Шыршада жұлдыз жанғанда...

Шыршада жұлдыз жанғанда...

Шыршада жұлдыз жанғанда...
ашық дереккөзі
341

Қарсы беттеп келе жатқан аққұба, ашаң жүзді, томпақтау қабағының астынан қоңырқай жанары жұмсақ әрі нұрлана қарайтын ұзынша бойлы бозбаланың көзге жылы сұлбасын байқаған заматта-ақ кеудесін ыссы бір толқын аялай, бипаз ғана шарпып өтіп, сондайлық іңкәр, соншалық үлпілдек сезім жүрегін әлдиледі-ай. Қызулы леп тал бойы, бүкіл қан тамырларында майда ағын-ағыс болып жүйткиді; сол ағынның еркімен кірпіктерін еріксіз қамастырғанын өзі де сезбей қалғаны. Шоқтай ыстық, бұрын-соңды қара басында болып көрмеген алағай да бұлағай, бір пәсте жан дүниесін астан-кестен ете буырқанған бұла сезім сапырылысы бір пәсте әл-дәрменнен айырғандай орнында қатып, қозғала алсашы. Табаны желімделіп қалғандай құдды.

“Құдайым-ай, тағы да үнсіз өте шығады-ау. Япырау-ау, тым болмаса бір ауыз тіл қатса ғой! Не десе де, әйтеуір бірдеңе десе ғой шіркін.–Шыдай алмастан сүмбілеге — таң сахарындағы сәукеле шыққа малынғандай мөлтеңдеген мойыл көзін ақырын, әлденеге жүрексіне ашты. Мөлтең қаққан, еш толқынсыз қарасудай тұнық жанары іңкәрлікпен шұғылаланып, көкірегіндегі нұрлы сәуленің қуатымен жаһұттай жайнаған. Әттең-ай, сол айнамкөз тұнықтың тұңғиық түбіне жұқалтаң мұң жасынан ерте кілегейленіп, жауапсыз қалған ерке наз кінәлай мөлтеңдесін. lшкі ауыр қиналыстан ақша маңдайын сіркедей тер тамшылары шүпірлесе жауып, сұрша жүзінде қызғылтым бояу арайланды да, ақырын… білінер-білінбес күрсінді. Демі үзіліп, теңселіп кеткені. –Сөйлесеңші … Бәрі-бәрін… ынтықтығымды іштей жақсы сезесің ғой сен. Өзіңдей көркем жігіт айналадағыны сезбеуі, меңіреу болуы мүмкін емес. Көркемдіктің өзі сезімталдықтан тұрады ғой задында. Бірақ, мені көзге ілмейсің, елемейсің. О, неткен дәтің берік жан едің! Үн қатшы, жаным …”

Сандаған күндер мен түндер, жо-жоқ, ұзақ айлар бойына кеудесінде құпия қордаланған сірне, соншалық шырын сезімі бүкіл жан дүниесінде тәтті ағын, тоқтаусыз ағыс болып толқуын үзген жоқ, қайта әуелгіден де үдеп сала берген. Жұмбақ періштенің үлпілдек, нәзік те қасиетті қанаттарынан “үлп” етіп соққан лептей ұлпа, нәзік еркелікпен әлі де желпиді. Тері күртелі анау жігіттің бір ауыз лебізін зарыға тосқан бойжеткеннің жүрегі одан әрмен дүсірлеп, атқақтай соғады кеп. Біресе төмен – түпсіз шыңырауға құлағандай зырқ етіп, іле-шала тү-у биікке қайта көтерілгендей кеудесіне сыймай, біржола ұшып кетердей боп бұлқынады. Тынымсыз лүпілдейді. Қапелім-де толас табар түрі жоқ:шексіз “дүк-дүк…”, “дүк-дүк…”

Сол сәт толқынды мақпал шашы иығын көмкерген бойжеткен басын әнтек шалқайта, кірпіктерін тағы да төмен салды да, жүрек дірілі еріксізден құмыққан, әлсіз дыбысқа айналып, дәмін әлі ешкім татпаған қызғылт еріндері раушан гүлінің қауызындай ашыла түскен қалпы көмейінен “lм-м…” деген нәзік үн құмығып естілді. От боп жанған тәннің қорғасындай балқыған сәтінде естілген осынау ынтызарлық үні, шақыруы көмейден қалай шыққанын өзі де аңғармай қалған. Бұл – шексіз құштарлық, адам ырқына бой бермей тоят тілеген, барлық кедергіні тас-талқан ете лап берген құдіретті нәпсінің жарық дүниеге әлсіз болса да дабыл қағуы болатын. Бойжеткеннің осы дабылға елігіп, көктемгі талшын ағашындай солқылдаған денесі, от боп жанған құлын денесі, бөтен саусақ тиіп көрмеген қыпша белі доғадай иіле алға – баяу жақындап келе жатқан бозбалаға қарай әнтек ұмсына түскен. Жұдырықтай жүрегіндегі мұқым лүпіл, шексіз ынтықтығымен пәруана көбелектей ұмтылған, ешбір берік тосқауыл, алынбас қамалға бой бермейтін алғашқы махаббат – шын сүю, іңкәрліктің ұмтылысы еді бұл.

