ҚОЛӨНЕРДЕГI ҚОРДАЛЫ ТАРИХ

ҚОЛӨНЕРДЕГI ҚОРДАЛЫ ТАРИХ

ҚОЛӨНЕРДЕГI ҚОРДАЛЫ ТАРИХ
ашық дереккөзі
546

Қазақтың қолөнерiнде қазақ даласының жарты миллион жылдық тарихы бар. «Жарты миллион жылдық» деуiмiздiң себебi – қазақ даласында алғашқы адамдар осыншама уақыт бұрын пайда болған деседi. Осы уақыттан берi мал өсiрiп, терi өңдеген, құс өсiрiп, аң аулаған, соқа салып, егiн еккен адамдар қолөнердiң түр-түрiн ойлап тапты, бұйымдарға өзiнiң арман-ойын, қиял жемiстерiн ойып бедерледi. Мұражай әйнектерiнен жылтыраған пәлен ғасыр бұрынғы әшекей бұйымдардың өрнектерi зер салып қараған кiсiге сол дәуiрдегi адамдардың өмiр салтынан, тұрмысынан, эстетикалық талғамынан хабар бередi. Ендеше, қолөнер тарихы – қазақтану тарихы деудiң де жаны бар.

Белгiлi қолөнер шеберi, суретшi-этнодизайнер Дәркембай Шоқпарұлы қазақтың бұйым жасау өнерiн жандандырып қана қоймай, осы саладағы зерттеу жұмыстарын да өрге сүйреп жүр. Мұның бiр дәлелi – суретшiнiң 2005 жылы «Өнер» баспасынан жарық көрген «Қазақтың қолөнерi» атты альбомы. Кiтаптың алғысөзiнде Дәркембай Шоқпарұлы «қолөнер» деген сөзге анықтама берiп өтедi: «Қол өнер ғасырлар бойы дамып, қалыптасып келе жатқан халық творчествосының сарқылмас қайнар көзi, халық мәдениетiнiң айнасы. Ол талай ғасырлар кезеңiнен өтiп түрленiп, жаңарып келiп, атадан балаға мұра ретiнде бiзге жеткен дәстүрлi де қасиеттi өнер. Қандай халықтың қолөнерi болса да оның тарихымен, қоғамдық құрылысы, әдет-ғұрып, салт-санасымен астасып қатар өркендейдi. Қолөнер адам баласын әсемдiкке, нәзiктiкке деген ұмтылысын, сол бағытта табиғатты өзiнше таңбалап бедерлеуiн, сұлулықты iздеуге деген құштарлығын танытады. Ол арқылы бiз үлкен рухани-эстетикалық тәлiм алып, өнер әлемiне қанат қағамыз».

Ұста Дәркембайдың жазуынша, қазақ шеберлерi ағаш, металл, терi, былғары, тарамыс, қайыс, жүн, жiп, ши, қамыс, киiз, мата, тас, бояу, сүйек, мүйiз материалдарын көп қолданады екен.

Ал бұл материалдарды өңдеп, әшекейлеу үшiн ою, қашау, құю, шеку, нақыш салу, өрнектеу, бояу, бұрау, ширату, кесу, тесу, илеу, өру, тоқу, иiру, бедерлеу, тiгу, сыру, шабу, қақтау, ыстау, лажылау, дәнекерлеу, құрсаулау т.б. тәсiлдер қолданылады.

Көптеген халықаралық форумдар мен көрмелерде, байқауларда қазақтың қолөнер бұйымдары басқа халықтар қолөнер туындыларынан шоқтығы биiк түсiп жатпаса, кем түспейтiн көрiнедi. Шын мәнiнде, қазақтың қолөнер тарихы – жастарға эстетикалық тәрбие беруде маңызы зор ғылым болса керек, туған халқының материалдық мәдениетiн қолөнер арқылы зерттеп-бiлiп, оның бүгiнгi тұрмысымызбен бiте қайнасып жатқан тұстарын қолмен ұстап, көзбен көрiп, сезiнуден артық қандай тағылым болсын?

Альбом сегiз бөлiмнен тұрады: ою-өрнек, терi өңдеу, ағаш өңдеу, металл өңдеу, ер-тұрман, қару-жарақ, саз аспаптары, жиһаз, ыдыс-аяқ. Автордың жазуынша, киiз үй мен оны жасау жабдықтары, жүннен жасалатын бұйымдар, ши тоқу, мүйiз бен сүйектi ұстау, бәдiзшiлiк өнерi, қыштан жасалатын көркем бұйымдар т.б. қолөнердiң салалары альбомға кiрмей қалған. Алдағы уақытта бұл тақырыптар бөлек альбом-кiтапқа арқау болады деп үмiттенемiз.

«Ою-өрнек – өнердiң өте көне әрi күрделi түрi», – дейдi Дәркембай Шоқпарұлы. Бұдан әрi шебер ою-өрнектiң композициялық құрылымына сай, бейнелеу белгiлерiне сай әр түрiне жеке-жеке тоқталады.

Халықтың сенiм-нанымы көкжиегi, дүниетаным көкжиегi мен қолөнердiң тығыз байланысының бiр дәлелi – қолөнерде жапырақ-өмiр бейнесiнiң жиi кездесуi. Қазақтың ежелгi дiни наным-сенiмi бойынша жер астында өскен үлкен көк теректiң жапырақтарына жер бетiндегi адамдардың аты жазылған. Бiр жапырақ үзiлiп түссе, бiр адамның өмiрi қиылады. Қобыз, асатаяқ секiлдi саз аспаптарында сылдырмақ түрiнде iлiнген жапырақ бейнесiн талай рет көрген боларсыз. Тiптi, қазық, ат байлайтын мама ағаш, ұстын, тiреу тәрiздi шаншылған тiк заттардың бәрi көк теректiң символы iспеттес. Дәркембай Шоқпарұлы қобыздың өзiн әлем бейнесiне ұқсатады. Қобыздың аржасы мен шанағы бөлiп қарағанда – көк өгiздiң басы, ал шанағы – жұмыр жер, мойыны мен басы – көк терек тәрiздес. Басындағы салпыншақтары көк жапырақ пен көк кептерлер. Жапырақ – тiрi адамдар, ал көк кептерлер – әруақтар.

Қолөнер мен мәдени танымның бiртұтастығы туралы тағы бiр дәйек. Қазақта «көзi ашық адам» деген тiркестiң мағынасын екiнiң бiрi бiледi. Ал осы тiркестiң қолөнердегi «балықкөз» деп аталатын өрнек түрiмен астасып жатқанын бiлесiз бе? Қазақ ұғымында бұл өрнектiң мағынасы «бiлiм», «ғылым» дегендi бiлдiредi екен. Ендеше, өрнек пен фразеологиялық тiркестiң жақындығы өзiнен-өзi байқалып тұр.

Қарап отырсақ, қазақтың қолөнерiн зерттеу арқылы тiлдiк ерекшелiктердi, мәдени тарихымызды, дiни наным-сенiмдердiң даму жолын, халқымыздың салт-санасын зерттеп бiлуге болады екен. Ендеше, жастарды құрғақ сөзбен қазақы рухқа тәрбилеуге ұмтылғаннан гөрi мектептiң жоғарғы сыныптары мен жоғары оқу орындарында «Қазақтың қолөнерi» атты қысқаша дәрiстер курсын оқытқан абзал-ау. Бұл жастардың таным-түсiнiгiн кеңейтiп, өз халқының тарихын, әдет-ғұрпын тереңiрек түсiнiп, мәдениетiн мақтан етуге жетелер едi. Халық ұғымында тамырын жетi қабат жерге жайған көк терек секiлдi олардың бойындағы рух ақыл-санасын өзгенiң қаңсығына қызығудан жерiтiп, өз халқының тарихына терең мән беруге ұмтылдырар едi.

Қазақтың қол өнерi өз зерттеушiлерiн күтiп мұражайларда шаң басып жатқан жайы бар. Осы орайда, сан ғасырлық мұралардың тегiн, авторын зерттеу – болашақ мәдениеттанушылардың iсi. Ал Дәркембай Шоқпарұлының «Қазақтың қолөнерi» альбомы – оларға бағыт сiлтер көмекшi құрал.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары