Астанада студенттерге есірткі қылмысының салдары көрсетілді

/
Астанада студенттерге есірткі қылмысының салдары көрсетілді
Видеодан скриншот

Астаналық студенттерге «есірткі тығындарымен» айналысудың немен аяқталатыны тікелей эфирде көрсетілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Астананың 40-қа жуық колледжінен мыңнан астам студент есірткі тарату ісі бойынша сот процесінің куәсі болды. Көрсетілім Астана қалалық соты мен прокуратурасының бастамасымен жүзеге асырылып, жастар арасында есірткі қылмыстарының алдын алу және студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында өткізілді. 

Сот алдында «есірткі тығындары» арқылы есірткі таратқаны үшін айыпталған 22 жастағы елорда тұрғыны болды.  Ашық форматтағы сот процестері жастарға заң бұзушылықтың салдарын айқын көрсетудің тиімді жолы. 

Колледждің тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасары Бота Сайранкөктің айтуынша, мұндай жобалар студенттер арасында заңға бағынудың маңызын арттырады: 

Біз тек мамандар емес, азаматтарды да тәрбиелейміз. Құқықтық сана – жеке жауапкершілік пен қоршаған ортаға деген құрметтің негізі. Бұл болмаса, тиімді білім беру мен әлеуметтік орта құру мүмкінемес. 

Іс-шараға қатысушылардың айтуынша, көрсетілім студенттерге үлкен әсер қалдырды. 2-курс студенті Жамиля Хайруллина есірткіге қатысты қылмыстар үшін жазаның қаншалықты ауыр екенін алғаш рет шын сезінгенін айтты: 

Бұрын «есірткі тығындары» тақырыбын аса байыппен қабылдамадым. Бірақ көрсетілімнен кейін бұл–қылмыс екені, оның ауыр зардаптары болатыны айқын болды. Мұндай оқиғалар – кинода емес, өмірде болып жатыр. 

Мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады және елордадағы барлық колледждер мен жоғары оқу орындарын қамтиды. Бұл шаралар өз құқықтарын білетін әрі заңға құрметпен қарайтын жауапты ұрпақ қалыптастыруға сеп болмақ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары