АРАБТАР МЕН ЕВРЕЙЛЕР АРАСЫНДАҒЫ ЖЕР ДАУЫ ШЕШІЛМЕЙІНШЕ, ЕЛДІҢ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ КЕПІЛДІК ЖОҚ

АРАБТАР МЕН ЕВРЕЙЛЕР АРАСЫНДАҒЫ ЖЕР ДАУЫ ШЕШІЛМЕЙІНШЕ, ЕЛДІҢ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ КЕПІЛДІК ЖОҚ

АРАБТАР МЕН ЕВРЕЙЛЕР АРАСЫНДАҒЫ ЖЕР ДАУЫ ШЕШІЛМЕЙІНШЕ, ЕЛДІҢ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ КЕПІЛДІК ЖОҚ
ашық дереккөзі
550

Палестина автономиясындағы парламенттік сайлауда «ХАМАС» тобының қалай жеңіске жеткені көпшілікке жұмбақ болды. Ә дегеннен-ақ, Израильге қарсы саясат жүргізетінін ашық мәлімдеген «хамастықтардың» алғашқы арындарының су сепкендей басылып қалуы да түсініксіз. Есесіне, «төбе шаштары тік тұрған» АҚШ пен Батыс, араларында Ресей бар, байбаламға басты: «Израильді жер бетінен жойып жібергісі келетін ұйымды қолдамаймыз! Тіпті, ПА бюджетіне тиесілі қаржылай көмекті тоқтатамыз!» Сырттан құйылатын миллиардтар туралы сөз қозғалғанда «ХАМАС» халықаралық «төрттіктің» талабын қанағаттандыруға шешім шығарды. Бірақ Израильді тәуелсіз мемлекет ретінде әсте мойындамақ емес. Демек, арабтар мен еврейлер арасындағы жарты ғасырға созылған жер дауы шешілмейінше, елдің қауіпсіздігіне де кепілдік жоқ.

«Төрттіктің» талабы күшті

Өткен аптада өткізілген парламенттік сайлауда Палестина автономиясының үкіметін құрап отырған «ФАТХ» партиясы жеңіліс тапты. Ал ПА президенті Махмуд Аббас өзінің отставкаға кетпейтінін және сайлауда басым дауысқа ие болған «ХАМАС» партиясының өкілдерімен үкіметтің жаңа құрамын жасақтауға байланысты келіссөздер жүргізуге дайын екендігін мәлімдеді: «Осыдан 1 жыл бұрын ғана болған сайлауда айқын әрі нақты бағдарламамның нәтижесінде билік басына келдім. Осы бағдарламамды жүзеге асыру үшін қызмет етуіме алдағы үш жылда ешкім бөгет жасамайды деп үміттенемін». Бастапқыда «ХАМАС» тобы халықаралық «төрттіктің» (БҰҰ, АҚШ, Еуропалық Одақ пен Ресей) Израильді мемлекет ретінде мойындап, израильдіктерге қарсы ұйымдастырылатын саяси мақсаттағы қарулы күресті тоқтатуға қатысты қойған талабын орындаудан бас тартқан. «ХАМАС»-тың өкілі Сами Әбу Зухри: «Басқыншылық пен күш көрсетуді тоқтатуды Палестинадан емес, Израильден талап етуі керек» деді. Ал «төрттік»: «Қойылған талап орындалмаса, донор-мемлекеттер тарапынан Палестина автономиясына көрсетілетін қаржылық көмек тоқтатылады» деп қорқытты. «Хамастықтар» егер қажет болса, өзге мұсылман елдерден көмек сұрайтындықтарын жеткізді. Бірақ көп уақыт өтпей-ақ, «ХАМАС»-тың сайлаудағы партиялық тізімінің жетекшісі Исмаил Хания әлемдік қауымдастыққа донор-мемлекеттердің көмегінен қағыс қалдырмау туралы өтініш айта келе, түсетін қаржыны әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бөлуге уәде берді. Ал Газа секторындағы топтың көсемі Махмуд Захар: «Бізге адам сияқты өмір сүруге мұрша беріңдер. Сонда Израильге шабуыл жасау да тоқталады. «ХАМАС» Израильді тәуелсіз мемлекет ретінде мойындамайды, бірақ ұзақ мерзімдік келіссөз жүргізуге қарсы емес» деп мәлімдеді. Айтпақшы, Захар Израиль туының түсін өзгерту керектігін де еске салды: «Тудағы екі көгілдір жолақ — басқыншылықтың белгісі. Жолақтар Ефраттан Нілге дейін созылып жатқан шекараны білдіреді».

«Тоқпағы мықты болса…»

«ХАМАС» жеңіске жеткен алғашқы сәтте-ақ ПА қауіпсіздік қызметін бұрынғыдай ПА Қорғаныс министрі мен премьерге емес, тек өзіне ғана бағынуға бұйрық берген президент Махмуд Аббас Германия канцлері Ангела Меркельмен бірге өткізген баспасөз мәслихатында ПА мен Израиль арасындағы бейбіт келісімнің сақталатынына үміт артты. Қауіпсіздік қызметінің ішіне іріткі салуға мүмкіндік бермеуді көздеген және екі сөзге келместен, Батыс пен АҚШ-тың ығына жығыла кеткен Аббастың да көкейінде ақша тұрған. Еуропалық Одақ егер үкімет басына келген «ХАМАС» партиясының өкілдері Израильмен арада бейбіт келісімдерді сақтайтын болса, ЕО тарапынан бөлінетін қаржылай көмектің тоқтатылмайтынын мәлімдеді. Бұған дейін Германия канцлері Ангела Меркель егер палестиналық үкіметтің құрамына «ХАМАС» өкілдері енетін болса, тікелей қаржы бөлу мүмкін еместігін айтқан болатын. Меркельдің талабын АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс та қоштаған: «Құрама Штаттар Израильді жойып жіберуді көздейтін ұйымға қаржы бөлуге дайын емес». Әлемге билік жүргізуді ұнататын Вашингтон бұл жолы да «ескі әдетінен» жаңылмады. Американың Палестинаға бөлетін қаржысын тоқтататынын мәлімдеген Америка президенті Дж.Буш пен мемлекеттік хатшы К.Райс барлық мемлекеттер, сонымен бірге араб елдері АҚШ-ты қолдайтындығына үміт артты. Бүгінгі таңда АҚШ-тың ПА бюджетіне бөлетін қаржылай көмегі 1,6 миллиард доллар. Сонымен қатар 1 миллиард доллардың жартысы еуропалық елдерден, жартысы араб және азиялық елдерден түседі. Палестиналық биліктің пікірі осылайша екіге жарылған шақта Израильдің Қорғаныс министрі Шауль Мофаз парламенттік сайлауда жеңіске жеткеннен кейін «ХАМАС» тобы елдегі түрлі топтар мен қозғалыстардың әр қадамын жіті бақылап отырғандығын және лаңкестік әрекеттердің алдын алуға күш салып жатқандығын мойындады. Алайда израильдік министрдің пікірінше, Израиль палестиналық үкіметке деген көзқарасын өзгертпеуі керек: «Алдымен «ХАМАС» қаруын тапсырып, Израильді тәуелсіз мемлекет ретінде мойындауы тиіс». Еврейлердің бұл талабына арабтардың айтар уәжі белгілі. Демек, арабтар мен еврейлер арасындағы 50 жылға созылған жер дауы күн тәртібінен түспейінше, дау-дамай мен қанды қырғын толастамасы анық. Ал көңілі алаң қарапайым халықтың «ішкені — ірің, жегені — желім»…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары