Марат «Түркістанда» қонақта

Марат «Түркістанда» қонақта

Марат «Түркістанда» қонақта
ашық дереккөзі
401

“Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дегендей, шаршы алаңда қазақтың қара домалақ баласы жекпе-жекке шыққанда, жанын шүберекке түймеген қазақ қалмаған шығар. Сиқырлы қорапшаға үңіліп қойып, әрбір қимыл-қозғалысына дейін жіті қадағалап, іштерінен тәңіріне жалбарынған қазақтың Құдай тілеуін де берді. Алматының қақ төріндегі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен жекпе-жек бүткіл қазаққа ЖЕҢIС сыйлады. Атойлаған қазақтың маңдайына берген ЖЕҢIСТI қазақтың қаршадай баласы Марат Мәзімбаев алып берді. Әрі жеңісті өзге мемлекетте емес, өз елінде, өз жерінде сыйлады.

Дүниені дүр сілкіндіріп, IBA және WBO тұжырымдамасы бойынша кәсіпқой бокстан әлем чемпионы атанған Марат Мәзімбаев арада біраз уақыт өткен соң, Тауық жылымен қоштасар сәтте, газетімізге сұхбат берген. Сұхбатты беріп қана қоймай, қазақтың батыр ұлы Марат Мәзімбаев редакциямызға қонаққа да келген еді. «Жақсының дидары алыс, даңқы жақын» деген қазақта жақсы сөз бар. Өзінен бұрын, даңқына қанық болған Мараттың дидарын жақыннан көру бәрімізге арман болғаны рас. Атағы дардай болғанымен, батыр ұлымыз тым қарапайым, кішіпейіл, жүзінен мейірімділік есіп тұрады екен. Сөйлеген сөзінен де өзгеше бір жылылықты байқайсың. Қазақтың даңқын аспандатқан ҰЛАН редакцияға күнде келе бермейді. Жан-жағынан қаумалаған біздер де сұрақты жаудыртып, төпелеп қойып жатырмыз. Атақ-даңқы аспандап тұрған соң, дүниесі де сол атақ-даңқына байланысты шығар деп ойлайсың ғой. «Қандай көлігің бар?», «Әр жеңістен қыруар ақша алып қайтатын шығарсың?» деген сияқты сұрақтар да кетіп жатыр. Марат та әдеппен «Тойота Ланд Крузер» жеңіл көлігіне жетпейді, әрине» деп жымиып қойды. Бір қызығы, Марат жұдырықтасқан шет елдерде олардың жекпе-жегін теледидардан көрсету үшін ақпарат құралдары өздері қаржы төлеп, бәсекеге түседі екен. Әрі жұдырықтасқан боксерге де ақша төлейтін көрінеді. Ал, бізде мүлдем басқаша. Біздің телеарналарымыз керісінше, қаржысы төленбесе, жекпе-жекті көрсетпейді. Демек, бұл біздің елімізде әлі күнге ақпарат құралдарының арасында бәсекелестіктің жоқ екендігін байқатады.

Жарыс болардан бір күн бұрын түс көріп, түсінде 12 раундты толық аяқтап, ұпай санымен басым түскен Марат түсін жақсылыққа жорыған екен. Түсі өңінен бір раундтқа қателескенімен, батыр ұл өзінің жеңетініне сенімді болыпты. Елінің үмітін ақтаған ұлан енді әлем чемпионы атағын қорғау үшін дайындыққа кірісіп кетіпті. Әзірге жекпе-жектің қайда өтері белгісіз көрінеді. Тек, батырдың жеңіске деген сенімі ғана алда! Бір сағатқа жуық уақытын жазушы-журналист қауыммен бірге өткізген Маратқа деген түркістандықтардың тілегі де, тілеуі де бірге!

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары