ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫ СУ ЕМЕС

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫ СУ ЕМЕС

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫ СУ ЕМЕС
ашық дереккөзі
561

Ресейде осыдан бір жыл бұрын 5 жасар тәжік қызын өлтірген скинхедтердің үстінен сот процесі болып өтті. Өкінішке қарай, алқа билер соты бір топ орыс жастарының қылмысын небары «бұзақылық» деп танып, қылмыскерлерді жеңіл жаза түрлеріне кесті. Әдетте көршілес елде орын алып жатқан ұлтшыл, фашистік бағыттағы қылмыстар небары «бұзақылық» деп бағаланып, қылмыскерлер жеңіл жазамен құтылып отырады. Бірақ Ресейдегі қанды оқиғалар бір ғана орыс елінің мәселесі емес, оның халықаралық, ұлтаралық мәселеге айналғаны қашан?! Себебі орыс жастарының қолынан Африка, Азия, Кавказ, т.б. халықтардың өкілдері қаза табуда. Қаза тапқандардың ішінде қазақ азаматтары да баршылық.

«Үндемеген үйдей бәледен құтылады» деп, халықаралық кикілжіңге ұласуы мүмкін жағдайларда үндемей қалуды жөн санайтын еліміздің Сыртқы істер министрлігі скинхедтердің қылмыстарына аса алаңдай бермейді. Ал, Ресейде скинхедтердің қолынан қаза тауып, жапа шегіп отырған қазақ азаматтары бар. Бірақ бізге ондай ақпарлардың көбі жетпейді. Тек Интернетті ақтарып отырып, ресейлік БАҚ-тарда шыққан мәліметтерге арқа сүйеуге мәжбүрміз. Тіпті, осыдан бір-екі ай бұрын Айгүл Бөлекбаеваны Петерборда скинхедтер пышақтап кеткенде, кейбір отандық БАҚ-тар «Скинхедтер қазақты да өлтіре бастапты» деген сыңайда ақпар таратты. Негізінде Айгүл Бөлекбаева — скинхедтер қолынан қаза тапқан бірінші қазақ азаматы емес. Одан бұрын Волгоградта қазақ зейнеткерін, Мәскеуде жұмысшыны скинхедтер аса қатыгездікпен өлтіріп кеткен. Бұл орыс ақпарат құралдарында жария етілген кейбір мәліметтер ғана. Ал, «ұлттық негіздегі қылмыс» ретінде емес, «бұзақылық» деп танылған қылмыстар қаншама?! Скинхедтердің қылмыстарын түгендеп, статистикалық санақ жүргізіп отырған құзырлы орындар да жоқтың қасы. Есесіне елде скинхедтердің қылмысын қолдап, қолпаштап отырған Жириновский сияқты саясаткерлер мен «Еркіндік партиясы» сияқты ұлтшыл саяси ұйымдар бар.

Ең сорақысы, Ресей жастарының арасында насихатталып отырған идеялар Қазақстанға да экспортталып жатқанға ұқсайды. Бірақ бұған алаңдап отырған құзырлы орынды әзірге көргеніміз жоқ. Ұлттық мәселеге келгенде Қазақстан билігінің солғын саясат ұстауынан болар, скинхедтердің ұялары басқа ТМД елдерінде емес, қазақ жерінде пайда болыпты деген әңгіме бар. Әйтпесе Өзбекстанда немесе Грузияда скинхедтер бар дегенді естіп пе едіңіздер?! Бұл елдерде скинхедтер пайда болмақ түгілі, атымен жоқ. Өзге ТМД елдері үшін скинхедтер — Ресейде құтырып жүрген ұлтшыл тобыр ғана. Оның өзге ТМД елінде пайда болуы ертегі сияқты. Бірақ «көпұлтты, көпдінді Қазақстанда» скинхедтерге де орын болғаны ғой. Және олар жергілікті орыстардың соңғы үміті көрінеді….

СКИНХЕДТЕР — ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОРЫСТАРДЫҢ СОҢҒЫ ҮМІТІ МЕ?

Қазақстанның ақпарат кеңістігінде скинхедтер жайлы ақпар оқта-текте шығып тұрады. Отандық БАҚ-тар скинхедтер шоғырының Алматыда пайда болуын не бары «экзотикалық жаңалық» ретінде көрсетумен шектеліп келеді. Бірақ олардың Алматыда, сол сияқты Солтүстік Қазақстан облыстарында пайда болуы дабыл қағарлық жәйт. Кезінде Солтүстікте орыс-казак ұйымдарының бас көтеруі болғанын ескерсек, онда скинхедтердің пайда болуы үлкен қауіпке ұласып кетуі бек мүмкін. Оның үстіне кейбір жергілікті орыстар Қазақстанда қазақша хабарлардың шығуына алаңдап, Ресейдегі ұлтшыл-фашистік ұйымдардың жеке интернет сайттарына шағымдарын түсіретін болыпты. Мәселен, Астанада тұратын бір азамат Ресейдің «Еркіндік партиясы» ұлтшыл қозғалысына хат жазып, онда: «Скинхедтер — Қазақстандағы орыстардың соңғы үміті. Бізде орыс мәдениеті туралы бірде-бір хабар көрсетілмейді, оның орнына телеарналардың бәрін қазақ тіліне аударған. Қазақстанда орыстар халықтың 30 пайызын құрайтынына қарамастан, мектептерде қазақ тілін бәрінен де жоғары қояды!!! Ешкімге де керегі жоқ қазақ тілі осы 30 пайызды басып-жаншуда!!! Скинхедтер Ресейде көп дәрежеге жетті. Жарайсыңдар, жігіттер! Біздер сендермен біргеміз!» — деп, әрі «мұңын» шағып, әрі скинхедтердің қылмыстарына ризашылығын білдіреді. Қазақстанда орыс тілінің айдарынан жел ессе де, фашистік идеялармен санасы уланған кейбір жастар скинхедтердің Қазақстанда «тыныштық» орнатып беруін қолдайтындай. Әлбетте, сарапшы мамандар да, саясаттанушылар да Орталық Азия аумағында скинхед ұяларының қандай да бір күшке ие болу мүмкіндігі тым аз деп бағалауы да ықтимал. Бірақ ең қауіптісі – ұлтшыл тобырдың қазақ елінде пайда болуы және өзге ұлт өкілдеріне, оның ішінде жер иесі — қазаққа қоқан-лоқы көрсете бастауы емес пе?! ІWPR орталығының хабарлауынша, Алматыдағы скинхедтердің жалпы саны 50-70 адамнан аспайды екен. Бірақ олар аз болса да, бар болғаны ғой! Кейбір ақпарат көздеріне сенсек, жергілікті скинхедтердің басқа ұлт өкілдерін ұрып-соққан жәйттері де тіркелген. Бірақ жергілікті құқық қорғау органдары ресейлік әріптестері сияқты ұлтаралық төбелестерге «бұзақылық» деген айдарды тағып, төбелестің нағыз себебін жасырумен келеді екен. Бұл да Қазақстанның «бірлігі жарасқан 130 ұлттың Отаны» деген имиджіне сызат түспеуі үшін жасалып жатса керек.

Бірақ Ресей сияқты Қазақстанда да ұлтаралық қатынастар проблемалардан ада десек қателесеміз. Бірақ бізде бұл туралы айтуға көптің аузы бармайды. Тіпті, дінаралық қатынастар да көпке үлгі боларлықтай жағдайда емес. Әлемдік діндердің съезінде түрлі дін өкілдері күліп-жымиып, қол ұстасып суретке түседі. Бірақ жылдың 365 күні олар жергілікті халықты өз сенімдеріне иландыру үшін өзге діндерге қырын қарап, күрес алаңына шығады. Адам жаны үшін күресте Әлемдік діндер съезінде айтылған сөздер дәлізден ары аспай жатады. Рас, Қазақстанда проблемалар бар. Ал, оларды кейінге шегеріп қоя бермей, түбегейлі шешуге тырысу керек. Қазақстанда скинхедтер де бар. Оларға шара қолданған жөн. Бұл туралы айтпай отыра беру, «Қазақстан — бірлігі жарасқан ел» деген сыңайлы ұрандарды қайталай беру — үлкен қауіптің басы. Түптің түбінде еліміз «көпұлтты, көпдінді ел» деген ұрандардан зәбір көруі де ықтимал. Қалай десек те, әлемде бірұлтты ел жоқ. Барлық елдерде жүздеген диаспоралар тұрады. Бірақ өзге елдер кеуде қағып, «Біз — көпұлтты мемлекетпіз» деп күллі әлемге жар салып отырған жоқ. Ал, біз аталған идеяларды дәріптеп, ұлтаралық және дінаралық қатынастардағы өзекті мәселелерді шешуге асықпаймыз.

Таяуда ғана мәскеулік скинхедтер Кабардино-Балкарияның мәдениет министрі Заур Тутов пен «НТВ» арнасының белгілі журналисі Елхан Мирзоевты ұрып-соғып кеткен. Егерде жапа шеккендер әрі танымал, әрі шенді азаматтар болмағанда, бұл оқиғаны небары «бұзақылық» деп бағалаушы еді. Ал, қазір іс «ұлтаралық төзімсіздік бойынша жасалған қылмыс» деген бабы бойынша қозғалуы мүмкін. Бірақ қарапайым адамдарды зорлап, ұрып-соғу, өлтіріп кету фактілері көбіне сотта «Бұзақылық» бабы бойынша қаралады. Себебі скинхедтер де Ресей саясатының құрамдас бөлігіне айналғандай.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары