КӨП КҮТТІРГЕН СҮЙІНІШ
КӨП КҮТТІРГЕН СҮЙІНІШ
Осыдан 130 жыл бұрын жарыққа шыққан «Түркістан» фотоальбомы ұлан-ғайыр қазақ жері үшін ғана емес, көршілес жатқан орталықазиялық аймақ үшін аса құнды еңбек саналады. Арада ғасырдан астам уақыт өткенде асыл мұрамен исі қазақты қайта қауыштырған – «Түркістан» газетінің қызметкері, зерттеуші, этнограф, Қазақстанның өнер, мәдениет, тарих, этнография саласында құнды деректерден тұратын мақалалар жазып жүрген әріптес ағамыз Тынышбек Дайрабай. «Қайта оралған қазына немесе «Түркістан фотоальбомы» туралы» деген атаумен Астана қаласындағы «Елорда» баспасынан қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарыққа шыққан еңбегін зерттеу жолында автор ширек ғасырға жуық уақыт жұмсады.
Қазақстан мен Орталық Азия аймағын мекендейтін халықтардың тарихы, мәдени, археологиялық, этнографиялық ескерткіштерінің ең озық үлгілері жинақталған «Түркістан» фотоальбомы 1870-1872 жылдары Ташкендегі фотограф Н.Нехорошевтің баспа-шеберханасында дайындалып, 1872 жылдың 12-15 желтоқсанында Петерборда сүзгіден өтіп, Мордуховский атындағы №1 баспаханасында басылып шығарылған. Альбомдағы фотосуреттердің барлығын дерлік Н.Нехорошев, ротмистр П.Приорев пен прапорщик Г.Е.Крывцов түсірген. Түркістан генерал-губернаторлығына қараған (1867-1917 жж.) Жетісу, Сырдария, Заравшан округы, Самарқан, Ферғана (Қоқан хандығы) облыстары мен Құлжа аймақтары қамтылған фотоальбом туралы 1930 жылы академик М.Е. Массон, 1986 жылдары академик Әлкей Марғұлан көпшілікті құлағдар еткені болмаса, осынау исі қазаққа қастерлі тарихи дүние туралы нақты әрі толыққанды ақпарат бере алмаған еді. Он бес жылдан астам уақыт ізденіп, зерттеген тынымсыз еңбегінің нәтижесінде Тынышбек Майлыбайұлы аса құнды еңбекті қолға түсіреді. Қазақстанның Халық жазушысы Қалағаң, Қалтай аға Мұхамеджановтың: «Қазақстан халқының көбі біле бермейтін, атын естігені болмаса, затын көрмеген алтын қазынамыздың бірі емес, бірегейі «Түркістан» фотоальбомы бүгінде Тынышбектің қолында. Бұл жұмыс ерлікке пара-пар демекпін» деп ризашылық білдіруі тегін емес.
Ә дегеннен-ақ Ресей патшалығының саясатын көздей отырып дайындалған «Түркістан» альбомы 130-135 жыл бұрынғы тарихи, археологиялық жәдігерлердің суреттерімен құнды. Альбомды жасаудың басты жауапкершілігі белгілі ғалым-этнограф А.Л.Кунге, Самарқан қаласының көне сәулет көріністері П.В.Богалевскийге, әшекейлердің көшірмесін акварельмен салу Л.А.Шостакқа тапсырылған. 4 томнан тұратын 6 кітапқа 1300-ге жуық суреттер енгізілген. Сырдария облыстары мен Заравшан округіндегі көне ескерткіштердің археологиялық сипаттамалары мен этнографиялық мақалаларды А.Л.Кун, «Орта Азиядағы» кәсіпшіліктер» бөлімін Богалевский, «Орта Азияға орыстар жорығының очеркі» сипаттамаларын М.А.Терентьев жазған.
«Түркістан» альбомы жарыққа шықаннан кейін арада 27 жыл өткенде «Туркестанские ведомости» газетінде «К.П.Кауфманның «Түркістан» альбомы» деген тақырыпта Л.К.Ю. деген азаматтың мақаласы жарияланады. Альбомның маңыздылығынан бастап, қанша данамен шыққаны, еңбектің қайда сақталғаны жайлы кеңінен ақпарат берген мақала авторы Кауфман қаза тапқаннан кейін Ташкеннің қарабазарында «Түркістан» альбомының «Самарқанның ежелгі ескерткіштері» деген бір томының 36 сомға сатылғанын, ол кітаптың бүгінде Францияда сақтаулы тұрғанын қынжыла жазыпты. Негізі альбом 1866-1871 жылдардағы алғашқы суреттер жарыққа шыққаннан кейін 30 жылдан соң түсірілген суреттерді қамтығанымен де ерекшеленеді. «Түркістан» альбомы 1872 жылдан бұрын да, кейін жеке бір тақырыптар бойынша жасалған. Ал киелі Түркістан атымен аталған альбомда көне Түркістанның жалпы бейнесі, Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің оңтүстік, солтүстік, шығыс және батыс беттері, «Икан» қыстағы, Рабиға бегім ескерткішінің әсем көріністері, өрнектердің түрлері мен Тайқазандағы жазулар, шырағдандар мен «Он бір Ахметтің» туы, №2 форт маңындағы әулие Қорқыттың құлаған моласы, Шопан-Ата мазары, Әмір Темір кесенесінен көріністер, Ташкендегі Барақ хан салдырған Көкелташ медресесі, атақты Бибі ханым медресесі, 1648 жылы (1058 Хижра) Жалаңтөс Баһадүр салдырған Шир-дар медресесі, Ұлықбек пен Тіллә қаридың медреселері, мешіттер, Сауран қаласының қалдығы мен Сауран мұнарасы, этнографиялық бөлімде Шадман Мәлік көпірі сияқты ғұмыры ғасырларға созылған талай тарихи дүние бар. Ең маңыздысы, осыған дейін Түркістан мен Қожа Ахмет Йассауи кесенесіне қатысты жазылған еңбектер де баршылық.
Альбом туралы анықтама мақаланы осыдан 100 жыл бұрынғы газеттен («Туркестанские ведомости») оқып танысқан Т.Дайрабай 1999 жылдың 3 наурызында фотоальбом туралы деректер жариялап, 2000 жылдың 3 наурызында «Түркістан» газетінде альбомның табылғаны жайлы сүйінші мақала жазады. Автордың айтуынша, альбомды іздеп, зерттеуде Ұлттық кітапхана мен Орталық ғылыми кітапхананың сирек кездесетін қолжазбалар бөлімінің меңгерушісі Раиса Бірімжарова, екі кітапхананың басшылары Күлжахан Әбуғалиева мен Роза Бердіғалиева, Сәкен Жәкеевтердің сіңірген еңбегі мол. Асыл мұраны елге оралтуға мүдделі көптеген министрліктердің бірі уәдесінен танып, бірі сөзбұйдаға салып жүргенде арада біраз уақыт өтіп кетті. Бірақ «ештен кеш жақсы» демекші, көп күттірген (2000 жылы баспаға тапсырылған) сүйініш 2005 жылдың соңында баспадан шығарылды.
Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Қайдар Алдажұманов, осы институттың ғылыми қызметкері, этнограф Ахмет Тоқтабаев сияқты ғалымдар пікір жазған еңбегінде Тынышбек Майлыбайұлы 1872 жылы жарыққа шыққан «Түркістан» альбомының мазмұны мен мәні, сипатына нұқсан келтірмей, 6 томдық кітапты 1 томға жинақтаған. Сондай-ақ, альбомға енгізілген суреттердің ең маңызды дегендеріне қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ғылыми негізде түсініктеме берген автор: «Түркістан» альбомы бүгінде өшіп кеткен бүгінгі ескерткіштерімізді көз алдымызға әкеліп, алыс жылдардағы тарихымызды кешегі, бүгінгі және келешек ұрпаққа таныстырар дүние. «Түркістан» альбомы жеке кітап қана емес, тарих, этнография оқулықтарына пайланар тұстары мол» дейді.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