ТҮРКІСТАНДАЙ БАБА ҚАЛАҒА ӘЛІ КӨП БАП КЕРЕК!

ТҮРКІСТАНДАЙ БАБА ҚАЛАҒА ӘЛІ КӨП БАП КЕРЕК!

ТҮРКІСТАНДАЙ БАБА ҚАЛАҒА ӘЛІ КӨП БАП КЕРЕК!
ашық дереккөзі
287

Бабалардың сөзі, тарихымыздың көзі – Түркістанда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз кең көлемде тойланды. «Кең көлемде» деп тек айтып отырғанымыз жоқ. «Түркістан – Наурыз» думанына республикамыздың түкпір-түкпірінен елімізге елеулі тұлғалары, зиялы қауым өкілдері, депутаттар мен БАҚ өкілдері шақырылған еді.

Жан-жақтан келген меймандар әуелі «Әзірет Сұлтан» кесенесін аралап, бабалар рухына құран бағыштады. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ашылған этнографиялық мұражай лентасының қиылуы да осы күнге тұспа-тұс келген-ді. Оны Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Болат Жылқышиев, ақын Фариза Оңғарсынова мен тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров қиды. Киелі Түркістан қолөнер шеберлеріне, мүсінші-сәулетшілерге кенде емес. Тамыры терең, тағдыры ерен Түркістанның тақуа сәулетшісі Иса-мимар сәулет өнері атаулының ажарындай Тәж-Мақалды салып жатса, бұл өңірдің топырағы тегін болмаған да. Демек, Наурыз күні түркістандық қолөнершілердің ат арытып келген қонақтарға көрсетер көрмесі де аз емес екен. Көрмені аралаған көпшілік таң-тамаша болысты. Осы күнгі Халықтар достығы фестивалі «Наурыз – думан» мерекелік театрландырылған көрінісіне ұласты. Сол думанда облыс әкімі тұңғыш ғарышкерге тұлпар мінгізді.

Бір тәуірі Наурыз аст та-төк ішім-жем, данғаза ойын сауық ғана емес, мағыналы да мазмұнды бағдарламасымен де ерекшеленген екен.

– Бүгінгі Түркістан кезіндегі ақ шаңға оранып жатқан күтімсіз шаһар емес. Бірсыпыра жетістіктері бар қала. Оған шүкіршілік әрине! Алайда, қала қарқынды өсіп, кемел шыңына шықты дей алмаймыз. Ұланасыр бай тарихымен ұрпақтар мақтанышына айналған қала Қазақстанның бүгінгі әлеуметтік-қоғамдық өсу үдеріміне ілесе алмай отыр. Түрік халықтарының рухани астанасы райында түлеу үшін Түркістандай баба қалаға әлі көп көңіл бөлу керек, – дейді қаланың қазіргі әкімі Әли Бектаев мырза.

Әкім мұны бекер айтпапты. «Мағыналы да мазмұнды бағдарлама» дегеннен шығады, жазушылар, тарихшы-этнографтар, сәулетшілер мен БАҚ өкілдері қатысқан практикалық конференция – «Түркістанның бүгіні мен болашағы» деп аталыпты. Бірқатар мәселелер осы конференцияның арқауына айналған. Соның бастысы – Түркістанды бүгінгі өркениет биігіне көтеру. Бұл орайда Тоқтар Әубәкіров, Қадыр Мырза-Әли, Фариза Оңғарсынова, Нұрбах Рүстемов, Рахманқұл Бердібай, Тұрсынбек Кәкішұлы, Райымбек Сейтметов, Шота Уәлиханов, Бексұлтан Нұржекеұлы, Темірхан Медетбеков, Әбдірасыл Жәрменов, Мереке Құлкенов, Нұрмахан Оразбеков, Әшірбек Сығай, Қасымхан Бегманов, Мөлдір Оңдасыновалар конференцияның қорытындысына сәйкес қабылданған отаншыл рухты зиялы қауымға, жұртын сүйетін іскер азаматтарға үндеу жариялады.

«Жағдайы жақсы шетелдіктер Түркістанға инвестиция салуға құлшынып отыр. Қазіргі таңда. Осындайда намыс қамшылап, «Ау, біздің отаншыл рухты, іскер азаматтар қайда?» – деп ойлайсың. Әдетте, біздің ісі ілгері басқан іскер отандастар «Пәлен елде мынандай бизнесім бар» деп мақтанады. Орынды мақтаныш. Ал, біздің осы намысшыл азаматтарымыз алыс-жақын шетелдіктерге көр-сетер, көргенде көз тоярлықтай кәсіпкерлік орындарды Түркістанда неге кеңінен өркендетпеске?!» – делінген үндеуде.

«Түрік дүниесінің түп отанын түлетіп ұстай алмасақ, бізге сын» деген ойды айтатын осы конференция, шын мәнінде, көпшілікті толғандырып жіберсе керек. Конференцияға қатысқандардың кейбіреуінің қойын дәптеріне әлдеқандай тезистер түсіп жатты…

Ғалымжан Мелдеш

Серіктес жаңалықтары