“ЖАҚСЫ ӨЛЕҢIМ — ЖАНЫ ИГI ХАЛҚЫМ ҮШIН!..”

“ЖАҚСЫ ӨЛЕҢIМ — ЖАНЫ ИГI ХАЛҚЫМ ҮШIН!..”

“ЖАҚСЫ ӨЛЕҢIМ — ЖАНЫ ИГI ХАЛҚЫМ ҮШIН!..”
ашық дереккөзі
418

Әңгiме ақын мұрасының, шығармашылығының бүгiнгi насихаты мен маңызында. Мұқағалиды өмiрге әкелген қазақ халқының өзiне келсек, “Өлең — сөздiң патшасы” деп, жаһұт жырдың құдiретiне бас иген, оны тәлiм мен тәрбиенiң құралына айналдырған елмiз. Ұрпақты ақынның ғажап жырларына қандырып, игi дәстүрлерге тәрбиелеу алдымен бүгiнгi бiлiм ошақтарының басты мiндетi.

Осы аптаның басында Алматы қаласы Сүйiнбай атындағы N143-шi қазақ орта мектебiндегi тереңдетiлген қазақ тiлi мен әдебиет пәнiнiң мұғалiмi Советхан Мұпабаева мен қазақ тiлi мен әдебиет бiрлестiгiнiң жетекшiсi, оқушыларды мәнерлеп оқуға үйретушi ұстаз Гүлбақша Сейiлбекова сынды ұстаздардың ұйымдастыруымен М.Мақатаевтың туғанына 75 жыл толуына арналған “Жазылар естелiктер мен туралы” атты ғылыми конференция болып өттi. Мұндай тақырыптағы игi шара мектеп директоры Байедiлова Гүлсара Ескендiрқызының басқаруымен жыл сайын атап өтiлетiн көрiнедi. Бiр қуантарлығы — ақынның 75 жылдығына орайластыра өтiлген шараға дайындықтың ерекше болғаны анадайдан көрiнiп-ақ тұр. Сондай-ақ, Мұқағали шығармашылығына дарынды оқушылар жан-жақты дайындалып, ой-пiкiрiн еркiн түрде нақты жеткiзе бiлуде жиналғандарды тәнтi еттi. Атап айтсақ, ғылыми iзденiске қатысқан Жексембаева Әсия, Мұқанова Айдана, Алипова Аида, Майсаева Дана, Барлықбаев Бақытжан сынды талантты оқушылар ертеңiнен мол үмiт күттiретiнiн сездiрiп бақты. Шынымен де мұғалiм мен оқушы қауымы ақынның биылғы мерейтойын есте қаларлықтай етiп өткiзуге бар күштерiн салыпты.

Насихаты әддеқашан ұмытылған қазақ поэзиясының осы бiр жұлдызы жанған шағының жиналғандардың ойында ұзақ сақталары да анық. Алдымен айтарымыз — егер Қазақстандағы әр мектеп осындай шаралар өткiзсе ұлттық өнерiмiз бен болмысымызға әр кiре түсерi де сөзсiз.

“Тамаша едi жазғы орман,

Тамашалап мәз болған.

Қайран Қарасазым-ай,

Үйрек ұшып қаз қонған!”

Мұқағали ақындығына тән осы бiр қарапайым да керемет өлең жолдары 143-шi мектеп өткiзген бүгiнгi шараның басты қағидасына айналғаны байқалып тұрды. Ақын алдымен өзiнiң ұшқан ұясының перзентi Абайдың — Жидебайы, Пушкиннiң — Болдиносы бар. Жидебай — Абайды өмiрге әкелген өлке. Болдино Пушкинге қатты әсер етiп, әдебиет тарихына “Болдин күзi” атты термин қалдырды. Аталмыш екi мекеннiң аты да түптiң түбiнде поэзияның қос алыбының арқасында шықты. Пушкинi болмаса, Болдиноны кiм бiлген?! Кiм танымақ?! Бiзге салса атақты, аруақты Қарасаз ауылы да солай. Оның көшесiнде әлi күнге дейiн бала Мұқағалидың табан iзi сайрап жатыр! Қиырдағы алақандай Қарасаз бүгiнгi әдебиеттанудың, Мұқағалитанудың, мәңгi ұмытылмайтын, өшпейтiн материалына айналды. Сондықтан мектеп ұжымы ұйымдастырған конференцияға Қарасаз тумаларының қатысуы шараның беделiн арттыра түстi. Қарасаздан Мұқағалидiң замандасы, тай құлындай тебiсiп, балалық шағын бiрге өткiзген парталас, сыныптас досы Себемхан Имашева апа арнайы шақырылыпты. Себемхан апа ақынмен бiр сыныпта оқыған.

Әдебиет тарихында белгiлi қаламгердiң шығармашылық өмiр жолдарының бұқараға беймәлiм тұстарын әйгiлеудi мақсат еткен “Ғұмырнама” деген жанр бар. Кезiнде Мәскеудiң белдi баспалары атақты адамдардың ғұмырбаянын серия етiп басып шығарғаны да мәлiм. Себемхан апайдың сөздерiн тыңдай отырып, “Бiз осы Мұқағали ақынның өмiрбаянын толық жаза алдық па?” деген ойға қалғанымыз да рас. Себебi ақынмен қаршадай күнiнен бiрге өскен замандасының әдебиеттану ғылымы бiлмейтiн бiраз жайдан хабардар екенi белгiлi болды. Өкiнiшке қарай, әзiрге оған әдебиет майталмандары көңiл бөлмей келе жатқаны қынжылтады.

— Бiз Лашын екеуiнiң қосылу тарихын да жақсы бiлемiз. Ақын мұрасын зерттеушiлер үшiн оның да маңызы зор, — дегендi айтады Себемхан апа. — Мұқағалиға мектепте Әкiмқожа Садыров деген әдебиетшi кiсi сабақ берген. Әлгi мұғалiм Саттардың “Менiң құрдастарым” романын аса қызықты етiп айтып бередi екен. Сондай-ақ, Себемхан апа жұрт бiлмейтiн тағы да бiр жайдың шетiн шығарды. Мұқағали екеуi комсомол билетiн сол кездегi Нарынқол ауданының комсомол комитетiнiң хатшысы, қазақтың талантты жазушысы Б.Соқпақбаевтың өз қолынан алыпты. Сол кезде бала Мұқағали мен Бердiбек түбiнде екеуiнiң тоғысатын жерi әдебиет майданы екенiн бiлдi ме екен?!

— Мұқағали екеумiз “Бармысыңдар 40-тағылар” өлеңiн жазғанша қатысып тұрдық. Ақынмен бiрге жүргенде мына бiр оқиға есiмде мәңгi сақталып қалыпты. 1944 жылы 7-сыныпта оқитын едiк. Бiрде бiзге орыс тiлiнен сабақ беретiн ұлты немiс Сазоновтың Бронко деген баласы маған орысша үйретпек болып:

“Кофта — кружева,

Юбка — кружева,

Я не буду неужели

Офицерева жена!”, — деп өлең оқыған. Сонда Мұқағалидың: “Сен онсыз да 40-шы жiптiң зырылдауығындайсың ғой” дегенi әлi есiмде. “Бүгiн ойласам, 7-сыныптың оқушысы осындай бейнелi сөздi қалай тапты екен деп таң қаламын” дейдi балалық шағын есiне алған Себелхан апамыз.

Бұл әңгiменiң жиналған оқушылар мен ұстаз қауымына әсерi мол болды. Ақын талантына бас июдiң сауабы өз алдына, конференция арқылы мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн арттыруда да сыбағалы үлес қосқаны даусыз.

Сағымбала Сүлейменқызы,

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары