ОРЫС ӘСКЕРІ – ПІРӘДАРЛАРДЫҢ ҚАМҚОРЫНДА

ОРЫС ӘСКЕРІ – ПІРӘДАРЛАРДЫҢ ҚАМҚОРЫНДА

ОРЫС ӘСКЕРІ – ПІРӘДАРЛАРДЫҢ ҚАМҚОРЫНДА
ашық дереккөзі
442

Ресей әскерилері православиелік тәрбие алмақ. Бұл өзі бұрыннан бері қозғалып келе жатқан әңгіме. Тек қана соңғы уақытта Мәскеу патриархаты әскерилерді шоқындыру ісіне білек сыбана кірісіп, саптағы әскерилерді дінге баулымақ. Бірақ 20 миллионнан астам мұсылмандар мекендейтін Ресейде «жалпыны және әркімді орыстандыру саясатына» сай армияда православие дінінен тәрбие беру Мүфтилер кеңесін алаңдатып отырғанға ұқсайды.

Есесіне Мәскеу патриархаты әскерилердің православиелік тәрбие алуының оңды жақтарын айтудан шаршамайды. Осыған сәйкес Орыс православиелік шіркеуінің ұстанымы төмендегідей: «Армия мен діни бірлестіктер арасындағы қарым-қатынастың оңтайлы тұстары көрсеткендей, әскерилерге рухани көмек көрсету әскерилер арасында ешқандай да діни қақтығыстарға әкеп соқпайды. Жауынгерлерге пасторлық қамқорлық аса қажет. Бұл қамқорлық әскери қызметке адами сипат беріп, жауынгерлердің моральдық күш-қайраттарын қайрай түседі».

Бұл орайда Мәскеу патриархаты армияның миссионерлік күрес алаңына айналып кетпеуін баса айтып: «Жауынгерлер қай діннен болса, сол діннің өкілдері ғана оларға уағыз жүргізуі керек» – дейді. Орыс пірәдарлары шетелдік тәжірибелерді де алға тартып отыр. Мәселен, шіркеу мен армияның байланысын кейбір елдерде мемлекеттің өзі қамтамасыз етіп отырады екен. Мәскеу патриархаты шетел тәжірибесінен үлгі алу қажеттігіне ерекше тоқталған.

Бүгінде РФ-да халықты православиелендіру процесі ерекше қарқынмен жүргізіліп жатыр. Бұған Мүфтилер кеңесі де, католик шіркеуі де аса алаңдаулы. Бірақ орыс халқының басымдығын бетке ұстап, православие шіркеуін дүрілдетіп отырған билік өзге дін өкілдерінің дабылына құлақ аспайтын сияқты. Тіпті, өзге ұлт өкілдерін де православие дініне иландыруды билік тұтқасын ұстаған азаматтардың өздері де қолдап, қолпаштап отырғандай. Мәселен, жыл басында Путин Рождество мерекесін Мәскеудің орталығындағы шіркеуде емес, Якутиядағы Орыс православие шіркеуінде қарсы алды. Бет-әлпеті азиаттық кішкентай балалардың арасында тұрып, Путин де діни ғибадат жасады. Бұдан асқан діни уағыз бар ма?! Якуттардың басым бөлігі ата-баба дінінен жеріп, православие дінін қабылдаған. Оның үстіне Ресейде өзге дін өкілдерінің санын әдейі азайтып көрсету үрдісі де байқалады. Мүфтилер кеңесінің төрағасы Равиль Гаунутдин мұсылмандарға қатысты ресми санақтармен келіспейді. Оның айтуынша, көпұлтты және көпдінді Ресейде 20 миллионннан астам мұсылмандар тұрады. Осыған сәйкес Ресейде 6 мыңнан астам мешіттер мен Мәскеу Ислам университеті, Ресей Ислам университеті, т.б. оқу орындары жұмыс істейді екен. Бірақ, соған қарамастан, қазірше Ресейде бір ғана діни бірлестік – Орыс Православие шіркеуі дүрілдеп тұр.

Бір қызығы, Қазақстан – нағыз ұлттық, мұсылман елі болса да, бізде керісінше, көпдінділік саясаты жүргізіледі. Соған сәйкес бізде балалар үйінен бастап, түрмелерге дейін ислам мен христиан діндерінен тыс ағым-секталар да қызмет етуде. Балалар үйлерінде протестанттық шіркеулер қайырымдылық көмек көрсетумен қатар, діни уағыз жүргізсе, еліміздегі түрме тұтқындарын «Агапе» миссиясы біртіндеп өз сенімдеріне иландырып жатқанға ұқсайды. Бір айта кетерлігі, Новосібір қаласында өткен «Тоталитарлық секталар және демократиялық мемлекет» атты халықаралық ғылыми-практикалық басқосуда аталған миссия «тоталитарлық секта» деп танылған. Ал, бізде бұл діни бірлестік түрмелерде діни уағыз жүргізуде.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары