. Біз де ұжым мүшелеріне төлеп отырмыз. Алайда, үкімет осы төлеген қаржыларымызды “Қарақұр” асыл тұқымды мал зауыты өндірістік кооперативіне қайтаруы тиіс. Таяуда іссапармен Астанаға барып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің сала басшыларына, оңтүстік өлкесінен сайланған ҚР Парламент мәжілісінің депутаттарына тиісті құжаттар өткізіп қайттым. Нақты шешімін тауып жатса “нұр үстіне нұр” болар еді. Сөз жоқ, Созақ аудандық мәслихатының депутаты, “Қарақұр асыл тұқымды қаракөл қой зауыты” Өндірістік кооперативінің төрағасы Жауғашты Садырхан мырзаны мазалайтын мәселе сансыз.

Томаға тұйық, үнемі ойда жүретін іскер азаматтың сыртынан айтылған небір “ғайбат” сөздердің де куәсі болғанбыз. Оқырманға баяндасақ, он түйеге жүк болар. Осы орайда Жауқаң сынды адал азаматқа деген шынайы көңіл ақ параққа өлең жолдары болып өрілген-ді.

Беті жаман дауылдың,

Айтқанына жұрт көнбек.

Тұрмысы тәуір ауылдың,

Тірлікпенен ісі өнбек.

Көре алмаған күншілдер,

Жазсын, күйіп-ісінсін.

Татымас тірлік міншілдер,

Тәубаға келіп түсінсін.

Азаматсыз алаулы,

Іс пен сөзде алшақ жоқ,

Халқына дәйім қалаулы,

Сұрмерген құйған-Жалғыз оқ.

ІІ. БӨРІСОҚ

Қаратаудың баурайынан төменге бет алған “Уаз” автокөлігі шалғайдағы қыстауға келіп тұмсық тіреді. Қорадан мөңірей шыққан сиырлар мен маңырай жамыраған қозы-лақ үнінен құлақ тұнады. Бұл неғылған адамдар деп алдымыздан арсалаңдап үре ұмтылған иттер егесінің “Жат-е, жат!” деген бұйырығынан соң үйді айналып кете барған. Әлгінде мал жайып жүрген Ұлағаттың жанында мал күзеткен қос серігі — Марғау мен Сырттан сынды иттерінен болмысы бөлек төбет бажырая қарайды. Көзіне көзім түскені сол-ақ екен, қадалған оттай жанары түпсіз терең тұңғиыққа батырды. Көзін тайдырмаған ит сабырлы қалпын сақтап тәкаппарлығы мен тектілігін таныта тұнжырайды. Тұла бойым тоқ ұрғандай “дір” ете түскен. Жайсыздау қалпымды алғаш болып байқаған көмекші шопан Анарбек Досыбаев амандасып жатып:

– Ағасы, абыржымай-ақ қойыңыз, қаппайды. Бұл біздің қасқыр алатын төбет қой, – деп ауыр үнсіздікті сейілтті.

… Түс тағысының әккілігінен хабарым мол. Өйткені, ағайынды Теріскейдің Маңқанай, Қақпансор, Мыңқоян, Аласиыр, Бесқауға, Лақылдақ, сондай-ақ Шу бойы алқаптарын шарлап жүрген шақта-ақ ұққанмын. Қаратаудағы атақты түйеші Есімнің қорасын торыған көкжалды 1998 жылы Мұхит ағам атып алғанда жиылып қалған көпшілік қауым ризашылық білдірген. Бір қызығы, мұнда дала тағысын “қасқыр” деп ешкім дауыстап айтпайды. Оның мәнісі – атын атаған сайын түз тағыларының малшы отарларына шабуылы көбейіп кетеді-міс деп түсіндіреді. Сондықтан, дастархан басында көкжалдар жайлы әңгіме қозғалған шақта малшылар “ит-құс” деп елеусіздеу әдетпен сыдырта салатын жайы бар.

– Осыдан екі жыл бұрын бұл төбет бір жылда екі қасқыр алып, атын аспанға шығарды,–деп мақтанды аға шопан Нұрхан.

– Сонда қалай, арлан қасқырды алатын арнайы тәсілі бар ма?

– Әлбетте, бір қарағанда ештеңе байқалмайды. Түнде ұйқтаймыз. Ал, таңертең ұйқыдан тұрып, мал жайғауға қораға кірсең теңкиіп қасқыр өліп жатады. Жақындап келіп, көкжалдың өлі денесін оңды-солды аударып байқасаң ғана көкірегімен сығып тастағанын аңдайсыз. Ылғи өкпесін езіп, кеңірдегін суырып, шайнап өлтіреді.

– Нұреке, бұл алыпсоқтың артында күшігі бар ма?

– Тұқымын ала алмай әлекпіз. Қаншықтары жылда бір-екеуден ғана күшіктейді. Алайда, ұрын келетін суық қолдар иттен көп. Түнделетіп, таңға жуық әйтеуір бір қиуын келтіріп ұрлауын қоймайды. Ит қартайды, бірақ, малды бағып отырғанымыз да осы Бөрісоқтың арқасы.

– Бөрісоқ биыл қанша қасқыр алды?

– Үшеуін қанжығама байлады. Үшеуі де нән арландар.

– Түз тағылары тым әккі болады деуші еді.

– Ол рас. Қасқырдан қулық артылған емес. Буаз сиыр, түйелердің бошалап, мал қыстауынан жырақ кетіп, алаңсыз жатқан әлсіз шағында тасадан шыға келіп, шаранасымен бота, бұзауларды қылғыта салған тұстарының талай куәсімін. Айқайлап, айқайлап, шарасыз күй кешкен дәрменсіз тұсым аз болмады. Құдайға шүкір, соңғы жылдары осы Бөрісоқтың арқасында төрт құбыламыз түгел. Айтпақшы, бірде қыстауды торыған бөрілерді тауға дейін қуған ит үшеуімен жалғыз арпалысып, таң алакеуімінде қатты таланып, сүйретіліп қораға әрең оралған еді. Денесіндегі жарасынан өзіміз шошыдық. Содан бері кекшіл, алған бетінен қайтпайды. Ит жылында қонақ болып келіп қалдыңыз, мен жайлы емес, Бөрісоқ жайлы жазыңызшы, – деп қайтар шақта бас шопан Нұрхан Досыбаев қолқа салды.

Шалғай ауылдағы шаруа жайы көшін түзеп келеді. Қарақұрдың орталығында ауыз су мәселесі шешімін тапты, сондай-ақ ескі аурухана толық күрделі жөндеуден өтіпті. Дегенмен, орта мектеп ғимараты ескі, ал балалар бақшасы атымен жоқ. Клуб пен кітапхана да заман талабына сай емес. Бұл да ойланатын жай. Жеті қазынаның бірі төбет-сырттандарға кім көрінген әсіре қызығушылығынан арылып, тектілік тұрғыдағы шынайы көзқарастарын қалыптастырса екен деген ой да қылаң береді. Өйткені, шаруасын дөңгелеткен тоғышардың қора-қопсы, үй-жайларын күзеттірген тұқымы текті иттердің ішінде Бөрісоқ сынды бірегей Сырттанның жүрмесіне кім кепіл.

…Теріскейден қалаға қайтар жолда Шаяндағы қайнағамның үйіне соқтым. Темір шынжырмен байланған ит қарсы алды. Қақпаны айқара ашқан бозбала Абзалдан: – Мына итіңнің аты не? – деп сұрадым.

– Сырттан ғой, – деп жауап қатқан ол тез жүгіріп, үйге қайта кіріп кетті. Отты көзін оқтай қадаған Сырттанның еркіндікті аңсаған құрсаулы кейпіндегі мүшкіл хәлі мен жанарындағы мұң-зарын кім түсінер…

ІІІ. ӨНЕРПАЗҒА ӨРЛІК ҚАЖЕТ

Қаратаудың күнгейдегі шыңыраулы шатқалдары мен биік тұралары Одаман асу-белінен асқаннан соң, жер асты қазба байлықтарын қойнына көмбелеген Таскөмірсай, Алтынтау, Күмісті аты затын айғақтайтын биіктерге ұласып, соңы Ақсүмбедегі Ақбикеш сынды бірегей тарихи ескерткіш бой көтерген тұстан түйеөркештене созылып, мидай Бетпақдалаға ұласып жатыр. Осынау кең өлке қазба байлықтарына қаншалықты бай болса, ғасырлардан сыр тартқан өнер өрендерінен де кенде емес. Тек қана Қарақұр аумағынан шыққан сазгер, күйші, әнші, ақын-жазушылар жайлы әңгімені тарқатсақ Төлеген Тоқбергенов пен Бәтима Батырбекова, ақын-сазгерлер Қазыбек Мыңжанов, Әділбек Нысанбаев, Ескермес Жақсымбетов сынды тек облысқа емес, бүкіл қазаққа мәлім есімдерге ұласатыны ақиқат. Алайда, солардың қатарында жан толқынысын сөзбен емес, ән-сазбен өрнектеп жүрген Қыдырәлі Ахметовты көпшілік жұрт етене тани бермейді. Тосыннан шығармашылық кешінің үстінен шығып, оған қатысуымыздың арқасында көңіл-хошын әннен тауып жүрген ағаның сазды сырына қанығып, еріксіз сүйсіндік. Ауыл әкімі Ж.Төлбаев пен мектеп директоры Т.Малбағаров ұйымдастырған саз кешінде Шымкенттегі әл-Фараби атындағы педагогикалық-мәдениет институтының 1973 жылғы түлегі Қыдырәлі Ахметовтің “Алтын өлкем–Қазақстаным”, “Туған жерге тарту”, “Ән қанатым”, “Жау, жау, жаңбыр” әндерінің республикалық радио мен теледидарда орындалып тұратынына, “Әжем туралы ән”, “Күт, сәулем, солдатыңды” деген әндерінің республикалық газеттерде жарық көргеніне, ал сондай-ақ оның бір топ әндерінің 1992 жылы шыққан “Ән көңілдің ажары” атты жыр жинағына енгенін хабардар болдық.

Көп жылдар Созақ ауданындағы Сүгір саз мектебінің директоры қызметін жемісті атқарған Қыдырәлі аға қазір Қарақұр орта мектебінде ән және музыка пәнінен сабақ беріп келе жатқан тәлімгер-ұстаз. Шырайлы жүздесуде сөз алған ауыл ағасы Ж. Нұрмаханов, ұстаз Қ. Смайлов, сазгердің анасы Тотыгүл мен қарындасы Шолпан, ақын Т.Молдағалиев, Е.Жақсымбетов , Қ.Мыңжан, М.Байырова өлеңдерімен өрілген әндерінен мөлдірлік пен пәктікті, нәзік ой мен сезім нақыштарын іздеп табуға болатындығына тоқталды. Өздері де қарап қалмай, сол әндерді қарапайым нақыш пен сазды әуенде көрермендер талқысына ұсынды. Сазгер Қыдырәлі мырза да өз өнерін жұртшылықтан аянып қалған жоқ.

Сырлы сазгердің 2002 жылы “Туған жерге тарту” атты әндер жинағы жарық көрген. Ондағы әндердің нотасымен берілуі жас таланттардың оқып, үйренуі үшін маңызы зор.

Сөз соңында айтарымыз, “Жаңа ғасыр–жаңа ән мен жаңа күй” атты облыстық байқауда 3-ші орынды иемденіп, лауреаттық дипломмен марапатталған сазгер Қыдырәлі Ахметовтің шығармашылығы өрлеу үстінде. Елі елеп, өнерпазын қолтығынан демеп, кездесу өткізіп, сазгерін марапаттауын көргенде Ілияс Жансүгіровтің мына бір қанатты сөзі еріксіз ойға оралды: “Өз елі, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді”.

Талғат Орманов,

Созақ ауданы,

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Серіктес жаңалықтары