АНАЛАР ТЕМЕКIГЕ ҚАРСЫ

АНАЛАР ТЕМЕКIГЕ ҚАРСЫ

АНАЛАР ТЕМЕКIГЕ ҚАРСЫ
ашық дереккөзі
290

Шылым шегу — қатерлi дерт. Бұл – тек бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiнiң пiкiрi емес, бүкiл дүние жүзiндегi медицина ғалымдарының жылдар бойы жүргiзген зерттеулерiнiң нәтижесiнде белгiлi болған ұғым. Негiзiнен темекi шегу денсаулықтың қатерлi бұзылыстарына алып келедi. Адам ағзасын айықпас аурудан арашалап қалуды көздейтiн ақ халатты абзал жандардың сөзiне сүйенсек, темекi шекпейтiндермен салыстырғанда темекi шегетiндер өкпе iсiгiнен 3-9 есе жиiрек қайтыс болатын көрiнедi. Сондай-ақ, мамандар пiкiрi шылым шегетiн жандардың өкпе iсiгiне шалдығу қатерi, жүрек ишемиялық ауруына шалдығуы, миға қан құйылу қатерi темекi шекпейтiндермен салыстырғанда 2-3 есе көптiгiн көрсетсе, шылым шегетiн әйелдердi шылым шекпейтiндермен салыстырғанда жүрек-қан тамыры ауруларының даму қатерi әйелдердi шылым шекпейтiндермен салыстырғанда жүрек-қан тамыры ауруларының даму қатерi, 10 есе жоғары екенiн анықтайды. Және темекi шегушiлерде дәм, иiс сезiмталдығы өзгередi, жас шағындағы беттегi тым айқындалған әжiмдер, тiс iшек-қарын жүйесiнiң дерттерi пайда болады, ауыздан жағымсыз иiс бөлiнедi, иммунитет төмендейдi екен.

Статистикалық деректер бойынша, темекi шегу себептерiнен Қазақстан Республикасында жылда орта есеппен 2025 адам қайтыс болса, Қазақстанда тұрған халықтың шамамен үштен бiр бөлiгi (62 пайызы ерлер, 18 пайызы әйелдер) шылым шегетiндер қатарын толықтырып тұр.

Мiне, осылайша бүгiнгi күнi темекi түтiнiне тұншығып, никотинге немқұрайды қарамайтын жандар саны уақыт өткен сайын жоғарылауда. Әсiресе, кәмелет жасқа толмаған жастардың да көк түтiнге елiктеп, есi кетiп жүргендерi де жиiлеуде. Нақты сандармен сөйлер болсақ, облыстық наркологиялық орталықта 358 нашақорлыққа құмарлық еткен жасөспiрiмдер мен 150 таксикоманды айтпағанның өзiнде, шылым шегiп есепте тұрған жеткiншектердiң саны өткен жарты жылдықта 88 болған. Осылайша қазiргi кезде бұқараны алаңдатып отырған мәселенiң бiрi — жастар мен жасөспiрiмдердiң көк түтiнге қызығушылығының күрт өсуi. Жастарды жаман әдеттен арылту үшiн «Темекi шегушiлердiң алдын алу және оны шектеу туралы» Заңда: «Он сегiз жасқа толмағандарға темекi бұйымдарын сатуға тыйым салынады» деп көрсетiлген. Бүгiнгi күнi бұл заңда ешқандай да қауқар қалмағандай. Себебi, қай дүкенге бара қалсаңыз, кәмелетке толмаған жеткiншек ақша төлесе, темекi тұрмақ “арақ” атты жын суын да алуға құқылы. Яғни, сатушылар бала болашағына бiр сәт көңiл бөлудiң орнына алдында тұрған затының өткенiн артық санайды. Сондай-ақ, заңның орындалуы барысын қадағалап жатқан ешқандай да құзырлы мекеме қызметкерлерiн сауда қатарының қасынан көрмейсiз. Сонда заңның орындалуын кiм қадағаламақ? Әдетке айналған айықпас аурудан қалай арылуға болады? Бұл жауапкершiлiктi осыдан бiршама уақыт бұрын құрылған “Қарлығаш” қоғамдық қозғалысы өз мойындарына алып отыр. Бұл қозғалыс қоғамдық, коммерциялық серiктестiктер коалициясымен ұйымдастырылыпты. Яғни, қарлығаш құсын өз ұрпағының батыл да талмас қорғаушысы символы етiп алған бағдарламамен жұмыс жүргiзушi компанияның қызметi барысында әлеуметтiк белсендi әйелдерден валонтерлiк топ құрылмақ. Олар жасөспiрiмдерге темекi саудасын жүргiзбеу үшiн сауда-саттық орындарын бақылап, мәлiмдеудi өз жауапкершiлiгiне алмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара жас жеткiншектерге шылым шегу тыйымын күшейтуге көмегiн тигiзедi екен.

Сонымен қатар бұл жоба жалпы қоғамның, әсiресе, сатушылардың ақпараттандырылу деңгейiн көтередi, темекi саудасына байланысты заңнамалық шектеулер мен оларды бұзған жағдайда қандай жазалау шаралары бар екендiгi туралы мәлiметпен таныс болады. Бағдарлама алғашқы рет Астанада, Оралда және Шымкентте жүзеге аспақ (пилоттық жоба). Бағдарламаның координаторы-Алматыдағы “Қазақстанның iскер әйелдер ассоциациясы”.

“Қарлығаш” ҚК-кәмелетке толмағандарға темекi сатуды тоқтатуды мақсат еткен әйелдердiң жаңа ерiктi бiрлестiгi. Аталған ұйым “Қарлығаш-аналар шылымға қарсы” бағдарламасын дайындап, темекi саудасын, яғни кәмелетке толмағандарға темекi бұйымдарының сатылуын бақылауға алмақ.

«KeyPoints» тәуелсiз маркетингтiк компанияның зерттеулерi көрсеткендей және сатушылардың айтуынша, балалардың темекiнi бiр данамен сатып алуына тиiстi органдар тарапынан қатал бақылаудың жетiспеушiлiгi себеп болып отыр. Бiрақ бұл орайда сатушылар өзiн жауапты деп санамайды және көбiне олар “шылым шегуге қарсы” деген тапсырма болғанның өзiнде, жасөспiрiмдерге темекi саудасын тоқтатпайды. Осылайша, жасөспiрiмдердiң 26 пайызы темекiнi дүңгiршектерден (киоск), 25 пайызы кiшi дүкендерден және 15 пайызы азық-түлiк дүкендерiнен сатып алады екен. Жасөспiрiмдердiң өз сөзi бойынша сатушылардың 5 пайызы ғана темекi сатудан бас тартады. Сәйкесiнше, оның 95 пайызы кез-келген себептермен саудасын жалғастыратын көрiнедi.

Ұйымдастырушылардың пiкiрiнше, жеткiншектер арасында шылымға қарсы күрестi дүңгiршектiң тап қасында тұрып бастау қажет. 13-15 жастағы жасөспiрiмдер арасындағы темекi шегушiлер саны – 12.1 пайызды құрайды. Оның үстiне бұл үрдiс қыздар арасында да белең алып бара жатқаны Қазақстанның демографиялық мәселелерiне өте қауiптi көрiнедi. Осы шараға әйелдердiң әлеуметтiк потенциялын тарту мәселеге жаңаша қарау болып есептеледi екен.

Аналардан құрылған ұйым алдағы уақытта қоғамдағы шешуiн таппай отырған мәселенi осылайша шешпек. Неде болса атқарылар жұмыстың нәтижесiн келер күн көрсетер.

Осыдан екi-үш жыл бұрын заң шығарушы органдар тарапынан қоғамдық орындарда темекi шегушiлерге тиым салу жөнiнде арнайы заң шығып, қабылданған едi. Алайда әрбiр адамның мемлекет алдындағы бағынар басты құжаты саналар заң қазiргi кезде тек қағаз жүзiнде ғана қалып отыр. Яғни, кейбiр мемлекеттiк мекемелер мен кафе-барларға, қымызханаларға және қоғамдық орындарға бара қалсаңыз, көк түтiндi будақтатып отырған көпшiлiктi көргенде талай уақыттан берi талқылауда жатып, қабылданған сәтiнде қоғамға қажетсiз саналар заң не үшiн шығарылды деген сауал ойымызға оралады.

Шын мәнiнде бүгiнгi күнi темекiнiң денсаулыққа зиянды екенiн жасы жетiден аспаған жеткiншек пен көптi көрген көнекөз қариялардың барлығы бiлерi аян. Тiптi шылым қорабында “шылым шегу – сiздiң денсаулығыңызға өте зиянды, шылым шегу – өлiмге алып келетiн аурулар туғызады” деген жазу да бар. Қалай айтсақ та ауруды өзiмiзге тiлеп алудамыз. Яғни, темекiнiң зиянды екенiн бiлсек те тартамыз. Ал аналардан құрылған ұйымның заңды қадағалаймыз деген қауқары қаншалықты жемiс берерiн уақыт көрсетер.

Қайрат ЗАЙНИШЕВ,

Оңтүстiк Қазақстан облысы.

Серіктес жаңалықтары