КҮЛКІДЕН КҮБІ ПІСКЕН КӨПЕН
КҮЛКІДЕН КҮБІ ПІСКЕН КӨПЕН
Белгілі сықақшы, пародист Көпен ағаның визиткасында «Көпен Әмірбек атындағы сыйлықтың лауреаты Көпен Әмірбек» деп жазылыпты. Оны да ел күліп жүрсін деп, әдейі жасатып алыпты. Құйтырқы қалжыңмен жазылған визитка езуімізге күлкі үйіргенімен, шындығында да Көпен Әмірбек сықақшының «визитная карточкасы» секілді. Ешқандай атақ-дәрежесінсіз-ақ, «Көпен келе жатыр» десеңіз, елдің елең ете қалатыны сөзсіз. Елді де күлдіріп, өзі де күліп жүрген ағамызбен «Күлкі күнінің» қарсаңында жолығып, бүгінгі сатираның халі нешік болып жатыр екен, соны білейік деген мақсатпен әңгімелесуді жөн көрдік…
– Ұстазымыз Темірбек Қожекеев бізге «Сатира — күштілердің қаруы» деп үйреткен еді. Сол қарудың бүгінгі күші қандай? – «Сатира – күштілер қаруы» деп біздің ұстазымыз Темірбек Қожекеев үлкен ілгері еңбек жазған болуы керек. Сол кітап студенттердің қаруына айналғаны рас. Ол кітап олардың қолындағы бір-бір мылтық сияқты. Былайша айтқанда, рогаткаменен торғай атқандай немесе қолдан жасалған қамыс садақтан жебе тартқандай баланың ойыны секілді әсер етеді қазір. Неге? Өйткені, бұл еңбек Кеңес одағы дәуірінде тұрлауы да бар, үлкен тұрпатты еңбек еді. Оның үстіне, ол кезде мұндай еңбек керек болды. Ал қазір сол Темкеңдей сатираны сарқып, қаспағына шейін қырып, зерттеп-зерделеп жүрген бірде-бір ғалым жоқ. Шындығында да солай. Кейде баспасөз беттерінде бірлі-жарым мақалаларды, еңбектерді оқып қалам. Өмірі аты-жөнін естімеген филология ғылымдарының кандидаты, аты-жөні белгісіз филология ғылымдарының докторы деп лауазымын қойған ғалымшалардың сатиралық еңбектерін, талдауларын оқығанда таң қалам. Оларды «ғалым» емес, «ғалымша» деуіміз керек. Бір шыбықты кесіп алып, соны жерге қадап қояды. Ол бір жылдан соң, тамыр алып, жиырма жылдан кейін алып бәйтерекке айналады. Соны «қаламша» дейді. Сондай атақ-дәрежесі үлкен болғанымен, есімі елге белгісіз ғалымшалардың сатиралық еңбектерін, талдауларын оқығанда таң қалам. Бұл қай кезде жүріп жазды екен деп те ойлаймын. Оның көпшілігінде сатираның теориялық жақтарын биікке, шыңға шығарып, көрсетуден гөрі, міндетті түрде ғылыми атақ алу үшін жазатын сияқты әсер етіп тұрады. Ол адамның бойына жұқпайды. Темкеңнің әрбір сөзі шиедей, бір ой-пікірінің өзі семсоқ цементтей еді ғой. Қазір ойыңды керемет ядродай таратып, жүрегінің төрінен орын алатын сатирада теориялық еңбектер жоқтың қасы десек те болады. Менің досым, филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашев, одан кейін Роза Алтынбекова қарындасымыз бұл жөнінде бірсыпыра еңбек етіп, төр төкті. Кейін ол кісілер шәкірт тәрбиелеп, сонымен айналысып кетті. Сатираның теориясын жазу, зерттеп-зерделеуде адамның үштен бір уақытын немесе кәдімгі қажырлы еңбегінің қақ жартысын жеп қоятын жұмыс қой. Қазір сол ғалымдарымыздың шәкірттерін, ізбасарларын май шаммен іздесең де таппайсың. Расында солай. Әнебір жылдары «батыстан бір жас бала шықты» деп жарқ ете қалдық бәріміз. Аты-жөнін айтпай-ақ қояйын. Өзі мектептің оныншы класында оқиды екен. «Ойбай, сұмдық» деп аузымызды ашып, көзімізді жұмып, таң қалып едік. Сөйтсек, кейін баспасөздің бетінде жарияланған мақалаларына қарасақ, баяғы студент Қожекеевтің теориялық ілімдерін сөзбе-сөз емес, бетпе-бет көшіріп, негізгі арқау еткен фактілерді қазіргі көзі тірі сатириктердің еңбектерімен ішінара кіргізіп отырып, жазып шыққан. Міне, біздің ғалымдарымыздың тазалығы мен ажарлылығы. – Мүмкін, бұл зерттеуге лайықты дүниелердің жазылмай жатқандығынан шығар… – Мұның да дұрыс. Себебі, Темірбек Қожекеев ағамыз ғылымға келген жылдары шынында соқталы-соқталы сықақшылар болған. Сатираға Асқар Тоқмағамбетов, Шона Смақанұлы, Сейілбек Төлешов, Оспанхан Әубәкіров, Сейіт Кенжеахметұлы, Ғаббас Қабышев, Үмбетбай Уайдин, Мыңбай Рәш, Есенжол Домбай сияқты бір шоғыр сықақшылар келген. Қазір оқырмандардан: «Қандай сықақшыларды білесің?» – дегенде осы аты-жөндерден басқа ешкімді атай алмайды. Ал бүгінгі ғалымдарымыз жоқ сатирадан қандай диссертация қорғап жүргеніне өзім де таң қалам. Ғаббас Қабышев пен Үмбетбай Уайдин ағаларымыз шырылдап-ақ жүр. Бірақ олар айтарын айтып, берерін беріп қойған. Кәдімгі күлкінің көсеміне айналған кісілер ғой. Қазіргі сықақшылар тиіп қашып, «сылаң етіп, сылп етіп, қылаң етіп, қылп етіп» анда-санда жарқ етіп бір көрінеді де, қайтадан жоғалып, көмескіленіп барады. Бір жағынан қазір сатираны жоқ деуге болмайды. Өйткені, осы күнгі үлкен театрларда қойылып жүрген «Тамашадан» бастап, «Бауыржан-шоу», «Күлкі керуені», «Терісқақпай», «Шаншар», Ақтөбедегі «Екі езу», жыл сайын Астанада өтіп жататын «Тазша бала» байқаулары ол заманда жоқ еді ғой. Ол кезде жалғыз сын-сықақ журналы «Ара» ғана қазақ сатирасының қара шаңырағы болатын. Өзге басылымдардың соңғы беттерінде ара-кідік жарты бет сатира мүйісі, жымитып, езуіне күлкі үйірейік деген жағдаймен шығатын. Біз соны місе тұтып едік қой. Ал енді қазір құдай-ай, барлық баспасөзді қарап отырсаңыз, үштен бірі саясат, үштен бірі сын-сықақ немесе жерден алып, жерге салып жатқан сын мақалалар. Соған қарап, барлық басылымдарды сатиралық деп айтуға да болады. Өйткені, сатираның міндеті – сынау, кемшілік көрсету, мінеу емес пе? Осы тұрғыдан келетін болсақ, ол мақалалардың ішінде дөп тиетіні де бар, қара күйе жағып, ғайбаттап жататындары да кездеседі. Кейде ақ нәрсеге қара күйе жағады. Химияның заңы бойынша, аққа қара күйе жақсы жұғады. Ешқашанда қара нәрсені қараға боямайды. Кейде қазіргі баспасөздегі қара бояулы мақалаларды аққа жағылған күйе ретінде сезінем. Оның үстіне, бұрын сыннан қорытынды шығарып, оған жауап беріп жататын. Қазір ондай жоқ. Ара-кідік,ара-кідік болмаса, көбі «Е-е, жазыпты ғой, сынапты, айтыпты, «ит үреді, керуен көшеді» дегендей қолын бір сілтей салады. Бұған шенеуніктердің бойы да, еті де үйреніп алды. Соған қарамастан, сатира өмір сүре береді. Баспасөз жоқ, ықылым заманның өзінде халқымыз аузымен газет шығарып, кітап басқан. Біздің халқымыздың аузының өзі әдебиет, үлкен кітапхана. Кешегі Қожанасыр, Тазша бала, Алдаркөсе, Қылкеңірдек, Жарғақбас, Шибұт, Шық бермес Шығайбай сияқты керемет образдардың барлығын да халық өзі жасаған жоқ па? Міне, баспасөзі жоқ кездің өзінде аузынан әзіл-қалжыңы арылмаған халықтың енді бүгін сатирасы жоғалды дегенге мен сенбеймін. Халық бүгінгі баспасөзден өзіне керегін алады, керек емесін қалдырады. – Сонымен, бүгінгі сатира баспасөздің бетінде ғана өмір сүріп жатыр дейсіз бе? – Жо-жоқ. Оның жанрлары бар ғой. Әдебиетті үлкен атаға теңейтін болсақ, оның баласы проза, поэзия, драматургия. Ал сатира кешегі күнге дейін оған сіңісе қойған жоқ. Әдебиеттің артынан еріп келген өгей бала сияқты. Өйткені, ғалымдарымыз қандай бір ғылыми-теориялық баяндама жасасын, жоғарыдағы аты аталған жанрларды айтады да, сатираны ештеңеге қоспайды. Малдың ішінде ешкілерді шөре-шөре дейді ғой. Сол сияқты сатираны да «шөре-шөре» көреді. Сондықтан, сатираны өзіміз көтермесек, кім көтереді. Сықақшылар өз жанрымызды өзіміз көтеріп, жанрға жауынгерлік рух бермесек, «айналайын, сен сөйте ғой» дейтін ешкім де жоқ. – Сатира қиын жанр болғаннан кейін де шығар, көп адамның ол жанрға қалам тербей бермейтіндігі.. – Қазақта «Итің жаман» деген ауыр сөз бар. Тіпті, қонақтың ең жақсысын қарсы алғанның өзінде «Итті қонақ жараспас» дейді. Міне, сатира дегеніңіз – «Итті қонақ» секілді. Көп жерде жараспайды. Оның қиындығы – асылдығында ғой. Асыл нәрсе аз болады. Айталық, екі грамм алтын алу үшін он тонна топырақ қазу керек екен. Ол оңай нәрсе емес. Он тонна топырақты илеп-илеп, үй салуға болады. Он тонна топырақтан әжептеуір қора-қопсы салуға болады. Бірақ, оның ішінде екі грамм алтын жоқ. Сол сияқты, халықты күлдіру, халықтың мұңайып отырған көңілін көтеру, екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан шығар, қаламгерлеріміздің қиын нәрсеге қалам тербей бермейтіндігі. Түйеден біреу: «Түке, айтыңызшы, ауыр жүкті арқалап, қырға да шығасыз, ауыр жүкті арқалап сайға да түсесіз. Ауыр жүкті арқалап қырға шыққан оңай ма, әлде сайға түскен оңай ма?» – деп сұрапты дейді. Сонда түйе: «Екеуінің де атасына нәлет» деп жауап берген екен. Сол айтқандай, әдебиеттің жүгі қай-қайсысында болса да ауыр. Соның ішінде сатираны сахара дейтін болсақ, сықақшылар күлкі керуенін іздеп бара жатқан түйелер тізбегі. Былайша айтқанда, үстінде үлкен күлкі жүктері бар. Қырға шықсаңыз да, сайға түссеңіз де сол жүк. Мәселен, ақын өлең оқыса, жұрт рахаттанып тыңдайды, мәз болады, одан рухани ләззат алады. Оған қол соғады, қызғалдақ ұсынады. Ал, сатираның жөні бөлек. Әсіресе, бүгінгідей имандылыққа, мұсылмандыққа бет бұрған уақытта көп діншілдеріміз, «әзіл-сықақты сайтанның ісі» деп есептейді екен. «Біреуге күлуге болмайды, ол күнә болады» деп те жатады. Осыдан кейін, өзіңіз де ойлай беріңіз…– Қазір байқасаңыз, сатириктеріміз аз да, әзіл-оспақ театрлары көп.. Оның сыры неде?
– Әзіл-оспақ театрларын күбі деп есептеп, сатиралық шығармаларды айран деп алайық. Күбі бос тұрмайды. Оған міндетті түрде айран құйылады. Айран құйылған соң, піседі. Айранның сапасына қарай, жарты тостақ сары май түседі. Күбінің мақсаты не? Айранды пісу. Піскендегі мақсаты – май айыру. Қазіргі сатиралық әзіл-оспақ театрларының да негізгі мақсаты – сатирадан сарқып, пісіп-пісіп май алу. Майынан дәм тату… Яғни, біздің бүгінгі әзіл-оспақ театрларымыздың күбіде пісіп жатқаны айран емес, құр шалап. Күбіге қара су құйып пісіп жатыр. Ал қара суды қанша сапырсаң да, май шықпайды. Сол баяғы «ата даңқымен қыз өтеді, мата даңқымен бөз өтеді» дегендей, бір рет барғанында ұнаған соң, тағы да ұнар деген ниетпен барып қалады. Ал бұл жолы барғандар, келесі жолы бармайтын болады. Бірақ, халық көп қой. Бір жағынан, сатиралық театрлардың көбейгеніне ренжімеуіміз керек, қайта қуануымыз керек. Ресейде жүзден аса театрлар бар деп естідім. Соның ішінде бізге белгілісі Петросян, Задорнов, «Аншлаг» сияқты бес-алтауы ғана. ТМД елдерінің барлығы соларды көреді, ләззат алады, рахаттанады. Ар жағындағы 95 театр қайда? Олар күнкөрістің қамымен жүр. Сол сияқты біздің театрларымыз да соның күйін кешіп жүрген шығар. – Құр сумен май аламыз деп жүргендер сатираның құнын түсіріп жатқан жоқ па? – Олар сатира үшін жүрген жоқ, күнелту үшін ғана жүр. Ол театрлардың басында бірде-бір сатирик жоқ. Екіншіден, солардың жанынан сатираның ыстық-суығына күйіп жүрген бірде-бір адамды көрген жоқпын. Қазір не көп, әзіл-сықақ кітаптары көп. Солардың ішінен алады да, аударып, ептеп-ептеп қосып, сахнаға шыға береді. Өздері автор, өздері сценарист, өздері кассир, өздері продюсер. Әртіс ретінде таланты бар шығар, бірақ, сатирик емес. Мәселен, керемет мықты құрылыс шеберлерін алайық. Оларды разрядтары жоғары тас қалаушылар деп атауға болады. Оларға үш қабатты немесе бес қабатты үй салу түкке тұрмайды. Бірақ, сол үйлерді немен салады? Оған материал керек емес пе? Сондықтан олар қираған, сносқа кеткен үйлердің кірпішін алып, темір-терсекті жинап әкеліп, құрастырып, жамап-жасқайды. Қанша жамағанымен керемет үй сала алмайды. – Бірақ, олар соған қарамастан өмір сүріп жатыр ғой. – Әрине, ол да үй. Жылтыратып қойған. Бірақ, ешқандай сапасы жоқ. Оның барлығы дүниеқуғандықтан. Дүние қуған жерде, өнер өледі. Соғымға соятын атты ақырға әкеп байлап қойып, алдына жем-шөбін тастайды. Ақырға байланған ат бәйгеге жарамайды. Бәйгенің атына жем-шөп берілмейді. Оны таң атырады. Біздің театрларымыздың басындағы «сатирикпіз» деп жүрген әзілкештеріміз, сол ақырға байланған ат секілді. Бірақ, бәйгеге шапқысы келеді. – Жыл сайын 1 сәуір күні күлкі күнін тойлап жатамыз. Күлкі күнінде біреу күлдіру керек деп жатады, біреулер бірін-бірі алдап, біреулер алданып жатады. Осылардың қайсысы дұрыс? – Алдау дегеннің артында өтірік тұрады. Алдау деген не? Яғни өтірік айту. Шариғаттың заңы бойынша, адам үш жағдайда ғана алдауға болады екен. Отанын сақтауда, отбасын сақтауда, үшіншісі– ұрысып қалған екі адамды татуластыру үшін алдауға болады екен. Ешқандай жүрегіне дақ түсірмей алдаулар, ол да сатираның бір түрі ғой. Жылына бір рет әзіл-қалжыңмен, өтірік айтудың өзінде тәрбие жатыр. Бір рет алданған адам «аңқаулығымды пайдаланып кетті« деп, келесі жылға қамданып жатады. Алдаған адам не істейді? Рахаттанып күледі. Сен өміріңде алданып көрдің бе? – Күлкі күні достарым әзілдеп алдап жатады.. – Қалай алдандың? – «Біреу келіп тұр, сыртқа шықшы» деген соң, сыртқа бір-екі рет шығып келгенім бар. Ол енді достық әзіл ғой. – Міне, осылай достық әзілмен алдағанда тұрған ешнәрсе жоқ.– Сізді қажылыққа барып келіпті деп естіп едік…
– Елбасының зекетімен, Ақорда қозғалысының демеушілігімен өткен жылы күз айында кіші қажылыққа барып қайттық. Үлкен қажылықты университет деп есептейтін болсақ, умра қажылығын сол университетке түсу үшін оқылатын дайындық курсы… Қажылықтың жолындағы парызымды өтеп, дайындық курсына түстім деп ойлаймын. – Менің қояйын деген сұрағым, өзіңіз мұсылман дінінде «сын айтып, келеке жасау, әзіл-қалжыңмен күлдіру күнә» деп жатырсыз. Енді қалай қалжыңдайсыз? – Біз қажылықққа барып, қайта тазарып қалдық. Өзіміз тазарғаннан кейін, сөзіміз тазарды. Ендігі жерде сол аппақ киімімізді таза ұстап, кірлетпеуге тырысып, сөзімізді, өзімізді дұрыстап жатырмыз. Бұл дегеніңіз үндемей, бұртиып жүрсін деген сөз емес. Жұрттың да көңілін көтеру, ақиқатын айту, ашығын айту, қазылық көрсету, адамзаттан келе жатқан қасиет. Бірақ, баяғыдай төбеден түскендей әзіл айтпай, жөнімен айтып, қалжыңдауға тырыса бастадық. Әзіл айтсақ, риза болып күлетіндей жағдайға жеттік. Демек, өстік деген сөз. – Білдей сатиралық «Ара» журналының редакторысыз. Кейде «Көпен келе жатыр» деп театрды жетелеп жүресіз, кейде өзіңіз де роль ойнайсыз. Тіпті, кейде газеттерден сіздің мақалаларыңызды оқып қаламыз. Шыныңызды айтыңызшы, сізге осылардың қайсысы жақынырақ? Мұның бәрін алып жүруіңіздің сыры неде? Мүмкін ақша табудың амалы шығар… – Ең әуелі театрдан бастағам. Отырар ауданындағы халық театрында «Жалбыр» спектаклінде Сайын ролін сомдадым. Онда небәрі он жеті жастамын. Он сегіз жасымда Қалтай Мұхаметжанның «Қуырдақ дайын» атты пьесасы бойынша түсірілген спектакльде Болаттың ролін ойнадым. Басты кейіпкер Ережепті сомдадым. КазГУ-ге оқуға түскеннен кейін де бірқатар рольдерді сомдап жүрдім. Сөйтіп, жиырма жасыма дейін әртістік рольдерді ойнап біттім. «Тамаша» пайда болғаннан кейін, сол әзіл-оспақ отауына арнап, сықақтар жаза бастадым. Пародиялар әзірледім. Жазған сөзім сахнада қалай ойналады деп қиналған жоқпын. Бұл да жастайымнан сахнаны меңгергендігімнен шығар.. Құдайберген Сұлтанбаев, Лидия Каденова, Тоқсын Құлыбековтер шығып, «Тамашаның» дүрілдеп тұрған кезінде көптеген әзіл-сықақтар шығардым. Қазақтың белгілі тұлғаларына пародия жасай бастадым. Олардың ролін ойнау қиынның қиыны. Олжас Сүлейменовке пародия жазғанымда, оны ойнауға ешқайсысы келіспеді. Олжас ренжиді деп қорықты Кейін он жылдан кейін сахнаға шығарғанымен, ол кезде уақыт өтіп кетіп еді. Өйткені, ол кезде қойылған тақырыпты он жылдан кейін ойнай алмайсыз ғой. Себебі, уақыт басқа. 1988 жылдардағы нәрсені қазір оқыңызшы, қалай әсер етеді? Мұхтар Шаханов, кешегі Заманбек Нұрқаділов, Асқар Тоқпанов, Фариза Оңғарсынова, Роза Бағланова, Роза Рымбаева сияқты белгілі тұлғаларға пародия жаздым. Оны ойнаудан әртістер қашқаннан кейін, өзімнің шығаруыма тура келді. Қимылын, даусын келтіре алмасам да, ең болмаса, сөзін елге жеткізейін деп сахнаға қайта шықтым ғой. Әртістік мектептің үш жылдық курсын бітіргендей, тәжірибем бар. Түрім мен даусым келіспесе де, қазақтың қара сөзімен, қалжыңымен жеткізгенімде жұрт сілтідей тынып тыңдағанында, өзім разы болдым. Мен өзім әртіс емеспін. Әртіс болу үшін барлығын тастап, соның соңында жүруің керек. Мұхтар Шаханов сияқты ағаларымыз өзінің өлеңдерін өздері оқиды ғой. Сол сияқты, мен де өз дүниелерімді өзім оқимын. Аудандарға, ауылдарға барғанда бір сағаттық кездесу жасаймын. Ол кездесулеріме билет сатып, пайда тауып жүрген адам емеспін. Биыл «Ара» журналының шыға бастағанына 90 жыл толады. Соған орай біраз облыстарды араламақпыз. Қасыма бір-екі сықақшыларды ертіп алып, «Ара» журналын насихаттамақпын. Кездесулер жасаймын. Өзімнің тәуір-тәуір деген сықақтарымды екі сағат жатқа оқысам, оның несі сөкеттік?! «Бұл – бір» деп қойыңыз. Журналистикадан көреміз дейсіз. Мен өмірімде журналистиканы мансұқ еткен адам емеспін. Ұлықбек Есдәулет «Қазақ әдебиетіне» редакторлыққа келгенінде, маған бас редактордың орынбасары қызметін ұсынды. Одан бас тарттым. «Орынбасарлық менің мінезіме сай келмейді. Қазақстанды аралап жүру керек, анда-мұнда баруым керек, Елмен-жұртпен кездесуім керек. Газет редакторының орынбасары қаққан шегедей орында отыруы керек. Редактор анда-мұнда шығып кеткенде, оған жауапты орынбасары болады. Ешқашанда бір жерде отырып, жұмыс істеген адам емеспін. Сен одан да маған кішкентай бөлім бере сал» дедім. Менің бұл сөзіме Ұлықбек таң қалды. Сосын сатира, юмор деген бөлімін ашып алдым да, соның шеткі бір бөлмесіне отырдым. Сексенінші жылдары «Қазақ әдебиетінде» Шерағаң редактор болып тұрған кезде үш жылдай жұмыс істегем. Онда кімдер істеді десеңізші… Әбдіраш Жәмішев, Тұтқабай Иманбеков, Қажығали Мұқанбетқали, Оразбек Сәрсенбаев, Қоғабай Сәрсекеев, Төлеген Тоқбергенов, Кеңшілік Мырзабеков. Біз сол кісілерге еліктедік, сол кісілердей жазсақ дедік. Ал енді қазір жеңіл-желпі, әзіл-оспақ жазып жүруге жасым да келді ме білмеймін, үлкен толғаныстарға барғым келеді. Екі жыл бойы екі беттік-үш беттік үлкен-үлкен сұхбаттарды бастадым. Қоғам қайраткерлерімен, өнер жұлдыздарымен саяси-қоғамдық сұхбаттар жасадым. Өзіміз үйреніп қалған сұрақтарды емес, елдің көкейінде жатқан, осыны айтар ма екен, айтпас па екен деген сұрақтарды қоюға тырыстым. Осы еңбегімді елеп, Елбасымыз 2004 жылдың 26 маусым күні Президент грантын берді. «Құдай-ау, екі-ақ жыл мақала жазып, осындай грантты алуға болады екен-ау» деп өзім таң қалам. Мен өмірімде екі нәрсеге разы болам. Оның бірі – Мекке-Мәдинаға барғаным. Ол Алланың берген несібесі. Әр мұсылманның маңдайына беріле беретін несібе емес. Екіншісі – Президенттің журналистерге арналған үлкен дәрежелі сыйлығын алуым. Оны да Алла Тағаланың бұйрығы деп білем. Алматыда «Азия дауысы» жыл сайын өтіп жүреді. «Шабыт» халықаралық фестивалі жыл сайын Астанада өткізіліп жүр. Болгарияның Гаври қаласында өтетін дүниежүзілік сықақшылар байқауы бар. Ол байқауда «Алтын кірпі» деген бәйге береді. Сол байқаудан түріктің сықақшысы Әзиз Несин сол «Алтын кірпіні» екі рет жеңіп алған екен. Сол Болгарияға біздің бірде-бір сықақшымыз қатысқан емес. Осыдан бір ай бұрын Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаевпен сөйлескенімде, әңгіме барысында осыны айттым. «Қазақстанда жылына бір рет неге халықаралық сықақшылар байқауын өткізбейміз? Ақындар айтысы өтеді. Біздің Қожанасырымыз, Алдаркөсеміз, көптеген кейіпкерлеріміз бар. Тумысымыздан әзіл-қалжыңды сүйетін елміз. Сондықтан жыл сайын Ақтауда маусым айының басында, Каспий теңізінің жағасында неге байқау өткізбеске?! Біздің қалжыңдарымызды өзгелер неге танымайды? Қырымбек Елеуұлы, «Күллі әлемнің күлкісі» деген тақырыппен, халықаралық сықақшылар байқауын өткізіп тұрайық. Сіз әкім боларсыз, болмассыз, ең бастысы осы байқаудың тұңғыш қазығын қаққан адам ретінде айтып жүреміз» дедім. Ол кісі менің ұсынысымды қабыл алып, уәдесін берді. Алла жазса, маусым айының 9-10 күндеріне қойып отырмыз. Біз бұған Өзбекстаннан, Татарстаннан, қырғыздан, кавказ халықтарынан сықақшылар шақырамыз ба деп отырмыз. Бәйге береміз, оның қанша екені әзір белгісіз. – Ол байқауға бізден кімдер қатысады? Айналып келгенде сол баяғы бес-алты сықақшыларымыз ба? – Оған қатысатын адамдар есімі белгісіз жандар болуы керек. Сол сықақшыларымыздың жаңа дүниесін ұсынамыз деп отырмыз. Каспий теңізінің жағасында «Күллі әлемнің күлкісі» деп байқау өткізіп тұрсақ, оның несі сөкет?! Елу елдің ішіне екі езуімізді жымитып, қазақтың қалжыңымен де кірсек, ол жақсы игілікті іс деп ойлаймын.– Ұзақ уақыт сатираның майын ішіп жүргеніңізде емес, журналистикадағы екі жылдық еңбегіңіз еленіп, сыйлық алғаныңыз қызық екен…
– Оның рас, мен сыйлықты журналистикадан алдым. Сізге қызық айтайын, халықаралық «Алаш» сыйлығы менің сатирама берілген жоқ Үш жыл қатарынан барлық облыстарда «Көпен келе жатыр» деген кешімді қойдым. Сол өткен кештерім «Рахат» телеарнасынан түнгі сағат екіден таңға шейін көрсетіліп жүрді. Екі жыл бойы үздіксіз көрсетілді. Түнгі сағат екіде оянсаңыз, өзіңізде көрген шығарсыз. Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов маған: «Көпен, таңғы сағат төртте оянып кетіп, ұйқым келмей, теледидарды қосып қалсам, сенің кешіңді беріп жатыр екен, екі сағат бойы рахаттанып, таңғы алтыға шейін көрдім. Сендерде түн жарымда береді екен ғой» деп күледі. «Алаш» сыйлығы осы «Көпен келе жатыр» деген қойылымдарым үшін берілді, жазғандарым үшін емес. Негізі сыйлық дегенді түсінбеймін. Сол сыйлыққа құмартып, жүгіріп те көрген адам емеспін. 2000 жылы елу жасқа келдім. Өзім еш жерде жұмыс істемеймін. Үйде жатырмын. Содан визитка шығарғым келді. Елге барам, елмен кездесу өткізіп қалуым мүмкін. Визитка шығаратын жерге барып, үлгілерін қарасам, әртүрлі фирмалардың президенті дегендер бар, біреулерінде, бірдеңе деген ғылымның кандидаты, немесе докторы дей ме, толып жатыр. Тіпті, біреулерінің тең жартысы атақ-дәреже. Менде оның бірі де жоқ. Өзімнің атым, телефоным ғана бар. Содан әзілдеп: «Көпен Әмірбек атындағы сыйлықтың лауреаты Көпен Әмірбек» деп жазып қойдым. Сонымен жұртқа таратқанда, әзілдеп жазылған визитка болды. – Оны жұрт қалай қабылдады? – Көргенде көпшілігі күліп жатады. «Менің атағым осы» деймін. Құрманғазы атамыз ешқандай сыйлық алған жоқ қой. Бірақ, Құрманғазы атындағы консерватория бар. Абай атамыз ешқандай сыйлық алмаған. Атамыздың атында қанша аудан, ауыл, көше аттары бар. Шәмші Қалдаяқов атамыз сыйлық алмай-ақ өтті. Сондайларды көргенде, атақтың не керегі бар деп те ойлаймын. Оның үстіне, ұстазым Оспанхан Әубәкіров: «Өнерде атақтың не керегі бар? Жақсы жазсаң болды, соның өзі үлкен атақ. Жақсы жазсаң, халықтың өзі-ақ мойындайды», -деп жиі айтатын. Атақтарынан ат үркитін достарым, жолдастарым бар. Бірақ, ешкім білмейді. Оған қарап, ешнәрсе істемейді деген сөз емес. Кейде солар сол атақ үшін, қызмет жасаған ба деп те ойланам. Менің пысықтығым да, іскерлігім де бір емес, бірнеше атақ алуға жетеді. – Демек, сізге Көпен Әмірбек деген атақтың өзі жеткілікті болып отыр ғой… – Одан артық атақтың керегі не? Мәселен, Филипп Киркоровты Ресейдің Халық әртісі немесе бірнеше дүркін байқаулардың лауреаты деп сахнаға шығарсаң, күлкілі емес пе? Қорқыт атындағы сыйлықтың лауреаты Құрманғазы Сағырбаев десек, ел күлмей ме? Сондықтан, адам мүмкіндігінше, өз атағың өзіңе бұйыратындай еңбек етсе, одан артық атақ жоқ.Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА