Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында кәмелетке толмаған қыздар өз қатарластарын қорқытып, ақша талап еткен. Бұл туралы әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан белгілі болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға 2023 жылдың 31 тамызында орын алған. Алайда бейнежазбаны білім беру мекемесінің әлеуметтік педагогы тек 2024 жылғы 12 мамырда әлеуметтік желілерді бақылау барысында анықтап, бұл туралы мектеп әкімшілігіне хабарлаған. Өз кезегінде мектеп басшылығы құқық қорғау органдарына жедел түрде ақпарат беріп, оқиға заң аясында қарала бастады.
Сол күні мектепте жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі Кеңестің кезектен тыс отырысы өтті. Оған мектеп инспекторы да қатысып, оқиғаға қатысы бар алты оқушыға қатысты материалдар жиналды. Бұл деректер кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жіберілді.
Қазіргі уақытта бұл жасөспірімдерді девиантты мінез-құлқы бар балаларға арналған арнайы оқу орнына жіберу мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар, зардап шеккен оқушымен педагог-психолог жұмыс істеп жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының мәліметінше, бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы, 2-бөлігі, 1 және 2-тармақтары бойынша (алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған бопсалау) тіркелген. Қазір Петропавл полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде.
Аталған бап бойынша санкциялар мүлкін тәркілей отырып, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.