БҮГІН ОЙЫН АВТОМАТЫ, ЕРТЕҢ — КАЗИНО!

БҮГІН ОЙЫН АВТОМАТЫ, ЕРТЕҢ — КАЗИНО!

БҮГІН ОЙЫН АВТОМАТЫ, ЕРТЕҢ — КАЗИНО!
ашық дереккөзі
310

Ұялы телефон қазір ешкімге таңсық емес. Кейінгі кездері ұялы телефонды жасөспірімдердің, оның ішінде оқушылардың қолынан көрсек те таң қалмайтын болдық. Өйткені, қазір кез келген бала ата-анасынан кітап емес, телефон сатып беруін өтінетін заман болды ғой. Алайда, бұл ұялы телефонның адам ағзасына зиян екендігін ешкім елеп жатқан жоқ. Не десек те, бүгінде мектеп оқушылары ұялы телефонның салдарынан сабаққа немқұрайлы қарап, ұйқы қанбаушылықтың қоғамдық дертіне де шалдығып жүр. Мұны бірі білер, бірі білмес. Мәселен, олар ұйқтайтын мезгілінде жатпайды. Түнімен достарына SMS жазумен болады. Ал ертесіне мектепте күні-бойы ұйқыдан есеңгіреп жүреді де, сабағы өз жайына қалады. Мұндай қорытынды жасаған австралиялық психолог әрі білім саласының зерттеушісі Эндрю Фаллер қазіргі оқушылардың ұйқы ерекшеліктерін зерттеу жұмысының нәтижесінде ұл балаға қарағанда, қыз балалардың көбірек ұйқысы қанбайтындығын анықтаған. Өйткені, қоғамдағы ең нәзік жан — қыз балалар, әйелдер мәтіндік жылы сөздер жазғанды және оған жауап бергенді жаны сүйеді деген байламға келген.

Ал зерттеуші-маман Фаллер сауалнаманы 213 ұл бала мен 193 қыз бала арасында жүргізгенде, 42 пайыз ұл мен 40 пайыз қызбала ұйқының мүлдем қанбайтын түріне шалдыққанын дәлелдеген. Ал шын мәнінде бұл — оқушының мектеп қабырғасында сабақ үлгерімін төмендетуге әкеп соқтырады.

Алайда, ұялы телефонның зардабын тек австралиялықтар ғана емес, қазақстандық жасөспірімдер де тартып отыр. Бүгінде қарасаңыз, жасөспірімдер ұялы телефонды қолдануы былай тұрсын, компьютер, автомат секілді адамды аздыратын құмар ойындармен көңілін көтеріп, санасын улап жүр. Мына заманда бұрынғыдай бос уақытында ертегі, аңыз әңгімелер оқитын, тыңдайтын баланы кездестіру қиын болып барады. Есесіне, теледидардан берілетін неше түрлі атыс-шабыс киноларға, ойындарға деген қызығушылықтары күннен-күнге арта түсуде. Оның үстіне ата-анасынан мектепке ақша сұрағанын былай қойғанда, телефонына, компьютер ойнауға жиі ақша талап ететінді шығарды. Әрине, қалтасындағы барын беретін ата-ананың ойында тек, “Қатарынан қалмасын” деген ой тұруы мүмкін. Бірде дәл осылай күнделікті “сұраумен” апайымның баласы таңертең “ Мама, ақша берші!?” деп мұңайып тұр екен. Жайыма қарап тұрмай, мен: “Оны не істейсің?” дедім. Оның күнде автомат ойнайтынын білетін едім. Содан сасқалақтаған бала, “Мектепке апай ақша әкеліңдер деген” деп өтірікті соға салды. Байғұс баланы ұялтпай-ақ қояйын дедім де, үндемедім. Алатын тиынын алып, қуанып сабағына кетті. Кейіннен апайыма “Не үшін бересіз, балаңыз ақшаны телефон мен компьютерге салады, бұл бәрібір жақсылыққа әкелмейді ғой” десем, “Олардың бұл өптелі кезеңі, әлі-ақ қойып кететін шығар” деп өзін-өзі жұбатып қойды. Солай болсын делік, ал ертеңгі күні баланың компьютерден, ұялы телефоннан да сорақы — казино секілді құмар ойнына “тәбеті” шауып кетсе, аяғы неге әкелетіні айтпаса да түсінікті. Бәленің бәрі “не қылады дейсіңнен” басталып, арты насырға шауып кетсе, кінәні кімнен іздейміз? Өзімізден бе, әлде қоғамнан ба?

Қазір музыкалық көңіл көтеретін «Hіt TV», 31-арналарын қоссаңыз, “АLL dabaй” тобының “SMS-тік махаббат” және “KZ” тобының “Жаным”(Бұл SMS) әндері дамылсыз шырқалып тұр. Енді бұдан былай осындай мән-мағынасы шамалы әндерден тәрбие алған жастар мен жасөспірімдер бос уақытын SMS жазумен өткізетін болады. Өйткені, жаңағы аталған әндерде тек ұялы телефон арқылы пайда болған махаббаттың жайы айтылады, насихатталады. Міне, осыдан кейін түнімен SMS арқылы хат жазатын жастар көбеймесе, азаймайтын шығар. “Әннің де естісі бар, есері бар” деп Абай атамыз айтпақшы, қазір осындай керісінше тәрбие беретін, сапасыз әндер көбейіп барады. Өкінішті-ақ…

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары