ҚОШ, АЛАШТЫҢ АРЫСЫ!

ҚОШ, АЛАШТЫҢ АРЫСЫ!

ҚОШ, АЛАШТЫҢ АРЫСЫ!
ашық дереккөзі
253

Қырық төрт жастың о жақ, бұ жағында қазақтың талай марқасқасы қыршынынан қиылып едi. Нәубетте, зұлматта, зобалаңда! Оны «көппен көрген – ұлы той» деп өзiмiздi жұбатамыз. Жұбатуға келгенде, тiлiмiзде сүйек жоқ – өлгендi тiрiлтердей сөзiмiз бар.

Қарғыс атқыр, қай кезде де алаш ардақтысына жаудай тиген сол қырық төртке ендi қадам басқан шағында қазақтың қарағайдай Алтынбегiн қандықол Ажал қапыда қалпақтай ұшырды. Өкiнiштiсi сол, Ай мен Күннiң аманында, бейбiт күнде, ел тәуелсiздiкке жеткенде! Ендi не деп жұбатамыз өзiмiздi?!

Жұбаныш аз, өкiнiш көп. Әсiресе, Ер биiгiне көтерiлген елдiң ұлынан айрылғанда сыздаған жүрек, мұздаған көкiректi немен жылытып, қандай сөзбен алдарқатарыңды бiлмейсiң. Мұндайда тек Азамат-тұлғаның жүрiп өткен жолын, iстеген iсiн, артта қалған iзiн көз алдыңнан тiзбек-тiзбек көшiре отырып, құлазыған көңiлге содан ғана медет табады екенсiң.

Сөз жоқ, Алтынбек жүрiп өткен жол жазық бетiнен түзу тартқан кiлең даңғыл болған жоқ, оның соқпағы мен сонары, өрi менен еңiсi, сүрлеуi мен торабы үнемi кезектесiп отырды. Осынау күрделi жолда ол шырқап биiкке де шықты, ылдилап төменге де түстi. Бiрақ қай жолмен қалай жүрсе де артында Алтынбек табанына ғана тән бедерлi iз қалды.

Алайда не десек те бiр ақиқаттың басы ашық. Ол кез келген уақытта өз заманының деңгейiнен, өз замандастарының көбiнен ойы да, бойы да озық тұрды. Онысын биiктегiлер мен билiк тұтқасын ұстағандар көрмей қалған жоқ. Алтынбектей алғыр, бiлiмдi, зерделi жiгiт үлкен адамға да, үлкен қоғамға керек едi. Сөйтiп отызға толар-толмас кезiнен бастап топқа ғана емес, көпке жол нұсқап, жөн сiлтейтiн небiр қызметтiң басында отырды. Тәуелсiздiкке дейiн-ақ идеология майданында жан-жақты шыңдалып үлгерген жас Алтынбек («Арай» – «Заря» журналында жауапты хатшы, «Өркен» – «Горизонт» газетiнде бас редактор т.б.) қазақ елi жеке шаңырақ көтерiсiмен республикадағы iшкi саясаттың бiр тұтқасын өз қолына ұстап едi. Одан кейiн Ақпарат… министрi. Және бұл министрлiкте ең ұзақ отырған министр. Осы тұста есте ұстайтын бiр мәселе – Алтынбек Сәрсенбайұлы бұл министрлiктiң тiзгiнiн ұстап тұрған кезең – елiмiздiң ең қиын, ең күрделi уақытты бастан кешкен кезең едi. Бiр қоғамдық формациядан екiншi қоғамдық формацияға өту… Жаңа қатынастардың көбiне жатсына қарау… Ұлт аралық мәселелердiң ушыға жаздап тұруы… Дiн проблемасы… Тiл мәселесi… Қоғамдық санадағы солқылдақтық, сенiмсiздiк, үмiтсiздiк… Осының бәрiне дұрыс жол, айқын бағыт сiлтеп отыру, адасқанға шамшырақ, адастырушыға айқайшы болу, бүлiнгендi түзеу, қирағанды жөндеу – негiзiнен сол Алтынбек басқарған министрлiктiң мiндетi болатын. Шүкiршiлiк, бұл мiндеттi ол аса қиын шақта кейде батыл, кейде нәзiк саясатпен, терең ақыл, парасатты шешiммен абыройлы орындап шыққаны ақиқат. Демек бұл – елiмiздiң бүгiнгiдей дәрежеге көтерiлуiне Алтынбектiң де сiңiрген еңбегi зор деген сөз. Бұны ұмыту – жақсылықты ұмыту, ал жақсылықты ұмыту – қасиетсiздiк болмақ.

Және… бiздiңше, әр кезеңдегi үлкендi-кiшiлi саяси науқандар кезiнде кейбiр мәселелердiң аса ушықпай, даңғазалық пен берекесiздiкке жол берiлмей, ел тыныштығының жақсы сақталуында да Алтынбектiң азды-көптi ықпалы болды-ау деп ойлаймыз.

Алтынбектей арысын алаштың бүгiнгi ғана емес, ертеңгi ұрпағы да ұмытпайды, оның есiмiн ұлтын сүйген кез-келген азамат қадiрлеп, қастерлей бередi деп сенемiз!

Қолыңыздағы осы газеттiң («Түркiстан») кезiнде өмiрге келуi мен қысылшаң уақытта аяғынан тiк тұрып кетуiнде де Алтынбектiң көз майы бар. Демек, бiз үшiн Алтынбектiң жөнi тiптен бөлек.

Қош бол, үлкенге де, кiшiге де «Алтекең» болған асыл азамат! Қош!

«Түркiстандықтардың»

атынан Дидахмет

Серіктес жаңалықтары