БҮКIЛ ҚАЗАҚҚА ӘН САЛДЫРҒАН «IНЖУ–МАРЖАН»

БҮКIЛ ҚАЗАҚҚА ӘН САЛДЫРҒАН «IНЖУ–МАРЖАН»

БҮКIЛ ҚАЗАҚҚА ӘН САЛДЫРҒАН «IНЖУ–МАРЖАН»
ашық дереккөзі
697

Ән – тағдырдың қазақтың маңдайына берген асыл сыйы. Ән – қазақтың қайғысы, дерті, мұңы-шері. Ән – қазақтың сағынышы, жүрек қылын шертетін сезімі, жан сыры, қуанышы. Ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан қазақтың әнінде өткен уақыттың белгісі жатыр… Қазақтың әні – ұлтпен бірге біте қайнасып жатқан, біртұтас ажырамас дүние. Дауылды, боранды уақыттардан да, аласапыран жылдардан да, етігімен қан кешкен азапты кезеңнен де ұлтпен бірге жалғасып келеді және жалғасып кете береді…

Қазақтың әні – қазақтың інжу-маржаны екенін өткен аптада «Қазақстан» телерадиокорпорациясы тағы бір рет дәлелдеді. Ұлттық арнаның атынан көрініп тұрғанындай, ұлттық дүниелерді насихаттауда халыққа көрсетіп жатқан еңбегі ұшан-теңіз. Қазақтың сарқылмас бай мұрасын жинауда да аталмыш арна орасан зор еңбек етіп келеді. Оның дәлелі, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен дүниеге келген «Мәңгілік сарын» күйтабағы. «Мәдени мұра» бағдарламасымен астасып жатқан «Мәңгілік сарын» қазақтың құдіретті күйлерінің антологиясы. Республика сарайында екі рет өткізілген «Сағыныш» кеші 50-60-70 жылдардағы әндердің жиынтығы. Енді сол аталмыш жобалармен астасып жатқан «Iнжу-маржан» дәстүрлі әндердің кеші дүниеге келді.
ҚАЙТА ТІРІЛГЕН АҚАН, ӘСЕТ, МҰХИТ, МӘДИ, ҮКІЛІ ЫБЫРАЙ, КЕНЕН, САЛҒАРА…

Ән қазақпен бірге туатын сияқты. Бірге туатыны сол, жөргектегі сәбиін ана әлдиімен уатып, әлдиімен тербейді. Бесіктегі құндақтаулы нәресте де ана әлдиімен бірге уілдеп, өзінше дыбыс шығарады. Уілдеген сәби дыбыстан өзгеше бір ән-әуенді естігендей боласың. Кіп-кішкентай сәби жадында қазақтың әні жатталады, санасына сіңеді. Ана әлдиімен уанған нәресте қазақтың әнімен өсіп, ержетеді. Қазақтың әнінен бір сәт те алыстап кете алмайды. Қай ғасырда екенін кім білсін, әйтеуір, сонау бағзы замандардан туып қалыптасып келе жатқан ән-әуеннің, аққу әуеннің адаммен бірге жалғасып жатқаны ғана баршаға аян. Бүгінде халықтың әуеніне айналған әндердің де бір кезде өз шығарушысы болған шығар, мүмкін біреу өзінің мұңын, қайғысын, қуанышын әнмен сыртқа шығарып, әуелеткен болар. Әйтеуір, біреу арқылы дүниеге келген ән-әуен бертін келе халықтың санасында жатталып, елдің, жұрттың әніне айналып кетті.

«Әу демейтін қазақ жоқ» деп тегін айтылмаса керек. Оның тегін айтылмағанын дәстүрлі ән-кешіне жиналған қауымнан тағы бір рет байқадық. Жүргізушілердің көрерменге жасырған жұмбақтарын белсене шешкен көпшілік әнді тауып қана қоймай, әнді қосыла шырқағанда, оларды тоқтату мүмкін емес еді. Әсіресе, «Гауһартас» әнін жаңғырта шырқаған көпшіліктің дауысын тоқтату мүмкін болмай қалды. «Iнжу-маржан» халыққа Ақанын, Біржанын, Кененін, Салғарасын, Қапезін тірілткен кеш болды десек, артық айтпаған болар едік. Даңғұр-дұңғыр музыкадан, құлақты жаңғыртып, дүңкілдеген фонограммадан, компьютермен өңделген жасанды дауыстан жалыққан халық қос ішекті домбыраның үнін тыңдап, құлақ құрышын қандырған әншілердің көмейден шыққан бұлақтай мөлдір дауысына елітіп қайтты. Үш сағат болады деп жоспарланған кеш уақытынан асып, бес сағатқа шейін созылды. Бес сағатқа созылмас па еді, егер қиқуға басқан көпшілік Қайрат Байбосыновқа төрт ән, Рамазан Стамғазиевке екі ән, Еркін Шүкімановқа екі ән, Сәуле Жанпейісоваға екі ән, қобызшы жас жігіт Қазыбек Әбікеевке екі ән салдырмағанында… «Iнжу-маржан» ән-кешінде жиналған қауым домбыраның ғана емес, сырнайдың да, қобыздың да үнін естіп қайтты.
«IНЖУ-МАРЖАНМЕН» БАСТАЛЫП, «АЙТБАЙМЕНЕН» АЯҚТАЛДЫ

Сахна шымылдығын Әсеттің «Iнжу-маржанымен» ашқан әнші Толғанбай Сенбаев осынау кешке Семейден ат арытып келіпті. Халық әні «Екі жиренді» шырқаған Ербол Сарин, «Ақсұңқарды» әуелеткен Айгүл Қосанова, Қапездің «Нені айтады» әнін орындаған Тілеулес Құрманғалиев сияқты майталман әншілер Астанадан келген екен.

Қызылордалық Құрманбек Бекпейісов Сыр сүлейлері сарынымен сырнайын созып, Тайжанның әнін шырқаса, Қажыбек Бекбосынов Мұхиттың «Кіші айдайын», Жоламан Құжыманов Үкілі Ыбырайдың «Толқынын» орындады. Қай кезде домбырасын қолынан тастамай, дәстүрлі әндердің жоқтаушысы боп жүрген Рамазан Стамғазиев сахнаға шыққанда, ел бір серпіліп қалды. Екі бірдей жастық шақтың әуендері «Жиырма бесті» орындағанда залда таңдай қақпаған жан қалмады. Ән кешіне сонау Оралдан Қатимолла Бердіғалиев те келіпті. Есімін алғаш естігеннен-ақ, дүркірей қол соққан көпшілік әншіге өзгеше ықылас-ілтипаттарын көрсетіп жатты. Ғарифолла Құрманғалиевтің ән мектебі дәстүрін жалғастырып жүрген Қатимолла ағамыздың өзіндік әуені бар, өзгеше дарын иесі. Мұхиттың екі бірдей әнін нақышына келтіріп шырқады. Дүйсенбек Өмірәлиев Кенен Әзірбаевтың әні «Көкшолақты», семейлік Санақ Әбеуов «Сұржекейді», Ардақ Исатаева халық әні «Аққұмды» әуелете шырқағанда әншілердің әуезінен жастық жігер, тың серпінді байқағандай болдық. «Iнжу-маржанның» тағы бір ерекшелігі – халық композиторлары мен әншілерінің көздері тірі кезінде жазылып алынған бейнетаспалардың берілуі. Олардың дауысы сақталған үн-таспаларда қайта жаңғырып, көпшіліктің жүрегіне жол тартты. Тіпті, Париждің төрінде қазақ әнінің құдіретін танытқан әнші Әміренің де даусын естідік сол күні. Әншінің даусы қалған құнды таспаны белгілі музыка зерттеушісі Жарқын Шәкәрім алып келіпті. Сөйтіп, залға жиналған қауым Жамбыл Жабаевпен, Кенен Әзірбаевпен, Дәнеш Рақышевпен, Ғарифолла Құрманғалиевпен, Жәнібек Кәрменовпен бейнетаспа арқылы қайта қауышты. Халықтың әнін халқына қайта табыстаған әншілеріміз үш мың адамға арналған залды жаңғыртып, тебірентіп жатты. Тек бәріміздің көкейімізде, шіркін осы дауысты аядай залда емес, қазақтың кең сахара даласында еркін бір тыңдасаң ғой деген арман қалды… «Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Iнжу-маржанды» дүниеге алып келу арқылы кенжелеп қалған дәстүрлі ән өнерін халқына қайта табыстады. Тек ендігі ойымыз – игілікті істі бастаған ұлттық арнаның бұл қадамы бір ғана кешпен шектеліп қалмай, осынау жақсы үрдіс жалғасын таба берсе деген тілек.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары