Жылдың ең айтулы оқиғасы: Мәдениет ӘЛЕМ ТАНИТЫН «КӨШПЕНДIЛЕР»

Жылдың ең айтулы оқиғасы: Мәдениет ӘЛЕМ ТАНИТЫН «КӨШПЕНДIЛЕР»

Жылдың ең айтулы оқиғасы: Мәдениет ӘЛЕМ ТАНИТЫН «КӨШПЕНДIЛЕР»
ашық дереккөзі
854

Тауық жылы Мәдениетiмiздi де құр қалдырмады. «Түскенiнен түсiрiлгенi қызық» болған «Көшпендiлер» фильмi БАҚ бiткендi бiраз шулатып, даңғазамен, дабырамен, әйтеуiр жарыққа шықты-ау. «Көшпендiлер» көрсетiледi екен деген хабарды ести сала, тайлы-таяғымыз қалмай, «Алатау» кинотеатрына ағылғанбыз. Кiмнен кiнә кеткенiн қайдам, бiреуде бар артық билет, бiреуге жетпей, ақыр-аяғында есiктi күзеткен күзетшiлермен таласып-тармасып жүрiп, iшке енгенбiз. Түсiрiлмей жатып-ақ, сценарийден басталған дау кино бiткенше бiр толастамай қойған соң, бәрiмiзде де қандай болды екен деген күптi көңiл бар. Шетелдiк актерлер сомдады десек те, «Көшпендiлер» – өзiмiздiң төл туындымыз. Ал төл дүниемiздiң жақсы шығуы бiзге зор мәртебе.

Фильмдi көрдiк, тамашаладық. Кей жерiне күйiндiк, кей жерiнде сүйiнiп қайттық. Қалай күйiнiп, неге сүйiнгенiмiз жайлы газетiмiздiң бетiнде жариялағанбыз да. Бiр-ақ рет көргеннен сын айтқанымыз дұрыс болмаған шығар, мүмкiн тағы бiр рет тамашалап көрер ме едi деген оймен жүргенiмiзде, Алматының төрiнде өткен үлкен оқиға – «Еуразия» кино фестивалi басталған. Алыс-жақын шет елдерден ағылған қонақтарға «Сияпат» ретiнде «Көшпендiлер» көрсетiледi екен деген соң, фестивальдiң ашылу рәсiмiне қалайда баруға тырыстық. Тағы да көрдiк. Әрбiр сюжеттi, әрбiр оқиғаны қадағалап, қалт жiбермеуге тырысып, сыни көзбен емес, көрермен ретiнде бағамдап көрейiншi деп ойладық. Шет елден келген қонақтарды қайдам, өзiмiздiң фильмде «қазақ-қазақ» деген сөздi қайталаған сайын делебiмiз қозып, рухымыз көтерiлiп отырды. Соған қуандық, соны қанағат тұттық. Ұлттық болмысымыз қайда, ұлттық рух жоқ деп қанша байбалам салғанымызбен, экшн жанрында түсiрiлген тұңғыш фильм болғаннан кейiн, өз балағымыздан өзiмiз тартпай-ақ қояйықшы деп өзiмiздi-өзiмiз жұбатып қайттық.

Рас, «бес саусақ бiрдей емес». Бiзге ұнамаған нәрсе, бiреудiң көңiлiнен шыққан шығар. Сондықтан, «Көшпендiлерге» қырып-жойып, түбегейлi пiкiр айтудан да аулақпыз. Ең бастысы, фильм жарыққа шықты. Қазақ киносының тарихындағы тұңғыш фильм болмаса да, Голливуд жұлдыздары қатысқан алғашқы кино. Әлем қазақ киносын қаншалықты мойындайды, ол келешектiң әңгiмесi. Ол әлемдiк кино фестивальдерге қатыса ма, қатыспай ма, оны да келешек шешедi.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары