Асылы ОСМАН: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ИЕСІ ДЕ, КИЕСІ ДЕ – ҚАЗАҚ

– Асылы апай, Құрбан айтыңыз қабыл болсын!

– Айтсын, жаным!

– Депутаттар бекіткен осы заңға көзқарасыңыз қалай?

– Құрбан айт – исі мұсылман қастерлейтін мереке. Сондықтан ресми түрде демалыс жариялауына ешкімнің қарсы болмасы анық. Оған рахмет, ризашылығымды білдіремін Бірақ Қазақстанды мекендейтін өзге ұлт өкілдерінің көптігін, олардың ұстанатын діндерінің сан алуандығын ескерсек, Құрбан айт пен Рождествоны ресми түрде мереке етіп бекіту жөнсіздеу. Егер Қазақстанның мұсылмандар мемлекеті екендігін ескеріп, тек Құрбан айтқа ғана мәртебе берілсе, әңгіме басқа. Алайда, Құрбан айтпен жарыстырып, тағы бір мерекені бекіту – қисынсыздау. Күні ертең Қазақстандағы өзге дін өкілдерінің: «Біздің мейрамымыз да ресми түрде бекітілсін» деп күңкілдемесіне кім кепіл? Елдегі тыныштық пен ынтымақтың беріктігі – қазақтың ешкімді жатсынбауы мен Елбасымыздың кемел саясатының негізінде әрбір азаматқа берілген теңдік пен еркіндігінде. Яғни, Елбасымыздың кемел саясатының арқасында барлық ұлтқа теңдік берілген. Әркім өзінің дінін, әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін, тілі мен ділін де сақтауға құқылы. Оған мүмкіндік беріліп, жағдай жасалған. Халықтар ассамблеясында куә болып отырған жайт: кез келген ұлт өкілдері өздерінің ескі салттарын жадында жаңғыртып, ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп келеді. Осы айрандай ұйыған бірлігімізге сызат түспесіне кім кепіл?

– Сіздіңше, мұның астарында саяси сарын болуы мүмкін бе?

– Меніңше, «ҚАЗАҚ» деген атау тұрған жерде екпінді қазақ халқының дініне, қазақ халқының тілі мен мәдениетіне түсіру қажет. Қазақ халқының рухына бағыттау керек. Егер мұсылмандарға шынымен жақсылық жасағылары келсе, тек Құрбан айт мерекесін ғана ресми түрде мереке етіп бекітіп берер еді. Ол қолыңнан келмейді екен, «жартыкеш» жақсылығыңның құны көк тиын! Құдайға шүкір, 300 жыл армандаған тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Егемен ел болғалы 15 жылға аяқ басып барамыз. Тәуелсіздікті тұғырынан тайдырмау үшін, елдің келешегіне деген сенімін арттыру үшін және рухымызды биіктету үшін қазақтың ұлттық құндылықтарына баса назар аудару қажет. Егер олай болмаса, халықтың қамын ойлағансып, саяси ұпай жинауға ұмтылмағанымыз абзал.

– Асылы апай, ҚАЗАҚ – ҚАЗАҚСТАН мемлекетін құраушы негізгі ұлт…

– Ең негізгі ұлт!

– Ал осыны Қазақстандағы өзге ұлт пен ұлыс өкілдері толық мойындап отыр ма?

– Жоқ, меніңше, толық мойындап отырған жоқ. Оны мен өзім араласатын ортамнан да, басшылардың әрекетінен де анық байқап жүрмін.

– Қазақ болмаса, Қазақстан мемлекеті де болмайды. Бұл – аксиома. Бірақ «неге екені белгісіз», өзгелерге осыны дәлелдейміз деп тыраштанамыз келіп…

– Елдегі өзге ұлт өкілдерінің қазақты мемлекетті құраушы басты ұлт ретінде қабылдауға пейіл танытпауы әлі де болса, кір жуып, кіндік қан тамған жерге деген азаматтық борышымызды ақтай алмай жүргендігімізден шығар. Туып-өскен жерін шын сүйген адам елінің гүлденуіне үлесін қосуға қызмет етеді. Әрі Қазақстанның иесі де, киесі де қазақ халқы екенін сезініп, мойындар еді. Меніңше, қазақ халқын шын қастерлеп, құрмет тұтқаннан ешкім де ұтылмайды. Немене, қазақ бізді қорыққанынан құшағына басып, қорыққанынан маңдайымыздан сипап отыр ма?! Қазақтың қысылтаяң шақта бізге жасаған қайырымы мен мейіріміне қайтарым болуы керек.

– Жұрттың бәрі Сіз сияқты ойлайтын болса ғой!

– Меніңше, кейбіріміз кеңестік дәуірден қалған билеп-төстеу, «екінші сорттағыларға» жоғарыдан менсінбей қарау сияқты ескі әрі жаман әдеттерден арыла алмай жүрміз. «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада» демекші, қазақтың көңілі қазақстандықтарда болса, қазақстандықтардың бәрі бірдей олай емес. Өзі қазақ жерінде жүргенмен, ит арқасы қияндағы ата-бабасының Отанына жалтақтайды. Мұны ешкімнен жасыра алмайсыз.

– Сонда оған кім кінәлі?

– Қазақ «Iс – істегендікі емес, істете білгендікі» деген. Басшыларымызда ұлттық мүддеге қызмет етуге деген ниет-ықылас кем түспеуі шарт. Яғни, қазақ – бүкіл қазақстандықтардың ұйытқысы болуы керек. Бір шелек сүтке бір-ақ қасық ұйытқы саласыз. Қазақ – дархан даланың қожайыны, сондықтан бір қасық ұйытқының рөлін атқаруға міндетті. Ал өзге ұлт пен ұлыс өкілдері ұлықтығы мен қазақ деген дархан, жомарт халықтың төңірегіне топтанып, ұйи білуге міндеттіміз.

– Сіз «қазақстандық ұлт қалыптастыру» туралы ұсынысқа қалай қарайсыз?

– Үзілді-кесілді қарсымын! Топырақтың иесі бар. Сол топыраққа сырттан келгендеріміз бар. Мысалы, мені түбі әзірбайжан қазақ деп атау керек. Өйткені, мен бүгінгі таңда Қазақстанды мейірімді мекен, құтты қоныс етемін. Баяғы КСРО кезінде барлық ұлтқа бір-ақ атауды күштеп таңған саясат жүргізілген еді. Оның соңы іріп-шіруге әкеп соқты. Сондықтан тағы да ірітіп-шірітіп алмайық десек, осы тыныштығымыз баянды болсын десек, «қазақстандық ұлт» мәселесін мүлде ұмыту қажет. Әр отбасының әкесі мен шешесі бар. Қазақстанның әкесі де, шешесі де – қазақ. Оған ешкімнің таласы жоқ! Біз – қазақстандықпыз. Бірақ қазақстандық ұлт емеспіз. Себебі, қазақ деген ұлт бар. Ол қазақтың тірегі де, негізі де, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі де, мәдениеті мен тілі де бар. Тарих қойнауына терең бойлай білген адам қазақтың тарихының тым әріден бастау алатынына көз жеткізер еді. Ол үшін жас пен кәрінің арасында үгіт-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет. Өйткені, үйі бірдің -мұңы бір болуы керек.

– Асылы апай, қазір үлкендер тұрмақ, жастар мен жасөспірімдер арасында жалтақтық, жағымпаздық, екіжүзділік, сатқындық сияқты жаман әдеттер белең алған. Бұл мәрт, жомарт, сүйегі асыл қазақтың қазіргі ұрпағының заманына қарай бейімделуі ме, әлде ұсақтала бастауы ма?

– Ұсақтала бастауы. Жеке бастың қамын ойлау, «тек маған ғана жақсы болсын» деген пендешілік басым. Қазақ «Әкесі қайраттының баласы ғибаратты болады» деген. Біз – қайратты елдің перзентіміз. Қазақ – Қобыландының ұрпағы, батыр ел. Қазақ – Қозы мен Баянның ұрпағы, тату ел. Абылайдың ұрпағы, айбарлы ел, Төле бидің ұрпағы, шешен ел. Қазбек бидің ұрпағы, көсем ел, Әйтеке бидің ұрпағы, батыл ел. Ұлы Абайдың ұрпағы, ақын ел. Жүрегі таза, жақсыларға жақын ел. Сондықтан қазаққа ғана тән асыл қасиеттерді қазіргі жастар мен жасөспірімдердің бойына терең сіңіру – күн тәртібінде тұрған кезек күттірмейтін мәселе.

– Құлдық психология туралы сөз қозғадыңыз. Сіздіңше, құлдық психологиядан қайтсек арыламыз?

– Қазақ «қора толған қой бер, бесік толған бала бер. Ол балаға сана бер, сана бермесең, ала бер!» деген. Сондықтан ең бастысы еркіндікті санаға сіңіру қажет. Ол әрине, бір күндік, бір апталық шаруа емес. Алыс сапар қадамнан басталады. Ұлттық құндылықтар мен асыл қасиеттерді жастар бойына сіңіріп, қоғамды соған орай қалыптастыруымыз керек.

– Алайда біз алыс сапарға аттанғалы 15 жылға аяқ басты…

– Дұрыс! Бірақ сананы тазарту мәселесінде әр күніміз зая кетпеуі тиіс.

– Ендеше патриоттық сезімді қайтсек қалыптастырамыз?

– Өкінішке қарай, қоғамдағы патриоттық сезім өз деңгейінде болмай тұр. Балабақшаларда, жасөспірімдер мен жастардың арасында жүйелі түрде насихат пен тәрбие жұмыс жасалынып жатқан жоқ. Үлкендердің өзінде отансүйгіштік пен патриоттық сезім бір деңгейде емес. Өз басым бөлінгенді жек көрем. Сондықтан Қазақстанды мекендейтін барлық ұлт пен ұлыс өкілдері: «Менің елім де, туған жерім де, өлгеннен кейін көмілетін мекенім де – Қазақстан. Мен Қазақстан үшін аянбай қызмет етуге міндеттімін» деген бағытты ұстануы тиіс.

– Қосазаматтылық, бір адамның екі Отаны болу… Құптайсыз ба?

– Құптамаймын! Адамның бір-ақ анасы болады. Не үшін Отанды анаға теңейміз? Қазақстанда тұрамын ба, демек, менің Отаным – тек Қазақстан. Қазақ еліндегі 15 миллион азаматтың Отаны – тек Қазақстан. Өз басым қай жерде тұрмын, сол жер оттан да ыстық сүйікті Отаным.

– Өкінішке қарай, Отан алдындағы жауапкершілікті сезіне білетіндер кем де кем…

– Қазақ «Әрбір көктемнің өз гүлі болады, әрбір жаздың өз жыры болады» дейді. Әрбір адамның ықылас-ниеті бар. Осы ықылас пен ниетті бір арнаға тоғыстыра білуіміз керек. Кезінде Қасым ақын: «Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды, сонда да тастамаймын астанамды» деген. Неге? Өйткені, Қасым – Алматының шын патриоты. Оның «асып той тойлама, жасып ой ойлама» деген философиялық түйіндерінің өзі жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге келгенде таптырмайтын құрал. Қайталап айтамын, балабақшалар мен мектептерде Отанын шексіз сүюге үндейтін тәрбие жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Мұқағалидің рух беретін өлеңдерімен сусындап жатқан М.Мақатаев атындағы мектептің оқушылары болмаса, қазақ жастары бірдей емес. «Мен жолымды беремін, өт, қарағым! Несін күтіп, несіне көп қарадың? Анасынан алғанын сізге берген, әруағынан айналдым текті ананың!». Қазақтың тектілігін, бойындағы асқақ рухын біз жетілдіре алмай жатырмыз.

– Мүмкін мемлекеттік деңгейде жүргізілуі тиіс ұлттық идеология кемшін түсіп жатқан шығар?

– Әбден мүмкін! Негізі кез келген мемлекетте ұлттық идеология, ұлттық мүдде, ұлттық идея болуы керек. Оның бәрі де мемлекеттік. Өйткені, Қазақстанның иесі кім? Қазақ! Олай болса, ұлттық идеямыз да, ұлттық идеологиямыз да қазақы рухқа сәйкес түзілуі тиіс. Ол идеология мемлекеттік. Демек осы елде өмір сүріп жатқан әрбір азаматқа ортақ.

– Асылы апай, зиялылар дегеніміз кімдер?

– Менің түсінігімдегі зиялы – өзінің жеке басының мүддесінен қоғам мен елдің мүддесін жоғары қоятын азаматтар, жүрегі Қазақстан деп соғатын адал жандар.

– Ендеше Қазақстандағы зиялы қауым «зиялы» деген атқа лайық па?

– Бес саусақ та бірдей емес, қарағым. Сондықтан зиялылардың барлығы осы құрметке, атқа лайық деп айта алмаймын. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Тынышпаев, кешегі өткен Қонаев пен «елім» деп зарлап кеткен Абай, Махамбет сияқты, бүгінгі Т.Кәкішев, С.Зиманов, М.Шаханов тәрізді елі үшін жаны шын күйетіндер аз, әрине.

– Ұлттың мүддесінен қара басының мүддесін жоғары қоятын зиялылардың зияны елге тиіп жүрген жоқ па?

– Менің айтқаным да сол ғой, жаным! Зиялылардың тек жеке басының қамын ойлайтынының кесірінен біз көп нәрседен ұтылып жүрміз. Елбасымен кездескенде қоғамдағы бітеу жараның тым болмаса, біреуін айтатын зиялы бар ма?

– …

– Құдайға шүкір, бірқатар елдің алдындамыз. Тіпті кейбір мәселелерде әлем бізден үлгі алады. Ендеше неге жақсылығымызды асыра көрсетеміз де, жамандығымызды өзімізден-өзіміз жасыра береміз? Қазақ «ауруын жасырған өледі» дейді. «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Бұрын Мәскеуге қарай жалтақтадық, әр қадамымызға рұхсат сұрап, есеп бердік. Қазір тәуелсіз елміз. Меніңше, жетістігімізді айтып, жетілдіруіміз керек, ал кемшілігімізді шетке ысырып қою дұрыс емес. Егер барлығы жақсы болса, неге кейбір мәселелерде қиындықтар мен кедергілер кездеседі? Ауылымның қиналып жатқан тұстары бар, тілімнің ақсап жатқан тұсы бар, мен неге үнсіз қалуым керек? Құдайға мың шүкір, бірлігіміз бен ынтымағымыз, достығымыз жарасып отыр. Көршілес өзге елдермен салыстырғанда, Қазақстан тұрғындарының жағдайы жақсы. Оның үстіне…

– Асылы апай, қазақтың басты ұлттық құндылықтары мен ұлттық бағыттағы талаптары кейде «бірлік», «тыныштық», «достық» деген ұғымдардың тасасында қалып қоятын секілді…

– Қазақ ешкімді жатсынбайды, даласындай дархандығы өз алдына бөлек әңгіме. Мен білетін қазақ тіпті, жыланның да басына ақ құйып қайтарады. Дұшпанына да қастық жасамайды.

– «Таспен атқанды…»

– «…аспен атады»! Қазбек бидің: «Біз қазақ достықты сақтаған елміз, дәм-тұзды ақтаған елміз» деген керемет сөзі бар. Қанша ғасыр өтті, қазақ достық пиғылынан бір тайған емес. Ал қазақ жерінде тұрып жатқан өзгелеріміз қазақтың дәм-тұзын ақтап жатырмыз ба? Өкінішке қарай, қазақтың «асын ішіп, аяғын тебетін» жағдайлар ішінара болса да кездеседі. Алайда, мен қазақ ұтылып жатыр демеймін, жаным. Қазақ халқы бабадан балаға мирас болған сол дархандығын сақтаса екен деп тілеймін.

– Дархандық пен кеңдік – қазақтың қанында бар қасиет. Бірақ базарда арбасын сүйреген ағаларым мен ала қалтасын арқалап көше жағалаған аналарымды көргенде, ақ сақалы желкілдеп кісі есігіне телмірген аталарым мен жұмыссыздықтан сенделген бауырларымды көргенде маған «Бұл кімнің елі?», «Кімнің жері?» деген ой келеді…

– «Сен былай қыл, мынаны істе» деп ешкім ешкімге бұйрық беріп жатқан жоқ. Ол әркімнің жеке басына қатысты мәселе. Дегенмен, біз ұлттық менталитетімізді сақтауымыз керек қой! Өкінішке қарай, қоғамдағы жүйесіздік көп нәрсеге кері әсерін тигізіп жатыр. Ауылдағы ағайынды қалаға қарай шұбырттық. Соңы не болды? Ауыл қаңырап бос қалды. Қазақтың қалаға шоғырланғаны жақсы ғой. Бірақ біз ауылды да ұмытпауымыз керек.

– «Ауыл жылы» ауылдағы ағайынға не берді осы?

– Түк те берген жоқ, түк те! Менің зарлап жүргенім де сол ғой, айналайын! Біздің береке, бірлігіміз ауылдан бастау алады. Қазақтың исі де – ауылда. Кіндігіміз ауылға байланып қалған. Жоғары лауазымға ие шенеуніктің көбісі ауылдан шыққан…

– Сол шенеуніктеріңіздің басым бөлігі «Ауылдағы ағайынның аузынан ендігі ақ май ағып отыр» деп есеп берді ғой…

– Жоқ, ол жалған! Өткен жылдары мен «Отан» партиясының басшысы А.Ермегияевтің қолдауымен «Отанымды, елімді тіл арқылы білдім» деген шара шеңберінде 3 облысты (Алматы, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстары) аралағанмын. Қазақ ауылдарының «аузынан ақ май ағып отыр» дей алмаймын!

– Олардың бүгінгі ахуалы қандай?

– Ауылдағыдардың жағдайының нашар тұстары жетерлік. Менің «жақсылықпен бірге кемшіліктерімізді де жасырмайық» деуімнің мәнісі осында. Мысалы, Бозарық деген жерде алпысты алқымдаған бір ақсақал алдыма келіп тізерлеп отыра қалып жылады: «Өлген адамымды көметін жер таппай отырмын. Қабірді қоятын жер алайын десем, жерді сатып алғандар маңайларына жуытпайды» деп. Менің түсінбейтінім, қазақтың байтақ даласын неге біз саудаға саламыз?! Ата-бабасы мирас етіп қалдырған ұлан-ғайыр жерден қазаққа неге ұлтарақтай жер бұйырмауы тиіс?! Егер бүгін өлгенін көме алмаса, ертеңгі ұрпақтың жағдайы не болмақ?

– Егер есіңізде болса, жерді сату туралы құжатқа талай жақсы мен жайсаң (халық қалаулыларын айтам) қол қойған еді…

– Бұл – өте үлкен кемшілік. Әрине, «Түркістан», «Ана тілі» сияқты басылымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарына рахмет, елдің жанайқайын дер кезінде жеткізе білді. Бірақ жерді қалталылардың қанжығасына байлап берген депутаттар екінші қайтара Парламентке сайланды ғой! Сондықтан мен кейінгі парламенттік сайлаудың заңды әрі ашық өткізілгеніне күмән келтірем.

– Сайлау демекші, 2005 жылдың 4 желтоқсанындағы президенттік сайлауды әділ де ашық өтті деп айта аласыз ба?

– Жандарым, биылғы президенттік сайлауға мен Президент Н.Назарбаевтың сенімді өкілі ретінде қатысқанмын. Сайлау учаскелеріндегі жағдайды ескере отырып, ой қорытсам, елдің шын ықылас-пейілі Н.Назарбаевта болды. «Тыныштыққа дауыс берілді» деп Елбасымыздың өзі де айтты ғой кейін. «Таққа кім келеді, ертеңіміз не болады?» деген сайлаушылар мемлекеттегі тыныштық пен достықтың, бейбітшіліктің кепілі – Назарбаевқа дауыс беруге мүдделі еді. Әрине, қоғамда кемел саясат жүргізіп отырған Президентіміздің ел игілігі үшін жасаған еңбегі де маңызды роль атқарғаны белгілі. Біреулер үйіндегі 5-6 баласын тәк-тәкпен әрең ұстап, тіпті кебіреулері ие бола алмай жатқанда, алып бір мемлекетті басқару – оңай шаруа емес. Баяғыда Найман мен Тобықтының ақыны айтысқанда Тобықтының ақыны: «Бұл ел берді Мамайды, бұл ел берді Абайды, бұл ел берді Әуезовтей Гималайды. Енді елден Құдайды сұрамасаң, басқаның бәрін берді» дегенде, Әуезов: «Бәлі, Тобықтының ақыны жеңді» деп шапалақ ұрған екен. Сол сияқты бұл ел әр бір қазақстандықтың ұлтына, нәсіліне, дініне қарамай, бәріне теңдік пен еркіндік беріп отыр, басқа не керек? Кейбір бұра тартқысы келетіндерді мен: «Бұдан артық саған не керек?! Теңдігің мен еркіндігің бар, салт-дәсүріңе ешкім нұқсан келтіріп отырған жоқ» деп ауыздарын жапқызам. Сол сияқты сайлауда жеңген – қазақ халқы мен Қазақстан оның басшысы ел сенімін ақтайтын Н.Ә. Назарбаевты қолдады.

– Біз қызды-қыздымен асыра сілтеп жіберген жоқпыз ба?

– Назарбаев ешкімге әділетсіздік жаса деген жоқ! 91 пайыздың астарында «шаш ал десе, бас алатын» әкімшілік ресурстардың науқаншылдығында жатуы мүмкін. Бірақ халықтың таңдауы Назарбаевқа түскендігін ешкім жоққа шығара алмайды.

– «Сырт көз – сыншы» деген. Сіздіңше, қазақты кері тартатын жағымсыз әдеттері қандай?

– Еріншектік пен немқұрайдылық. «Дайын асқа тік қасықтар» көп. Адал еңбексіз келген дүниеде береке болмайды. Еңбекқорлық пен адалдық қана еңсеңді тік ұстауға көмектеседі.

– «Дайын асқа тік қасықтық» кеңестік дәуір қалыптастырған масылдық психологияның кесірі емес пе?

– Ол да мүмкін. Бірақ менің түсінбейтінім, ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ата-бабаларымыздың асыл қасиеттерін оп-оңай ұмытып қалдық та, сананы улаған 70 жылдық кеңестік кесірліктен неге арыла алмай жүрміз?

– Қиын сұрақ…

– Өте қиын сұрақ! Менің себебін таба алмай жүрген мәселелердің бірі де осы.

– Бәлкім үгіт-насихат жұмыстары кемшін түсіп жатқан болар?

– Әрине, үгіт-насихат жұмыстарын кең ауқымда жүргізген жағдайда ғана ісіміз алға баспақ.

– Оған күмәнім бар. Қазақ қоғамындағы ақпараттық кеңістік кімнің қолында? Ресейліктердің. Демек…

– Адамгершілік құндылықтың барлығының мәні тіл мен мәдениетте! Сәбиін ана тілінде әлдилей алмайтын ана баласына қайтіп қазақы тәрбие бермек? Сіз ауылдың қарадомалағы мен қаланың асфальтта өскен баласын салыстырып көріңізші. Аралары жер мен көктей!

– Мүмкін қоғамда отарсыздану саясатын жүргізу қажет шығар?

– Өте орынды ұсыныс! Өйткені, сіз қай тілде сөйлесеңіз, сол ұлтқа қызмет етесіз. Сол ұлттың ғана жан-дүниесін түсінесіз. Егер тілді үйренуден қашқақтайтындар Қазақ мемлекетінің тілін жетік меңгерсе, қазақ ұлтының жан-дүниесін жақсы ұғар еді. «Ескермеймін аздығын да күшімнің, тіл арқылы өмір сырын түсіндім» дейтінім бекер емес.

– Бірақ мемлекеттік тілге деген қажеттілік болмайынша, қазақ тілі туғандарынан теперіш көре бермек.

– Айналайын-ау, ауылдан қалаға келген бала арбасын сүйретіп жүріп те қазақша сөйлемейді ғой! Тілін бұрап орысша сөйлейді.

– Бұған кім кінәлі?

– Өзіміз. Өзгені тіл мен мәдениетімізге ұйыта білмеген өзіміз кінәліміз.

– Кезінде «мемлекеттік тілді білмейтіндер мемлекеттік қызметке қабылданбасын» деген ұсыныстар да болғаны есіңізде ме?

– Бұл айтыла-айтыла жақ талған, жазыла-жазыла жауыр болған ұсыныс. Осы бастаманы іске асыруға мүдделілік танытқан кім бар, айтыңызшы?

– Мүдделілік пен қатаң талап «жоғары жақтан» болуы тиіс қой?

– Әлбетте! Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Түркияға қазақ тілін жетік білетін, қазақы тәрбиемен сусындап өскен қазақтілді балаларды жіберіңдер деп қанша айттым. Құлақ асқан тірі жан жоқ! «Бармақ басты, көз қыстымен», орысша оқыған балаларды жіберді. Солардың көпшілігі Қазақстанның атына сын келтіретіндей қылықтармен көзге түсіп, кейбірі тіпті, оқи алмай елге қайтып келді.

– Дәл осы жағдай қазір өзгерді ме?

– Әрине, өзгерген жоқ. Бізде шет елдерге жоғары оқу орындарына жіберетін балалардан ағылшын тілі мен орыс тілін талап етіледі. Ал маған салса, ең алдымен қазақ тілінен сынақ алар едім. Қазақ тілін білген баланың ғана кіндігі Қазақстанға байлаулы.

– Бірақ олардың шет елдерге шығуға деген мүмкіндіктері көбінесе шектеулі…

– Білесіз бе, Көкшетауда «Балдәурен» деген балалар тынығатын керемет демалыс орны бар. Былтыр Елбасы сол жерде балалардың алдында сөз сөйледі. Сұлу Көкшенің табиғатын сөзбен сипаттағанда, қазақшаға шорқақ балалардың өздері ауыздарын ашып тыңдады. Президенттің әсерлі де әдемі сөзін жиналғандардың ұйып тыңдағаны соншалық, ұшқан шыбынның ызыңы естілетін. Алматыға келгесін шыдай алмай, Нұрсұлтан Әбішұлына хат жаздым. Менің қабырғама батқаны, «Балдәуренде» балаларды қазақы рухта тәрбиелеуге ден қойлмайды, тіпті, қазақ топтары да жоқ. Сондықтан хатымда «Балдәуренге» халықаралық дәрежедегі «ҚР Президентінің жанынан құрылған демалыс орны» деген мәртебе беріп, қазақ топтары ашылса. Оған балалар республикамыздың түкпір-түкпірінен, әсіресе, шет елдердегі қазақ отбасыларынан келтірілсе. Қазақстанның атын дүние жүзіне осы «Балдәурен» арқылы бір қырынан танытсақ» деп ұсыныс жасадым. Елбасы менің ұсынысымды қабыл алғанына қуанышымда шек жоқ. Көп рахмет. Айырықша ризашылығымды білдіремін. Есесіне, ҚР Білім және ғылым министрлігіндегілердің мені жақтыра қоймағаны анық.

– «Демалыс орнынан қазақ топтары ашылсын» деген ұсынысыңыз үшін бе?

– Иә. Мен ұлттық құндылықтарға келгенде, шенеуніктеріміздің неге тартыншақтай беретінін түсіне алмаймын! Немене қазақтың ұлан-ғайыр топырағының әр түкпірінен қазақы иіс шыққаны жаман ба? Егер әр басқан қадамымызда кедергілерге ұшырай берсек, мемлекеттік тілді қайтіп дамытамыз?

– Естуімізше, шығыс, солтүстік және батыс аймақтарда ата-аналар балаларына қазақ тілін мектептерде тегін үйретуге қарсы шыққан көрінеді…

– Көрдіңіз бе, бұл біздегі талаптың, қажеттіліктің жоқтығы! Қазақ тілін екінің бірі қажет етпей жатыр! Қызметке алынатын әрбір қызметкерге «Орыс тілімен бірге қазақ тілін білсең ғана жұмысқа қабылданасың» деген талап қойылуы керек қой! Ал бізде қазақ тілінің орнына ағылшын тілін сұрайды. Мен болсам, алдымен мемлекеттің тілін, яғни қазақ тілін, содан кейін орыс, ағылшын тілін талап етсе деймін…

– «Орыс тілінсіз күн жоқ» деген солақай саясат Кремльден кіндік үзуге кері әсерін тигізбей ме? Меніңше, «Нанның» жанындағы «Хлеб», «Сүттің» жанындағы «Молоко» жойылмайынша, қазақ тіліне деген ескі әрі теріс көзқарас өзгермек емес!

– Біз Ресейден кіндігімізді үзбейік, көршімен тату болған жақсы. «Бірлік бар жерде тірлік бар». Әркім сыйлағанның құлы. Бірақ шынында да, қазақша атаулардың орысша аудармасы алынып тасталмайынша, еңбегіміз еш бола береді. 1997 жылы Астанада шенеуніктерге «Егер атауларды қазақ тілінде жаздыруды осы бастан қолға алмасаңыздар, кейін кеш болады. Алматыдағы секілді бой бермей кететін проблемаға айналады» дегем. Айтқаным айна-қатесіз келді! Тағы бір маңызды жайт, қоғамдық көліктерде аялдама атауларын қос тілде (қазақша-орысша) хабарлау кімге және неге керек?

– Алматы қаласының әкімі Тасмағамбетов мемлекеттік тілге көшуді қолға алды…

– Жуырда ғана үлкен жиын болды. Сонда «Егер биыл мемлекеттік тілге көшеміз деген райларыңнан тағы да қайтып қалатын болсаңдар, енді қайтып қазақ тілін көтереміз деп ауыздарыңды ашпаңдар! Осы қарқыннан таймайық. Бұл бүгін бе, ертең бе, әйтеуір, келешекте нәтиже беретін іс» дедім. Меніңше, қазақ тіліне қатысты саясатты тәуелсіздік алған алғашқы сәттен бастағанда (дәл қазіргідей ешкімді кемсітпей, ешкімге тиіспей, салт-дәстүрін бұрмаламай), көп нәрседен ұтқан болар едік. Сіз шет елдерге шығып жүрсіз. Қазақтың шекарасынан асқаннан кейін орыс тілі кімге керек, айтыңызшы?

– Ешкімге…

– Дұрыс айтасыз, ешкімге! Әрине, көп тіл білген артықтық етпейді. Дүниедегі таусылмайтын байлық – барынша көп тіл білу. Ана тілін де білсін, орыс тілін де білсін, басқа тілдерді де… Өз басымның қазаққа сыйлы да қадірлі болуы, қазақ ұлтының тілін білуімнің арқасында. Қазақтың тілі арқылы оның жан-дүниесін түсіндім. Қазақ та мені туған перзентіндей көреді. Қазақ тілі басқа мемлекетте қолданылмайды, кейбір өзге тілдердей халықаралық мәртебеге лайық емес. Сондықтан қазақтың тілі Қазақстанда өз тұғырынан көрінуге толық құқылы. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болуға тиісті.

– Асылы апай, қазіргі келіндеріңіздің демографиялық дамуға қосатын белсенділігі қай деңгейде?

– Менің ауылымда кезінде он баладан кем отбасыны кездестірмейтінсіз. Жеңгелеріміз жарысып туатын. Үкімет те соған жағдай жасайтын. Қазіргі ауылдағы ахуал: баласының біреуіне аяқ киім тапса, екіншісіне таба алмайды. Біреуі мектепке барса, екіншісі бармайды. Мен 50-жылдары мектепке бардым. Сонда марқұм сіңілім мен екеуміз киімдерімізді түске дейін біріміз, түстен кейін біріміз алмастырып киетінбіз. Ол кез – соғыстан кейінгі ауыр кезең. Ал қазір біз тәуелсіз, бай елміз. Санымыз – 15-ақ миллион! Бір Стамбұлдың халқының саны. Ендеше неге қазақтың байлығын да, шайлығын да оның өзінен аяуға тиіспіз?! Неге біріміздің қалтамыз барған сайын қалыңдап, екіншіміз қыстың көзі қырауда жалаңаяқ жүреміз?

– Әлеуметтік теңсіздік дегеніңіз осы…

– Мен 20 жыл бойы жоғары білім алғанмын. Зейнеткерлікке шыққанда бұйырғаны – 6 мың 600 теңге. Ол кезде тіпті, айтуға ұялып, 10 мың теңге деп жүргем. Ал «ауырдың үсті, жеңілдің астымен» жүрген кейбіреу менен екі есе көп ақша алғанда, қанша жылғы еңбегім еш болғандай құлазып қалғам. Дүниедегі ең жақсы нәрсе – әділеттілік, ең жаман нәрсе – әділетсіздік.

– Меніңше, әділдікті талап етуге қазақ қоғамы әлі дайын емес сияқты. Мысалы, сіз еңбегіңізді заң жүзінде талап еттіңіз бе?

– Дұрыс айтасыз! Өкінішке қарай, біз заңға шорқақпыз. Оның үстіне, Қазақстанда шығып жатқан заңдар көп, заңды бұрмалаушылық одан да көп. Қазір азаматтардың көпшілігі сотқа шағымдануға да мүдделі емес. Өйткені, әділдікті жақтайтын соттар кемде-кем.

– Асылы апай, былтыр Түркия бойынша, 15 миллион бала 1 сыныпқа барды…

– Түркияда қаншама ұлттың өкілі тұрады. Алайда сол ұлттардың бірде біреуі «Мені армян мектебіне бер», «Мен Әзірбайжан мектебіне барамын», «Мені орыс тілінде оқыт», «Маған еврей балабақшасы керек» деген талап қоймайды. Олардың барлығы өздерін түркиялықпыз, түрікпіз деп санайды. Түрік тілінде тәрбиеленіп, түрік мектептеріне барады. 15 миллион бірінші сыныптықтардың сыры осында. Ал менің елімде олай болмай тұр, өкінішке қарай. Қазақтың баласының өзі қазақ мектебіне бармайды. Менің зарым: менің елімдегі ұлтаралық татулық, достық, тыныштық пен бейбітшілік өзгелерге үлгі болуда. Алайда, бір-ақ тілде сөйлеп, бір-ақ тілде саясаты мен идеологиясын жүргізетін өзге елдерден қазақ елі неге үлгі алмайды? Бұдан ешкім өз тілін білмесін деген ой тумауға тиіс. Әрбір ұлт өкілі өзінің тілін де, салт-дәстүрін де жетілдіруде. Дегенмен, меніңше, Қазақстан бір-ақ тілде, яғни, қазақ тілінде балабақшадан бастап тәрбие беріп, ұлттық идеологиясы мен ұлттық саясатын қазақ тілінде ғана жүргізуі тиіс. Бұл орыс пен кәріс, басқа тілдерде топтар болмасын деген сөз емес. Менің айтпағым, негізгі екпін қазақ тіліне түсірілуі қажет. Басымдықтың мемлекеттік тілге берілгені дұрыс. Әркім өзінің отбасында туған тілінде сөйлеп, өз салт-дәстүрін ұстансын, бірақ тамырынан қол үзбесін. «Дәстүріңе балта шабам» деп жатқан Қазақстан жоқ. Саясат теңдік пен еркіндікке құралған. Бірақ қазақтың да осы Қазақстаннан басқа мемлекеті жоқ екендігін ескеруіміз керек. Жөні де сол.

– ҚР Конституциясында қазақ тілі «мемлекеттік», ал орыс тілі «ресми» деген мәртебеге ие. Мамандар екі мәртебенің деңгейі бір екенін айтады.

–Шынындығына келсек, «ресми» деген мәртебе «мемлекеттік» деген мәртебеден де жоғары тұр. Бірақ мүмкін Елбасымыз дәл сол кезде барлық ұлттың өкілдері орыс тілін жетік білгендіктен, солай бекіткен болар. Мен оған да онша ашынбаймын. Менің жан-айқайым: Ата заңымыздың 1-бабында қазақ тілінің Қазақстанда мемлекеттік тіл екендігі айтылса, 2-бапта орыс ресми тіл болып табылатыны жазылған. Біз неге бірінші бапты шетке ысырып тастаймыз да, екінші бапты мүлтіксіз орындаймыз?

– Асылы апай, бүкіл әлем туралы сөз қозғамай-ақ қояйын, бірақ КСРО-ның шекпенінен күні кеше ғана шыққан орталықазиялық мемлекеттердің қайсысында мемлекеттік тілді қорғау туралы қор немесе комитет құрылған? Қазақстаннан басқа елдер, әрине.

– Дәл Қазақстандағыдай тіл проблемасы бірде-бір мемлекетте жоқ! Мен орыстармен сөз таластырғанда: «Сіздің тіліңіз еш уақытта құрып кетпейді. Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілінен де жоғары тұр. Ол аз болса, Ұлы Ресей тағы бар. Ендеше неге байбалам салып, аттандай бересіңдер? Қайта Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері бәріміз жабылып, қазақ тілін дамытуға атсалысайық» деп кейимін. Ахмет Байтұрсынов «Тілі құрыған елдің өзі де құриды» деп бекер айтпаған ғой. Осыны күллі қазақстандық адами тұрғыда сезінсе ғой.

– Жуырда сіздің ата-бабаңыздың Отаны — Әзірбайжанда болып қайттым. Байқағаным: 24 сағат бойы тек әзірбайжан тілінде хабар таратып, жарнама мен бағдарламалары тек әзірбайжан тілінде дайындалады екен… Сіздіңше, біздегі 50Х50 саясаты дұрыс па?

– Әрине, дұрыс емес! Қазақ тілін қорлау! Мұндай масқара саясатты ұстанатындарға заң жүзінде талап қою керек. Қазақтың тілі мен мәдениеті түнгі сағат 12-ден кейін ғана қажет деп кім айтты?..

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button