КЕМЕМЕН КҮЛЛI ӘЛЕМДI ШАРЛАП ШЫҚПАҚ

КЕМЕМЕН КҮЛЛI ӘЛЕМДI ШАРЛАП ШЫҚПАҚ

КЕМЕМЕН КҮЛЛI ӘЛЕМДI ШАРЛАП ШЫҚПАҚ
ашық дереккөзі
500

Қазақстан тарихында алғаш рет отандық саяхатшылар күллi әлемдi кемемен жүзiп өтпек. Бiр айта кетерлiгi, әлемдi теңiз бен мұхит сулары арқылы кезiп өтетiн экспедицияның құрамына кез келген қазақстандық кiре алады. Бiрақ ол үшiн арнайы сынақтан өту қажет.

Жақында елiмiзде Орталық-Азиялық географиялық қауымдастық құрылды. Әлемдi кемемен шарлап өту бастамасын осы қауымдастық көтерiп отыр. Бұдан бұрын аталған қауымдастық Қазақстан территориясының шеңберiнде үш бiрдей экспедиция ұйымдастырған едi. Ендiгi мақсат – күллi әлемдi шарлап шығу. Орталық-Азиялық географиялық қауымдастығының президентi Григорий Евсеевтiң айтуынша, қолға алынып жатқан жоба елiмiздi әлемге таныта түсумен қатар, Қазақстанның бейбiтшiлiк сүйгiш теңiз державасы екенiн көрсетедi. Сондықтан да аталған теңiз экспедициясын өзiндiк маңызы бар жоба деуге болады. Бұл орайда Григорий Евсеев: «Қазiрге дейiн Орта Азия елдерiнiң бiрде-бiрi осындай көлемдi жобаны қолға алған емес. Әлемнiң бiрде-бiр елiнде құрлықтың қақ ортасынан кемемен теңiз экспедициясына шыққан сапар болған жоқ. Бұл мәселеде алғашқылардың бiрегейi болу – Қазақстанның маңдайына жазылған» – дейдi.

Жалпы, бұл экспедиция бiр жылға созылуы тиiс. Жоба 2007 жылы Еуразия «кiндiгi» – қазақ жерiнен бастау алмақ. Бағы жанған үмiткерлер теңiзбен шекаралас 32 елдiң тарихы, мәдениетiмен таныса алады. Теңiз сапары – Каспий теңiзi, Волга, Дон, Қара және Жерорта теңiздерi мен Атлант мұхитына дейiн созылмақ. Саяхатшылардың қызыққа толы жолсапарын арнайы түсiру тобы бақылап, бейнетаспаларға түсiрiп отырады деп көзделiп отыр. Телевизиялық жобалардың бас директоры Дмитрий Бациевтiң айтуынша, жобаны түсiру үшiн қазiргi заманға сай түсiру құрал-жабдықтары мен үздiк студия қолданылмақ. Телевизиялық жоба тек қана саяхатшылар жайлы емес, сол сияқты экспедицияның табаны тиген әрбiр елдiң тарихы мен мәдениетi жайлы баяндауы тиiс.

Жобаға қатысушыларды iрiктеу келесi жылы басталады. Экспедицияға 20 адам алынады деп күтiлуде. Жалпы, iрiктеу сайысы бiрнеше айға созылмақ. Жоба қатысушыларымен арнайы мамандар – психологтар мен трюк қоюшылары жұмыс iстейдi. Саяхатшылардың алдында Қазақстан сияқты iрi мемлекеттi, оның мәденитi мен тарихын паш ету мұраты тұрғандықтан, жобаға қатысушылар өте бiлiмдi, өнерлi болуы шарт. Оның үстiне үмiткер домбыра тартып, ән айта бiлуi тиiс. Экспедиция құрамы жолсапарға шықпас бұрын арнайы орталықта жартыжылдық дайындықтан өтедi. Жалпы, бұл жоба үлкен телевизиялық шоуға ұласпақ.

Бiрегей жобаны қолға алып жатқан қоғамдық қауымдастықтың басты мақсаты – Орталық Азия елдерiнде туризм мен альпинизм салаларының дамуына үлес қосу, жалпы спорттың дами түсуiне сеп болу.

Жобаның үздiк қатысушылары мен демеушiлерiне Орталық-Азиялық географиялық қауымдастық тарапынан арнайы сыйлық тағайындалған. Аталған сыйлық – «Поляр жұлдызы» деп аталады. Бұл – бағалы тастармен әшекейленген жоғары деңгейдегi орден. Бұл орденмен география бiлiмiнiң дамуына үлес қосқан 19 адам марапатталуы тиiс.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары