768
«САБАХ» – ХАЛАЛ КАФЕ-АСХАНАСЫ
«САБАХ» – ХАЛАЛ КАФЕ-АСХАНАСЫ
Елімізде республикалық деңгейде халал стандарты бекітілгеннен бері біраз игі бастама жүзеге асып келеді. Соның бір айғағы – тамақ өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласының біртіндеп халал қағидаларына сай жұмыс істей бастауы. «Сабах»– Халал комитетінің сарабынан өтіп, халал стандарттарына сай деп танылған Алматыдағы алғашқы кафе-асхана. Осынау халыққа қызмет көрсету орнын Қытайдан келген мұсылман бауырымыз Дәуітжан Шүкір ашыпты. Кафе-асхана бір мезгілде 300-400 адамға дейін қызмет көрсете алады. Мұндағы қызметкерлердің басым бөлігі – Қытайдан келген қандас бауырларымыз екен. Біз «Сабах» кафе-асханасының директоры Дәуітжан Шүкірді әңгімеге тартуды жөн деп білдік.
– Менің Қазақстанға келгеніме он жылдай болып қалды. Негізінен мен Алматы қаласына келіп, осында үйлендім. Құдайға шүкір, қазір үш перзентіміз бар. Қазақстан азаматымыз. Осы он жыл ішінде туған жерімізге де барып-келіп жүрдік. Бірақ Қазақстан азаматы болғанымызды мақтан тұтамыз.
Құдайға шүкір, қазір Қазақстанда дін күшейіп, заман жақсарып келе жатыр. Әу бастан маған халал тамақ даярлайтын жерлер жеткіліксіз болып көрінді. Бір жағынан, отбасымызды асырап, екінші жағынан, исламға қызмет жасасақ деген ниетпен осы кафені ашуға бел байлап, іске кіріскеніміз рас. Бірақ достарымызға, таныстарымызға халал кафе ашамыз дегенде, олар ғимаратты жалдаудың да, сатып алудың да өте қымбат екенін айтып, бізді бұл істен арашалағысы келді. Оның үстіне арақ-шарапсыз халал кафелерді ұстау белшеден қарызға батырып, шығынға әкеп соғатынын да ескертті. Бірақ мен: «Жүрегім осыған қатты тартып тұр» – дедім. Қазақстанда халықтың басым бөлігі – мұсылман. Құдайға шүкір, дін күшейген сайын халал тағамдарға деген сұраныс та артып барады. Осыны ескере отырып, әйеліміз екеуміз тәуекелдеп, іске кірістік. Басында келушілер аз болды. Сонда кейбір достарымыз: «Арақ-шарап қойып, ісіңді алға жылжыт» – дегендей ақыл-кеңес берді. Бірақ біз халал кафені тек ақша табу үшін ашқан жоқпыз ғой. Ертең бәріміз де бір Алланың алдына барып, есеп береміз. Харам нәрсені қалай сатамыз? Харам тағамдарды сатып жүрген бауырларымыз бір күні өзгеретін шығар деп үміттенеміз. Біз бұл істі басынан таза бастадық па, Құдай қаласа, ақырына дейін таза жұмыс істемекпіз. Оның үстіне әрнәрсеге сабыр керек. Дініміз сабырлыққа шақырады. Сабырмен келушілерді күттік: бірте-бірте кафеміз таныла бастады, келушілер де тағамдарымызға үйреніп, көптеп келе бастады. Құдайға шүкір, қазір күн өткен сайын клиенттеріміз көбейіп келеді. Түскі ас кезінде, тіпті, адамдарға орын табылмай қалады. Құдайға шүкір, ісіміз осылайша оңға басып жатыр.
– Халал тағам мұсылмандықтан алынғандықтан, мұнда көбіне мұсылман халықтары келуі керек сияқты. Бірақ, байқасақ, мұнда өзге дін өкілдері де тамақтанатын сияқты. Олар да халалға бет бұрып жатқандай…
– Дұрыс айтасыз. Басқа дін өкілдері де халалдың пайдасын жақсы біледі. Тіпті, кейбіреулер халал тек намаз оқитын адамдарға керек деп те ойлайды екен. Бұл дұрыс емес. Қазір бізге орыс ұлтының өкілдері де, оның ішінде жастар да көп келіп жатыр. Бәрі: «Тамақтарыңыз дәмді, арақ-шарап ішілмейді, темекі тартылмайды. Бізге де бұл жақсы, тым болмаса бір-екі сағат темекі шекпейміз» – деп жатады.
– Мұнда мұсылман дәстүрі бойынша тойлар да өткізіледі екен ғой…
– Рас, қазір мұсылманша тойлар да өткізіліп жатыр екен. Әуелде мұны біз білген де жоқпыз. Қазір осындай тойларға сұраныс бар. Талай тойлар, Құдайы тамақтар, ауыз ашарлар жасадық. Тіпті, кейбір жастар келіп: «Аға, біз туған күнімізді мұсылманша өткізгіміз келген еді» – дейді. Негізінен мұсылманша тойлар өте жақсы өтеді. Мұның бәрі асабаға байланысты ғой деймін. Мұсылман тойларында асабалар – діндар азаматтар болады. Асаба: «Исламның бес парызы не?» деген сияқты сауалдар қойып, тойды қыздыра түседі. Оның үстіне домбырамен әдемі әндер айтылып жатады. Кейбіреулер арақ-шарапсыз көп отыруға болмайды деп есептейді. Ал, біздің тойлар 6-7 сағатқа дейін созылып, өте мәдениетті түрде өтеді.
Өзіңіз де білерсіз, қазір республикамызда Марат қажы Сәрсенбаев басқаратын Халал комитеті жұмыс істейді. Біз Халал комитетінен тіркелген Алматыдағы алғашқы кафе-асханасымыз. Жақында Халал комитетінен тіркеліп, арнайы куәлік те алдық. Марат қажы Сәрсенбаевпен қатар, муфти хазіреті келіп, құттықтап, жақсы тілектер айтып кетті. Төбеміз көкке тірелгендей болды. Басында бізді осылай қолдайтынына, әйтеуір ісіміздің алға жылжып, осындай деңгейге жететінімізді ойлаған да жоқпыз. Қазір ашылып жатқан кафе-мейрамханалар көп. Бірақ олардың ішінде біздің беделіміз ерекше.
Біздің кафенің бір ерекшелігі, даяшыны шақыратын арнайы құрылғы бар. Басқышты басып қалса, қандай зат қажет, сол кестеден шығады. Қоңырау түсіп, біздің даяшылар жүгіріп барады. Өзіңіз де көріп отырсыз, даяшы қыздар мұсылманша ұзын киініп, бастарына орамал тағып жүреді. Келген мұсылман қонақтарды: «Ассалаумағалейкум!» – деп, қарсы алады. Басқа азаматтармен өз тілінде амандасады.
– Қазақстанның түкпір-түкпірінде миллиондаған мұсылмандар тұрады. Өзге аудан, облыс, қалаларда халал кафе ашу ойыңызда бар ма?
– Мұндай ой басында да болған. Құдай қаласа, Алматының тек өзінде бірнеше халал кафе ашамыз ба деп ойлағанбыз. Қазір бұл ойымыз одан да асқақтап, Құдай қаласа, болашақта Астанада да филиалымызды ашамыз ба дейміз. Біздің тілегіміз – басқа кісілер де осындай халал кафелерін ашып, осы саланы одан ары да дамыта түссе дейміз. Қазақстанда мұсылмандар өте көп қой. Яғни, халал тағамға деген сұраныс та көп.
– «Сабах» кафе-асханасының қызметкерлері мұсылмандар ғой. Асханаңызда намазханаңыз да бар екен. Соған қарағанда, қызметкерлеріңіздің көбі шариғат талаптарын орындайды ғой деймін…
– Қазір мұнда қызмет етіп жүрген азаматтардың көбі – Қытайдан келген қазақ қыздары мен жігіттері, сол сияқты ұйғыр жастары. Олардың көбі дін жолында. Үлкен кісілер намаз оқиды. Біз де зайыбымыз екеуміз бес уақыт намазымызды қаза қылмай, оқып келеміз. Бірақ жаңадан жұмысқа келген жастардың кейбірі: «Ислам деген не?» – десеңіз, қарап тұрады. Құдайға шүкір, олар осында жұмысқа орналасқаннан бері дінді танып, өз еріктерімен намаз оқи бастады. «Дінде зорлық жоқ» – дейді. Біз зорлап, дінді түсіндіріп жүрген жоқпыз. Күні бойы халал тағамдар дайындаймыз. Клиенттеріміздің келіп, осында намаз оқып, жақсы тілектер айтып жатқанына қарап, жас қызметкерлеріміздің де жүрегі дінге бұрылып жатқандай. Бәрібір де қазақ-ұйғыр мұсылман перзенті ғой. Әйтеуір өз діндерін жақсы ұғынып жатыр. Мұндағы намазханада бес уақыт намаз оқып жүр. Ораза ұстайтын да болды.
Біз осыдан он жыл бұрын Қазақстанға келгенімізді айттық қой. Сол кезбен салыстырғанда, қазір діни жағдай жақсарды деуге болады. Діни сауаттылық та жоғарылағандай. Күн санап діни өрлеу өріс алып келеді. Қазақстанға Алла Тағаланың назары ерекше болып жатыр деп ойлаймын. Мұнда діни секталар да бар екен. Бұл орайда біз дінімізді насихаттай білсек игі. Біз Абу-Ханафи мәзхабындамыз. Ата-бабаларымыздың айтуынша, дүниежүзіндегі мұсылмандардың 70 пайызы осы мәзхабта көрінеді. Біз осы жолмен келеміз.
– Бұл кафе-асхана тәулік бойы жұмыс істей ме?
– Иә. Келушілер көп болып жатыр. Сондықтан біз халықтың ынта-ықыласынан шығу үшін тәулік бойы жұмыс істеп жатырмыз. Біз ораза кезінде өте қауырт жұмыс істедік. Біздің кафеде ауызашар жасағысы келгендер өте көп болды. Ораза кезінде біздің қызметкерлердің де аузы берік болады. Келушілердің де аузы берік. Бәрі де бір уақытта ақшам намазын оқып, аузын ашады. Даяшыларымыз зыр жүгіріп, келушілерге қызмет етіп жүреді. Ораза кезінде көңіл-күй мұнда ерекше?!
– Келушілерге қазақ тағамдарынан қандай тағамдар ұсынасыз?
– Қазақ тағамдарынан ет, шелпек, бауырсақ береміз. Манты, самсаны да қазақша тағамдар деп айтамыз. Әр уақытта қымыз-шұбаттарымыз бар. Біздің кафеміздің залы – еуропалық және шығыстық тағамдар деп екіге бөлінген. Бір жағынан, жақын арада бірқатар оқу орындары орналасқан соң, студенттердің де қалтасын елеп, бағаны төмендетіп қойдық.
– Басында достарыңыздың «халал кафе ашу – шығынға батырады» деп айтқанын тілге тиек еттіңіз. Бүгін халал кафе-асханасын ашқаныңызға өкінбейсіз ғой…
– Жоқ, өкінбейміз. Керісінше, Құдайға шүкір дейміз. Қазір азаннан кешке дейін осында жұмыс істейміз. Аллаға тәуекел етіп, бастаған жұмысымыз ғой бұл… Бұндай дәрежеге жетіп кететінімізді ойлаған да жоқпыз. Алматыдағы үлкен кісілердің жақсы тілектері мен баталарын алып жатырмыз. Егер өзге де азаматтар осындай мейрамханалар ашып жатса, оған өте қатты қуанып, өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз.
Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТОВА