Қазақстанда қызметін онлайн сатқан әншілер салық төлейді. Бұл туралы қаржы министрі Мәди Тәкиев үкіметтегі брифингте мәлімдеді.
Ведомство басшысы онлайн-той немесе онлайн-концерт берген әншілер салық төлеуге міндетті екенін нақтылады.
"Мысалы, әртістер әлеуметтік желі арқылы той өткізеді. Оны жыл бойындағы табысы туралы 31 наурызға дейін декларацияда көрсету керек. Ал 10 сәуірге дейін 10% салық төлеу керек", - деді қаржы министрі.
Гонорарды қолма-қол алатын әншілерді министрлік бірнеше тәсілмен бақылаймыз, дейді министр.
"Тойды кім жасап жатқанын білеміз, хронометраж бар. Салық органдары сол арқылы біледі. Қолма-қол ақша алған әнші ертең оны жұмсайды, үй, көлік алады. Қайдан алдыңыз деген сұрақ туындайды. Мұндай сұрақ туындаған соң салық төлеулеріне тура келеді", - дейді Тәкиев.