ҚАРАҚАТ – «АЛТЫН САМҰРЫҚ» ИЕГЕРІ

ҚАРАҚАТ – «АЛТЫН САМҰРЫҚ» ИЕГЕРІ

ҚАРАҚАТ – «АЛТЫН САМҰРЫҚ» ИЕГЕРІ
ашық дереккөзі
366

Таяуда Астанадағы Конгресс-холлда тұңғыш рет «Алтын Самұрық» ұлттық үздік ән байқауы өтті. Еліміздегі өзге де ән байқауларынан түбірімен ерекшеленетін жоба «Ақ Орда» қозғалысының бастамасымен жүзеге асты. Айтулы ән байқауында танымал әнші Қарақат Бас жүлдемен қатар, сахнада үздік шоу көрсеткені үшін дипломдармен марапатталды.

Байқаудың әділ-қазылар мүшелігінде Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Бекболат Тілеухан сияқты классикалық, эстрадалық және ұлттық өнердің қас шеберлері отырып, қазіргі жас әншілердің өнерін бағалаған. Жалпы, көрермендер мен әділқазылар алқасы еліміздегі үздік деген он әншіні таңдап, оның ішінде ұпайы ең жоғары өнерпаздардың қатарынан «Алтын Самұрық» иегерін анықтаған. Үздік ондыққа еліміздің танымал әншілері – Досымжан Таңатаров, Қарақат, Алтынай Жорабаева, Саят Медеуов, «МузАрт» тобы, «Бәйтерек» тобы, т.б. енген. Бір айта кетерлігі, байқаудың өзіндік шарттары мен талаптары болмаған. Әйтсе де, әншілер сахнада өз өнерімен сабақтастырып шоу көрсетуі тиіс еді. Бұл орайда эстрадамен ерекшеленгісі келген бірқатар әншілердің ішінен қазақтың көне аспабы жетігенмен ән орындаған Қарақаттың өнері ерекше шығып, әнші «Алтын Самұрық» ұлттық үздік әншісі және «Алтын Самұрық» ұлттық үздік әнші жүлдесінде үздік шоу көрсеткені үшін» номинациялары бойынша жеңімпаз атанды. Біз Қарақатты әңгімеге тартқанымызда, дәстүрлі әнші ол үшін бұл жеңістің күтпеген қуанышты жаңалық болғандығын айтты: «Байқауда шоу көрсетулерің керек деген соң, эстрадамен шығамыз ба, әлде домбырамен ән шырқаймыз ба деп біраз ойландық. Бірақ осы жерде де менің жан жарым Қыдырәлі: «Шоу деген сөз – көрерменге сенің айтып отырған әніңнің әсерлі жетуі» – деп, «Балапан қаз» әнін жетігенмен орындап, өнер көрсетуді ұсынды. Әрине, біз бұл әнді кішкене өзгертіп, оның әуезділігінің, әуенділігінің астын сызғандай болдық».

Негізінен Қарақат орындаған «Балапан қаз» әні «Көшпенділер» фильмінде де қолданылған еді. Бұл орайда әнші дайындаған көне әннің әсерлі болып шығуы үшін экраннан «Көшпенділер» фильмінің үзіндісі көрсетілумен қатар, сахнада арқанмен қалықтап ұшып жүрген бозбала мен қызбаланың трюктері халық назарына ұсынылуы тиіс еді. Бірақ техникалық ақаулықтардан ба, әлде өзге де себептер болды ма, әйтеуір әннің орындалу кезінде фильмнің үзіндісі көрсетілмей қалған. Соған қарамастан, әншінің жетігенмен орындаған әні халықтың көңілінен шығып, әділ-қазылар алқасының да жоғары бағасына ие болды. «Дайындап келген дүниеміз керемет еді. Бірақ экран қосылмаса да, бәрі әдемі шықты. Негізінен «Балапан қаз» ойға шомып тыңдайтын ән ғой. Ал, біз оған жаңадан серпіліс бергендей болдық. Менің жеңіске жетуіме сахнада ән ырғағына сай арқанмен ұшып, қалықтап, өнер көрсеткен қыз бен жігіттің де еңбегі зор деп білем. Халықтың ынта-ықыласы ерекше болғанына қуанам» – дейді, Қарақат.

«Алтын Самұрық» жүлдесі – алтынмен жалатылған, қымбат жақұт тастармен әрленген бағалы сыйлық. Символдық мәні де зор. Үздік әншіні марапаттау салтанатында әділ-қазылар алқасының төрағасы Бекболат Тілеухан: «Осы кеште үлкен қайсарлықпен жетігенді сахнаға алып шығып, қазақ эстрадасында қазақы бояу, қазақы ою-өрнек болу керектігін дәлелдеп, өзінің табиғатымен шыққан Қарақат бас жүлдені жеңіп алды» – деген еді. Қарақат осындай жоғары баға мен халықтың ықыласынан қымбат нәрсе жоқтығын айтады.

Эстрада жанрында да, ұлттық өнер жанрында да көрініп үлгерген әнші қазір көбіне дәстүрлі халық әндеріне ден қойып жатқандығын жеткізді. Жақында Мәскеуде өткен «Қазақстанның достары» атты концертте жетігенмен өнер көрсетіп келген әнші қазақтың көне өнеріне көршілес халықтардың да ықыласы ерекше дейді. Бұл орайда Қарақат жетігенмен орындалатын әндерінің репертуарын кеңейтіп, алдағы уақытта бейнеклип түсіру ойы барын да жасырмайды.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары