“МӘРТТІК ТАНЫТУЫҢЫЗ КЕРЕК ЕДІ, ОРАЛ БАЙҒОНЫСҰЛЫ!”

“МӘРТТІК ТАНЫТУЫҢЫЗ КЕРЕК ЕДІ, ОРАЛ БАЙҒОНЫСҰЛЫ!”

“МӘРТТІК ТАНЫТУЫҢЫЗ КЕРЕК ЕДІ, ОРАЛ БАЙҒОНЫСҰЛЫ!”
ашық дереккөзі
300

Сәрсенбіде өткен Парламент Мәжілісінің отырысында екі-үш-ақ депутаттың көтерген мәселесі көңілімізге қонды. Кешегі аптада Парламенттің он жылдығы тойланғандығын ескерсек, депутат мырзалар сол тойдан шаршаңқырап қалса керек, аса мәнді депутаттық сауал жасай қоймады.

Депутат Бекболат Тілеухан премьер Ахметовтің атына жолдаған депутаттық сауалында ономастика мәселелерін қозғады. Қазақ мемлекетіне еш үлес қоспаған көлденең көк аттыларға үлкен-үлкен көшелер берудің қажетсіздігін айтты. «Янушкевич, Затаевич, Брусиловский сынды қазақ халқына қатысы бар, еңбегі сіңген жандардың атымен жер-су, көшелерді атағаны көңілге қонымды. Бірақ, маған Павлодар жақтан келген хатта қаладағы көрікті көшенің Кутузовтың атымен аталғандығын, ал өте лас, кішкентай көшенің Абай атын иеленгенін жазыпты. Бұл қалай? Кутузовтың Қалдан-Серенмен жекпе-жекке шыққанын тарихтан оқығанымыз жоқ. Бұл Кеңес кезіндегі идеологиядан арыла алмай жатқанымызды көрсетеді» дейді халық қалаулысы. Оның бұл пікірін депутат Тоқтар Әубәкіров те қолдады. «Мына Астанада үш жұлдызды ескі қонақ үйді ұлы Абайдың атымен атапты» деп, соған ренішін білдірген Әубәкіровтің сөзімен толық қосылуға болады.

Амангелді Айталы өте жақсы мәселе көтерді. Сөздерін депутаттық сауал емес, Мәжіліс төрағасы Орал Мұхаммеджановқа айтылған сын деп қабылдауды өтінді. Ол күні кеше ғана он жылдығын тойлаған Парламент мерейтойына қатысты пікірлерін жеткізді. Дәлірегінде оны алпыс депутаттың алдында тұқыртып тастады. «Кешегі он жылдық мерекеде медаль алдық. Мерекеледік. Бірақ, көңілде қанағаттанбаған сезім қалды. Кешегі тойға тоғыз елдің делегациясы келді. Олар өз ұлтын құрметтейтін депутаттар екен. Ал Сіз болсаңыз, олардың алдында Ұлттың мәртебесін көтермедіңіз. «Сырт көз сыншы» деген… Баяндамаңызды мемлекеттік тілде толықтай оқуға жағдайыңыз жетпеді ме? Өзге жерде де орысша сөйлеп жүргеніміз аз ба еді?» деген Айталының күйінішімен толықтай келісуге болады. Айталы Әзірбайжаннан келген қонақтың «Аударманың жоғын-ай. Болмаса, өз тілімде сөйлер едім» дегенін де еске салды.

Шындығында Орал Мұхамеджанов таяу шет елдерден келген қонақтар алдында көсілгісі келіп-ақ баққан. Біздің бүкіл шенеуніктерге тән бағзы әдетпен ұзын-сонар баяндамасының басын қазақша бастап, ортаңғы негізгі бөлігін орыс тілінде жалғастырып әкеткен. Соңын қай тілде аяқтағаны есімізде жоқ, өйткені, спикер мырзаның баяндамасынан жалығып кеткеніміз бар еді.

Әрі Мұхамеджанов мырзаның баяндаманы оқығанда өзіндік стильге ие еместігі, оның даралық қасиеттерге аса жақын еместігін аңдатқандай. Бірақ, қағаздан басын алмай, жиырма минуттан астам баяндама оқығанымен спикер мырза шешендігімен көзге түсе қойған жоқ. Оның соңын ала мінберге шыққан Грузия Парламентінің спикері Нино Бурджанадзенің шешендігі шындығында да біздің таңдайымызды қақтырды. Біздің парламентарийлер немесе спикер секілді әлқиссасын Елбасы жолдауынан, Қазақстан – 2030 бағдарламасынан, кешегі өткен керемет сайлаудан іздейтін қасиеттер Грузияға тән емес пе, әйтеуір Нино ханымның сөздерінен (Баяндама деуге аузымыз бармайды, өйткені Бурджанадзе біздің спикер секілді қағазға қараған жоқ, Көкірегінен шығып жатқан ойларын ортаға салды. — Г.М) уралаған ешбір сарынды аңдамадық. Өте салмақты, байыпты, ойларымен ғана бөлісті.

Мұндай спикер бізде болып па еді деп, ойша өткенге көз жүгірткеніміз бар. Әрі, шіркін, мынадай қасиеттер біздің спикерлердің бойынан неге көрінбейді деп қиялға берілгенбіз.

…Айталының айтқан пікірлеріне қайта оралайық…. «Серікболсын Әбділдин, Шерхан Мұртаза мен Фариза Оңғарсыновалар отырғанда, мерекелік медальдарды тапсыруды Айталыдан бастағаныңыз жөн болмады. Кешегі спикер Тұяқбайдың аты аталмады. Онымен біз бес жыл жұмыс істедік. Биліктен оппозицияға, оппозициядан билікке ауысу ол қалыпты жағдай. Сіз мәрттік танытуыңыз керек еді, Орал Байғонысұлы! Әлде кішірейіп қалам деп ойладыңыз ба? Бізге осы саяси мәдениет қашан келеді?» деді Айталы. Қазақстан парламентарийінің бастауындай болған Салық Зиманов пен Сұлтан Сартайұлы секілді заңгерлерге ең болмаса, сөз берілмегендігін де еске салды.

Бірақ, біздіңше, марапатталушылар тізімі алфавиттен басталса керек.

Айтпақшы, Қазақстанның тұңғыш Парламентінің жасақталу мерзіміне қатысты айтылып жүрген пікірлер де әртүрлі. Мысалы, экс-депутат С.Әбділдиннің пікірінше, ҚР Парламентінің қалыптасу тарихы 1991 жылы қабылданған тәуелсіздіктен бастау алады.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары