БЕС ЖАСЫНАН ӨНЕРГЕ БЕЛ БУҒАН ФАРИДА
БЕС ЖАСЫНАН ӨНЕРГЕ БЕЛ БУҒАН ФАРИДА
Елiмiздiң эстрада саласында жас бүлдiршiндер де өнер көрсетiп, елдiң жылы ықыласына бөленiп келедi. Әрi әншiлiк, әрi сазгерлiк қырынан танылып жүрген жас әншi Фарида Ұлықпанқызы бес жасынан бастап сахнада өнер көрсетуде. Оның да жөнi бар. Фарида өнерлi отбасынан шыққан. Әкесi – Лұқпан Жолдасовтан дарыған қасиет Фариданы әншiлiк өнерге алып келдi.
Жас әншi қазақ елiнiң құлақ құрышын қандырып, саз әуенiн төгiлтiп, шалқарлы әндерiмен әлдилетiп отыр.
Фарида есiмiмен халықтың ой-елегiнде орын алған бойжеткен қызымыздың өнерде жүргенiне жетi жылдан астам уақыт өттi. Яғни, жақында ғана бiрiншi мүшелге толған жас талант осы уақыт аралығында Республикалық «Әншi балапан» фестивалiнен алғашқы қадам жасап, алты жасында «Тамаша» ойын-сауық отауында Сейфуллин Жолбарыстың «Жан сырым» әнiмен жалғасын тауып, үлкендi-кiшiлi сахналардан танылып келедi.
Қанатын өнерге қауыштырған Фариданың сонымен қатар сазгерлiк қыры да елдi тамсандырмай қоймас. Сәби кезiнен жүрегiнен жаңғыртып, әдемi наз әуендердi әндетiп жүретiнi – Фариданы үлкен дарындылық қасиетке жетелеп отыр. Қазiр Фарида әншi-сазгер деген атаққа ие. Жалпы, оның репертуарында жиырма шақты әндерi бар. Атап айтатын болсақ, «Бала тiлегi», «Ағатайым», «Анашым», «Қуыршағым менiң», «Өткен күндер», «Бала кезiм», «Арнадым саған әнiмдi» және тағы басқа өлеңдерi бар. Сонымен қатар 1999 жылы өзiнiң алғашқы үнтаспасын шығарған едi. Ал 2002 жылы «Әуен» баспасынан «Бала тiлегi» атты әндер жинағы жарық көрген болатын. «Бала тiлегi» және «Қуыршағым менiң» атты өлеңдерi оның сазгерлiк қырын танытатын шығармалары болып табылады.
Келесi кезекте Фариданың әншiлiк-сазгерлiк өнерiн үндейтiн алғашқы концертi жоспарланып отыр. Концерттiң басты мақсаты – жас таланттың балалық даусын, сүйкiмдi ажарын елдiң көкейiнде сақтап қалу. Себебi, бiраз жылдар өткен соң оның даусы өзгерiп, келбетi де мүлдем басқа образға айналады. Аталмыш концертте Фарида репертуарына енген жаңа әндерiмен халықтың көңiлiнен шығу мақсатын көздеп отыр. Ол концерт шымылдығын Толқын Сұлтанованың сөзiне жазылған «Фарида» атты өлеңiмен ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Алмас Кiшкенбаевпен қосылып «Бала кезiм» деген өлеңiн орындап бередi. Таяуда ғана «Тамаша» ойын-сауық отауында «Жiгiттер» квартетiмен орындалған «Төрт мезгiл» әнi осы концертте орындалады. Эстарада жұлдыздарының қайнары iспеттес «МұзАРТ» та Фариданың алғашқы концертiнен көрiнбек. Фарида олармен бiрге «Жаным жайна» өлеңiн дайындап жатыр. Болашақта олар осы әнге бейнетаспа түсiрудi жоспарлап отыр. Фариданың әндерiне Сержан Молдасанұлы, Қайрат Жүнiсов, Ермек Елгезеков, Құдайберген Қазыбеков, Болат Қоқаманов сияқты азаматтардың еңбектерi зор.