«ЭЛЕКТРОНДЫҚ ҮКІМЕТТІҢ» КӨЛЕҢКЕ БҰРЫЛЫСТАРЫ
«ЭЛЕКТРОНДЫҚ ҮКІМЕТТІҢ» КӨЛЕҢКЕ БҰРЫЛЫСТАРЫ
Депутат мырзалар!
Біздің дәуіріміз – ақпарат ғасыры. Қай ел ақпарат көзін тиімді, орнықты әрі жылдам пайдалана білсе, сол мемлекет өз мүмкіндігін ертерек іске қоса алады. Бұл жалпыға белгілі қағида.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 10 қарашадағы №1471 жарлығымен бекітілген «Электрондық үкіметті қалыптастырудың мемлекеттік бағдарламасы» аса маңызды стратегиялық құжат екендігі күмәнсіз. Сондықтан да бұл шараны іске асыруға арналған үш жылдық бағдарламаға Үкімет 51,9 миллиард теңге бөліп отыр. Енді осы қыруар қаржы қалай жұмсалып жатыр деген сұраққа үңілер болсақ, біраз күдікті ойлардың бас қылтитатыны хақ.
Алдымен біз Қазақстан халықтары ассамблеясының хатшысы Жұматай Әлиев ұйымдастырған жиында аталмыш бағдарламаның мемлекеттік тілге қатысты тұстарын талқыға салдық. Өкінішке орай, Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының орынбасары Қуанышбек Есекеев қаржылардың қалай жұмсалып жатқаны жайлы орнықты жауап бере алмады. Сосын біз келесі күні Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Ерден Қажыбек екеуміз қасымызға осы саланы жетік білетін мамандарды ертіп, агенттікке бардық. Көзіміз анық жеткен мәселе мынау: үш жылдық бағдарламаға бөлінген 51,9 миллиард қаржының 4,2 миллиарды биылғы жылдың есебінен осы агенттікке беріліпті. Бірақ агенттік басшылары компьютерді қанша басып іздегенімен мемлекеттік тілге арналып жасалған бағдарламаны көрсете алмай әлекке түсті. Өз ана тілінде күнделікті айналыста жүрген ауызекі сөздердің өзін зорға айтатын бұл жігіттер біздің: «Электрондық қызмет ауқымын мемлекеттік тілге көшіруде тиісті ресурстарды жинақтайтын порталы бірыңғай үйлестіру орталығы құрылды ма, оған отандық өнім жасаушылар қатысты ма, немесе қазақша терминология қаншалықты деңгейде әзірленді?» деген сұрақтарымызға орнықты жауап қайыра алмай, бастарын қасыды. Әйтсе де осы агенттіктің басшысы Асқар Жұмағалиев мырза жуырда ғана «Егемен Қазақстан» газетінде:
«Ақпараттандыру саласында «Электрондық үкімет» құрудың бірінші сатысы аяқталды десе де болады. Оның нормативтік құқықтық базасы қалыптастырылды. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың 95 пайызы өздерінің веб-сайттары арқылы халыққа ақпараттар ұсына бастады» – деп сұхбат берді. Тағы бір мәселе, болашақта халыққа кемінде 85 түрлі қызмет атқаруға тиіс «Электрондық үкімет» бағдарламасынан осы салаға тікелей қатысы бар Тіл комитеті шеттетілген, тіпті тізімге де енгізілмеген. Мұнда не сыр жатқанын түсіне алмадық.
Қасымыздағы мамандарды ерекше күдікке бұрған жайттың бірі – әлгі бағдарламаның жүзеге асырылуына биылға бөлінген қаржының 1,7 миллиарды Қаржы министрлігіне жол тартқаны. Ау, сонда 1,7 миллиард теңгемен Қаржы министрлігі «Электрондық үкімет» бағдарламасына қандай үлес қоспақшы? Бағдарламаға бөлінген жалпы соманы таратып айтсақ: 2005 жылға – 4,5 миллиард, 2006 жылға – 25,3 миллиард теңге жоспарланса, 2007 жылға – 22,1 миллиард бөлінбекші. Бұл әрине аз дүние емес. Қолынан бермегенді жолынан бұрып алып кететін, жолбарыстың өзін түгімен, поезды бүкіл жүгімен білдіртпей жымқыра салатын қазіргі заманда осыншама ақшаның қаншасы Үкімет мүддесіне жаралып, қаншасы құпия қалталарға сүңгитінін ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ қасымыздағы білгір мамандардың пікіріне құлақ асар болсақ, осы миллиардтаған ұшан-теңіз қаржының едәуір бөлегі желге ұшуы тиіс. Иллаһи, олар қателескей!
Дегенмен, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комиссиясының төрағасы Омархан Өксікбаев мырзадан мемлекеттік бюджеттің «Электрондық үкімет» және «Ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуін және мемлекеттік органдарды ақпараттық-техникалық жүйемен қамтамасыз ету» баптары бойынша бөлінген қаржының 2005 жылғы және 2006 жылдың 1-тоқсандағы игерілуін тексеруді сұраймыз. Сонымен қатар, Парламентте Электрондық үкіметтің мемлекеттік тілде қалай жасақталып жатқаны жайлы Тіл комитетін қатыстыра отырып, Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Асқар Жұмағалиев мырзаның есебін тыңдауды ұсынамын. Өйткені, мемлекеттік тілдің болашақ өрісі электрондық кеңістіктің бүгінгі нәтижесіне тікелей байланысты екені даусыз.
12 сәуір, 2006 ж.
Астана, ҚР Парламенті Мәжілісінің үйі.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты