«КӨШПЕНДIЛЕРДIҢ» ПРОКАТҚА ЖАРАМАЙ ҚАЛҒАНЫ РАС ПА?
«КӨШПЕНДIЛЕРДIҢ» ПРОКАТҚА ЖАРАМАЙ ҚАЛҒАНЫ РАС ПА?
Тауық жылын дүрліктірген, Тауық жылында Мәдениетімізге орасан зор жаңалық әкелген «Көшпенділер» фильмінен тағы да шу шықты. Өткен аптаның ішінде «31»-арна жаңалықтарының бірінде көрерменге «Көшпенділер» фильмінің прокатқа жарамай қалғанын естіртті. Сөзбе-сөз берер болсақ: «Шетелдіктердің қазақ өмірімен етене араласуы бірінші рет емес. Мәселен, Куно Беккер Абылай ханымызды ойнаған. Ал жекпе-жектің шебері Дакаскосты аттай қалап шақырып, қалтасына ақша салып, Дакаскос арқылы қалмақ батыры Шарышты әлемге танытуға барымызды салғанбыз. Әттеген-айы қазақ киносын әлемдік аренаға шығарады деп, 34 миллион доллар ысырап болған «Көшпенділер» фильмі прокатқа жарамай қалыпты. «Мирамакс» компаниясы американдық және орыс режиссерлердің өнеріне қанағаттанбай, кейбір көріністерді қайта түсірмек. Сценарийдің 43 беті қайта жазылған. Әзербайжан продюсері Рустем Ибрагимбеков пен қалмақ жігіті Олег Маджиевтің келісе пішкен тоны әлемдік деңгейдің тізесінен келмей, келте болып тұр…» деген «31»-арналықтардың бұл хабары қаншалықты шындыққа жанасатынын білгіміз келіп, фильмнің маңында жүрген біраз азаматтарға телефон шалғанбыз.
«Көшпенділер» фильмінің түсірілу процесінде басынан аяғына дейін бірге жүрген Талғат Теменовке осы мәселеге орай телефон шалғанымызда, ол кісі бірден тулай жөнелді.
– Ол әңгіме ешқандай шындыққа жанаспайды.
– Бұл әңгіме «31»-арнаға қалай жеткен?
– «31»-арна – маған оппозиция. Бір кездері өзім оқытқан күшіктерімнің менің балтырымды қанатып жатқан түрлері. Мені сұхбатқа шақырған. Бармай қойдым. Жалған ақпарат. Шынын айтқанда, өсек. Ол арнаның «фильм осылай болса екен» деген арманы ғой. Ал менің, жалпы қазақ көрерменінің басты арманы – «Көшпенділер» фильмінің асқақтауы.
Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыз болса, бұл жаңалықты «31»-арнадан естігенін айтты. «Ол әңгіменің қаншалықты шындыққа жанасатынын «31»- арнадан сұрап көріңіздер», – деді.
Бұл жаңалықтың рас-өтірігін бір білсе, Сергей Әзімов білетін шығар деген оймен, «Қазақфильм» киностудиясының директорын іздеп едік, студиядағылар ол кісінің іс-сапарда жүргендігін айтып, алға тартты. Екі күн бойы киностудияға хабарласқанымызбен, Сергей Әзімовпен әңгімелесудің сәті түспеді. Әзірге, естіген-білгеніміз осы ғана. Қайсысы шын, қайсысы өтірік, оны келешек анықтайды?!
Гүлзина Бектасова