ТАРИХ ДАУЫ – ЖЕР ДАУЫ
ТАРИХ ДАУЫ – ЖЕР ДАУЫ
Қазақтың елдiгi мен мемлекеттiгiне тарихи тұрғыдан мейлiнше күмән келтiру бұрындары да көп болған. Бiрақ өткендегi ондай жағдайларда қазақы сананың мұндай талпыныстарға қарсы берiк иммунитетi болған. Өйткенi бұрын сол күмән келтiрушiлер басқа халық өкiлдерi болған.
Сондықтан олардың айтқандарын қазақты жақтырмайтындардың терiс пiкiрi деп қана қабылдауға толық негiз бар едi. Қазiр ондай сөздер өз iшiмiзден айтылып жатыр. Және қазақ тарихына қатысты осы терiс пiкiрлер сол өз iшiмiзде iлезде iлiп әкетiлiп, кеңiнен таратылуда. Қарсы уәж айтуға батылы баратындар көп емес. Және осы азшылықтың өзi iс жүзiнде ақпараттық блокада жағдайында қалғандай күн кешуге мәжбүр.Осындайда қазақтың «Жалғыздың үнi шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген мәтелi еске түседi. Дегенмен, үндемей қала беруге болмайды. Өйткенi осы жағдай елдiгiмiзге сын. Қайта мойымай айту керек. Тарихымызды, тiлiмiздi, елдiгiмiздi бұрынғыдан бетер насихаттауды қолға алуымыз керек. Мәселенi тереңiрек зерттеуге ден қоюымыз керек. Және де қазақ халқының, оның тарихи және мәдени мүддесiне қандай да болмасын бiр қолдау танытатын пiкiр кiмнiң атынан айтылса да және қай жерде айтылса да, оған барынша ден қойып, жан-жақты қолдау көрсетiп шығуымыз қажет.
XXI ғасырда халықаралық және ұлтаралық қатынастарда жер мәселесi ең шатақты мәселе болып тұр. Адамзаттың саны 6 миллиардтан асып кеткен жағдайда әр халық үшiн өзi өмiр сүрiп отырған орта мен жердiң ауқымына басқалардың қол сұғуына жол бермеу қажеттiгi өте-мөте маңызға ие. Тiптi бiр ғана ТМД кеңiстiгiн алсақ та, осыған қатысты талай шатақты атауға болады. Тәжiктер осыдан мың жылдан астам уақыт бұрын Бұқарада билiк құрған Саманидтер әулетi тарихын тiлге тиек етiп, Өзбекстанның бiраз бөлiгiн өз жерi деп тануға талпыныс жасап жүр. Және де бұл журналист-жазушылар мен мәдениет қайраткерлерi арасында ғана айтылып жүрген әңгiме емес. Бүгiнгi Тәжiкстанның мемлекеттiк идеологиясы өзiнiң тамырын Бұқарадағы Саманид мемлекетiнiң негiзiн қалаған Исмаил Саманиден таратады. Тiптi тәжiктiң ақшасының өзi «сомони» деп аталады. Бұндай жәйт көршi Өзбекстанды, әрине, қатты алаңдатады. Өйткенi Бұқара мен Самарқансыз қазiргi өзбек елiн көз алдыңа елестетудiң өзi қиын. Осыған ұқсас жәйттер қазiргi уақыттағы ТМД ауқымында өте көп. Өз ыңғайынша құрастырылған тарихқа арқа сүйеп басқа халықтар мен елдердiң жерiне көз аларту, не тiптi солардың жерiн даулау жаман әдетке айналып кеттi. Осындай әңгiмелердiң ең қауiптiсi қазақтарға қарсы бағышталған десек, артық айтқан болмас. Өйткенi қазақтың кең-байтақ жерiне көз аларту оның өзiн халық-ұлт ретiнде жоққа шығарумен тiкелей ұштасып жатады. Және де ең қорқыныштысы: бiзде қазақ мүддесiн аяққа таптауға жүйелi түрде қарсы тұру, мұндай талпыныстарға қарсы ұйымдасқан күрес жүргiзу атымен жоқ дерлiк. Жағдайдың осы күйде сақталып қала беруiне көнуге болмайды. XXI ғасырда өзiн-өзi қорғай алмаған ұлт жерiнен ерте ме, кеш пе айрылады. Ал қазақтың жерi үлкен. Қазақстан әлемдегi мемлекеттер iшiнде бұл көрсеткiш бойынша Ресейден (17,075 млн. шаршы км.), Канададан (9,976 млн. шаршы км.), Қытайдан (9,597 млн. шаршы км.), Америка Құрама Штаттарынан (9,363 млн. шаршы км.), Бразилиядан (8,512 млн. шаршы км.), Австралиядан (7,687 млн. шаршы км.), Үндiстаннан (3,288 млн. шаршы км.) және Аргентинадан (2,777 млн. шаршы км.) кейiнгi 9-ыншы орынға (2,717 млн. шаршы км.) ие. Аталған мемлекеттердiң бесеуi – Ресей, АҚШ, Қытай, Үндiстан және Бразилия – халқының саны көп, мемлекеттiлiгi тұрақталған қуатты елдер. Оның үстiне оның төртеуi — Ресей, АҚШ, Қытай және Үндiстан – ядролық державалар. Демек, қажет болған жағдайда өз жерлерiн қалай да қорғай алады. Бесiншiсi – Бразилия – Оңтүстiк Америкада жайғасқан. Оның шығысында Атлант мұхиты бар. Ал құрлықтағы оны айнала қоршайтын елдердiң бәрiнiң халқы санын қосқанда, бiр ғана Бразилия халқының санынан аспайды. Және де онымен көршiлес мемлекеттердiң бәрiнде де жер жеткiлiктi. Олар Бразилиядан қауiптенбесе, Бразилияның олардан қауiптенуiнiң қажетi жоқ. Аталмыш тiзiмдегi Қазақстаннан басқа үш мемлекетте – Канадада, Австралияда және Аргентинада – халық, рас, көп емес. Бiрақ олардың жерiне көз алартардай айналаларында өз жерiне сыймай жатқан үлкен ел жоқ. Канаданың үш жағында – мұхиттар (шығысында – Атлант мұхиты, батысында – Тынық мұхиты, солтүстiгiнде – Солтүстiк мұзды мұхит). Төртiншi жағында – оңтүстiгiнде – Америка Құрама Штаттары. Бұл – Канаданың өзi сияқты бай мемлекет. Оның үстiне оның халқы көп болғанмен, жерi жеткiлiктi. Және де, басқаны былай қойғанда, американдықтар канадалықтар үшiн — тiлi де, дiнi де, мәдениетi де бiрдей бауырлас халық. Ал Австралия болса — айналасын түгелдей теңiз қоршаған бөлек бiр бүтiн континент. Оңтүстiк Америкадағы Аргентинаның шығыс және оңтүстiк жағы – теңiз, батысы – биiк таулар. Солтүстiгiнде Бразилия орналасқан, бiрақ оның өз жерi де жеткiлiктi. Қазақстанның жөнi басқа. Онымен көршiлес немесе жақын тұста халқының саны миллиардтан асатын және жерi жеткiлiксiз екi ұлы ел орналасқан. Олар – Қытай (1 млрд. 300 млн. адам) мен Үндiстан (1 млрд. 100 млн. адам). Бұлардың екеуi де ядролық держава болып табылады. Бiзге көршi үшiншi ядролық державада – Ресейде – Қазақстан жерiне қатысты ең көп дау айтылады. Және де оны айтатын жай адамдар емес, ресми тарихшылар, бүкiл әлемге танымал жазушылар мен қоғамдық қайраткерлер, саяси басшылар (мәселен, Мемлекеттiк Думаның вице-спикерi Владимир Жириновский). Сол елде қазақ тарихын қалай болса солай бұрмалаудың, қазақ жерiн даулаудың өте жиi орын алуы және оған қарсы халықаралық деңгейде ештеңенiң айтылмауы мен ешқандай шараның қолданылмауы ерте ме, кеш пе қалған екi ұлы державадағы кейбiреулер үшiн бiз жаққа қарай көз аларта бастауға түрткi болуы әбден мүмкiн. Сондықтан ендi ресейлiктердiң қазақ тарихы мен жерiне қатысты қиянатты әңгiмелерiне назар аударып, оларға баға берiп көрелiк.90-жылдардың басында «Аргументы и факты» апталығына ашынған бiр әйел оқырман:
«Осы «қазақтар» деген атау қайдан шықты? Бiздiң казактарды Кеңес өкiметiнiң аяусыз репрессияға ұшыратқаны аз болғандай, атына дейiн тартып алып, қай жақтағы бiреулерге берген-ау?!», — деген жолдары бар бiр хат жолдаған. Газеттiң редакциясы оны құптамағанмен, осындай көзқарастың негiзсiз екенiн дәлелдейтiндей ештеңе айтып жарытпаған-ды. Хаттың авторы Ставрополь ме, Симферополь ме — осы екi қаланың бiрiнде тұрады екен. Екеуi де осыдан бар-жоғы 200 жылдан сәл астам уақыт бұрын көшпелi ноғайлар мекендеген аймақтарда орналасқан. Симферополь орталығы болып табылатын Қырым аймағы туралы бұдан да гөрi нақтырақ нәрселер айтуға болады. Мәселен, Ресейдiң ХVIII ғасырдағы тарихи-демографиялық жағдайын зерттеушi белгiлi маман В.М. Кабузан былай дейдi: «К 1783 году из Крымского ханства вышли около 100 тыс. ногайцев, которые откочевали на Кубань. Из 300 тыс. человек (население Крымского ханства к началу 70-х г.г. XVIII века) 120 тысяч составляли ногайцы. В декабре 1783 года в Тавриде (Қырым түбегi- А.Т.) проживало всего 56.769 душ, причем это были татары и небольшое число евреев и казахов» («Народы России в XVIII веке. Численность и этнический состав «, 196-бет, Наука, 1990). Бұл — бiрiншi жәйт. Яғни қазақ Қырымда оны Ресей алмай тұрғанның өзiнде болған. Бiз басқаның жерiне көз алартудан аманбыз, бiрақ әңгiменiң шыны керек. Және де басқалар сенiң өзiңнiң атыңды да, жерiңдi де қайта-қайта даулап жатқанда, тек қорғана берудiң аздық етерi хақ. Даудың аты — дау. Дау айтылған соң қарсы уәждiң де айтылуы керек… Екiншi жәйт – Ставрополь өлкесi туралы. 200 жылдан астам уақыт бұрын Ресей империясы оңтүстiк жақтағы шекарасын кеңейте бастады. Жазық даланың халқы болып табылатын ноғайлар Кубань мен қазiргi Ставрополь аймағы жақтан шегiне-шегiне келiп, осы күнгi Чешенстанның жазықтау жағы болып табылатын Терек пен Сунджа өзендерiнiң аралығын паналады. Одан әрi барар жер қалмады. Өздерi «Iшкерi ел» деп атаған биiк таулы аймаққа қарай олар кете алмады. Сол «Iшкерi ел» қазiргi заманда «Ичкерия» деп аталады. Ендi әрi қарай не болды екен? Соны бiлуге талпынып көрейiк. Бiз өзiмiз бiрдеңенi жанымыздан шығарып айтты демес үшiн сол Ставрополь өлкесiне қатысты жергiлiктi ақпарат көзiне жүгiнейiк. «После того, как ногайские племена джембулукцев, едисинцев и буджанских орд изменили союзу с Российской империей, потребовалось вмешательство командующего Кубанским корпусом А. В. Суворова, который в 1783 году заставил их сложить оружие и переселиться с этих мест в междуречье Волги и Урала» («Ставропольская правда» 31 августа 2001 г). Қазiргi заманғы Ресей авторы бұл оқиғаның қаншалықты қайғылы болғанына тоқталмай өте шыққан. Осыдан бар-жоғы екi ғасырдан астам уақыт бұрын Ресей империясының әскерi Едiлдiң арғы жағындағы ұлан-ғайыр далада – Солтүстiк Кавказ жазығы мен қазiргi Украинаның оңтүстiгiндегi далалық аймақта – көшпендiлiкпен өмiр сүрiп жатқан қазақ-ноғай жұртын қайта-қайта тықсырып, қырып-жойып, ақыры Едiлдiң iшкi жағына, яғни шығысқа қарай күштеп көшiрген. Және де бұл бiр рет емес, талай рет болған. Осы жерде бiз «ноғай» деген емес «қазақ-ноғай» деген атты қолдануымыз кездейсоқ емес. Өйткенi сол қалың ноғайдың негiзгi бөлiгi амалсыздан Жайық жаққа келiп, қазаққа айналды. Әрине, Жайық олар үшiн жат болмаған. Жазда жайлайтын жерi осында болған. Ал қысқа қарай бұлар Солтүстiк Кавказ (Ставрополь, Кубань) жаққа, Қырым, Таврида және Буджак даласы (қазiргi Одессаның айналасы мен Молдованың оңтүстiгi) жаққа көшкен. Ресей империясы XVIII ғасыр барысында өз құзырын аталған аймақтарға таратқанда, қазақ-ноғай көшпендiлерi батысқа қарай алдымен Едiлден әрi, сосын тiптi Жайықтан әрi асу құқығынан айрылған. Ноғай мен қазақтың тұқымы бiр екенi — күмәнсiз нәрсе. Бiр-ақ мысал: қазақ фольклорында «ноғай жырлары» деген бар, ноғай фольклорында «қазақ йырлары» деген бар. Бұған кейбiреулердiң «құр сөз» деп сенбей қалуы да мүмкiн болар. Сондықтан дәлел келтiре кетейiк. Ноғай ауыз әдебиетi туралы «Народы России» (бас редакторы — В. А. Тишков, М.1994 ж.) деген энциклопедиялық басылымда былай делiнген: «Развит фольклор: богатырские поэмы (Ахмед сын Айсыла, Копланлы батыр, Эдиге, Мамай, Манаша, Аманхор и др.), обрядовая поэзия (родильные, свадебные, трудовые и др. песни, песни-оплакивания), лирические дестаны (Боз йигит, Козы-Корпеш, Боян Слу и др.), казацкие песни (къазакъ йырлары)». Осы жерде Ресейдiң тiптi ғылыми-академиялық қоғамдық санасының қазаққа деген терiс пиғылдығына таңданбасқа амал жоқ. Айтқалы, тұрғанымыз мынау. Бұл жердегi «къазакъ йырлары» дегеннiң «қазақ жырлары» немесе қазақ эпостары тiптi балаға да түсiнiктi болса керек. Ал Ресейдiң ғылыми және қоғамдық-саяси санасы мұндай шындықпен тiптi санасқысы келмейдi. «Көрмес түйенi де көрмейдi» дейдi бұндайда қазақ. Не iстей аласың бұған ендi?! Бiрақ мұндай жағдайдың қазақ үшiн, оның бүгiнi мен болашағы үшiн өте қауiптi екенi даусыз болса керек.Аққали КӨПТІЛЕУОВ