«САМҰРЫҚ» НЕ YШIН ҚҰРЫЛДЫ?

«САМҰРЫҚ» НЕ YШIН ҚҰРЫЛДЫ?

«САМҰРЫҚ» НЕ YШIН ҚҰРЫЛДЫ?
ашық дереккөзі
223

Ұлттық компанияларды тiзгiндеп отыру үшiн мемлекеттiк холдинг құру жайлы Президенттiң бастамасы осыдан тұп-тура бiр жыл бұрын көтерiлсе де, оның жүзеге асу мерзiмi ұзап кеткен. Бұл, әрине, «бас-басына би болған» компанияларды тәуелсiздiгiнен айырумен тең бастама едi. Тiптi, Президент қараша айының соңында: «Холдингтiк компанияның төңiрегiндегi бүкiл әңгiмеден хабардармын. Айналшықтап әрi-берi жүрудi тоқтату керек. Мұндағы мүдделердiң жоғары екендiгiн түсiнемiн, холдингке ешкiмнiң де кiргiсi келмейтiнiн де бiлемiн. Бiрақ, бiз ол холдингтi құрамыз. Сондықтан, қарсыласпаңдар. Әйтпесе, далада қаласыңдар» деген. Кiмге қаратып айтқаны түсiнiктi шығар.<br>Бiрақ, сол «мүдделiлер» қанша тырысқанымен, холдингтiң дүниеге келу мерзiмi әйтеуiр пiсiп-жетiлiп, жақында ғана «Самұрық» мемлекеттiк холдингi құрылған. Оның iргетасын қалауда еңбек еткендер Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi мен тәуелсiз консалтингтiк (ақылман) «Маккинзи» компаниясы. Премьер Даниал Ахметовтiң айтуынша, бұл компанияның «өзге елдерде жинаған тәжiрибесi мол». Осы компанияның серiктесi Филипп Харле тiптi Президенттiң қабылдауында болып үлгердi.

Премьер «Мемлекеттiк холдингтiң құрылуы елдiң ЖIӨ-нiң (Жалпы Iшкi Өнiмiнiң) өсiмiне жағымды әсер етедi» дегенiмен, бұл ең алдымен, уыстан шығып кеткен компанияларды қайтадан бiр топқа тоқайластыру әдiсi секiлдi. Холдингтiң атқарушы директорының қызметiндегi Сауат Мыңбаевтың айтуынша, әзiрше «Самұрықтың қанатының» астына «Қазақтелеком», «Қазпошта», «Кегок» секiлдi ұлттық компаниялардың кiруi жайы қарастырылып жатыр екен. «Қазақтелекомның» 51 пайыздық акциясы Үкiметке тиесiлi болса, «Қазпошта» мен «Кегоктың» толықтай мемлекет қарамағында екенiн еске саламыз.

Бұл холдинг жайлы жобаның кiндiк әкелерiнiң бiрi Қайрат Келiмбетовтың пiкiрiнше, холдинг құрамына 20-25 iрi компанияның кiргенi жөн. Оның айтуынша, мемлекеттiк холдингке жоғарыда аталған компаниялармен қоса, ендi «ҚазМұнайГаз» бен «Қазақстан Темiр жолы» компаниясының бiрiншi кезекте енуi қажет.

Алайда әлi «Самұрық» холдингi акционерлiк қоғамының шаруаларын күйттейтiн меморандум бекiтiле қойған жоқ. Мүдделi топтардың назары оның меморандумынан гөрi холдингтi кiмнiң басқаратыны жайлы әңгiмеге көзделген секiлдi. Өйткенi Президент БАҚ өкiлдерiмен арадағы баспасөз мәслихатында «Самұрықты» шетелдiк менеджердiң басқаруы мүмкiн деген-дi. Президент мемлекеттiк активтердi басқаратын холдингтiк компанияны құру процесiн осы жылдың алғашқы жарты жылдығында аяқтауды тапсырған.

Осы холдингтiң пайда болуы мен аяқ алысы жайлы пiкiрлердi бiлу мақсатында сарапшыларды сөзге тартқан едiк.

Ораз Жандосов, қаржыгер:

Холдинг, бәлкiм, мемлекеттiк компаниялардағы коррупцияны азайтар

— Ораз мырза, «Самұрық» деген мемлекеттiк холдингтiң құрылғанын бiлесiз. Жалпы, қалай ойлайсыз, осы холдингтi құрудың аса қажетi бар ма едi?

— Менiңше, бұл компанияны құрудың қажеттiлiгi болды. Өйткенi, компаниялардағы акциялардың негiзгi пайызы Үкiметтiң өзiне тиесiлi болғанымен, ондағы жұмыстың нақты стратегиясыз атқарылып жатқанын бәрi де бiлiп отыр ғой. Яғни, олардың шаруасындағы мақсат-мiндет, яки мемлекеттiң ол акцияларды не үшiн сақтап отырғанына ешкiм бас ауыртпайды. Бұған қоса, ұлттық компанияларды басқарушылардың сапасы да керемет емес. Ашықтық жоқ. Тендер өткiзуде қателерге бой алдырады. Шешiмдер бүгiн қабылданса, ертеңгi күнi күшiн жойып жатады. Алайда, әзiрше құжаттары толық қабылдана қойған жоқ, әрi оның реттейтiн механизмдерi толық жасалынбаған. Сондықтан, кесiмдi сөз айтып, қорытынды жасамас бұрын азырақ күте тұрған дұрыс секiлдi. Әрi холдингке қай компанияның кiретiнiне де көңiл бөлу керек. Менiң позициям бейтарап.

— Ұлттық компаниялардың активтерiн осы холдингке бiрiктiру бастамасының көтерiлуiне мемлекеттiң ол компаниялардағы бақылауын аса азайтып алғаны әсер еттi деп ойламайсыз ба?

— Бақылау дегенiмiз ол жалпылама сөз секiлдi. Бұл арадағы негiзгi мәселе менiңше, жаңағы айтқанымдай компаниялардың даму стратегиясының айқын еместiгi және менеджменттiң сапасыздығы әсер еттi деп ойлаймын. Менеджменттi коррупция жайлап алған. Ашықтық жоқ. Менеджерлер жиi ауысады.

— Ал егер холдингтi шетелдiк менеджер басқаратын болса, бұл холдингтiң, ұлттық компаниялардың жұмысына қалай әсер етедi деп ойлайсыз?

— Менiңше, егер бұл холдингтiң құрамына көптеген компаниялар енетiн болса, ол араға шетелдiк менеджердi қою дұрыс емес секiлдi. Өйткенi, холдингтiң саяси салмағын арттырайын деп отыр ғой. Тiптi, салмағы министрлiктерден де жоғары болуы мүмкiн.Ал шетелдiк мамандарды холдингтiң iшiндегi жұмыстарға тарту керек.

Бексұлтан Тұтқышев, сенатор:

Холдингтегi аудит тәуелсiз болуы керек

— «Самұрық» холдингi мемлекеттiң ұлттық компанияларды уысынан шығарып жiбергендiгi себептi құрылды деп ойламайсыз ба?

— Осы күнде мемлекеттiк, ұлттық компаниялардың iстеп жүрген жұмысының қандай екенi белгiлi ғой. Мемлекет сол компаниялардың Директорлар Кеңесiне мүше етiп бiр-екi адамын жiбередi. Ал ол адамның Үкiметте iстейтiн өз қызметi болғандығы себептi, ұлттық компанияның iсiне етене араласа алмайды. Ұлттық компаниялар болса, тендер өткiзер кезде немесе несие алғанда анда-санда сол Үкiметтiң өкiлдерiн шақырады. Ол өкiлдер компаниядағы мемлекеттiң ықпалын қадағалап, оның мүддесiн қорғай алмайды. Ұлттық компаниялар болса оған жақсы жалақы тағайындайды. Сөйтiп, мәселе осымен түгенделедi. Ал қазiр холдинг құрып жатыр. Негiзi барлық нәрсенiң екi жағы бар ғой. Мен бұл холдинг құрғаннан бәрi де жақсы болады деп айта алмаймын.

Бiрақ, жеке холдинг болып құрылғаннан кейiн, оның негiзгi қызметi осы ғана болады. Мемлекеттiң активтерiн, яғни, «ҚазМұнайГаздағы» иә болмаса, «Қазпоштадағы» болсын, негiзгi бөлiгiн холдинг қадағаласа, бақылау артатын шығар. Қазiр ұлттық компаниялардың жылдық табысы алты миллиард доллар деп премьер айтып отыр ғой. Ол ақшаның қалай жұмсалып жатқандығын қадағалап отыратын холдингтiң болғаны дұрыс.

— Ал шетелдiк менеджер келсе ше…

— Менiңше, ол дұрыс секiлдi. Себебi, аудит абсолюттi түрде тәуелсiз болады. Тек оған ақшасын дұрыс төлесе бiттi. Ол жұмысын адал iстейтiн болады. Ал адал атқармаса, ол өз компаниясын абыройдан жұрдай етедi.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары