“СУДЫҢ СҰРАУЫ” – БАСТЫ СҰРАУ

“СУДЫҢ СҰРАУЫ” – БАСТЫ СҰРАУ

“СУДЫҢ СҰРАУЫ” – БАСТЫ СҰРАУ
ашық дереккөзі
262

Жыл сайын болып тұратын су мәселелеріне қатысты жалпыеуропалық конференциялардың күн тәртібіне Орталық Азияда қалыптасқан жағдай туралы мәселе де қосылады. Сондықтан осы жиындарға біздегі бес республиканың өкілдері тартылады. Сондағы мақсат – біздің аймақта соңғы кезде тіптен шиеленісіп кеткен су мәселесін талқылауды бұрынғы шектеулі шеңберден шығарып, кең ауқымда қарастыруға жол ашу болса керек.

Аралға бола басы ауыратын шенеунігің бар ма?

Шынында да, соңғы кезде Қазақстан мен жалпы Орталық Азияның осы мәселеге қатысты қиындықтары осындағы бес мемлекеттің өзінен гөрі сыртта, оның ішінде әлемдік деңгейде де, көбірек айтылатын болып жүр.

Мәселен, 2002 жылдың қыркүйегінде Оңтүстік Африканың Йоханнесбург қаласында болып өткен әлемдік саммит барысында Арал қасіретіне қатысты мәселені Африкадағы Ливия мемлекетінің басшысы полковник Муаммар Каддафи көтерді. Және жай ғана көтеріп қойған жоқ, соған қатысты Қазақстан мен Өзбекстанда қалыптасқан жағдайға жан-жақты, фактілерге негізделген мұқият талдау жасады. Сосын Арал айналасын қоныстанып отырған халықтың болашағы туралы ол мынадай жантүршігерлік тұжырымға келді: «Медициналық болжауларға қарағанда, егер әлем Арал теңізін құтқару турасында ешқандай амал жасамаса, аймақтың халқы енді бір ұрпақтың өмірінен соң мүлдем құрып кетпек».

Oсы орайда мынадай бір жайтқа назар аударған жөн болар. Біздегі адамдардың көбі Африканың қайда екенін білгенмен, сонда Ливия деген мемлекеттің бар-жоғынан бейхабар болар. Ал оның өкілі біздің Аралымыздың және ондағы адамдарымыздың тағдырына жанашырлық білдірді. Және де ол бұны Қазақстанға не Орталық Азияға ерекше бүйрегі бұрғандықтан емес, осы апатты жалпыадамзаттық трагедия деп есептейтін болғандықтан істеген. Бұл деген Арал мәселесінің, жалпы аймақтағы су мәселесінің бүгінгі таңда әлемдік маңызға ие болып отырғанын білдіреді. Муаммар Каддафидің Йоханнесбургте сөйлеген сөзі осыған жаңа бір серпіліс берген болып шықты.

Олай дейтін себебіміз мынау. Сол әлемдік саммиттен соң халықаралық деңгейде Арал мәселесі мен аймақтағы су жағдайына қатысты айтылатын ұсыныстар күрт көбейіп шыға келді. Одан әзірше өзгеріп жатқан ештеңе жоқ. Дегенмен, осының өзін жақсылықтың нышаны деп қарастыруға болатын шығар. Мәскеудің мэрі Юрий Лужков баяғыда жоспарланып, бірақ артынан аяқсыз қалған Сібір өзендерін Орталық Азия жаққа қарай бұру жобасын қайтадан өзекті мәселе қылып көтерді. Сонан соң 2003 жылдың наурыз айының соңында Жапонияның Киото қаласында өткен Әлемдік су форумында Еуропалық реконструкция және даму банкінің президенті Жан Лемьерр мынадай пікір айтты: «Әсіресе, Орталық Азия сияқты суы жетіспейтін аймақтарда ол жауапкершілікті басқарудың түбірлі негізі болып табылады». Сонымен, африкалық лидердің Арал туралы «Бүкіл адам баласына қатысты осы мәселені Йоханнесбургтегі саммиттің қарауына ұсынамын» деген сөздерінің аяқсыз қалмағаны хақ.

Соның бір дәлелі – Орталық Азия аймағы мемлекеттері өкілдерінің су мәселелеріне қатысты жалпыеуропалық жиындарға шақырылуы. Және де біртұтастана бірігуге бет алған Еуропа оларды тек шағымдарын тыңдап, жұбататын сөздер айту үшін ғана шақырмайды. Мақсат – су ресурстарын қорғауға қатысты дайындалған бағдарламаны дайындау мен жүзеге асыру ісіне оларды да араластыру. Және де бұндай бағдарлама туралы әңгіме жоқ жерден шығып отырған жоқ. Оның дайындалуы мен жүзеге асырылуын Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропадағы экономикалық комиссиясы талап етті. Басқаша айтқанда, Еуропа Орталық Азияның өзекті мәселелерінің бірін шешуге бел шеше араласуға пейіл танытты. Бұл да жақсы жаңалық.

Бірақ осы мәселеге қатысты алаңдатушылық туғызатындай жаңалықтар да жоқ емес. Қырғызстан мен Тәжікстан мемлекетаралық бірлестік құрып, сол елдердің территориясына ағып шығатын өзендерді пайдаланатын Өзбекстан мен Қазақстанды өздеріндегі су қоймаларын бағып-күту шығынын бірлесіп көтеруге тартпақшы болып жүр. Өйтпеген күнде бұл алдыңғы ел соңғы екі елдің мұқтаждығымен байланысы жоқ, тіпті басқаша экономикалық саясат жүргізбек. Мәселен, Бішкекте Өзбекстан мен Қазақстан Тоқтоғұл су қоймасының ирригациялық режимде пайдаланылғаны үшін және содан алынатын су үшін Қырғызстанның 135 млн. долларға шығатын шығынын өтеуге тиіс деген есеп бар. Осыдан бір жылдан сәл астам уақыт бұрын, 2004 жылдың аяғында Қырғызстан Жоғорку Кенешінің Заң шығарушы жиналысы осы ел мен Қазақстан арасындағы одақтастық қарым-қатынастар туралы келісім-шартты ратификациялаудан бас тартты. Осы құжаттың ішіндегі қырғызстандық халық қалаулыларына жақпай қалған нәрселердің қатарында су мәселесі де бар екен. Келісімшартты талқылау барысында А.Мадумаров деген депутат былай деп шықты: «Су ресурстары – өз жеріміз сияқты біздің байлығымыздың ажырамас бөлігі, ал келісім-шартта біз су ресурстарын пайдалануда Қазақстанмен бірлескен саясат жүргізуіміз керек делінген. Неліктен? Біздің су ресурстарымыздың Қазақстанға еш қатысы жоқ».

Түрікменстан туралы әзірге әңгіме естілмейді. Бірақ Аралға барып құюға тиіс екі өзеннің бірі болып табылатын Әмудария суының біраз бөлігін Үлкен Қарақұм каналы арқылы қазір сол ел пайдаланып отыр. Түрікменбасшы Сапармұрат Ниязов оны өзен деп жариялаған. Үлкен Қарақұм каналы Мары мен Ашхабат қалаларын және олардың айналасының бәрін сумен қамтамасыз етіп отыр. Енді сол Әмударияның суына бейбіт өмірге бет бұрған Ауғанстан да ортақтасқалы отыр.

Болашақта аймақтағы демографиялық өсімге байланысты осы мәселе одан әрі шиеленісе түспек. Және де осы халық санының көбеюіне Қазақстанның тіпті де қатысы болмайтын түрі бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының есептеріне қарағанда, біздің елімізде 2025 жылы 15 млн. 388 мың. адам, 2050 жылы 13 млн. 941 мың адам болмақ екен. Яғни Қазақстан алдағы 20 жыл ішінде демографиялық жағынан сәл де болса ілгерілегенмен, одан кейінгі тағы да 25 жылдың ішінде біраз кері кетпек көрінеді. Ал біздің аймақтағы көршілес елдерде жағдай басқаша қалыптаспақ. Біріккен Ұлттар Ұйымы мамандарының есептері бойынша, Қырғызстанның халқы 2003 жылғы 5 млн.138 мыңнан 2025 жылы 6 млн. 484 мыңға дейін, 2050 жылы 7 млн. 235 мыңға дейін; Өзбекстанның халқы 2003 жылғы 26 млн. 93 мыңнан 2025 жылы 33 млн. 774 мыңға дейін, 2050 жылы 37 млн. 818 мыңға дейін; Тәжікстанның халқы 2003 жылғы 6 млн. 245 мыңнан 2025 жылы 8 млн. 193 мыңға дейін, 2050 жылы 9 млн. 552 мыңға дейін; Түрікменстанның халқы 2003 жылғы 4 млн. 867 мыңнан 2025 жылы 6 млн. 549 мыңға дейін, 2050 жылы 7 млн. 541 мыңға дейін көбеюге тиіс көрінеді. Басқаша айтқанда, енді бір 45 жылдан кейін халықтың саны Қазақстанда 13,9 млн, ал Орталық Азияның қалған 4 елінде 62 млн. болмақ екен. Осыншама халықтың тұтынар суының негізгі көздері — сол Әмудария мен Сырдария және осы екі өзеннің салалары.

«Қарақалпақ ұстау» деген не?

Демек, енді Арал теңізінің Қарақалпақстан жағына бұрын да жетіп жарытпаған өзен тіпті тыйылмақ. Өзбекстанның осы автономиялық республикасындағы қазіргі жағдай судың құруы кесірінен, тіпті ауыр болып отыр. Халықтың іске жарарының бәрі жұмыс іздеп, Батыс Қазақстан жаққа қарай асып, босып кетті. Олар кез келген жұмысқа келісіп, жан бағуға мәжбүр. Өздерінен ауысса, елдеріне де қаражат жіберіп тұруға пейілді. Бұл да – сол Арал қасіреті мен аймақта су мәселесінің ушығып кетуінің салдары. Қарақалпақ жағынан келушілердің көптігі сонша, Атырау жақта «қарақалпақ ұстау» деген түсінік қалыптасып үлгерді. Бізде осыған байланысты кейбіреулердің кеудесіне нан пісіп жүр. Бірақ осы орайда «өгізге туған күн бұзауға да туады» дегенді ұмытпаған лазым болар еді. Олай дейтін себебіміз мынау. Су және жалпы экология мәселесі Батыс Қазақстанда, оның ішінде, ең алдымен, Атырау мен Маңғыстау облыстарында барған сайын ушығып барады. Ертең қатты біржақтыланып бара жаткан экономикамыз (қазір жалпы ішкі өнімдегі шикізат өндірісінің үлесі 50 пайыздан асып кетті және әрі қарай да ұлғая бермек) қатты сүрінсе, оның артының көршілес елдерде «қазақ ұстау» деген сияқты жағдайды қалыптастыруы, тіпті ғажап емес. Бұл да ең алдымен су мәселесінің ушыққанының кесірі болмақ.

Бұндай жағдай, әсіресе, жоғарыда аталған Маңғыстау мен Атырау облыстары үшін өте қауіпті. Өйткені бұл жақта, ең алдымен Жайықтың бергі жағында қазір өзен атаулы қалған жоқ дерлік. Ал жаңбырдың суы табиғатынан, тіпті жеткіліксіз. Жаңбырдың жауу мөлшері жағынан бұл екі облыстағы жағдай әлемнің ең үлкен шөлі Сахараның шетіндегі жағдайдан нашар болмаса, артық емес. Мәселен, ол жақта жылына, орта есеппен алғанда, 100-200 мм. көлемінде жаңбыр жауады. Атырауда да тап соншама жаңбыр жауады. Ал Маңғыстаудың көрсеткіші Сахара шетінің көрсеткішінен де төмен. Онда жылына тек 100-150 мм. ғана жаңбыр жауады.

Судың құруы кесірінен бүгінгі таңда Қарақалпақстанда қалыптасқан жағдай Маңғыстау облысының ауылдық жеріне де таң. Айырмашылығы: көрші автономиялык республикада әзірше көтеріліп жатқан өндіріс жоқ, ал бергі жақта бар. Бірақ сол Маңғыстау облысының Ақтау, Жаңаөзен және Жетібай қалаларынан тыс жерде тұратын адамдардың күйі бүгінгі күннің өзінде қарақалпақтікінен нашар болмаса артық емес. Ресми деректер бойынша Маңғыстау облысының ауыл халқының 90 пайыздан астамы кедейлік деңгейінен де төмен жағдайда өмір сүріп жатқан көрінеді. Сондықтан «Қазақтар қарақалпақ ұстауға дағдыланған екен», деп масайраудың ретсіздеу болып табылатынына күмән жоқ. Қазір бүкіл әлемнің біздің аймақтағы су мәселесіне қатысты алаңдап отырғаны біздің тағдырымыз ғана емес. Ол ең алдымен құрып бара жатқан Аралдың айналасында тұзды құм басқан шөл даланың пайда болып, кең қанат жая бастауы. Осы бұрынғы теңіздің оңтүстік жағында жатқан Қызылқұм мен батысында жатқан Қарақұмның жаңа бір шөл далаға қосылып, көлемі Африкадағы Сахарамен салыстыруға келетіндей ғаламат шөл далаға айналуының арты Еуропаның да табиғаты мен климатының өзгеруіне апарып соқпақ. Бүйткен жағдайда, әрине, ең алдымен Батыс Қазақстан адам тұруға жарамайтын аймаққа айналады. Сонда қазақ та қарақалпақ құсап босып кетпек. Бұл біздің тұжырымымыз емес. Бұны бірінші болып айтқан аталмыш Юрий Лужков. Оның Сібір өзендерін Орталық Азияға қарай бұру туралы идеясының астарында сол жақтан Ресейге қарай халықтың күнін көре алмай босып кетуінің алдын алу мақсаты жатыр. Ю.Лужков мынадай бір сөздерді қайта-қайта айтып жүр: «Ортаазия республикаларында су тапшылығының ұлғая түсуі Ресейге қарай ағылған миграция тасқынын тудыруы мүмкін». Осыны болдырмау үшін Мәскеу мэрі құны 34 миллиард доллар тұратын Сібір өзендерін бұру жобасын жүзеге асыруды ұсынады…

Ақ-адалын айтатын болсақ, Орталық Азияда су мәселесінің ушыққанынан ең алдымен зардап шегушілердің қарақалпақ пен қазақ екенін мойындауымыз керек. Және бұл қазірдің өзінде-ақ басы ашылған нәрсе.

Бұндай тұжырым тек аталған облыстар мен Батыс Қазақстан аймағына ғана қатысты емес. Жоғарыда аталған жалпыеуропалық конференцияларда Аралмен қатар Балқаштың да мәселесі көтерілді. Оның да экологиялық апатқа ұшыраудың аз-ақ алдында тұрғаны атап өтілді. Ал бізде болса сол Балқаштың жағасында АЭС (атом электр стансасын) салу мәселесі шешіліп қойды. Сонда бізге қашан ақыл кіреді?..

Аққали КӨПТІЛЕУОВ

Серіктес жаңалықтары