НӘСIЛШIЛДЕР ҚҰРБАНЫ

НӘСIЛШIЛДЕР ҚҰРБАНЫ

НӘСIЛШIЛДЕР ҚҰРБАНЫ
ашық дереккөзі
209

СЫРТТАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫ КIМ ҚОРҒАЙДЫ?

Ақпанның 24-iнен 25-iне қараған түнi Санкт-Петербург қаласының Калинин ауданында қазақ қызы Айнұр Бөлекбаева мен әзiрбайжан қызы Ильфуза Бабаева жергiлiктi скинхедтер шабуылына ұшырап, пышақталған. Нәтижесiнде қандасымыз қылмыс жасалған жерде қаза тапқан. Оның серiктесi жаралы күйiнде әскери-медициналық академияның ауруханасына жеткiзiлген. Осы қайғылы оқиға туралы ақпараттарға қарағанда, қылмыскерлер қыздардың сөмкелерiн де, ұялы телефондарын да алып кетпеген. Сол жерден «Россия для русских!» деген айқайлармен жүгiрiп кетiп бара жатқан жас жiгiттердi куәгерлердiң көзi шалған екен. Тiрi қалған әзiрбайжан қызының айғағына қарағанда, қылмыскерлер алдымен олардың жанынан өте шыққан, сосын Айнұрдың ұялы телефон арқылы қазақша сөйлеп жатқанын құлақтары шалып, қайта бұрылып келiп, арт жақтан шабуыл жасаған…

Бүкiл ТМД мен Кеңес Одағынан кейiн қалған кеңiстiкте орыс тiлiне ең көп мүмкiндiк берген және орыс-славян ұлттарының өкiлдерiне ең көп жағдай жасаған қазақ елiнiң өкiлi Ресейдiң мәдени астанасы болып табылатын Санкт-Петербургте өз ана тiлiнде бiр-екi ауыз сөз айтамын деп, шабуылға ұшырап, қаза тапқан. Бұл орынды-орынсыз өз қонақжайлығы мен кеңпейiлдiлiгiн мақтан ететiн, өз жерiнде аннан қашқан, мұннан қашқан, жер аударылған және айдалған талай халық өкiлдерiн паналатқан қазаққа үлкен сабақ болса керек. Жатты өз жерiңде жатсынбай қабылдай бергенмен, ол жат өз жерiнде қазақты ешбiр аямайды. Аямағаны былай тұрсын, ешбiр себепсiз-ақ өлтiре салады. Және әйел не бала деп қарамайды.

Қылмыстың қайталануына себепшi — аярлық көзқарастың күштiлiгi

Бұл жерде мынадай үш нәрсеге баяғыда-ақ назар аудару керек едi:

Бiрiншiден, бұл – Ресейдiң ресми өкiлдерiнiң (Мемлекеттiк думада фракциялары бар ЛДПР сияқты парламенттiк партиялар мен сол Думаның басшыларының бiрi болып табылатын В.Жириновский сияқты саясаткерлердiң ғана емес, атқарушы билiктiң де талай-талай адамдарының) Қазақстанды, оның iшiнде ең алдымен қазақтарды қорлайтын, оларды төмен нәсiлдi адам немесе Untermensch қылып бейнелейтiн әңгiме айтуды баяғыдан берi әдетке айналдырғаны.

Екiншiден, бұл – орыс-славян және казак қауымдастықтарының, жалпы Қазақстан халықтары ассамблеясының Ресейде қазақты нәсiлдiк негiзде өлтiру талай рет болса да, бұл туралы ләм-мим деп ауыз ашпауы, тiптi ештеңе болмағандай кейiп танытудан танбай отырғаны.

Үшiншiден, бұл – Қазақстандағы БАҚ атаулының осы қанды оқиғалардың бiрде-бiрiне тиiсiнше назар аударып, дабыл қақпағаны. Бұдан бiздегi ақпараттық кеңiстiктiң бөтен елдiң толықтай ықпалында қалып келе жатқаны туралы қорытынды шығады. Тiптi Ресейдiң өзiнде БАҚ скинхедттердiң қазақтарды өлтiргенi туралы жазады, ол оқиғаларды өздерiнше талқылайды. Ал Қазақстанда қоғамдық пiкiр ондай қайғылы жағдайларды талқыламақ түгiлi, оларға онша назар да аудармайды. Ресейде қазақты өлтiрдi не, Африкадан келген қара нәсiлдi адамды өлтiрдi не – бiздегi осы қылмыстарға байланысты туындайтын әсер бiрдей сияқты. ТМД-ның басқа елдерi осыған ұқсас қайғылы жағдайда жаппай наразылық танытып, өздерiнiң сыртқы iстер министрлiгi арқылы ресми Мәскеуге және Кремльге қатты-қатты сөздер айтып жатады. Бiзде болса сол баяғы марғау тыныштық. Ресейде жүрген бүкiл қазақты орыстың нәсiлшiлдерi қырып тастаса да, Қазақстанда ештеңе өзгермейтiн сияқты көрiнедi.

Бұл жолы, әйтеуiр, 31-арна жаңалықтарында айтылғандай, бiр топ қазақ жастары Алматыдағы Ресей Федерациясы консулдығының алдына барып, наразылықтарын танытыпты. Оларды тыңдауға шыққан адамның түрiне қарап, шошығандай болдық. Ол кiсi ләм-мим деп аузын ашпайды. Түрiнiң өзiнен осы келген жастар түгiлi, бүкiл қазақты менсiнбейтiндей пейiл байқалады.

Осы қайғылы оқиғаға қатысты көршi Қырғызстандағы Славян қорының төрағасы Валерий Вишевский деген кiсi «Вечерний Бишкек» газетiнiң тiлшiсiне өз пiкiрiн бiлдiрiптi. Бұл мақала «Убийцы национальности не имеют» деп аталған екен. Бұндай пiкiрмен мүлдем келiсуге болмайды. Өйткенi осындай аярлық көзқарастың кесiрiнен Ресейде қазақты өлтiру қайталанып жатыр. Себебi «Убийцы национальности не имеют» деген сөз қайта-қайта жасалып жатқан нәсiлшiлдiк зұлымдықтар үшiн Ресейдегi құқық қорғау орындары да, қазақтарға нәсiлшiлдiк жеккөрiнiштi қалыптастыруға зор үлес қосып жатқан ондағы ресми саясатшылар мен қоғамдық қайраткерлер де, ештеңе болмағандай кейiп танытуға дағдыланып алған орыстiлдi қоғамдық пiкiр де – яғни, бiр сөзбен айтқанда, ешкiм де кiнәлi емес дегендi дәлелдеуге талпыныс.

Жалпы Валерий Вишевский сияқтылардың пiкiрiнен де, онымен сөйлескен Александр Тузов сияқты журналистердiң бағасынан да, осы екеуiн жариялаған «Вечерний Бишкек» сияқты газеттердiң позициясынан да қорқу керек болар. Өйткенi олар бұл оқиғаға назар аударғанмен, бар пейiлдерi оны кездейсоқ жайт қылып көрсетуге саяды. Оны мынадай жолдардан көруге болады: «По первоначальным сообщениям, нападение было совершено на национальной почве. Однако экстремистский мотив тамошняя прокуратура не считает основным. Главная предварительная версия причины нападения — конфликт на работе с третьими лицами у женщин, которые занимались торговлей» (27.02.2006 ж.).

Тiл мәселесi «Өмiр не өлiм» мәселесiне айналды

Бұлардыкiнен осы оқиға туралы жазып жатқан Ресей журналистерiнiң пейiлi әлдеқайда таза көрiнедi. Өйткенi олардың айтқанынан, бұл қылмысты жасағандардың нәсiлшiл скинхедтер екенi туралы пiкiр қалыптасады. Бiрақ сол ресейлiк журналистердiң өздерiнiң скинхедтердi атап тұрып, олардың қылмысының себебiн нәсiлшiлдiк себеппен (расовый мотив) емес, ұлттық себеппен (на национальной почве) түсiндiруi ақылға сыймайды. Олар осы жердегi көзге ұрып тұрған айырмашылықты түсiнбейтiндей ақымақ емес. Олар бәленiң бәрiн де түсiнедi. Бiрақ сонда «ақты ақ, қараны қара» деп атауға бәрiбiр жарамай жүр.

Бұның бәрi – үлкен қылмыс. Криминалдық тұрғыдан қылмыс болмағанмен, моральдiк тұрғыдан үлкен қылмыс. Осындай пейiл – нәсiлшiлдiк жеккөрудi негiзге ала отырып, қан төгушiлердiң қолтығына тiкелей су бүрку.

Бiздегi орыс-славян және басқа да еуропалық ұлттар қауымдастығындағы қоғамдық пiкiр жаңа жоғарыда келтiрiлген пiкiрлермен және бағалармен тұстас. Ал қазақтар болса, қанiшер нәсiлшiлдер қолынан қаза болған өз қандастарын жоқтап, тиiстi талаптар қоюдың орнына орыс-славян отандастарының көңiлiне қарайды, оларды өкпелетiп алуға қорқады. Әлгiлер де бұған үйренiп алған. Қит етсе, «бiздiң құқықтарымызды шектеп, орыстiлдi ұлттарды екiншi сортқа айналдырып жатыр» деп байбалам көтередi. Ондай әңгiменi Мәскеу мен Ресейдегi саясаткерлер мен қоғамдық қайраткерлер сол бойда iлiп алып, қазақтың құлағын шулатып, апшысын қуырады. Сосын бiздегiлер: «Ойбай, құрсын, құрсын!..» — дейдi. Сонда бұндай жағдай қашанғы жалғаса бермек?!

Орыстiлдiлердiң «екiншi сорт болдық» дегенi тек сөз ғана. Оны дәлелдеу керек. Ал Ресейде қазақтарды нәсiлшiлдердiң көшеде бiр ауыз сөзге келместен өлтiрiп жатқаны – талай рет қайталанған шындық. Бiздегi және Қырғызстандағы орыстiлдi қоғамдық пiкiр осының өзiн мойындамай, оның орнына өздерiнiң жапа шегiп жатқанын мойындатқысы келедi. Және мойындатып та жатыр.

Латвияда, Украинада не Грузияда ондай әңгiме атымен жоқ. Бұндай елдерде орыс тiлiнiң қоғамдық деңгейде (мемлекеттiк қызметте, телеарналарда және тағы басқа сол сияқты жерлерде) жергiлiктi мемлекеттiк тiлдермен қатар деңгейде пайдаланылуына заңдық негiзде тыйым салынған. Осыған бола «екiншi сорт» болдық деп, тау қопара шатақ шығарып жатқан орыстiлдiлер жоқ. Амал жоқ бой ұсынады. Өйткенi әр елдiң өз заңы және өз тәртiбi болады.

Орыс тiлдiлер Қазақстандағыдай қоқан-лоқы жасаған күнде де оған назар аударғалы жатқан латыштар, украиндар және грузиндер жоқ. Олардың елдерiнен (Латвиядан, Украинада және Грузиядан) Ресейдiң телеарналары беретiн репортаждардың барлығында жергiлiктi лауазымды адамдар тек қана өздерiнiң мемлекеттiк тiлiнде сөйлейдi. Оны көрмей жүрген жоқпыз. Ал бiзде бәрi орыстiлдiлердiң қажетiне ыңғайланады. Бiздiң шенеунiктер ресейлiк телерналар мен газеттер үшiн ғана емес, күнделiктi жұмысында да өз мемлекеттiк тiлiн емес, Ресей Федерациясының мемлекеттiк тiлiн қолданады. Және осыны өздерiне абырой көредi.

Дегенмен, Ресейдiң iрi-iрi қалаларындағы көшелерде латыштарды, украиндарды не грузиндердi емес, қазақтардың өздерiн өлтiрiп жатыр. Және қазақтардың бұндай жауыздықтың құрбаны болуына олардың қазақша сөйлеп қойғаны да себепшi болып жатыр. Сонымен орысша және қазақша тiл мәселесi жай қоғамдық мәселе емес, «өмiр не өлiм» мәселесiне айналып кеттi. Өйткенi Ресейде аңдамай қазақша сөйлеп қойған адамның сол бойда өлiмге бұйырылуы мүмкiн. Яғни қазақша сөйлеу – өмiр үшiн өте қатерлi. Бұған –Айнұр Бөлекбаеваның қайғылы тағдыры дәлел.

Қалай дегенде де, бұдан былай аты қазаққа әрекетсiз қала беруге болмайды. Бұл жердегi мәселе нәсiлшiл жауыздардың қолынан қаза тапқан қандастарымыз үшiн жауап талап етудiң қажет екенiнде ғана емес. Бiз қазiр барлығымыз бет-бетiмен жүрген тобыр сияқты көрiнемiз. Бүгiнгi қазақ елiнде халықтың атынан сөйлеп, бас көтерер азамат жоқ сияқты. Баяғыда жесiрдiң жоғын да жоқтап, бүкiл бiр ел көтерiлетiн және сол елдiң атынан мәселенi қоятын азаматтар болған. Қазiр ел болмақ түгiлi, тәуелсiз мемлекетiмiз бар.

Бiрақ көршi Ресей елiнде бүкiл адамзат қылмыс деп табатын нәсiлшiлдiк ұстанушылардың қолынан қайта-қайта қаза болып жатқан қазақтар үшiн дауыс көтерер күш те, халық та көрiнбейдi. Әркiм өз жанын бағып кеткен болса керек. Ешбiр қазақ басқа бiр қазақ үшiн жауап бермейдi және жауап талап етпейдi. Сонда әрi қарай қалайша ел болып сақталамыз?!

Аққали КӨПТІЛЕУОВ

Серіктес жаңалықтары