Тараз - Шымкент жолында қозғалыс толық қалпына келтірілді, деп хабарлайды КазАвтоЖол.
Тас жолда салмағы 125 тонна ірі габаритті жүкпен болған жол-көлік оқиғасының салдары толық жойылды.
Төрт күнге созылған жұмыстардың нәтижесінде жүк көлігі жол жиегінен шығарылды.
"Тараз - Шымкент бағыты бойынша бірнеше күн бойы үлкен жұмыс атқарылды. Ауыр жүкті шығару, тралды көтеру және жолды қалпына келтіру. Мамандар тәулік бойы еңбек етіп, жағдайды тез арада ретке келтіру үшін бар күшін салды. Қазіргі таңда жол толық ашық", - делінген хабарламада.
Барлық көлік түрлерінің қозғалысына рұқсат берілді.
Еске сала кетейік, 4 маусымда Тараз-Шымкент жолында рұқсатсыз қозғалған ірі габаритті жүк көлігінің салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алып, қозғалысқа шектеу қойылған болатын.