АРЗАН ГАЗ... ҚАЗАҚСТАН ЕСЕБІНЕН

АРЗАН ГАЗ... ҚАЗАҚСТАН ЕСЕБІНЕН

АРЗАН ГАЗ... ҚАЗАҚСТАН ЕСЕБІНЕН
ашық дереккөзі
Неоколониалистік озбырлық деген осы болмаса, ол не сонда?!
Бұрын колониализм мен неоколониализм туралы тек газет-кітаптардан оқу және теле және радиохабарлардан тыңдау арқылы ғана білетінбіз. Бізде, яғни ол кездегі ортақ мемлекетіміз болып саналған Кеңес Одағында ондай құбылыс, яғни бір ұлттарды екінші бір ұлттардың қанауы жоқ деп есептелетін. Коммунистік идеология мен үгіт-насихат ісінде қалыптасқан түсінік бойынша, колониализм мен неоколониализмнің бар пайдасын дамыған Батыс Еуропа державалары және АҚШ не, дәлірек айтқанда, сонда билік құрушы капитал көрді және әлі де көріп жатыр деп саналатын. Қазір жағдай өзгерді. Онымен бірге капиталға қатысты ғана емес, сол колониализм мен неоколониализмге қатысты әңгіменің реті де өзгерді. Нақтылап айтқанда, енді капиталды жамандау ыңғайсыз нәрсе саналады. Оған қазір тек экономиканы қозғаушы күш ретінде қарау ғана ретті көрінеді. Ал колониализм мен неоколониализм туралы әңгіме тіпті жоқ болып кетті. Бірақ олардың өздері шындығында ешқайда жоғалған жоқ. Бұны өз басымыздан өткерген тәжірибе де дәлелдеп жатыр. Бұрын, яғни Кеңес заманында біз, қазақтар, өзара сөйлескенде, Қазақ республикасы Мәскеудің «колониясы» ғой дегендей әңгімелерге баратынбыз. Шындығында да ол кезде державалық орталық республиканың құнды-құнды шикізаттарын өзі бекіткен арзан бағаға алып, оны шетелге қымбат бағаға сатуды әдетке айналдырған. Бірақ, шынын айту керек – сол Мәскеу алынған шикізаттың дұрыс бағасын бермегенмен, басқа жолдармен оның құнын, әйтеуір, қайтаратын. Өйткені ол кезде мемлекеттік халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі барлық республикалар үшін ортақ болған. Мәскеуде еңбек демалысына шыққан астаналық тұрғын алатын қарапайым адам үшін ең жоғарғы деңгейлі 132 сом (рубль) зейнетақыны сондай еңбек стажы бар алыстағы қазақ ауылының тұрғыны да алатын. Және де халыққа қызмет көрсетудің көптеген түрлері, жоғарғы білім, қазір ақы төлеуді қажет ететін басқа да көптеген нәрселер ол кезде сол орталық республикалар болған Ресей мен Украина азаматтары үшін ғана емес, барлық ұлттық республикалардағы адамдар үшін де тегін болатын. Iс жүзінде, әрине, теңсіздіктер жеткілікті болды. Бірақ заң, сөз жүзінде Кеңес Одағының бүкіл азаматы тең саналатын. Ал қазір сол Ресей мен Украина өздері бұрыннан кем көретін Орталық Азия республикаларын, оның ішінде Қазақстанды да тонауға салуға ашықтан-ашық пейіл танытып отыр. Бұл жерде алдымен айтқалы отырғанымыз – жақындағы Украина мен Ресей арасындағы дау мен оның ымыралық шешімі. Екі славян республикасы бір-біріне дегенін істетпек болып, қатты тіресті. Ресми Киев «Ресейден келетін газдың әрбір мың кубометрі үшін, көп болғанда, 95 доллардан ғана төлей аламын» деді, ал ресми Мәскеу «сол газымды украиндарға 230 доллардан кем бағаға бермеймін» деп қасарысты. Бұлардың өзара ерегесуінен алдымен Батыс және Шығыс Еуропа жапа шеге бастады. Олардың бүйрегі – бұның түк те жасыратыны жоқ – Украинаға бұрады, бірақ тұтынып отырған газдарының көбі — сол украин жері арқылы әкелінетін Ресей газы. Сондықтан қуатты Еуропалық Одақ бұлардың екеуінің қайсысының сөзін сөйлерін білмейтіндей күйге түсті. Ресми Мәскеу де, ресми Киев те Батыс және Шығыс Еуропаны өкпелетіп алмау үшін жанталасты. Бірақ Ресейдің Еуропалық Одақ елдеріне жіберіп жатқан газының біраз бөлігін Украина екі ортадан өзіне сұраусыз бұрып алып, керегіне пайдаланып жатты. Ақырында бүкіл Еуропа, Ресей мен Украина үшін өте қиын болған осындай қысылтаяң шақта бұлардың ешқайсысына көк тиын да шығын келтірмейтін шешім табылды. Ол шешім француздың «Ле Монд» журналының айтуына қарағанда, Қазақстан, Түрікменстан мен Өзбекстанның есебінен жасалған. Ал ағылшынның «Экономист» журналының пікірінше, бұл даудың шешімінің құнын төлеушілер Қазақстан мен Түрікпенстан болмақ. Сонымен, «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» дегендей, Еуропа, Ресей мен Украина үшеуі арасындағы қайшылықты шешілуі үшін қайдағы бір жақтағы қазақтар мен түрікмендерді неоколониализм құрығына салып беру қажет болған. Бір қызығы, тәуелсіз түрікмен баспасөзі осы туралы қынжыла жазып жатыр, ал аяқ-қолы маталып, нағыз тонауға түскелі жатқан Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары тіпті қаперсіз күйде қалып отыр. Сонда бізден түрікменнің санасы көп артық болғаны ма?! Енді осы дау мен оның шешіміне нақты тоқталайық. Бұл туралы Ресей ақпараттық агенттіктері мынадай хабар таратты: «4 января «Газпром» и «Нафтогаз» достигли соглашения, которое разрешило российско-украинский газовый кризис конца 2005 — начала 2006 годов. По словам официального представителя «Газпрома» Сергея Куприянова, в настоящее время стоимость российского газа для Украины по европейской формуле цены составляет $230 за тысячу кубометров. Высокая цена российского газа для «РосУкрЭнерго» (совместное предприятие Газпромбанка и Райфайзенбанка) будет компенсироваться более низкой стоимостью газа из Средней Азии. «РосУкрЭнерго» будет покупать российский газ по цене $230 за тысячу кубометров, после чего этот газ будет смешан с газом, поступающим из центральноазиатского региона, и в результате «РосУкрЭнерго» будет поставлять на Украину газ, стоимость которого на первом этапе составит $95 за тысячу кубометров» («Туркменский газ для Украины подорожает» Росбалт, 05.01.2006 ж.). Тоқ етерін айтқанда, Ресей өз газын украиндарға 230 долларға сатады, ал Украина оны 95 долларға сатып алады. Бұл қалай мүмкін болмақ? Өте қымбат Ресей газына (230 доллар) өте арзан Түрікпенстан мен Қазақстан газы (50 доллар) қосылады. Нәтижесінде араласқан газ украиндарға 95 долларға түседі. Неоколониалистік озбырлық деген осы болмаса, ол не сонда?! 1980-2005 ж.ж. аралығындағы 25 жылдың ішінде Ресейден Батыс Еуропаға барып жатқан газ ағысы бір рет те шектелмеген және тоқтамаған. Бұндай жағдай жаңа басталған 2006 жылдың алғашқы үш күні барысында орын алып, еш ақаусыз қалыпты жағдайға еті әбден үйренген еуропалықтардың зәресін ұшырған. Украина басшылығы да, Ресей басшылығы да Еуропалық Одақпен мейлінше санасуға дағдыланған. Бірақ бұл жолы бұлардың екеуі де өз дегенінде тұрып алды. Сондықтан бұл даудың тіпті шешімі жоқ сияқты көрінген. Бірақ шешім табылды. Ол үшін, қалай дегенде де, Астана мен Ашхабадты Украинаның шикізаттық колониясы статусын қабылдауға көндіру қажет болған. Бұл жердегі Түрікменстанның орны бөлек. Ол украиндарға газды бұрыннан сатып келеді. Ресми Киев пен ресми Ашхабад біресе шатасады, біресе келіседі. Түрікменбашының Украинадан теріс айналып кеткісі-ақ келеді, бірақ оның өзінің негізгі байлығы болып табылатын газын экспортқа шығарарлық Орта Азия – Орталық (Средняя Азия — Центр) құбырынан басқа мүмкіндігі жоқ. Ал бұл құбырдың басында Ресей отыр. Сондықтан Ашхабад қана бұлқынғанмен, Мәскеудің айтқанынан асып кете алмайды. Түрікменстан талай жылдан бері Ауғанстан арқылы Пәкістанның Карачи портына дейін өз құбырын салып алуға талпынып жүр. Ол бір күні жүзеге асса, Украина ғана емес, оны шикізаттық колониясына айналдыруға талпынатын ТМД-ының басқа да елдері де түрікпен газынан міндетті түрде қағылады. Бұған ешбір күмән жоқ. Бірақ әзірге Ашхабадтың қолы байлаулы. Ал Қазақстан үшін негізгі экспорттық тауар газ емес, мұнай. Ол мұнайды Украинаға (Грузияға және т.б.с.с. бұрынғы кеңестік немесе социалистік, бүгінгі неоколониалдық республикаларға) су тегін дерлік арзан беру жағынан біздің еліміз онсыз да Ресейден кейінгі екінші орында. Ал газ экспорттау мәселесіне келетін болсақ, бұл жағынан алғанда Қазақстанның мүмкіндігі де, жетістігі де осы күнге де онша үлкен болмаған. Еліміз осы шикізат қорына бай алғашқы 15 мемлекеттің қатарына кіргенмен, оны сыртқа сатушы ретінде емес, сырттан сатып алушы ретінде көбірек белгілі болған. Енді, міне, газ өнімі аз-маз ұлғайды дегенге келтірмей-ақ, оны Украинаға қатты төмендетілген бағаға көптеп сатуға міндеттеніп отыр. Біздің өзіміздің Оңтүстік Қазақстан үшін деп Өзбекстаннан сатып алатын газымыз (55 доллар) газ мәселесі бойынша қатты тоқырауға ұшырап отырған Украинаға Қазақстан мен Түрікменстанның беруге міндеттенген газынан (50 доллар) 5 долларға қымбат екен. Сонда бұл не қылған экономикалық саясат?! Қазақстан Украинаға мұнай-газ экспорттық жолдары жағынан ешбір тәуелді емес, оның үстіне өз шикізатын кімге де болса арзанға сататындай газды көптеп өндіріп, апаратын жер таба алмай отырған жоқ. Ал Өзбекстанның Бұқара-Бішкек-Алматы газ құбырының бізге шикізат әкелуден басқа ешқандай мәнісі жоқ. Ресми Ташкенттің бағаны өсірмек болған бұрынғы қиқаңдаулары Қазақстанның Жамбыл облысында Амангелді газ кенішін игере бастауға әкеліп соқтырды. Тағы да қиқаңдаса, бүгінгі Қазақстан тиісті инвестиция бөліп, өз газын еліміздің оңтүстік облыстарына жеткізуге жағдай жасай алады. Бүйткен күнде Бұқара-Бішкек-Алматы газ құбыры толық түрде ештеңеге жарамсыз болып қалады және ресми Ташкент бүгінгі 55 доллардан да пайда түсіре алмай қалады. Оның үстіне Өзбекстан сыртқа апаратын транспорттық жолдар жағынан Қазақстанға 100% дерліктей тәуелді. Дегенмен, Қазақстан өзі сол көрші елден газды 55 долларға сатып алуға келіссе де, ешбір ортақ шекарасы да, мүддесі де жоқ қайдағы бір мемлекетке газын 50 долларға сатуға келіседі. Әрине, бұның артында жатқан себеп экономикалық тиімділік те, саяси есеп те емес. Қазақстан мүддесіне бұндай шешімнің көк түйір қатысы жоқ. Бұл – күштілердің елімізді туралай мәжбүрлеуінің нәтижесі. Әйтпесе өзің басқадан 55 долларға сатып алатын тауарды үшінші біреуге 50 долларға сатуға келісу деген барып тұрған ессіздіктің нағыз өзі емес пе? Онда да осы 50 доллар сол күйінде Қазақстандағы сатушының қолына түсейін деп жатқан жоқ. Бұл – біздің газдың Украинаға жеткеннен кейінгі бағасы. Ал сол шикізат Қазақстаннан шыққан кезде әзер болса 40 доллардан сәл асар. Өйткені ол Ресейдің үстімен өтеді ғой. Ал ондағылар оның бағасына өз тарифын қосады. Сонан соң барып ол 50 доллар деңгейіне жетеді. Ал Өзбекстан мен Қазақстанның арасында басқа мемлекет жоқ. Сондықтан іс жүзінде біздің еліміз өзі сатып алатын газ үшін өзі сататын газдан 15 долларға жуық артық төлемек болса керек. Бұл ненің әлегі сонда?!

Аққали КӨПТІЛЕУОВ