Аққұба бозбаланың да жүрісінің мандыр түрі жоқ. Алға басқан аяғы кері кете ілбіп келе жатыр. Ашаң жүзіне біресе лыпып арай тепкіп, келесі мәурітте қан қаша қуқылданып, қара көздерін әлденеге жұқа тұман жібекше торлай түседі. Тамағы кеуіп, тіл ұшымен еріндерін жалай түсіп, еріксіз жұтынады үстін-үстін. Көкірегіне кенеттен құмыр-көмей құс ұялаған ба, жұмсақ төгілген сыйқырлы үн үздіксіз тербетеді жүрегін. Бұрын-соңды естілмеген күміс үн тал бойын балбыратып, ерік-жігерден айыра дегбірін алып барады-ай . “О-о, сұлу жаның, соншалық көркем, сезімтал жүрегіңдегі нәзік иірімдерді түсінер ме едім?! Әй, қиын ғой. Менің де аласапыран жаным, сыр-сандық кеудемді кім сезбекші … Сезе алармысың соны, асыл жаным?! Тағы да үн-түнсіз, томсырайып өте шығамыз ба бір-бірімізді танымайтын, мүлдем бөтен жандардай боп. Мақұл, жігітпін ғой, мен-ақ алғаш үн қатайын, бірақ көзге ілмей өте шықсаң қайтемін? Жүрегімдегі үздіксіз сайраған сандуғаш сол сәтте-ақ намыстан жарылып өледі ғой. Иә, сұлу қыздар қол ұшын тигізбейтін жәй ғана тәккаппар емес, аса… аса қатыгез де келеді емес пе?!. Ой-ей, сүйгеніңе тіл қату қандай қиын еді жалғанда?!”

Екеуі таяп келгенде жігіт бойындағы бар ерік -жігері, батылдығын жиып:

–Гүлім, кешке алаңда шырша жағады екен. Бірге барайықшы,–деп сыбыр етті де, сол асықпаған күйі өте шықты басын төмен салған қалпы. О, құдірет, жақсы көрген адамыңа алғаш тіл қатсаң үнің жібек талшығындай есіледі екен-ау.

Төгілген толқынды шаштары жүзін көлегейлеп келе жатқан қыз селк ете басын көтере түсіп:

–Жарайды-ы,–деді күбірлеп қана. Бойжеткен де тоқтамай өте беріп үн қатты “жаным” деген тәтті жалғасын қуаныштан алып-ұшқан жүрегі шырылдап айтқан. Ақырын айтылған осынау сөздерді шын сүйген жүректер ғана ести алатын, содан ба, тек өзді-өзі ғана естіді.

… Кешқұрым бойжеткен ен жатақханаға сыя алмаған: дегбірі кетіп біресе, ұзын коридорға шығып, еш жұмысы болмаса да, бірлі-жарым студенттер ас дайындап жатқан бөлмеге кіріп, шыны ыдыстарын өші бардай ысқылап жуып, біресе, өз бөлмесіне қайтып кеп, онсыз да иығына әсем боп төгілген сүмбіл шашын тарақтап, томпақтау ерніне далапты білінер-білінбес жағып, сүйір тілінің ұшымен жұқарта жалап, тағы да әлденені ұмытқандай балконға шығып, аязды ауада көп шыдамай, “ішай…” деп дірілдеген күйі қапырық бөлмеге аяқ басады. Тұла бойы өрт болып жанып, ақша бетінің ұшы алаулайды. Бойы бір ысып, бір суынып алабұртады-ай. Бойжеткеннің ыстық сағынышын, әр сәті ұзақ-ұзақ ғасырларға бергісіз уақытқа созбаланған тосуын бастан кешкен ғана білер де…

Есік тықылдады. Қанат біткендей ұшып барып, суық тұтқаға қолы тигенде ғана әлгіден дірілдеген бойын кілт билеп, өзі туып-өскен құм жиегіндегі қоңырқай ауылдың бар қарапайымдылық, салмақтылығы қайта қонғандай ерекше сабырлылықпен есікті кең ашты да, жұмыр иығын жақтауға сүйей сүйріктей болып қимылсыз қатты. Мойыл жанарын жерден алар емес: сөлге мәймілдеген астыңғы ернін қырши тістеп, себепсіз өкпелегендей ұртын томпайтып, қабағын шытып тұр. Сол сәт кеудесіндегі аласұрған дауыл дес бермей, аспанға – ақ жүзіне қызыл бояу болып шапшып барып, қанатымен қайқы кірпіктерін іліп, биікке көтерді – қалың кірпік астынан жұмыртқаның қағанағындай ағы мол, қарақат көздері шұғылалана жарқ етіп, қатары мінсіз маржан тістер жарқырай жымиған. Жігіттің кеудесін де ұлпа толқын тынымсыз ұрғылауда. Бойжеткеннің осынау көзге ыстық, соншалық сүйкімді қалпын, тым-тым бейкүнә, бәкізе кейпін жүрек таспасына үнсіз жазып жатқандай ма, әлде балаң бойын әлсіздік биледі ме, дүние қан-көбелек айналды. Бірақ, бәрін іштей, айттырмай ұққан. “… Сүйрігім-ай, соншама сыршыл жүрегіңдегі асыл сезіміңді осыған дейін дөп басарлық сұңғылалық бойыма неге бітпеген?! Өрт боп жанған кеудемдегі асыл сезімімді жеткізе алмаған тілім неткен орашолақ! О,Жаратқан, жүректегі сезімді қапысыз түсіну, жо-жоқ, аялаған сезіміңді жеткізе алмау қандай қасірет?!”

…Егде кісі шыршада от жануын күткен адамдардың арасынан осы жұпты әуелде-ақ байқаған. Алғашқы махаббаттың ырқына берілген бозбала мен аса сұлу бойжеткен тым-тым ұялшақ. Әсіресе, әдемі қыз үркек:иықтары аңдаусызда тиісіп кеткенде еліктің лағындай елең етіп, ұзынша бойлы жігітке аялы көздері жарқырап, үркектей, әрі соншалық іштарта көз тастайды, қалың кірпіктерін жылдам төмен түсіре қояды. Ал адамдар әсем өрнектелген жасыл шыршаның ұзына бойын шандыған электр лампаларының жағылуын күтіп дегбірсізденуде. Тосу мен дегбірсіздік…

Ымырттағы қар бетінен көтерілген күміс сәуленің әсерінен айнала ағайраңданып, бозалаңдана көрінеді дағы, айналадағы сарыла тосқан алқалы жұрт сол әлсіз сәулемен аквариумдағы балықтардай байқалады. О-ей, қапас қаладағы адамдардың барша ғұмыры аквариумда өтпей ме?! Әлдекімдер тамақтандырады, айналаң төрт қабырға, бұзып кету оп-оңай көрінгенмен, сындыра алмайсың. Әркімнің тірлігі дауылға қарсы күрес сынды көрінер, айналаң тұнық, айлапат айдын сияқты, бірақ, өзіңді өзің алдау, жалғандық қана… Адамдардың бәрі белгілі кеңістіктегі балықтар.

Егде кісі енді әлгі жұпқа қайта көз салды да, соншалық қамығып күрсінді. “Біздер өткен жастық шағымызға ғашықпыз. Ал жастық шақ біртіндеп білдірмей өтеді. Тоқтатар күш жоқ. Қорқыныштысы сол. Жастық шағымызды біртіндеп, тамшылап жоғалтамыз”.

Шыршада жарқ етіп оттар жанды. Жарқ етіп жанған лампылар жасыл шыршаға келіп қонақтаған жұлдыздардай. Жігіт қыздың ып-ыссы алақанын уысына қысқан, ал бойжеткеннің жүрегінде бұлқынған пәк сезім саусақ ұшында, тамырларында бүлк-бүлк еткен әлсіз дүмпу болып білінді де, кірпігінен білінер-білінбес боп бақыт жасы ақты. Ақ бетінің ұшымен сырғыған сәтінде шыршада жанған шамдардың нұрымен кішкене жұлдыздай жарқырап көрінген. Баяу сырғыған сәтінде аспаннан аққан жұлдыздай еді. Титімдей жуас жұлдыз. Алтын тамшы балқыған сезім тамшысы.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары