АСТАНА: ӘКІМНІҢ ПАРЫЗЫ МЕН ҚАРЫЗЫ
АСТАНА: ӘКІМНІҢ ПАРЫЗЫ МЕН ҚАРЫЗЫ
Алматыдан Астанаға келген кез келген жанның әуелде өзін «біртүрлі» сезінетіні рас. Өйткені, қала астана атына әзірге сай емес секілді. Қаланың мұндай кемшілігін Президенттің өзі де айтты жуықта. «Провинциялық кейіптен арылу керек. Қалалықтарды мәдениетке үйрету керек» деген Елбасы жақында қала әкімі Шүкеевке тапсырма берген. Бірақ, тапсырманың үлкені бұл емес, Шүкеевтің алдына Астананы «әлемдегі бәсекеге шыдамды отыз қаланың қатарына кіргізу» міндеті қойылды. Шүкеевтің Астананы сол дамыған отыз қаланың қатарына қосуға шамасы келер ме екен? Біреулер «Еуразияның жүрегі» деп атайтын Астананың әкімі Шүкеевтің екі жылдан бергі тындырған шаруасын електен өткізіп көрелікші.
Қазақстанның топ-менеджементінде Еуразия деген идеяға құмарлардың саны арта түскендіктен бе, әйтеуір, бүкіл жайтты былай қойғанда, қазіргі күні өзімізді де еуразиялық өлшеммен өлшейтін дәрежеге жеткеніміз рас. Еуразиялық әйел бейнесін қалыптастыру үшін тер төгіп жатқандар бар, онан кейін еуразиялық еркектің бейнесін қолдан қашай бастаймыз. Ал ел астанасы Астананы «еуразиялық өлшеммен «пішіп-тігіп», «еуразияның жүрегі» деген атқа жегіп қойғанбыз. Енді, Астана бүкіл бір құрлықтың намысын жыртамын деп жүргенде қазақтың астанасы деген аттан айрылып қалмай ма деп қорқатын болдық. Қаланың имиджі оның басшысымен тығыз байланысты екендігіне ешкім дау айта қоймас. «Еуразия» деген объектілерден аяқ алып жүргісіз Астананың құрылыс нысандарынан ұлттық рухтың иісін сезінбейсіз.
Қаланың бетке ұстар құрылысы ресми тілде «Триумф Астаны» деп аталады. Мәскеудегі «Украина» қонақ үйінің тұп-тура, айна-қатесіз көшірмесі. Қаланың ортасында «Мәскеу»деген құрылыс кешені бар. Қалада қазақшаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын атаулардан жаңылысасыз. Өзіңізді қазақтың емес, өзге бір елдің астанасында жүргендей сезінесіз. Өйткені, қала әкімі Шүкеев мұндай сәулетке қатысты мәселелерді талқылар кезде ұлттық құндылықтарды ескергеннен гөрі шетелдік мамандардың ақылын тыңдауды тәуір көре ме қалай? Мәселен, Алматыға Иманғали Тасмағамбетов келгенде қалада ұлттық рух пайда болып, қаланың өңі кіріп қалғандай болған. Алматы сәулетшілерін жинап алған Тасмағамбетов «ғимараттарда ұлттық бейне жоқ. Құрылыс жұмыстары жобаланғанда неге сол мәселеге көңіл бөлінбеген» деп, қаланың сәулетіне жауапты жандарды қағып-сілкіп алған. Ал Шүкеев мырза қаланың «өзіндік, еуразиялық кейіптік» сәулетін қалыптастыру үшін «тер төгіп жатыр». Қалаға Шүкеев келмей тұрғанда-ақ, оның бет-болмысы жапон архитекторы Куракаваның ақылына сай түзіліп, бағдарлама қабылданып қойған еді. Шүкеев әкім болып тағайындалғаннан соң, әлемнің алты елінен сәулетшілер шақыртып, аты менмұндалаған «Астананың құрылысы мен сәулетінің философиясы» деген халықаралық форум өткізіп те үлгерді. Әлемдік сәулетшілердің ұлттық құндылыққа бас ауыртпасы белгілі. Тіпті, олардың бірі бас қаламыздағы құрылыстың кемшін тұстарын тізбектеп берді.
Мысалы, халықаралық архитектура академиясының президенті Георгий Стоилов «Астанадағы құрылыс объектілерінің жоғарыға шапши ұмтылуы экономикалық тұрғыдан тиімді емес. 500-метрлік небоскреб салғаннан гөрі, 10-қабаттық үйді көлденеңнен салса, ол 50 есе арзанға түседі» деген. Астанадағы құрылыс объектілері қазір көлденеңнен гөрі тігінен салынуға бейім. Демек, құрылыс құны қымбатқа түсуде. Бірақ, елге келген инвестицияның әрбір тоғызыншы доллары Астанаға құйылып жатқанда, (Шүкеевтің өз сөзі) қымбатшылық деген не, тәйірі.
Сонымен, Астананы әлемнің ең дамыған 30 қаласының қатарына кіргізетін Шүкеев қазір шетелдік ғалымдардың пікіріне аса зәру ме дейміз. Мысалы, қаланың демографиясына қатысты бағдарламаны түзуді оңтүстіккорейлік ғалым Бэнг (КИМЭП оқу орнының негізін қалаған жан) пен оның тобы жеңіп алды. Астанадағы құрылыс, білім, медицина кластерін қалыптастыру үшін Шүкеев мырзаны америкалықтар ақылмен қамтамасыз ететін болады.
Жоғарыдағы жайттарды оқып, Шүкеев мырза тек өзгелердің ақылына ғана жүгінеді деп ойлап қалмаңыздар. Ол кісінің өзі де жиі-жиі қала халқына кеңес беріп тұрады. Мысалы: «Құбырдың суын ішпеңіздер. Өйткені, құбырлар 1959 жылдан бері ауыстырылмаған» дегендей…
Шүкеев мырза жақсы-жақсы тәжірбиелерімен де бөліскісі келетіндігін аңдатып жүр. Мысалы, Мәскеуге барып келген сапарынан кейін, «Көшеде сыра ішіп, бөтелкелерді тастайтындарға біздің қалада да неге айыппұл салмасқа. Мәскеуде солай ғой» деген.
Қаладағы көшелердің таңертең және кешқұрым уақытта мәшинелерден кептетіліп қалатындығын Шүкеев мырза өзіндік жолмен шешпек болды. Астананың әкімі: «Жұмыс уақытын таңғы сағат тоғызда емес, бірер сағат бұрын, сегізде бастауға» кеңес берді. Әзірше, әкімнің кеңесін өзінің қол астындағы Астана қаласының әкімшілігі қызметкерлері ғана қаперге алып, жұмысқа таңғы сағат сегізде келіп жүр. Басқа әкім болса, кептеліп қалатын көшелердің мәселесін айналма жолдар арқылы шешу керек немесе қаладағы ескі мәшинелердің жүруіне тыйым салу керек деуші еді, ал Шүкеев жұмысты ертерек бастау керек деп, аса ақылды қажет етпейтін «жол тауып берді».
Астананы алып 30 қаланың қатарына қосудың алғашқы баспалдағынан жүріп өтетін болған соң, әкімнің уақ-түйек емес, ірі-ірі шаруалардың бастамашысы болғанын қалайсыз. Мәселен, Алматының болашақта ақ олимпиаданың астанасы атануы үшін басшылығының тер төгіп жүргенін көріп, жаныңыз жадырап қалады. Анда-санда Алматыға келгенде, қаланың түрленіп, тазарғанына қарап, Астана еріксіз еске түседі. Астананы сақтап тұрған тек «астана» деген статусы ма деп қаласыз. Өйткені, ол статусы болмаса, қаланы алға сүйрейтін менеджері көзімізге түспейді. Негізі, қалада қандай өзгеріс болса да, ол әкімнің арқасы немесе кесірінен. Ал Шүкеев мырза «қаланың бір бұрышында қоқырсық жәшігі құлап жатса, әкімнен көреді. Бұл дұрыс емес қой» деп қаладағы кемшіліктерді айтатындардың аузына қақпақ қойғысы келеді.
Айтпақшы, ол кісі осыдан екі жылдай бұрын жаңадан әкім ретінде тағайындалған кезде Астананы газондармен қамтамасыз етпек болып: «Екі айдың ішінде газондарды ретке келтіру керек. Қалада жер құр жатпауы тиіс. Иә газон, иә ағаш егілуі керек. Сонда қалада микроклимат болады. Газонға жауапты адамды өзіме әкеліп көрсетіңдер» деген екен. Міне, сонан бері екі жыл өтті, Астанада газонның ізін де аңдамайсыз. Қайта, құр жатқан жер көзге көбірек көрінеді. Мейлі, қаланың ауқымды жұмыстары белден асып жатқанда, газон деген не тәйірі деп, көз жұма салуға болар, бірақ, әкімдік қайраткерлігіндегі бастамасын газон «саласынан» бастаған Шүкеев онан жоғарыға көтеріле алмай жүрген секілді. Қаланың бүк түсіп жатқан инфрақұрылымына назар аударалық:
Жазынан қысы ұзақ Астананың әр ғимаратының төбесінен будақтаған түтінді көруге көзіміз үйреніп кетті. Қаланың сол жақ бөлігіндегі әр ғимарат Астананың экологиясын ластауда өз еңбегін сіңіріп жатыр. Себебі, жылу энергетикалық орталықтары жеке (автономды). Орталық қазандықпен іске қосылмаған. Өйткені, күннен күнге ауқымданып бара жатқан Астананы ескі қазандықтың жылумен қамтамасыз етуге шамасы жетпейді. Осыдан екі аптадай бұрын Астананың ахуалына баға берген Елбасы «Қаланы жылумен қамтамасыз ету ісі кейінге қалып барады. Қазірдің өзінде ТЭЦ-3 салудың жоспарын дайындау керек» деді.
Негізінен үлкен ғимаратты пайдалануға берерде, алдымен оны жылумен қамтамасыз ету ісі бірінші кезекке қойылмайтын ба еді? Бұл да әуежайды пайдалануға берерде, бірінші ұшақ қонатын орынды сайлап алу керек деген секілді, заңдылық емес пе? Экологияны былай қойғанда, жылудың болмауы, әр үйдің жеке қазандыққа қарап қалуы қалалықтардың қалтасына да оңай тиіп жатқан жоқ.
Қазір жаңа ғимараттардың қазандықтарының жеке болғандығы себепті, коммуналдық төлемнің қымбатқа түсетінін әрбір екінші қала тұрғынынан естисіз.
Астанадағы жылу энергетикалық кешендердің дамымай қалғанын тілге тиек етсеңіз, сараң Үкімет қаржы бөлмей жатыр, сондықтан да бюджетте қарастырылмаған деген жауап естуіңіз мүмкін. Алайда, бюджетті Парламенттің бекітетіні белгілі. Үкімет өзі жұмсайтын қаржыны осы Парламенттің бекітуінен өткізіп алады. Қаржы аса қат болып жатса, Астанадан сайланған депутаттар арқылы да қам жасауға болады ғой. (Қаланың стратегиялық нысан екенін, президенттен бастап, бүкіл ведомстволардың Астанада орналасқанын ескермегеннің өзінде). Мәселен, Алматыдан сайланған депутаттар депутаттық сауалдарында Алматыға қаржы бөлуді немесе Алматының қаржысын өзінде қалдыруды ұмытпай отырады. Ал Астанадан сайланған депутаттың Астананың намысын жыртқан жанайқайы түгілі, құр дауысын да естімейсің. Бұл арада Астана әкімшілігінің лобби жасау немесе нағыз менеджменттік қасиеттерден ада екенін аңғаруға болады. Немесе Алматының әкімі қаладан жиналатын салықтың едәуір бөлігін қаланың өзінің игілігіне жұмсауға қол жеткізді. Астананың қаржысын өзіне жұмсататындай жол ашқызуға әкімнің қолын ешкім байлап отырған жоқ қой. Тіпті басқа басқа, соңғы он жылдықта Қазақстанның ешбір қаласына дәл Астанадағыдай секілді мол инвестиция келген жоқ. Әкімнің өзі инвестицияның әрбір тоғызыншы доллары Астанаға келді деп айтып отыр. Қарапайым жылу энергетикалық орталықтарын салуға сол инвестицияның оннан бірі де жетуші еді. Бәлкім, қала әкімшілігі ол инвестиция қаланың инфрақұрылымын дамытуға жұмсалды деп айтар, бірақ, дамып кеткен инфрақұрылым көзге түспейді. Соған қарағанда, әкімшілік инфрақұрылым дегенді жоғарыға өрлеген қымбат үйлер салу деп қана түсінетін секілді.
«Жол құрылыстары сын көтермейді, тіпті, кісі жүретін жолдардағы кірпіштер қаланғаннан кейін түсіп жатады» деген ең қарапайым мысалды депутаттардың өздері айта-айта жауыр етті. (Негізі депутаттар анда-санда Парламентке бас сұққан әкімге ыңғайсыз сұрақтар қойып, мазасын алмайды. Осы жол секілді мәселемен шектеледі). Бірақ, жолдың өзі қаланың күре тамыры болғандықтан, біз оны майда-шүйдеге балап, айналып өте алмаймыз. Қала әкімі Президент алдында есеп берген кезінде «2010 жылға дейін қала деңгейінде 41 шақырымдық көше іске қосылса, аудан деңгейінде жиырма шақырымдық көше салынады. Жергілікті деңгейде 25 шақырымдық көше пайдалануға беріліп, үш көпір мен 9 айналма жол, 8 жерасты жолы іске қосылады» деген, бірақ Президент «Болашақтағы түгілі қазіргі жолдардың өзі қажеттілікті қамтамасыз етіп тұрған жоқ» деп Астананың жол құрылысына көңілі толмайтындығын аңдатты. Әкімшілік қаланың жол жүйесінің дамуы бағдарламасын алдағы отыз жылға шақтап қойған. Яғни, бағдарлама 2040 жылға шақталған. Ал Президенттің есебі бойынша, Астананың дамыған отыз қаланың құрамына кіруіне жиырма төрт жыл қалды. Астананың транспорт инфрақұрылымы көштен қалып барады. Президент әкімнің өзіне және Үкіметке « Алдағы жарты жылдың ішінде транспорт жүйесінің қалай түзілетінін толық анықтауды» тапсырды. Ал әкім қалаға қандай транспорт түрінің тиімді екенін толық шеше алмай, біресе, монорельстік жол тиімді, біресе Еуропадағыдай шусыз трамвай дұрысырақ деп, Еуропаға мойын созып жүр.
Президент «Жаңа құрылыс нысандары салынғанымен, оның жер асты коммуникациялары мен электр желілермен қамтамасыз ету мәселесі жолға қойылмаған. Коммуникация мен желілер 1930 жылдар мен 1960-1970 жылдар аралығында салынған. Желілер қазіргі жағдайға шыдас бермейді» деп отыр. «Ауыз сумен ұзақ мерзімді бағытта қамтамасыз ету ісі шешілмеген. Қаланы сумен қамтамасыз ететін жаңа су қорына қатысты мәселені қарастыру керек» деп Шүкеевке тапсырды. Ал әкім болса, күні кешеге дейін «2010 жылы бір миллион 200 мың адамды сумен қамтамасыз ете аламыз. Қаланы сумен қамтуда еш проблема жоқ» деп келген…
Астанаға келе қалған жан бір аса қажетті нәрсенің жетіспей тұрғанын бірден аңдайды. Әрине, «Еуразияның жүрегінде» жетіспейтін жайт көп. Бірақ, мұның орны ерекше. Ол дені дұрыс автотұрақтың жоқтығы. Мәшинелердің бәрі де көшелерде қаңтарылып тұрады. Жүргіншілердің, онан қалса, МАЙ қызметкерлерінің бас ауруы. Әкім: «Соңғы бес жылда қаладағы мәшинелер саны үш есеге өсті» деп ақталады. Бірақ, Алматыда да солай емес пе? Алайда, Алматы әкімінің «Мәшине көбейіп кетті ғой»деп аузын құр шөппен сүртіп отырғанын еш байқамайды екенбіз. Бұл енді әкімнің іскерлігіне тірелетін дүние шығар. Іскерлік қасиеттен ада болғаны үшін әкімді кінәлауға да қымсынады екенсіз. Бірақ, Астананы дамыған отыз қаланың қатарына кіргізетін әкімге іскерлік қасиеттен ада болу жараспаса керек!
Астана жайлы жазғанда, қалай айналып өтсеңіз де құрылыс саласына қайтып келесіз. Өйткені, бұл «құрылыс алаңы» ғой! Негізі, құрылыс қарқынына сүйінгендер Астананы «құрылыс алаңына» теңейді. «Ел экономикасының қозғаушы күшімен» салыстырады мақтауын асырғысы келгендер. Әкімнің айтуынша, «Құрылыс саласына тек 2005 жылдың өзінде 2 млрд. АҚШ доллары сомасында инвестиция тартылған. «Құрылыстың сексен бес пайызы жеке инвесторлардың үлесінде»дейді әкім. Мұнысын «орта және шағын кәсіптің қанатын кең жаюына септігімді тигіздім» дегені ретінде түсіну керек шығар. Мейлі, Астанадағы орта және шағын кәсіпкерлікке кейінірек бір соғармыз. Әзірше, құрылыс саласына тоқталайық…. Әкім құрылыс алаңымен қанша мақтанғысы келгенімен, дәл осы құрылыс саласында кілтипанның көп екенін Елбасының өзі тілге тиек етіп отыр. «Құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілетін объектілерге сын көп айтылып жүр. Сапа деңгейі сын көтермейді. Жасалынбай қалған шаруа шаш-етектен. Әкімшілік тарапынан ғимараттардың сапасын тексеру жұмыстары жүргізілмейді. Ғимараттарды қабылдап алу кезеңі де ашық түрде өтпейді» деді Президент.
Қазір қаладағы 400-ден астам құрылыс кешендерінде жұмыс жүргізіліп жатқанын еске салып өтеміз. Ал сарапшылар қаланың құрылысына жоғарғы технологиялардың пайдаланылмайтындығын айтып жүр. Тіпті, құрылыс компанияларындағы кірпіштің өзі бұрын пайдаланылған кірпіштер болып келеді екен. Индустрия және сауда министрлігі өкілдері «Жаңа салынып жатқан үйлердің сапасының жақсаруын тілеуден басқа қайран жоқ» дейді.
Ал қаладағы құрылыс объектілерінде кісі өлімі жиі орын алады. Ондай жайттарды тіркегенде қаланың еңбек департаменті ең минимальді көрсеткішті есептейді екен. Мысалы, Астананың прокуратурасының мәліметтеріне сүйенсек, былтырғы жылы құрылыстағы кісі өлімі еңбек департаменті есептегенінен екі есе көп болған. Дәлірегінде, департамент 27 адам қаза болды деп есептесе, прокуратураның есебінде ол көрсеткіш 41 адамға жеткен. Бұған қоса, тексеріс нәтижесінде әкімшілік тарапынан еңбек және техника қауіпсіздігі секілді жайттар да ескерілмейтіндігі анықталған.
Астананың құрылыс алаңы деп аталғанының арқасында, қалада «спекулянттар» етек жайып барады. Құрылыс енді басталатын үйлерден арзан пәтер «ұсынатындардан» аузы күйіп қалғандар қаншама. Арзан түгілі, қымбат үйлерге қаржы салған жанның да ұпайы түгелденбей қалып жатыр.Мәселен, қаланың ортасындағы «Мәскеу» деген 25 қабатты тұрғын үй кешеніне қаржы салып қойғандар қазір кімге шағынарын білмей жүр. Құрылыс жұмыстарының 70 пайызы біткен тұрғын үйдің иә пайдалануға берілетіндігі, иә бұзылатыны белгісіз. Өйткені, салынып жатқан аумағынан, құрылыс материалдарынан және мердігерлерден шалалық шыққан.
Негізі, Президенттің сөзі дұп-дұрыс. Қала әкімшілігі сол қаланың ресми қожайыны болғандықтан, өз аумағында не істелініп жатқандығын тексеріп отыруы керек қой. Мәселен, Тасмағамбетов Алматыға әкім болып келгеннен кейін «тау самалын өткізбей тастайды» деп қаланың жоғары аудандарына құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салған жоқ па еді? Немесе кісі тұратын пәтерді ғана ескеріп, аула деген жайтты естен шығарып жіберген құрылысшылардың жобаларын тоқтатып, бұздыруға дейін барған еді ғой! Ал Астана әкімшілігі әлі күнге дейін бірде-бір құрылыс компаниясының лицензиясын кері қайтарып алған жоқ. Ал Астанадай құрылыс алаңында «аланың да, құланың да» толып жүргенін жоғарыда жаздық. Алматы әкімі қаланың экологиясы үшін қам жесе, ластанып жатқан Астана экологиясы үшін бас ауыртқан Астана әкімшілігінің арнайы шараларын байқай қоймадық. Мәселен, қыс күндері әр ғимараттың төбесінен түтіні будақтап тұратынын жоғарыда жаздық.
Айтпақшы, Бүкіләлемдік банктің Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Лу Брефор: «Астанадағы салынып жатқан тұрғын үйлер негізінен элиталық. Онан қалса, орта кластың жоғары деңгей өкілдеріне арналып салынуда. Қарапайым жандарға арналып салынатын үйлердің көлемі өте аз» дейді. «Астанада құрылыс кластерін қалыптастыру «голланд ауруын» туғызуы мүмкін. Өйткені, сұраныс ұсыныстан әлдеқайда көп. Мұның кесірінен тұрғын үй рыногінде баға тағы да өсіп кетуі мүмкін» дейді Бүкіләлемдік банктің Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Лу Брефор. Бірақ, Астана әкімдігі болуы мүмкін нәрсенің алдын алуды былай қойғанда, бар бағдарламаның өзін жарытқаны шамалы.
Астана әкімшілігі президенттің тұрғын үй бағдарламасын да оңдырып орындап отырмаған секілді. өйткені, президент «Астанада мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан үйлер жеткіліксіз» деді. Астананың 2005 жылға арналған әлеуметтік экономикалық жағдайын қорытындылаған жиылысқа қатысқан президент: «Былтырғы жылдың 21- ақпаны мен 28-наурызы аралығында арзан үй алуға 10 мың азамат ниет танытып, өтініш берген. Оның 3 мыңы електен өтіпті. Бірақ, салынған пәтердің саны 1350-ақ. Бұл аз» деді. Сонда, 2,5 есе аз. Қарқыны мықты құрылыс алаңында, президент бағдарламасына көңіл бөлінбегені өкінішті-ақ…
Құрылыстағы шалалық демекші, мұндайда «халықаралық талаптарға сай» Астана әуежайының шытырман оқиғаларын да айналып өте алмайсыз. Осы әуежайдың пайдалануға берілгенінің екі кезеңі болған. Ресми түрде және шын мәнінде пайдалануға берілуінің арасын бірнеше апталардың бөлгені де жұрт есінде болар. Сондықтан, президент айпақшы, шала-пұла құрылыстар Астанада өте көп.
Астананың дамуына қатысты өткір сынын айтқан президент айтылған сөздерінің қорытындысы бойынша протокол дайындалып, оның орындалуын президент әкімшілігі қатаң назарда ұстайтынын ескертті.
Шүкеевтің қалай қимылдайтынын кім білсін?
Астана шынын айту керек, қазақтың астанасы деген ұғымнан өте алыс. Алматыдан барған жан жаңа астанамызға қарағанда, оңтүстік астанамыздың қазақшылығы мықты екенін дереу аңдайды. Тіпті, «Еуразияның жүрегінде» еуразиялық идеялар қазақшылыққа орын қалдырмаған ба деп шошисыз. Көшелердің қазақтың батырларының, хандарының атын алғанына шүкір деумен шектелесіз. Мемлекеттік тілдегі мектептер мен бала бақшалардың саны аз. Астананың ауыл қазағының, яғни қазақ тілді халықтың есебінен ауқымданатындығы себепті, мемлекеттік тілдегі білім ошақтарының санын көбейту әкімшілік алдындағы негізгі міндет болуы қажет еді. Бірақ, өкіншіке орай, олай емес. Астана қазақтандыруға емес, орыстандыруға немесе еуразияландыруға мықты «еңбек сіңіріп» отыр.
Мәселен, қала әкімінің жақында қала халқына берген есебінен қазақшға орын табылған жоқ. Тілдің дамуы да атқарушы биліктің тірлігіне байланысты ғой.
Мәдениет деңгейінің де жақсаруына тек оң тілек тілеумен шектелесіз. Айтпақшы, жоғарыда Президенттің Шүкеевке «Провинциялық кейіптен арылу керек. Қалалықтарды мәдениетке үйрету керек» деп «тапсырма» бергенін жаздық. Ақпараттарды ақтарып отырып көзімізге түскені, президент былтыр да Астананың 2004 жылғы қорытындысын жасаған Шүкеевке қаланың мәдениетінің күштен қалып бара жатқанын айтып, өткір сынға алған екен. Биыл да сөйтті. Келер жылы да сөйтетініне күмәніміз жоқ.
Қызмет көрсету саласы мүлде артта қалған. Қала қонақтары дұрыстап демалатын жердің жоқтығын жиі тілге тиек етеді. Әкім әзірше уәде берумен шектеліп жүр. Ол уәденің газон секілді «қурап» қалмайтынына сенгіміз келеді. Негізі, қаланың мәдени ошақтарын көбейтуде орта және шағын кәсіптің ойнайтын рөлі ерекше ғой. Сондықтан, бұл арада әкімшліктің бас ауыртуының да қажеті жоқ. Алайды, мәселе, сол орта және шағын кәсіптің Астанада толық түсіністікке ие бола алмағандығына қатысты секілді.
Орта және шағын кәсіпті қаланың мүддесіне жұмыс істетуге бағытттап отыратын менеджері болмағаны қаланың соры ғой.
Сонымен, Астанада қордаланып қалған мәселе шаш-етектен. «Мәскеу де бірден салынған жоқ қой» деп дау айтатын жандар табылар. Бірақ, осы бір ескіріп кеткен қағиданы айтатындарды кері тартушылар демеске амалың жоқ. өйткені, Астана 21 ғасырдың қаласы. Оны дұрыс дамытуға бүкіл технология, бүкіл жағдай жеткілікті. Астана статусын алғанына он жыл толмай жатып, Елбасы Астананы дамыған отыз қаланың қатарына кіргізу міндетін қойды.
Ал қазіргі ахуалымен, менеджментімен Астананы ондай белестерден көру қиындау секілді.
Гүлнәр Мұқанова