ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУДА «ЭКОНОМИКА» ТЕРМИНIН 50 РЕТ ҚАЙТАЛАДЫ

ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУДА «ЭКОНОМИКА» ТЕРМИНIН 50 РЕТ ҚАЙТАЛАДЫ

ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУДА «ЭКОНОМИКА» ТЕРМИНIН 50 РЕТ ҚАЙТАЛАДЫ
ашық дереккөзі
344

Президенттiң 2004 және 2005 жылғы халыққа Жолдауларына кезiнде «Түркiстан» газетi мәтiндiк сараптау жасаған болатын. Мәтiндiк сараптаудың мәнi – құжатта ең көп пайдаланылған негiзгi сөздер (түсiнiктер) арқылы ондағы ойдың берiлу барысы мен желiсiне назар аудару. Қазiр осы сараптауларды биылғы Жолдау мәтiнiмен салыстыру мүмкiндiгi туып отыр.

Сол кездегi газет санына көз жүгiртсек, 2004 жылы Нұрсұлтан Назарбаев «экономика» түсiнiгiн 36 рет пайдаланса, 2005 жылы бұл ұғымға 22 рет қана тоқталған. Ал «демократия» ұғымы 2004 жылғы Жолдауда 22 рет, 2005 жылғы Жолдауда 4 рет кездеседi. Осыдан екi жыл бұрын Елбасы «бiз» (яғни, барша қазақстандықтар, отандастар) және «мен» деген түсiнiктерге айрықша мән берiп, аттай 133 рет қайталаса, былтыр бұл ерекшелiктi байқай алмадық. Есесiне, биыл Елбасы «мен» есiмдiгiне қайта айналып соққанды тәуiр көрген сияқты. Бұл «Менiң уәделерiм ешқашан бос сөз болған емес» деген сөздерден-ақ аңғарылады. Десе де, сөзiмiз жалаң болмасы үшiн, тағы да мәтiндiк сараптау әдiсiне жүгiнелiк. Президент «мен» есiмдiгiн бұл жолы кемiнде он рет қолданды.

Сонымен, мәтiнге жасалған сараптаудың алғашқы сатысы бұл жолы Президенттiң экономикалық реформалар мен бастамаларға айрықша көңiл бөлгенiн көрсеттi. Мұның дәлелi, «экономика» терминiнiң құжатта кемi 50 рет кездесуi. Бұл сөздiң 50 рет қайталануы Жолдаудың «Қазақстанның әлемдегi бәсекеге барынша қабiлеттi 50 елдiң қатарына кiру стратегиясы» деп аталуымен үндес пе деймiз. Оның iшiнде ДСҰ-ға мүше болу бастамасы, ұлттық тауарлар мен қызмет көрсету деңгейiн жақсарту, табиғи ресурстарды ашық пайдалану саясатын қалыптастыру, энергетика саясатын жетiлдiру, тұрғын үй құрылысын жалғастыру, Алматы мен Астана қалаларын көркейте түсу мәселелерi жан-жақты қамтылады.

Қазақстанды бәсекеге қабiлетi жоғары 50 елдiң қатарына қосу стратегиясына арналған құжатта «бәсекелестiк» және «бәсекеге қабiлеттi» түсiнiктерiнiң 11 рет кездесуi заңды да. Бұл жерде бәсекеге қабiлеттiлiк экономикалық дамуды ғана емес, елдiң саяси-әлеуметтiк өзгерiстерiне де қатысты. Мысалды «Астана қаласын осы заманғы әлемдiк стандарттарға сай келетiн қала ретiне дамыту» туралы тармақшадан табамыз.

Президент бұл жолы «қоғамды демократияландыру» мәселесiне аса көп тоқтала қоймады. Жолдауда бұл сөз бас-аяғы 8 рет қана пайдаланылған. Жоғарыда атап көрсетiлгендей, осыдан екi жыл бұрын Елбасы «демократия» түсiнiгiне көбiрек мән берген едi.

Жолдаудағы бұл жолғы жаңалық – «дiн», «конфессия» түсiнiктерiнiң кездесуi. Елбасы «Ислам», «мұсылман әлемi» деген ұғымдарға ерекше көңiл бөлгендей болды. «Ислам» терминiн мәтiнде 5 рет, «дiн» терминiн кемi 2 рет кездестiрдiк. Есесiне, Елбасы «конфессияаралық» сөзiн 3 реттен артық қолданыпты. Бұған «мәдениетаралық» түсiнiгiнiң мәтiнде 3 рет кездесетiнiн ескерсек, Жолдаудағы дiн туралы көзқарастың ең әуелi Қазақстандағы дiнаралық тұтастықты сақтауға бағытталғандығын байқауға болады. Себебi, Президент «зайырлы мемлекет» сөз тiркесiн кемi 2 рет қолданған. Өз сөзiмен айтқанда, Президент «бiз Исламның, басқа да әлемдiк және дәстүрлi дiндердiң озық үрдiстерiн құрметтеп әрi дамыта отырып, осы заманғы зайырлы мемелекет орнатамыз» дедi.

Былтыр Елбасы «Қазақ тiлi – Қазақстан халықтарын бiрiктiрушi тiл» деген ұлағатты сөз айтып едi. Осы сөзден кейiн билiк тарапынан мемлекеттiк тiлге деген шынайы құрмет күшейе бастағандай көрiнген. Өкiнiшке қарай, бұл жолы Елбасы мемлекеттiк тiл туралы бiр ауыз сөз айтпады. «Ұлт» деген сөздi де Жолдау барысында кездестiре алмадық. Салыстыру үшiн айтсақ, екi жыл бұрынғы Жолдауында Президент «ұлт» деген сөзi 3 рет, былтыр 1 рет айтқан болатын. Биылғы Жолдауда «қазақ халқы» деген тiркестi 1 рет кездестiрдiк.

Елбасының бұл Жолдауы – алдағы жетi жылдағы мемлекет дамуының бейресми бағдарламасы iспеттес. Президент сайлауынан кейiн жаңадан жасақталған Үкiмет үшiн де бұл құжат кемiнде алдағы алты айда қай бағытта жұмыс iстеудiң бағдары болмақ.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары