ҰСТАЗ ҚАЙЫР СҰРАП ОТЫР

ҰСТАЗ ҚАЙЫР СҰРАП ОТЫР

ҰСТАЗ ҚАЙЫР СҰРАП ОТЫР
ашық дереккөзі
275

Сұрғылт күндер сырғыған сұрықсыз өмiр Рюноскэнiң «Ком земли», Достоевскийдiң «Қорланғандары мен зор болғандары» мен Майлиннiң «Күлпашында» ғана емес, «өркениет», «менталитет» деген әдемi сөздерге жабысқан бүгiнгi Қазақстанның есiгiнен, сiздiң оң қапталыңыздан сығалап отыр. Көргiмiз келмесе де, көруге тура келетiн ақиқат – осы.

Қазақ деген қашан да бауырмал халық-тын, жетiмi мен жесiрiн қанқақсатпаушы едi. Қазiр, ХХI ғасыр… Тегiнен бейхабар тiрi жетiмдер, бұқаралық орындардың бәрiнде ақ жаулығын басынан тастамаған жесiрлер өткен-кеткенге телмiрiп, сай-сүйегiңдi сырқыратады. Етектерi далақтаған сыған әйелдерiнiң көше торып, орыс ұлтының кәрi-құртаңы алақан жайғанына көзiңiз үйренгелi қашан. Соңғы кезде қатықтың исi аңқыған қасиеттi ақ жаулықтардың жанынан да «дiр» етпей өте беретiн боп алдық. Бiр адам өзгерсе ештеңе емес, бүтiндей ұлттың өңi айналса не дейсiң?

«Тiлшi емессiң бе?» деп тартыншақтай сөз алған кейiпкерiм әңгiмесiнiң басында бiраз кiбiртiктесе де, кейiнiрек қолын сермеп қойып дабырлап-ақ кеттi. Ашынған үнiмен дүниенi дүр сiлкiндiрiп, өзiнiң осы өмiрде бар екендiгiн сұп-суық сұр әлемнiң есiне бiр салғысы келгендей. Бiрақ көргiсi келмейтiнге көз жұма салатын әдетi бойынша адамдар көздерiне сүйел болған әжейдi елемей өте бередi. Дәлiрек айтқанда, елегiсi келмейдi. Себебi, кедейшiлiк кемшiлiк болмаса да, жұқпалы дерт сияқты тез жабысады, оның үстiне қарны тоқ, қайғысы жоқтар өздерiн әлденеге кiнәлi сезiнiп, әлденеге қуыстанғысы келмейдi.

«Әрине, мен қайыршы боп туған жоқпын. Екiнiң бiрiн менсiне қоймайтын Күлпаш, баршаны мiнезiмен мойындатқан Күлпаш, «бергендi қолдан, бермегендi жолдан» дейтiн адуын Күлпаш көшеде қайыр тiлеп отырады деп кiм ойлаған?! «Күлпаш» деген ат пәле боп жабысты ма, кiм бiлсiн, Майлиннiң әңгiмесiндегi Күлпаштың тағдырын оқығанда өзге бiр өмiр туралы оқығандай жаным түршiгетiн. Әйтпесе ата-анамнан жырақта өссем де, жездем жоқшылық дегендi көрсетпеген. Жарық дүниеге көзiмдi аша сала мен бейбақ әжемнiң қолына берiлген екем, төрт жасқа толғанымда ол да дүниеден өтiп, құрсағында бала тоқтамаған әкемнiң үлкен әпкесiнiң қолында тәрбиелендiм. Менi өзiмшiл ғып өсiрген де сол жездем Орыс мектебiне берiп, «қашан да сен өзгеден артықсың» деп отыратын, «мiндеттi түрде оқытам, өзiм жеткiзем» дейтiн. Мiне, мамырда онды бiтiрем» деп отырғанымда, наурыздың алтысында кенеттен дүние салды. Панасыз қалдым дегенмен, тұрмысқа шыққан соң сол кiсiнiң арманын аяқсыз етпейiн деп «Орыс тiлi» мамандығы бойынша жоғары бiлiм алдым. Ол кезде… Иә, жас кезiмде бәрi басқаша едi. Жас кезiмде мынау өмiр менiң бақытты болуым үшiн жаралғандай көрiнетiн. Қанша қиындық көрсем де, осының бәрi әйтеуiр бiр бақытқа әкеледi деп бiлетiнмiн. Сондағы менiң аңсаған «бақытым» әдеттен тыс ештеңе де емес, қарапайым адамға тән қоңыржай тiршiлiк едi. Одан артық дәненiң де керегi жоқ-тын. Ал менде бәрi керiсiнше, адамдардыкiнен өзгеше болып шықты. Ел әке-шешесiн жерлеп жатса, мен iшiмнен шыққан балаларымды бiрiнен кейiн бiрiн қара жерге қойдым. Басқаны балалары бағып-қақса, мен көшеде тапқан тиын-тебенiммен зiңгiттей болған баламды асырадым, өзгенiң келiнi перзентiн енесiнен қызғанып жатса, бiздiкi «көкек шеше» болып шықты. «Қосағыңмен қоса ағар» деген тiлектер айтылғанда перiштелер саңырау боп қалды ма, Құдай қосқан жарсыз қара жамылып қалдым. Ендiгi маңдайға жазғаны – үйдегi әлжуаз ғана тiрi жетiмдi жерге қаратпау. Сол жетiмдi жылатпау үшiн ғана таңды атырып, күндi батырып жүрмiн. Мен өлсем, сол Әлиям Әуезовтiң «Жетiмiнiң» күйiн кеше ме деп қорқам. Менен өзге тiрегi де, тiлеуi де жоқ байғұстың».

Осыдан бiр жыл бұрын орталық мешiттiң кiре берiсiнде отырған тағы бiр қазақ әжесiмен сөйлескем. Аягүл деген құрбымның: «Сiздiң балаларыңыз қайда? Неге олар сiзге қарамайды?» деп әрi таңданып, әрi кейiгенi есiмде. Иә, осындай кезде әлсiз ана өмiрiнiң ауыр жүгiн өз арқасына алар ұл, құдiреттi бiр алып — Алғадай елестейдi. Тығырықтан шығатын жалғыз жолды сол ұл табатындай көрiнедi. Бiрақ Алғадайдың өзi араққа салынып, қайыр сұрап жүрсе не дейсiң? Тырнақтының батырып, жұдырықтының құлататын қатыгез қоғамда жоқшылықтың азабын тартып жүргендер аз емес. Кiшкене кезiмде ауылды жерде, қалың қазақтың ортасында бiреудiң шай-тұздан мұқтаждық көруi мүмкiн емес деп бiлетiнмiн. «Тараз өңiрiнен келдiм» деген соң, «Туыстарыңыз жоқ па едi?» деймiн ғой баяғы. «А-а-й, мына заманда қай туыс, қай бауырың қол ұшын бере қояды дейсiң! «Бар болса көре алмайды, жоқ болса бере алмайды» ғой, бәрi әркiм өз күнiн қармап кеткен. Қалтаңда ақшаң болса «Күлеке, Күлекесiң» де, әйтпесе бар туғаның иығыңнан итерiп шығарады. Балаларың қайда дейсiң бе? Әрқайсысының өз өмiрi, өз отбасы бар. Атпалдай азаматтың бақандай бесеуiне, қырмызыдай қылықты қыздың алтауына жарық сыйлап ем. Осы қаңтарда тiрi қалған жалғыз ұлымды жерге бердiм, қыздың қазiр төртеуi бар. Адам баласы үшiн перзентiнiң өлiмiн көруден асқан қиянат болмаса керек. Өзi бастан өткермеген адам мұны түсiне бермейдi. Бес баласының бiреуiн ажал алғаннан есi ауысып кетуге сәл-ақ қалған әйелдi де көрдiм. Сондағы менiң шықпаған жаным деймiн, бiр емес, алтыншы балам оқуын да бiтiрмей «үйленем де үйленемге» салды. Сондағы шүйкебасы шеше тәрбиесiн көрмеген бiреу боп шықты. Ата-анасы араққа құл боп кеткен, бауыры түрмеде отыр екен. Онысына да қарамай, «жалғызымның қалаулысы» деп қызымнан кем көрмейiн десем – болмады ғой, тоқтамады. «Кетем, кетем» деп екi күннiң бiрiнде байбалам шығаратын. «Қайтып келер есiгiңдi қатты серiппе» деген сөз бар, «қызым» қанша рет есiгiмдi теуiп кетiп, қанша рет қызармай қайтып келдi. Сондай бiр «келмеске аттанғанында» емшектегi қызды қолыма тастап кете барды. Ұлым да байыз таппады. Өзi де бойшаң, аққұба келген өңдi жiгiт едi, кейде отырып алып, соған ұқсайтын балаларды ғана ақырын iздеп отырам. Шайтан судан сiмiрiп алып, айына бiр етектiнi әкелiп тұратын. Ертесiне «бiлмеймiн, танымаймын» деп тән алмай шығады. Оңашада айтатыны бiр-ақ әңгiме – «Жүрегiм Қарагөзден басқаны қаламайды» дейдi. Жаңағы сайтанның артынан ерiп Алматыға келдi. Оның үстiне Әзиздiң «арқасы» бар едi, аурушаң болатын. Соңғы рет емшiге барғанымызда: «Я Алла жеңiп, ауруынан айығады, я арақ жеңiп, ажал алады» деген. Сұм ажал алып ұрды, қайтейiн?! Ұлым түгiлi ұлы Александр Македонскийдi де 32 жасында тақтан жұлып, табытқа түсiрген өзге емес, ықылық атқанша iшетiн өз әдетi дейдi ғой, әлсiз ұлым күштi дертпен қалай айқассын?! Қазiр сол баламның қырқын бергенге ақша жинап отырмын. Жұмаққа топ ете түсетiндей боп асыққан Алматым жалын күдiрейтiп қарсы алды, немеремдi алып, Таразға қайтам.

Адамның жақыны дүниеден өткенде қандай да бiр бетбұрыс, өзгерiс болады. Төрт жыл бұрын жолдасым кеткенде өзiмдi жапан далада жалғыз қалғандай сезiндiм. Барар жер, басар тауым қалмағанда осындағы қызым «Жанымызда болғын» деп шақырып едi, шиеттей бала-шағасының жайын көргенде масыл болғым келмей жалғыз тұратын ұлыма бардым. «Пәтерi» адам түгiлi мал тұрғысыз, есiгi мен еденi шұрық тесiк, оған қоса әйнегiнiң бiр көзiне жалбыратып целлофан қағып қойыпты. Әлиям екеуiмiз келiп, «үйдi» жамап-жасқап бақтық, ақыры шыдамай көшеге шықтым. Ендi қайтейiн, 25 жыл ұстаздық тәжiрибемен шыққан құрметтi демалысымның зейнетақысы пәтер ақысын төлеуге де жетпейдi. Iшетiн ас, киетiн киiм керек, ботам мектепке барады. 4-сыныпта ғана оқыса да немерем ерте есейдi. «Көршiнiң үйiне кiрмей-ақ қояйықшы, сенiң көйлегiңдi сынайды, қызы да маған джинсыңның тiзесi шығып кетiптi» дей бередi. Ақ-қара теледидардан көретiнi сериалдардың түрлi-түстi өмiрi, ал тататыны қара мен қара шай. Туған туыс атаулының есiгiнен сығаласаң «көйлегiне жамау сұрай келген күңге» қарағандай суық қарсы алады. Екi жылдан берi туған iнiме де кiрмеймiн, бұрынғы сыйластық құмға сiңгендей – жоқ! «Ар» дейсiңдер, сол арларың не өзi, «намыс» дейсiң, нем бар менiң намыста! Көшеге шықтым. Алғаш КазГУ-дiң ауласына келгенiмде бұрынғы бiр шәкiрттерiм танып қойып жерге кiрiп кете жаздадым. Ал қазiр маған бәрiбiр. Мынау сендер керегi шамалы деген бес теңгелiктерiңдi тосып отырған алақан 11 сәбидiң маңдайын сипаған. Осы алақан жиырма бес жыл iшiнде қанша оқушыға анасының алақанындай болғанын бiр Құдайдың өзi бiледi. Осы алақанды жайып тапқан тиын-тебенiммен алқаш баламды үш жыл асырап, немерелерiмдi оқытып келем, осы алақанның тапқан теңгесiне кешке Әлияма деп бiр түйiр мандарин апарсам да разымын. Иә, разымын. Өйткенi бiреудiң адал асын зорлықпен асап отырғам жоқ, ұзынды-қысқалы ғұмырымда «дайын асқа тiк қасық» болған тұсым да жоқ, аярлықпен, алаяқтықпен де айналысқам жоқ!» – деп даусын көтерiп жiбердi де, жанарынан бұрқ ете қалған жасын жасырғысы келгендей ренжiген жас балаша мұрнын тыжырайтып, әңгiмесiн жалғады. «Өмiрге налып отырғандай көрiнуiм мүмкiн, бiрақ мен ешкiмге де ренжiмеймiн, ешкiмдi кiнәлағым келмейдi. Маңдайға жазғаны сол болса, көнерсiң де, қайтесiң? Бауырым мен сiңлiмнiң, шешем мен қыздарымның қағанағы қарқ болып отыр дейсiң бе? Жан-жағыңа көз салшы, кiм бай? Туған-туыс, жекжат-жұрағаты байлар ғана. Ал бiз сияқтылар бүкiл тұқым-тұяғымызбен арамыздан бiр iскер, адамгершiлiгi мол бiреу шықпайынша кедейшiлiктiң шылауында жүре бередi. Менiң қызым 6 жыл болды жекеменшiк университетте еден жуады. Сол университеттiң ректорының төрт ұлы мен төрт келiнi, әйелi, басқа да жақын жұрағаты бақа-шаянына дейiн доцент, профессор, проректор. Әрқайсысы 2-3 қабатты коттедждерде тұрады. Басына тартса, аяғына, аяғына тартса, басына жетпей жүрген…»

Алматының Арбатында аласапыран ойға арбалып келем. Санамның бiр түкпiрiнде домбыраның қоңырқай үнi мұңды бiр сазды күмбiрлетiп, толастар емес. Қашан естiдiм, қайдан? Әйтеуiр өле-өлгенше таусылмайтын, шетi-қиыры жоқ шексiз, тағат таппайтын бiр түрлi мұң. Құрманғазы да, Тәттiмбет пен Дина да емес. Бәлкiм, халықтың жадында сақталған ескi күй, бәлкiм, дәл қазiр осы мұңлы кеудеден ақтарылып отырған қазақтың тағы бiр жаулығының iшкi сыры. Осы ой жанымды қоярға жер таптырмайтын киелi күйдiң иесiмен тiлдесуге жетектедi. «Ренжiмей, жөнiңе жүре бер, қалқам! – дейдi ақ жаулық, – өзiмiз де жылап-сықтап жүрген адамбыз, қайтесiң жараның аузын тырнап?! Қанша жерден айтсаң да, журналистерге сенбеймiн, бiр жыл бұрын «Рахаттан» бiр қыз келiп «Апа, сiздiң бет-жүзiңiздi көрсетпеймiз» деп сөйлетiп алды да, ертеңiне теледидарға шығарды. Сонда университетте оқитын балама шешесiнiң қайыр сұрап отырғанын көру оңай болды дейсiң бе? Жоқ! Ал екiншi сыныптағы ұлымның кейбiр кластастары әлi күнге оны келеке етедi екен, кей күнi мектептен жылап келедi!»

Көңiлiм одан сайын құлазып, үйге тартпақ боп «Саяхат» автобекетiне келдiм. Онда да қолын жайған ақ жаулық. «Балам, өзiңнiң де анаң бар шығар, жалғыз қызым ауру» деп бәрiне бiрдей иiлiп тұр. Тiлдесуге батылым бармай, аялай ғана қараумен болдым. Ақ жаулығыңнан айналып кетейiн әжетай, өткен-кеткеннiң бәрiне мұңыңды шағып, сонша таусылдың ғой, алтыдағы балаға да, алпыстағы ағаға да кәрi сүйегiңдi сықырлатып иiлдiң ғой! Мұрын шүйiре өтiп жатқандардың бiрде бiреуi сенiң иiлгенiң түгiлi көз қырын тастағаныңа татымауы мүмкiн. Әжiмдерiңде тарих қойнауындағы ғасырдың табы бедерленiп тұра неге иiлесiң, соншама неге таусыласың? Сен – Анасың ғой. Ананың көз жасы көл болған мынау қатыгез әлемдi қабылдай алмаймын, қабылдағым да келмейдi!

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары