НАУРЫЗ НҰР БОЛЫП ЖАУҒАН КYН
НАУРЫЗ НҰР БОЛЫП ЖАУҒАН КYН
Қазақ жауынды «көктен жауған нұр» дейді. Ал Ұлыстың ұлы күні күні бойы себелеген жаңбыр ит жылының Алматыға береке мен ырыс әкелетіндігінің белгісі шығар. 22 наурыз күні Алматыдағы орталық алаңға бас қосқан жұрт осылай деп тарасып жатты.
… Бұл мерекені тойлау дайындықтарына қала әкімшілігінің көп қажыр-қайрат, біршама қаражат жұмсағаны көрініп тұр. Бес мың адам қатысқан Наурыз керуенінің өзі неге тұрады! Қауым алдын кесе-көлденең өтіп жатқан көш әуелі қазақтың тарихын, сосын оның байырғы тұрмыс-салтын, сауық-думанын, салтанатты қалпын еске түсірді. Білге қаған мен Тұмар ханымдар өзінің сән-салтанатымен жиналған жұртты тамсандырып, Алтын Адамның нөкерлерімен жүріп өтуі қайран қалдырды. Ал айбарлы Абылай ханның арғымағын арқыратып жүріп өткені, қызық көргісі келген жұрттың арқасын қоздырды. Тіпті Абылай хан бейнесінде дүйім елдің алдына шыққан Тұңғышбай Жаманқұловтың өзі де бір сәтке тарихи тұлғаға айналғандай, қазақтың өнегелі өткенімен сыр шертіскендей өзгеше қырынан көрінді.
Керуен қазақы көшке ұласты. Алда – бәйбішенің өзі, оның ақ боз отауы, одан кейін – қыз отауы, сосын көш көркіне айналған атқа мінген жас қыз-жігіттер.
Бұдан әрі Наурыз керуені Ит бастаған Жыл он екі айдың көшіне жалғасты.
Алматы мен Астана қалаларының символдық белгілері – Тәуелсіздік ескерткіші мен Бәйтерек кешені керуен салтанатын арттыра түсті.
Көшті қазақтың болашағы – жастар түйіндеді.
Наурыз тойын тойлау бір күндік мерекелік шаралармен шектелмесе керек. Ұлыстың ұлы күнін қарсы алу әзірлігі 22 ақпаннан басталған. Мұны қаладағы ойын-сауық мекемелерінің, ірі сауда орталықтарының маңдайшаларына жарқырата ілінген «Наурыз құтты болсын!» деген жазулардың өзі айшықтап тұрғандай. Әдетте, мұндай құттықтауларды біз 31 желтоқсан қарсаңында ғана көретінбіз. Осы айшықты жазулардың өзі Алматыны қазақыландырып жібергендей болды. Қаланы көгалдандыру, көркейту жұмыстары 18 наурыз күнгі қалалық сенбілікпен аяқталды. Алматы Наурызды айрықша сәнмен, тазалықпен және келешекке деген сеніммен қарсы алды.
Гүлбиғаш Омарова