Қайдасыңдар, Желтоқсан қаһармандары!

Қайдасыңдар, Желтоқсан қаһармандары!

Қайдасыңдар, Желтоқсан қаһармандары!
ашық дереккөзі
539

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі–ХХ ғасырдың ірі оқиғаларының бірі.

Алайда Алматыдағы қанды қырғынды оқиға ма, әлде көтеріліс пе деп ара жігін ажырата алмай жүргендер көп. Оқиға дейін десек, ол бір-екі кісінің бір-біріне, әлімжеттік көрсеткен төбелесі немесе оншақты жасөспірімнің аула-аулаға бөлінген теке-тіресі емес еді. Алматының қақ төрінде, сол кездегі республика басшылығы отырған биік ғимараттың дәл алдында жан алып, жан беріскен қанды қақтығыстар түні бойы толастамады. Қолына түскен таспен, үй қоршауы ағаштарымен қаруланған ызалы жастар тура Орталық Комитет үйіне дейін мұздай қаруланған солдаттары қуалап, тықсырумен болды. Енді бір кезде қосымша күшпен еселенген екінші жақ қарсы шабуылға шықты. Қуып жеткенін ұрып-жығып, өлтіре тепкіледі, ыңыранып қимылсыз қалғанын қуыс-қуысқа ысыра салды. Екі жақтан қанша адамның көз жұмғанын, қанға боялып, зардап шеккенін қазірге дейін дәл басып ешкім де анық айта алмайды. Демек, Желтоқсан қырғыны — дау жоқ, сол кездегі өктемшіл билікке қарсы қазақ жастарының көтерілісі.

Кезінде Желтоқсан көтерілісінің айғақ кітаптарын шығарып, шежіресін жасауды қолға алған едік. Қазақ тілінде “Алматы 1986 Желтоқсан” деген атпен үш томы, “Алма-Ата 1986 Декабрь” деген атпен орыс тілінде екі томы жарық көрді. Содан кейін қаржы тапшылығына байланысты басталған іс еріксіз кідірген. Алда келе жатқан жиырма жылдығы қарсаңында сол бір қанды қырғынның қақ ортасында болған қаһарман жастардың бастан кешкен қасіреті мен куәгерлердің естелік әңгімелерін кітап етіп шығаруды одан әрі жалғастыруды жөн көрдік.

Әрине, арада өткен жиырма жыл аз уақыт емес. Қазақ халқы бастан кешкен қасіреттің бірі болып тарих еншісіне енген көтеріліс әрбіріміздің жүрегімізді сыздатады. Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Алматы қаласында 1986 жылғы желтоқсанның 17-18–інде болған оқиғаларға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөніндегі комиссиясының зерттеуіне жүгінсек: “Уақытша қамау изоляторларына, арнаулы қабылдау орындарына, тергеу изоляторына жеткізілген және қала сыртына апарып тасталған адамдарды ескергенде, ұсталғандар санының 8.5 мыңға жуық болғаны анықталды”. Бұл тіркелгендері ғана. Демек, бір ғана Алматы көшелеріне жүз мыңнан астам кісі шықты деген сөз. Ал, басқа да облыс, аудан орталықтары мен Мәскеуде наразылық танытқандарды ескерсек, олардың қатары тіпті көбейе түсері сөзсіз. Олардың бәрін тізбелемегеннің өзінде, ерекше көзге түскен, қыспаққа ұшырағандарын анықтау керек-ақ. Осылардың ішінде өздерінің құқығын қорғай алмай, жан мен тән азабын тартып жүргендер қаншама. “Тоғанай Т” баспасы осыны ескере отырып, Желтоқсан көтерілісінің жиырма жылдығы қарсаңында “Желтоқсандықтар” анықтамалығын шығаруды мақсат етіп отыр. Сол себепті әрбір көтеріліс қаһарманынан өз өмірбаянын, Желтоқсан кезінде қайда жұмыс істеп, оқығанын, көтеріліске қатысын, қалай ұсталып, қиянат көргенін, одан кейінгі тағдырын толық жазып, суретімен бірге мына мекен-жайға жіберуін өтінеміз:

050026. Алматы қаласы, Қожамқұлов көшесі 128-39. “Тоғанай Т” баспасына. Қосымша мәлімет алу үшін 33–62–23 телефоны арқылы хабарласуға болады.

Анықтамалыққа материал жинау осы жылдың 1-қыркүйегіне дейін жүргізіледі.

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,

“Алматы 1986 Желтоқсан” кітаптарының

құрастырушы-авторы, баспа директоры

Серіктес жаңалықтары