734
СОҒЫСТАН КӨЗ АШПАҒАН ЕЛДЕ
СОҒЫСТАН КӨЗ АШПАҒАН ЕЛДЕ
Ауғанстан десек, ең алдымен, тұрақсыздықтан iргесi шайқалған елдi, «Талибан», «әл-Қаеда» қозғалыстары мен молда Омар, № 1 терроршы Осама бен Ладеннiң бейнелерiн көз алдыңызға келтiруiңiз мүмкiн. Алайда, АҚШ әскерилерi мен томагавкiлерiнiң әсерiмен елде соңғы кезде демократия «орнатыла» бастаған соң ба, жоқ әлде, назарымыз Иракқа ауып кеткендiктен бе, әйтеуiр, Ауғанстан факторы бұрынғыдай қорқыныш туғызбайтындай болып көрiнген. Бiрақ, қателесiппiз.
Негiзiнен, Сыртқы Iстер министрi Қасымжомарт Тоқаевтың Ауғанстан Ислам Республикасына (елдiң ресми аты) жасаған ресми сапары аясында сол елге жолымыз түскен-дi. Сонымен, күндiзгi сағат 16.00. Астана әуежайы. Министрдiң әуеге көтерiлуi тиiс ұшағы қаңтарылып тұр. Ұшақ бiр жарым сағат бойы қанатын жаза алмай, Астананың әуежайында қаңтарылған. Себеп, бiз бет алған елдiң солтүстiк жағында әскери қақтығыстар орын алыпты да, ауған жағы әуе коридорын жауып тастапты. Тоқаев мырза, «ұшуға рұқсат ала-алмай отырмыз» дейдi. Сол кезде ғана бойға қорқыныш сезiмi ұялай бастады. Сол кезде ғана, Ауғанстанда ешқандай тәртiптiң жоқтығын, аймақтарында қарулы қақтығыстардың жиi орын алатынын, қуыршақ президентiнiң елдiң бүкiл аумағына билiк жүргiзбейтiнiн айқынырақ түсiнгендей болдық. Батыс ақпарат құралдарының Ауғанстан хақында тарататын ақпаратының басым бөлiгiнiң елдi бейбiт жағдайда көрсетуге бағытталатынын да аңдадық. Сөйтiп, Ауғанстан астанасы Кабулге қас қарая жеткен бiз орта ғасырға оралғандай күй кештiк. Азып-тозып кеткен жұрт, жарығы жоқ, ойық-ойық көшелерде бiлте шамның көмескi жарығымен сауда жасап тұрған адамдар. Әсiлi, маңдайының соры бес елi деп осындайда айтылатын болар. Мына түрiмен Ауғанстан алдағы бiр ғасырда өркениеттiң көшiне iлесе алмайтын шығар. Солтүстiк аумағы Орыс империясы, кейiннен, Кеңестер одағының, оңтүстiк жағы Британ империясы, кейiннен Батыс бағыттас мемлекеттердiң шекарасымен түйiскен Ауғанстанның геосаяси жағдайы оның сорын әбден қайнатыпты. ХVII ғасырдың аяғы мен ХVIII ғасырдың басында мемлекет болып қалыптасқанынан берi соғыстан көз ашпаған мемлекетте қандай шырай болсын? Бiрақ, тарихшылар ауған халқының еркiндiкке ұмтылғыш қасиетiне назар аудартады. Олардың бұл қасиетi ағылшын отаршылдарына қарсы күрес кезiнде қалыптасқан дейдi олар. Тiптi, Кабулдың негiзгi көшесiне (ағылшындарды қырып салған жер) — Мейвандтың аты берiлген. Ауғандар кек қайтарғыштығымен де ерекшеленедi екен. «Қанға қан» деген принцип бұларда өз күшiн жоғалтпаған. Тiптi, кек қайтару әкеден балаға идеологиялық тұрғыдан мұра болып қалатын секiлдi. Бұған өзiмiз де куә болдық. Кабулдың орталық көшелерiнiң бiрiнде дүкен ұстайтын Рахметолланың дүкенiне бас сұққанымызда, қарапайым ауғанның қоғамдық-саяси көңiл-күйiн бiлмек болғанбыз. Ол баласының шалбарының балағын түргiзiп, мина жарықшақтарынан семiп қалған аяғын көрсетiп, «Басқыншылықтың кесiрiн менiң мына кiшкентай балам да көрдi. Бiздiң халық ешнәрседен қорықпайды. Қазiргiлер (америкалықтар) тiзесiн батырып бара жатса, бiз неге болса да дайынбыз. Менiң қолымнан келмесе, балам, болмаса, оның баласы басқыншылармен күресетiн болады» дейдi. Ауғандардың ешкiмдi мойындамайтын қасиетiн мына бiр жайттан да көруге болар. Британ империясының, Кеңестер одағының әскерiн өз аумағында шыдатпаған ауғандар қазiргi күнi АҚШ-тың «қуыршағы» Хамид Карзайдың билiгiн де көзге iлiп отырған жоқ. Карзай Кабул мен оның жан-жағын ғана бақылайтын секiлдi. Аймақтарда әрбiр этникалық топ немесе тайпалар өз заңымен өмiр сүредi. 27 миллионға жуық халқы бар Ауғанстанның негiзiн құрайтын ұлт – пуштундар халықтың 63%-i. Ал тәжiктер 13,7 %, хазарлар 7,8 %, өзбектер 3,2 %, аймақ, түркiмен, белуджа секiлдi аз ұлт өкiлдерi 11, 6 % құрайды. Бұл елдiң бiр ерекшелiгi — әр ұлттың немесе тайпаның өз партиясы бар. Мәселен, елдiң экс-президентi Бурхануддин Раббани басқаратын «Ауғанстанның ислам қоғамы» атты партия тәжiктер тұратын провинцияларға ықпал етедi. Ал Абдул Рашид Дустум басқаратын «Ауғанстанның ұлттық ислам қозғалысы» партиясының мүшелерi – өзбектер. Түр-түсi жөнiнен қазақтарға келiңкiрейтiн хазарлардың өз партиясы бар. (Хазарлар — Ауғанстан аумағына ХII ғасырда орныққан моңғолдардың ұрпағы.) Ал пуштундар iрi-iрi үш тайпадан тұратын ұлт болғандықтан, бiрнеше партияға ие. Тағы бiр қызығы, әр партияның өз әскери күшi бар. Карзайдың үкiметi сол партияларды қарусыздандыру үшiн барын салып жатыр. Бiрақ, оның талаптарын ешбiр партияның, яки, этникалық топтың көсемдерi құлаққа iлiп отырған жоқ. Қайта, Карзайдың ұсыныстарын жаратпай тастайды екен. Ал бұл кезде Ауғанстанның өзiндiк әскери күшi бар-жоғы 26 000 адамның төңiрегi. Ауғанстанда, этникалық топтың лидерi, әскери командир және партияның бетке ұстары бiр адамның бейнесiнде тоғысады. Ендi, мұндай лидерлер Парламентке депутат болып сайланып, Карзайдың ұсынған Үкiметiн бекiтпей отыр. Тоқаевтың баспасөз хатшысы «тарихи кезеңге» балаған, яғни, Қазақстан Сыртқы iстер министрiнiң ауған елiне жасаған алғашқы ресми сапары сондай елең-алаң кезеңге сай келдi. Ел президентi өзi ұсынған адамдардан Үкiмет жасақтай алмай, пұшайман күйде отыр екен. Айтпақшы, Ауғанстанда премьер-министр деген лауазым болмайды екен, Үкiметтi президенттiң өзi басқарады. Ауған Парламентiнiң басшысы Юнус Кануни: «Президенттiң жаңа кабинет туралы ұсынған құжатында жетiспеушiлiктер бар» — деп, Карзайдың ұсынысын қабылдамай тастапты. Бұдан әрине, америкалықтар ауғандардың бойына таңдау еркiндiгi секiлдi қасиеттердi қалыптастырып үлгерiптi деп ойлап қалмаңыздар… Бiздiң Парламент депутаттары басқа нәрсесiнен үлгi алмаса да, ауғанның осы бiр мысалына тереңiрек үңiлсе, бiраз жайт өзгеше түзiлер ме едi, өйткенi, бiзде Үкiметтiң кез-келген жобасы жүз пайыздық деңгейде қолдау тауып, қабылданып жатады ғой. Ауғанстанға қайтып оралайық… Парламент пен президенттiң арасындағы түсiнiспеушiлiктердi бiздiң дағдарыс деп атағанымыз Карзайдың оң қолы, елдiң бас министрi (senior minister), бұрын Сауда министрлiгiн басқарған Хедаят Амин Арсаланың көңiлiне келдi. «Бұл ұзақ уақытқа созылмайды. Бар-жоғы 2 аптаның көлемiнде шешiлiп қалар», — дейдi ол. Бәлкiм, отандық ауқымда мұндай жайтты есiмiзге түсiре алмағандықтан ба, әйтеуiр, екi аптаның өзi бiраз мерзiм секiлдi болып көрiндi бiзге. Соңғы 10 шақты жыл iшiнде, 1994-2001 жылдар аралығында «Талибан» қозғалысы билiк құрған кезеңде Ауғанстан әбден дiңкелеп қалыпты. Оларды тау бөктерлерiне тығып тастаған америкалық әскерилер ауған жерiнде өздерiн үйiнде жүргендей еркiн сезiнетiн секiлдi. Еңгезердей-еңгезердей, үстi-бастары қарумен мұздай құрсанып, ит жетектеген америкалықтарды Кабулдан жиi кездестiрдiк. Кабулдың ойдым-ойдым көшелерiнде танктер жүрсе, көкте сынақ ұшақтары күзетедi екен. Кабулдың көгiн тiлгiлеп жүрген ұшақты, тiкұшақты бозала таңнан бастап көресiз. Тiптi, ел астанасының әуежайы сынақ ұшақтарының да қонатын жерiне айналыпты. Яғни, әуежай азаматтық мақсатпен бiрге, әскери мақсатта да пайдаланылады. Президент Хамид Карзай ел аралап, Ауғанстанға көмек қолын ұсынатындарды жағалап жүр. Үкiметтiң елдi толық бақыламайтындығының кесiрiнен, мемлекеттiк бюджетке салық түсiру деген жайт Карзайдың тек түсiне кiретiн шығар. Айтпақшы, Ауғанстанда салық төлейтiн кәсiпорын немесе жұмыс орындары некен-саяқ. Кабулдегi басшылар тек шет елдiң қаржылай көмегiне ғана сүйенiп отыр екен. Ол ақшаның аймақтарға бармайтыны бесенеден белгiлi. Ауғанстанның басшылығын қазiргi күнi негiзiнен америкалықтар қаржымен қамтамасыз етуде. Алдағы екi жылда америкалықтар Ауғанстанға 1, 1 млрд. АҚШ долларын бөлмекшi. Бұл жайлы АҚШ Мемлекеттiк Хатшысы Кондолиза Райс мәлiмдеген. Ал соңғы төрт жылда америкалықтар тарапынан ауған экономикасына құйылған инвестиция 6 млрд. АҚШ долларын құраған. Батыс Еуропа да қалыспай, ауған экономикасына қаржы салуда. Жақында, Ауғанстанды дағдарыстан шығару мәселесi талқыланған Лондон конференциясында донор-мемлекеттер 10, 7 млрд.доллар бөлуге келiсiмге келген. Жапония төрт жыл iшiнде 1 млрд. доллар инвестиция тартуға уәде берiп, ол уәдесiн мерзiмiнен бұрын орындап тастады. Үндiстан 50 млн. доллар бөлiп, ауған парламентiнiң ғимаратын салдырып жатыр. Иран Бушердегi атом энергетикалық станциясы iске қосылғаннан кейiн, Ауғанстанды электр қуатымен қамтамасыз етуге уәде берiп отыр. Арасын 96 шақырым бөлiп отырған Қытайдай көршiсi ауған астанасында және елдiң өзге де iрi қалаларында аурухана салуға бiр-екi күн бұрын қаржы бөлдi. Бiрақ, Ауғанның дәмесi үлкен. Бас министр Хедаят Амин Арсала: «Қазiргi күнi донор мемлекеттер Ауғанстанға көп ақша бөлiп отыр. Ол ақша денсаулық сақтау саласына, бiлiм беру және құрылыс, өнеркәсiп салаларына бағытталуда. Бiрақ, ауған үшiн қазiр тек материалдық фактор ғана емес, саяси қолдау да аса қажет. Моральдi-психологиялық көмекке зәрумiз» дейдi. Ауғанстанды Батыс елдерiнiң жақын арада моральдi-психологиялық тұрғыдағы көмекпен толықтай қамтамасыз ететiндiгiне еш күмән келтiрмеймiз. Бiздiң Қазақстан да Ауғанстанға жiтi көңiл бөлетiн секiлдi. Сыртқы iстер министрi Қасымжомарт Тоқаев мырза Ауғанстанға қатысты өтетiн халықаралық конференциялардан қалмайды. Бұл жолы да Тоқаев Ауғанстанға президент Хамид Карзаймен кездесу үшiн және «Үлкен Орталық Азиядағы даму барысы, серiктестiк және сауда қатынастары» атты халықаралық конференцияға қатысу үшiн барған едi. Ауғанстан сапарында нендей мәселелер шешкенiн Қасымжомарт Кемелұлының өзi айтып берсiн: – Бiз Ауғанстанның құрылыс саласына көмек беруге мүмкiндiгiмiз бар. Өйткенi, елдiң құрылыс компаниялары осында келуге дайын отыр. Хамид Карзай бұл ұсынысымызды қуана қабылдады. Ол бiздiң жақтың бизнесiне, яғни, Ауғанстанға келетiн құрылыс бизнесi өкiлдерiне қолдау көрсететiнiн айтты. Ауғанстанға кадр дайындауда да көмек қолын ұсына аламыз. Медицина, инженерлiк мамандықтар алғысы келетiн ауған азаматтарын Қазақстан оқу орындарында оқытуға дайынбыз. Екi ел арасындағы жалпы сауда бойынша да, таяу арада бiрлескен комиссия отырысын өткiзу жайлы келiсiмге келдiк. Бiрақ, мұнда саяси дағдарыстың орын алуы себептi, әлi Үкiметi жасақтала алмай жатыр ғой. Сол жасақталысымен, Карзай мырза Кабулден Астанаға делегация жiберетiн болды. Бiздiң Ауғанстанға көмек беруге мүмкiндiгiмiз жетедi. Карзайды маусым айында Алматыда өтетiн СВМДА саммитiне қатысуға шақырдық. Ол келiсiмiн бердi. – Ал «Үлкен Орталық Азиядағы….» конференциясындағы әңгiме ауаны сiздiң ойлағаныңыздан шықты ма? – Бұл конференцияның тақырыбының өзi қызық. Конференцияда Үлкен Орта Азия аумағы туралы кең көлемдегi әңгiме болды. Негiзi, тарихы бойынша, Ауғанстан Оңтүстiк Азия мен Орталық Азияның дәл ортасында нықтап орын тепкен ғой. Орыс империясының құрамына кiрмеген. Әлi күнге дейiн дербес мемлекет ретiнде саясатын жүргiзуде. Бiз Ауғанстанның Үлкен Орталық Азияға кiру қажеттiгiн талқыладық. Менiңше, Ауғанстан Үлкен Орталық Азия аумағына қосылуы керек. Өйткенi, ең алдымен, Ауғанстан — геосаяси жағынан аса маңызды мемлекет. Егер, ол Орталық Азия елi ретiнде қарастырылса, мұнай, газ құбыры секiлдi тасымалдау жолдары Ауғанстан арқылы жүредi. Осы конференцияның мүшелерi де елдi Үлкен Орталық Азия құрамынан көргiсi келетiнiн айтты. Бiрақ, Ауғанстанның iшкi ахуалы қазiр оңай емес, өзiңiз де көрдiңiз ғой. Болашақта тұрақтылық, бейбiтшiлiк бола ма, жоқ па, ол туралы айту да қиын. Ауғанстанды сауықтыру үшiн бiраз шаралар қолдану керек. Ең алдымен, саяси жағынан, сонсоң, экономикалық жағынан. Онан кейiн дипломатиялық тұрғыдан. Бұл – күрделi мәселе. Оны шешу оңай емес. Бiраз уақытты қажет етедi. Бiрақ, осы тенденция жалғасса, Ауғанстанның болашағының жақсы болатынына сенемiн. – Ауғанстанның болашағын талқылаған конференциялар соңғы уақытта тiптi, көбейiп кеттi. Оның бiр нәтижесi болып жатыр ма? – Ауғанстан туралы Лондонда өткен конференцияның жөнi бөлек. Онда әртүрлi донор-елдер жиналып, бiр жарым миллиард доллар бөлдi. Егер бұл конференция туралы айтсақ, бұл жолғысы негiзiнен, елдiң геосаяси жағдайын анықтау. Ал расында конференция өте көбейiп кеттi. Бiрақ, бұл керектi жайт. Егер маңызды адамдар жиналса, олар өзектi тақырыптарды талқыласа, ол мемлекет үшiн өте тиiмдi болмақ. Ресей президентi Путин «семiз мысықтардың клубы» (Үлкен сегiздiк) деп атаған дамыған елдерде әлеуметтiк ахуал шешiлiп қойғандықтан, олар да артта қалып қойған, оның үстiне, Ауғанстан секiлдi соғыстан көз ашпаған мемлекеттерге көмектесуден өзге проблема қалмаған. Жоғарыда жазғанымыздай, сомасы миллиардтаған долларды құрайтын қаржылай көмек соның дәлелi бола алады. Әрi конференция деген жайт дамушы мемлекеттер үшiн де өзiн сыртқа көрсетудiң бiр мүмкiндiгi ғой. Бұл арада сән әлемiндегi «дефиле» деген терминдi қолдансақ та, артықтық етпес. Яғни, Ауғанстан тақырыбы «сәнге айналды». Ауғанстанды «Талибан» қозғалысы билеген он жыл iшiнде бiздiң елдiң саяси көзқарас бiлдiретiндей шамасы жоқ едi. Ауған дағдарысын шешуде Қазақстанның амбициясын көрсетiп жүргенi соңғы төрт бес жылдың көлемi ғана. Өзiн-өзi сыйлайтын елдердiң бәрi ауған мәселесiн шешуде рөлдi қажет ететiн кезде, дамыған мемлекеттердiң елулiгiнiң қатарына кiруден дәмесi бар, Қазақстанға шеттеп қалу жараспаса керек. Қазақстанның амбициясын Еуропалық Одақтың Орталық Азия елдерi бойынша арнайы өкiлi Ян Кубиш де байқап жүр екен. Ол: «Менiңше, Қазақстанның Орталық Азия мен Ауғанстан жөнiндегi пiкiрталасқа белсене араласуы – сiздiң елдерiңiздiң осы аймақтағы мәселелердi шешудегi рөлiн жоғарылатқысы келетiндiгiнен, мойнына жауапкершiлiктi молынан алуға құштар екендiгiнен хабар бередi» дейдi. Батыс елдерiн ауған мәселесiне араласуға итермелейтiн тағы бiр жайт – есiрткi бизнесi. Өйткенi, есiрткi ауғанның бағы да, соры да. Сорының не екенiн түсiндiру артық шығар. Ал бағы деуiмiз, есiрткiнi (опиум мен героин түрлерi) өндiру мен оны экспорттау елдiң Жалпы Iшкi Өнiмiнiң 40 пайызына тең. Есiрткiсi болмаса, елдiң экономикасы отырып қалғандай екен. Яғни, бiздiң мұнайымызбен салыстыруға болар. Талибтер билiк құрған кезде Еуропаны есiрткiмен қамтамасыз ету үшiн қатты тер төгiптi. Хамид Карзай есiрткi өндiрiсiн «елдi масқара ететiн қара күйе» деп атағанымен, оның пайдасын көрмей қарап отыр деп айта алмаймыз… Айтпақшы, Ауғанстанда Заңсыз есiрткi саудасымен күресу министрлiгi бар… Осындай елдi Орталық Азия мемлекетi деп қарастырғаннан бiздiң елдiң не ұтатынын Тоқаев мырза түсiндiрiп баққанымен, бiз оның түп-төркiнiн ұға алмай-ақ қойдық. Мәселен, Еуропалық Одақ Түркияны қабылдаудан азар да безер болып отыр. Өйткенi, Түркия экономикасы дамымаған Азияның бiр елi. Бұған дiни фактор да қосылған. Яғни, Еуропаның имиджiне әсер ететiн фактор. Ал бiз Ауғанстанды өзiмiздiң шапанымызға қарай тартамыз. «Қазақстан Ауғанстанның жанында орналасқан. Тиiп тұр» деген әзiлiмiздi дұрыс түсiнбеген шетелдiктiң «Ондай елмен көршi болу қиын шығар. Елестетудiң өзi қорқынышты» деп шошығанына өзiмiз куәмiз. Ел аумағының 75 пайызы тау мен тастан тұратын Ауғанстанда темiр жол деген атымен жоқ. Автомобиль жолдарының да оңып тұрғаны шамалы. Экономикасы мен өнеркәсiбi дамымай қалған. Талибтердiң кезiнде бар өнеркәсiптiң өзi құрдымға кетiптi. Өйткенi, бүкiл назар есiрткi саудасына бөлiнген. Қазiргi күнi Ауғанстанның негiзгi мәселесi талибтердi жақтайтын күштердiң ауық- ауық бой көрсететiндiгiнде. Әсiресе, жаңадан салынып жатқан объектiлер терроршылардың назарында болады екен. «Жақында ғана мына сiздер орналасқан қонақүйде парламент спикерiнiң өмiрiне қастандық жасалды» деп, Қазақстан дипломаты көңiлсiз бiр әңгiменi жеткiзген. Қазақстан осы уақытқа дейiн Ауғанстанға бiраз көмек берiп үлгерiптi. Азық- түлiк өнiмдерi, астық, қару-жарақ түрiнде қайырымдылық жәрдем көрсеткен. Осыған дейiн Ауғанстанды мекендейтiн 400 жүздей отбасы Қазақстанға оралыпты. Айтпақшы, халқы ислам дiнiн ұстанатындықтан өзге мұсылмандардың бәрiн жанына жақын көретiндiгiн аңдап қалдық. Қарапайым ауғандармен бетпе-бет келгенде «мұсылмансыз ба?» деп сұрайды екен. Ислам факторының өте маңызды рөл ойнайтынын мына бiр жайттан көруге болар. Осыдан 16 жыл бұрын христиан дiнiн қабылдап, Германияда тұрып жатқан тегi ауған Абдул Рахман есiмдi азамат, жақында қызын алып кету үшiн елiне келген кезiнде отандастары тарапынан үлкен қарсылыққа ұшырап, түрмеден бiр-ақ шыққан. Ауған халқының бүкiл нәрсеге сезiкпен, қорқынышпен қарайтынын аңдадық. Көзсiз тентектiкке бейiм екендiгi де байқалып қалады. Кабулдың көшелерiнде дүкеннiң жаны, жолдың бойы болсын, қай жерге көз салмасаңыз да, Калашников автоматын ұстанған бiр адам. Тiптi, атып жiберетiндей көрiнедi. «Бұлардың кiп-кiшкентай балаларының өзi автоматтың құлағында ойнайды» дейдi қазақ дипломаты. Соғыс пен қан төгуге қалыпты жағдай ретiнде қарайтын елдiң бағынан соры көп екенiн көрдiк.Гүлнәр МҰҚАНОВА
Астана — Кабул — Астана